"Қазақпарат" халықаралық ақпарат агенттігі

17 сәуір, 2015
16 Сәуір 2015, 00:01
ҰЛЫ ЖЕҢІСКЕ 70 ЖЫЛ: Жауға алғаш қарсы тұрған Брест қамалын қорғаушылардың тең жартысы қазақ болды - Ғ. Жұматов (ФОТО)
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - «Мен қазақпын, мың өліп мың тірілген. Жөргегімде таныстым мұң тілімен...» - деп Жұбан ақын айтқандай, бұл қазақ не көрмеген қазақ. Даналығының, даралығының, батырлығының арқасында ұлан-ғайыр даласын сақтап қалды емес пе!? Қазақ халқының қайсарлығы, көңілінің дархандығы, қаhарының құдіреттілігі 1418 күнге созылған Ұлы Отан соғысы жылдарында да айқын көрінді.

Ресми деректер бойынша бұл кезеңде 6,2 млн. халқы бар Қазақстаннан 1 миллион 200 мыңнан астам адам, яғни, әрбір бесінші азамат қан майданға аттанған. Олардың ішінде даңқты қыздарымыз Әлия мен Мәншік те бар болатын. Елімізде 50-ден астам әскери бөлімше, 25 әскери құрама, 20 атқыштар дивизиясы жасақталды. Ал сұрапыл соғыстан 410 мыңнан астам отандасымыз оралмады. 125 мың адам хабар-ошарсыз кетті. Сол, Ұлы Отан соғысы жылдарында көрсеткен ерліктері үшін 600 мың жерлесіміз жауынгерлік орден, медальдармен марапатталса, 500-ден астам қазақстандық Кеңес Одағының батыры атанды. Олардың 99-ы қазақтар. Аталарымыз Мәскеу, Ржев, Ленинград және Сталинград түбінде, Кавказда, Курск доғасында және басқа да майдандарда ерліктің тамаша үлгілерін танытты. Олардың қатарына бүкіл екінші дүниежүзілік соғыста ерліктің, қаhармандықтың символына айналған Брест қамалы да кіретіні сөзсіз. Соғыстан кейін, бертін келе, 12 мың адамға шақталған Брест гарнизонында соғыс басталардың алдында 8 мыңнан аса жауынгер мен офицерлердің болғаны, ал олардың 4 мыңдайы қазақстандықтар екендігі туралы деректер жарияланғаны белгілі. Демек, Брест қамалын қорғауда қазақ ұлдарының да қаны төгілген. Неміс басқыншылары алғаш рет соққы алып, кейін шегінген жер - осы Брест қамалы. Гитлердің кабинетінен сол қамалдың отқа балқыған кірпіш сынығының табылуы да бекер емес еді. Сол даңқты гарнизонның құрамында немістерге қарсы жанқиярлықпен соғысқан даңқты батырларымыздың бірі - Ғаббас Жұматов. Бүгінде, отставкадағы полковник, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университетінің тарихшы профессоры 97 жасқа аяқ басты. Соған қарамастан әлі де ширақ, жаны жайсаң, жүзі шуақты, жас баладай елгезек. Қандай мақсатпен келгенімді естіген соң, ыңғайланып отырып әңгімесін бастап кетті.

- Ғаббас аға, әскер қатарына нешінші жылы шақырылдыңыз?

- Мен әскер қатарына 1939 жылдың соңында шақырылдым. Қазақстаннан Белоруссияның Батыс айрықша округы аумағында орналасқан Брест қамалына екі эшелон келді. Мұнда 4-ші армияның 6-шы Орлов Қызылтулы атқыштар дивизиясы орналасқан болатын. Менімен бірге келген жастардың дені Алматы облысының Шелек, Еңбекшіқазақ және Жамбыл аудандарынан болатын. Біздің эшелонда төрт-ақ адамның ғана жоғары білімі болды. Солардың бірі - Қайрат Мәмидің (ред. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы) әкесі Әбдіразақ Мәмиев еді. Ол Алматы облысының Жамбыл ауданында мектеп мұғалімі болып істеп жүрген кезінде әскерге шақырылды. Ал мен болсам Алматыда 1933-1937 жылдары байланыс техникумында оқыдым. Бұл алғашқы шығарылым болатын. Сол алғашқы түлектердің сегізі ғана қазақ болды. Содан кейін, осы оқу орнының жолдамасы бойынша Қарағандыда радиодан хабар беру торабында еңбек еттім. 1939 жылы әке-шешем Алматыға шақыртып алған соң, осындағы Тау-кен металлургия институтының геологиялық барлау факультетіне түскен едім. Бірақ сол жылдың соңында әскер қатарына шақырылдым. Мен әскерде қатардағы жауынгер болған жоқпын. Онда білімді мамандарға деген сұраныс өте үлкен болатын. Сондықтан маған тіпті таласқандар да болды. Бірақ: «Мен аламын, маған өте қажет» - деп, мені 6-шы Орлов Қызылтулы атқыштар дивизиясының 28-ші атқыштар корпусына қарасты 204-ші гаубицалық артиллериялық полктың командирі майор Уткин өзіне алып кетті (Ол кейін Ржев түбінде қаза тапқан деген дерек естідік). Бұл полк Брест қамалының оңтүстік шығысына қарай, 5 шақырымнан астам жерде орналасқан Оңтүстік қалашығының Ковалево дейтін елді-мекеніндегі бекініске жайғасқан екен. Ол - Брест қамалының сыртқы жағында оны әр түрлі қашықтықта айнала қоршалай орналасқан 20 шақты форттардың бірі болатын. Мен бірден 3-ші дивизионның 8-ші батареясында басқару взводының радиобайланыс бөлімшесінің командирі болып тағайындалдым. Бөлімшеде 5 жауынгер болатын. Мен әскерлік радиоаппаратура - «6ПК» рациясын тез меңгеріп алдым. Бірақ өте ауыр болатын. Жауынгерлер: «6-ПК, трет спины и бока» деп жүретін. Екі жыл ішінде сержант шенін алдым.

- Осы радиобайланыс бөлімшесінде қандай міндеттер атқардыңыз?

- Бізде әскери оқу жаттығулары жиі болатын. Сонда полк бөлімшелері арасында радио байланыс орнатумен айналысатынбыз. Бұл енді артиллерия болған соң, онда бақылау пункті деген болады. Алдыңғы шептен ішке қарай 152 мм. зеңбірек батареялары орналасқан жерге дейінгі ара қашықтық 10, кейде 12 шақырымды алып жатады. Ал зеңбіректер 18 шақырымға дейін атады. Міне осы аралықта радиобайланыс орнатылады. Мен сол бақылау пунктінен арт жағымда пәлен шақырым жерде орналасқан батареяға қай тұсқа ату керектігі туралы команда беріп отырамын. Міне осындай соғыс әдістерін меңгердік.

- Ғаббас аға, Брест қамалының көлемі қандай еді?

- Аса үлкен емес. Көлемі батыстан шығысқа қарай 6,5 шақырым, ал солтүстіктен оңтүстікке қарай 4,5 шақырымдай болатын. Батыс Буг және Муховец өзендерінің қосылған жерінде орналасқан ғой. Орталық аралда мызғымас қамал - Цитадель, ал айналасында Тересполь, Кобрин және Волынь деп аталатын бекіністері бар. Барлығы биіктігі 10 метрдей болатын топырақтан үйілген дуалдармен және терең су арналарымен қоршалған. Ал олардың сыртында жаңа айтып кеткенімдей әр түрлі қашықтықта шағын-шағын арал секілді форттар орналасқан. Олар да өз алдына кішігірім қамал сияқты, пішіндері көбінесе аттың тағасына ұқсас болып келеді. Біз Брест қамалының оңтүстік шығысындағы фортта болдық.

- Соғыс басталар алдында Брест гарнизонында жалпы қанша мың жауынгер болды?

- Менің өз шамалауымша, 8 мыңға жуық жауынгер мен офицер болған. Ал Брест қамалының өзі шамамен 12 мың жауынгерге шақталған ғой. Сол 8 мың жауынгердің 4 мыңға жуығы қазақстандықтар болғаны даусыз. Ал жаңағы 4 мың қазақстандықтың жартысына жуығы қазақтар еді.

- Аға, соғысты еске алу жаныңызды ауыртатынын білемін, бірақ мүмкін болса, 1941 жылдың 22 маусымын тағы да көз алдыңызға елестетіп көріңізші...

- 1941 жылдың 22 маусымы - әскерден босап, отанымыз Қазақстанға қайтатын күн еді ғой! Өйткені, әскери борышымызды өтеу мерзімі аяқталып қалған. Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген бауырластар, барлығымыздың жүрегіміз лүпілдеп, «үйге қайтамыз енді» деп қуанып, қуанышымыз қойнымызға сыймай, шат көңілмен жүрген кез. 21 маусым күні мені полк командирінің саяси орынбасары өзіне шақырып алып, партияға кандидаттық карточкаға суретке түсу үшін ертең - 22 маусым күні, қамалдың сыртында - шығыс жағында орналасқан Брест қаласына барып келуімді тапсырды. Өйткені бұдан аз уақыт бұрын мен коммунистік партия мүшелігіне кандидаттыққа қабылданған едім. Амал қанша, мұның сәті түспеді ғой...

- Барлығы қанша жауынгер елге қайтуларыңыз керек еді?

- 50-60 адам. Ал олардың жартысы қазақ.

- Ертең үйге қайтатын болған соң, ұйықтай қоймаған шығарсыздар?

- Ойбай-ау ұйқы қайдан болсын!? «Ертең үйге қайтамыз» деп, жолға дайындалдық. Кешке қарай жерлестер жиналып, әңгіме-дүкен құрдық. Ұйқы қайда! Старшина байғұс: «Ұйықтаңдаршы енді, бұл не деген бұзақылық? Әйтпесе қазір полк командирін оятамын» - деп ұрсып жүр. Оны құлаққа ілетін біз жоқ. Гу-гу әңгіме. Керемет түн. Сұмдық тыныштық. Сөйтіп не керек, түннің бір уағында «қой, жатайық енді» деп, әрқайсымыз алдағы азаматтық өмірдің бақытты шақтары туралы қиялдап, тәтті ұйқыға кеттік. Қанша ұйықтағаным есімде жоқ. Бір уақытта бір сұмдық дүрсілден оянып кеттім. Күн күркіреп, дүние дөмбекшіп, төңкеріліп кеткендей болды. Біреулер: «Бұл найзағай!» десе, енді біреулер: «Жер сілкінді!» деп айғайлап жатыр. Бұл жөнінен алматылықтардың тәжірибесі бар ғой. Бірақ Белоруссияда қайдағы жер сілкінісі!? Дивизион механигінің кереуеті менің кереуетіме жақын болатын. Сол: «Жігіттер, бұл соғыс қой!» деп айқай салды. Барлығымыз сол жерде не істерімізді білмей сілейіп тұрдық та қалдық. Снарядтар аулаға бірінен-соң бірі түсіп, жарылып жатыр. Айқай-шу, әйелдер мен балалардың жылағаны, жараланғандардың ыңырсыған дауыстары толассыз шуылға ұласып кетті. Біз апыл-ғұпыл киініп, қару сақтайтын бөлмеге ұмтылдық, пирамидадан мылтықтарымызды алып алдық. Мен рациямды қоса алдым. Бізді осы бір іркіліс өмірімізді аман алып қалды-ау деймін. Өйткені, көрші дивизионның жігіттері алғашқы жарылыстан-ақ дамбалшаң далаға жүгіріп шығып, талайы снарядтың жарықшағынан мерт болды. Снарядтар аулаға бірінен соң бірі түсіп жатыр, жарықшақтардың ызыңдаған дыбысы. Шықсаң бітті. Талай жауынгер алғашқы бомбылау кезінде-ақ мерт болды. Біз казарманың есігінен шығу мүмкін болмаған соң, терезеден шыға салып, бұқпантайлап жүгіріп, кей жерде жер бауырлап еңбектеп, казармадан 1,5-2 шақырым жердегі бұрын атып сыналған позициямызға жеттік. Бұл Чапаево мен Каменица-Жировецкая ауылының маңындағы орманның шеті болатын. Алдымызда батысқа қарай адам бойымен бірдей болып өскен бидай алқабы. Артынша тракторлармен сол жерге зеңбіректеріміз де жеткізілді. Олардың оқпандарын шекараға - Батыс Буг өзеніне қарай бағыттап қойдық.

- Апырай, Ғаббас аға, Брест қамалы шекараның түбінде, ал сіздердің форттарыңыз болса шекарадан бірнеше ғана шақырым жерде. Сонда немістердің соғысқа дайындалып жатқандарын, барлау жүргізіп жатқандарын көрмеу мүмкін емес қой!?

- Біз барлығын көріп жүрдік! Шекара маңында, біздің жақта, тіпті Брест қаласының көшелерінде оқта-текте неміс офицерлері жүретін. Қамалдың аясында суретке түсетін. Біздің фортқа келіп, басшылықпен сөйлесіп кететін. Ал неміс ұшақтары да үстімізде жиі ұшып жүрді. Соларды көріп зығырданымыз қайнайтын. Сонда офицердерден сұраймыз ғой: «Бұлар неге біздің жерімізде талтаңдап жүр? Не істеп жүр? Бізге неге келе береді? - деп. Сонда офицерлер былай дейді: «Германия бізбен дос ел. Арандатушылық әрекеттерге мән бермеңдер. Ал шекара маңында жүрген немістер Бірінші дүние жүзілік соғыста осы жерде қаза тапқан немістердің молалаларын іздеп жүр». Бірақ, бір сұмдықтың болатынын ішіміз сезетін. Шын мәнінде немістер барлаушылар ретінде жүретін еді. Шекарадан жасырынбай-ақ өтіп жүрді ғой!

- Сонда бұл адам айтса нанғысыз бейқамдықты, көрсе де көрмеген болуды, сезсе де сезбеген сыңай танытуды, осындай жаппай соқыр сенімділікті қалай түсінуге болады?

- Бұл сатқындық! Бұл зиянкестік! Кеңес халқына жасалған опасыздық! Бұл біздің қолбасшылықтың ашықауыздығы! Тек осылай түсінуге болады. Сіз тарихты оқыған болсаңыз, 9 генералды Сталин аттырып тастады емес пе!? Солардың ішінде мен құрамында болған Батыс айрықша әскери округының қолбасшысы генерал Павлов та бар.

- Аға, 22 маусымға қараған түнге оралайық...

- Брест қамалына және оның айналасындағы аудандарға әуе бомбалары мен снарядтары жаңбырша жауды. Кірпіштер еріп, ағаштар лапылдап жанды. Таңның қалай атқанын білмей де қалдық. Жаудың алғашқы шабуылын өте ауыр жағдайда қарсы алдық. Бізді, артиллеристерді әуеден авиацияның, жерден жаяу әскердің қолдауы болған жоқ. Жөнді барлау да болмады. Бірақ осыған қарамастан полк басшылығы полктың материалдық бөлігін мүмкіндігінше аман алып қалуға тырысты. Біздің бөлімше бұйрық бойынша бидай алқабымен жасырына шекараға қарай бірнеше шақырым жүріп, өзімізге ыңғайлы орын жасап алдық. Немістерді бинокльмен көрдік. Олар жарылыстарға қарамастан Батыс Буг өзені арқылы десанттық қайықтармен өтуге тырысып жатты. Оған қоса, қалқымалы көпірлер жасап жатыр екен. Біз рация арқылы зеңбіректердің ату бағытын дәлдеп отырдық. Талай фашистің қайықтарымен қоса күлдері көкке ұшты. Осылайша бір жарым сағаттай уақыт өтті. Кейін рация арқылы шегінуге бұйрық берілді. Немістер шекараны бұзып жарып өтіп кетіпті. Біз келген ізімізбен позициямызға аман-есен оралдық. Ал полк орналасқан әскери бөлімшенің тас-талқаны шыққан. Бірінің үстіне бірі құлап мерт болғандарды, ауыр жараланғандарды көзіміз көрді. Осылайша соғыстың алғашқы таңы атты. Немістер біздің артиллерияны оңайлықпен ала алмасын білді, сөйтті де біздің фортты және біз орналасқан позицияны жау ұшақтары бомбаның астына алды. Дүниені қараңғылық басты. Құлақ тұнды, шаң мен тозаңнан демалып болмайтын халге жеттік. Бірақ, біздің блиндаждар бақытымызға қарай бұзылмады әйтеуір. Шыдас берді. Біз аман қалдық. Бинокльмен Брест қамалы мен Брест қаласындағы ауыр жағдайды көріп жаттық. Рацияның батареясы істен шықты. Ол керек те болмай қалды. Егер алғашқы сәттерде алыстағы нысандарды дәлдесек, кейін зеңбіректермен қамалдағы, қаладағы немістер басып алған ғимараттарды тура нысанаға алып атуға көштік. Түстен кейін Брест-Кобрин тас жолымен танктер шабуылға шықты. Бұлар кейін белгілі болғанындай, Гейнц Гудерианның 2-ші танк тобының танкілері еді. Осы шайқаста біздің полктың батареялары немістердің 18 танкісі мен бір батальондай солдаттарының көзін жойды. Біз бірінші күні жау танкілерін өткізген жоқпыз! Олар біздің позиция арқылы өте алған жоқ. Бірақ күшіміз тең емес еді. Үшінші күні жау тылында қалдық. Снарядтар таусылды. Немістер соғысқа тоқтаусыз жаңа күштерін қосып жатты. Қатарымыз сиреді. Талай боздақтан айрылдық. Көп ұзамай бізге басқа бөлімшелердің жауынгерлері келіп қосыла бастады. Біз шегіне ұрыс жасап, жетінші күні маңызды тас жолдардың маңына жайғастық. Қолымызда тек жанғыш сұйықтық бар бөтелкелер ғана қалған. Бір уақытта жау танктерінің кезекті шабуылы басталды. Бөтелкелерді дәл есеппен лақтырып үлгердік. Бірінші танк отқа оранды. Мен екінші танкті өртедім. Тағы бірнеше танк отқа оранды. Қалғандары кейін шегінді.Бірақ, толассыз ұрыстар бізді әбден қалжыратты, жағдайымыз нашарлап кетті. Сөйтіп, жетінші күні тірі қалғандарымыз қайткен күнде тұрақты армияға қосылуды ұйғардық.

- Барлығы қанша адам қалдыңыздар?

- Біздің полкта 1200 адам болатын. 49 ғана адам қалдық. Қолымызда тек 1896 жылғы Мосин винтовкасы ғана қалды. Найзасы бар. Оның да патрондары таусылуға жақындады. Сонда есімде, менде 10 патрон қалған. Соның жартысын досым Қажымұрат Сыздықовқа бердім. Осы ауыр сәттерді кейін оның соғыс біткен соң есіме салғаны бар. Халіміз нашарлаған сайын командирлердің естері шыға бастады. «Паникер» дейді ғой. «Әй, оғымыз бар. 4-5 оқ болса да соған сенеміз» - дейміз оларға. «Ең болмағанда тегін берілмеспіз» - деп өзімізше айтып қоямыз. «Мықтымыз, тектен-тек өлмейміз» деп те айтамыз. Содан не керек, оғымыз таусылуға таяды. Сөйтіп, зеңбіректердің құлыптары мен панорамаларын алып, көміп тастадық. Өздігінен жүретін жауынгерлерді ғана ертіп алдық. Ауыр жарақаттанғандарды ауыл-ауылға тастап кеттік. Бір жақсысы немістер алғашқы кезде оларға тиген жоқ. Осылайша менің әскери жолдасым Владимир Фурсов аман қалған. Ол соғыстан бір аяғынан айрылып келді. Кейін біздің университетте биология ғылымдарының докторы болды. Немістер басып алған ауылдарда өз гарнизондарын қалдырып отырды. Ірі ауылдарда 100-ге жуық солдат болса, кішігірім ауылдарда 8-10 солдат болады. Біз түнде соларға уралап шабуыл жасап, талайын жайраттық. Найзамен түйреп өлтірдік. Осылайша неміс автоматтарымен, гранаталарымен қаруланып алдық. Тұтқындар пайда болды. Оларға жүктерімізді арқалатып қойдық.

- Сіздерді кім басқарды?

- Полк командирі Уткинмен байланысымыз үзіліп қалған. Содан полктың штаб бастығы, капитан Иван Лукьянчиков қалған жауынгерлердің басын қосып, басшылық жасауды өзіне алды. Біз ең бастысы полктың туын сақтап қалдық. Сөйтіп орманмен, батпақпен түнгі уақыттарда шығысқа қарай жүріп отырдық. Немістер алғашқы кезде түнде соғысқан жоқ. Біз осы мүмкіндікті пайдаландық. Жергілікті халық бізге көмектесіп отырды. Сөйтіп 20 күндей жүріп отырып, Гомель қаласының түбіне жетіп, Қызыл армияға келіп қосылдық. Осында қала маңында жаңадан құрылып жатқан Бас қолбасшылықтың резервіндегі 537-ші артиллериялық полктің құрамына ендім.

- «СМЕРШ»-тің комиссиясы тексерді ме?

- Тексерді. Бірақ біз ең бастысы полктың туын алып өттік қой. Әрі бізді кадрлық офицер, полк штабының бастығы алып шықты. Сондықтан барлығы ойдағыдай болды.

- Аға, бұдан кейінгі оқиғалар қалай өрбіді?

- Біз майор Розов басқарған осы 537-ші арт. полктың сапында Можайск бағытымен Мәскеуге қарай шегіне отырып соғыстық. Талай жауынгерлерімізден айрылдық. Мәскеу мен Брестің арасы 1200 шақырым. Мен соның 800 шақырымын жаяу жүріп өткем, шырағым... Көрмегенді көрдік, Қатты қиналдық, азып-тоздық. Аштық қойсын ба, жолда арам өлген аттардың етін жеген кездеріміз болды. Өйткені ашпыз! Содан ішіміз ауырып, быт-шыт болдық. «Бұдан да өлгеніміз артық еді» - дегендер болды. Можайск түбінде сұрапыл соғыс болды. 49 мыңнан аса жауынгеріміз қырылды. Одан да кейін шегіндік қой. Қазан айының соңында ғой деймін, 5-ші армияның құрамындағы біздің полк, Горький қаласы маңындағы Гороховетск лагеріне тылға шығарылды. 2-3 күн демалдық. Киімдерімізді ретке келтірдік. Кейін 7 қарашада полк Қазан төңкерісінің 24 жылдығына арналған атақты әскери парадқа қатысты. Жау Мәскеуге жақындап қалған. Қар жауып тұр. Біз Қызыл алаңнан тіке майданға тарттық. Кейде мен: «Апырай, сонау Брестен Қызыл алаңға қалай жетіп қалдым?» деп қайран қаламын.

- Аға соғыста торыққан кезіңізде, нені көбінесе еске алатынсыз?

- Ата-анамды, бауырларымды еске алатынмын. Әкемнің бала оқытқан киіз үйі көз алдыма елестейтін. Әкем Жұмат Досқараев бүкіл өмірін оқытушылыққа, ғылымға арнаған кісі. Оның киіз үйінде кезінде алғашқы сауатын ашқандардың ішінде академик Серікбай Бейсембаев, тарихшы ғалым Ермұқан Бекмаханов, профессор Сәлкен Сұбханбердин және басқа да елге танымал тұлғалар болған. Әкем бертін келе ҚазақКСР ғылым академиясында қызмет атқарды. Қазақ диалектологиясын зерттеді. Мен өзім Павлодар облысының Баянауыл ауданындағы нөмірі оныншы ауылда тудым. Сонда өстім. Кіндік қаным тамған жер. Табиғаты керемет сұлу өлке. Талай ғалымдар шыққан қасиетті жер ғой. Сонда Жасыбай деген көл бар. Міне сол көл де жиі көз алдыма елестеуші еді. Әрине қайран анамды жиі еске алатынмын.

- Сіздер Мәскеу түбінде нақты қай жерде соғыстыңыздар?

- Майдан тіпті жақын жерде болатын. Можайск пен Звенигород қалаларының маңында, Бородино даласына жақын жер. Біздің учаскеде кескілескен ұрыстар жүрді. Сондағы бір оқиға еш уақытта есімнен кетпейді. Таяуда ғана Кеңес ақпарат бюросы бүкіл майданда кеңес әскерлерінің қарсы шабуылға шыққанын айтты. Бірақ біздің тұсымыздағы жау асқан өшпенділікпен алға ұмтыла берді. Біздің артиллеристер жау позицияларын оқтың астына алды. Жаяу әскеріміз қарсы шабуылға шығатын болды. Дивизия командирі бізді бақылау пунктінен бірнеше шақырым алға жылжып барып, сол жерден рация арқылы нысаналардың жайғасқан орындарын айтып отыруымызды тапсырды. Біз Коля Остапов екеуміз рацияны арқалап алдыңғы шепке қарай еңбектей жөнелдік. Содан бір қалың қурай өскен биік төбенің басына жеттік. Соның баурайына жайғасып, жау нысаналарының орналасқан орындарының координаталарын бере бастадық. Біздің батареялар бір мезетте оқ атып, қара құрымдай қаптап келе жауды жер жастандыра берді. Бірақ жау тоқтар емес. Танкілері шынжырларын шақырлатып біздің төбеге жақындап қалған еді. Олардың артында автоматшылар. Бұдан әрі не істейміз? «Болды, бітті» деп ойладық. Тірі қаламыз деп ойлаған жоқпыз. Коля екеуміз үнсіз құшақтасып қоштастық. Мен өзіміздің жатқан жеріміздің координатасын бердім. Арғы жақтан: - Әй сен не, есің дұрыс па? - деп командир айқай салды. Мен фашистердің бізді қоршауға алайын деп жатқандығын, ал танкілердің төбеге жетіп қалғанын айттым. Құлаққаптан тағы да командирдің дауысын естідім. Ол жәй ғана: - Ештеңе етпейді, бауырым, шыдай тұрыңдар! Сен әлі маған керексің! Түсінемісің, керексің! Әзірше, өзіңе жақын координатаны бере ғой» - деді.

Біз өзімізге жақын жердің координатасын бердік. Снарядтар жаудың легіне дәл түсіп жатты. Өмірден енді қош айтқан сәтте, арт жақтан «Ура!» деген айқайды естідік. Көп ұзамай біздің Т-34 танктер де келді. Менен 30-ақ метр жерде жау танкілері лапылдап жанып жатты. Енді бірер сәтте бізді таптап кетер еді. Мен осы ұрыста «Мәскеуді қорғағаны үшін» медалімен марапатталдым. Көп ұзамай 1942 жылдың қысында Томскіге оқуға жіберілдім. Днепропетровск Қызылтулы гвардиялық училищесі сол қалаға көшірілген болатын. Майданда командирлер жетіспеді. Сондықтан бізді іріктеп алып, сол оқуға жіберді. Сол училищеде бес ай оқып лейтенат болып шықтым.

- Өз полкіңізге келдіңіз бе?

- Жоқ. Мені бұл жолы 5-ші Дон казактары кавалериялық корпусына жіберді. Осы корпустың 150-ші танкке қарсы талқандаушы артиллериялық полкында взвод командирі болып тағайындалдым, Кейін 76 мм. зеңбіректер батареясының командирі болдым. Сөйтіп, офицер-артиллерист ретінде Украина, Молдавия, Бессарабия жерін жаудан азат еттік. Корсунь-Шевченко, Яссы-Кишинев операцияларына қатыстық. Кейін Трансильвания, Румыния жерін жаудан азат еттік. Венгрияда Балатон көлінің маңында мойнымнан жарақат алдым. Снарядтың жарықшағы күре тамырды жанамалай 2-3 миллиметр ғана жерден өтіп кеткен екен. Дәрігерлер «Көзқағарың бар екен» деді. Аман қалдым. Мұнда біз 2-ші Украин майданы әскерлерінің құрамында болатынбыз. Бір Венгрияның өзінде алты ай шайқастық. Венгрлер жанқиярлықпен соғысты. Неміс фашистері Будапешті қалайда ұстап қалуға тырысты. Бірақ бәрібір Будапешті алдық. Венгрия жерінде 140 мыңнан астам кеңес жауынгерлері қаза тапты ғой.

- 5-ші Дон казактары корпусында негізінен казактар болды ма?

- Жоқ, онда неше түрлі ұлттың өкілдері болды. Тек аты ғана болмаса нағыз интернационалды корпус болатын.

- Ғаббас аға, сіздің корпусыңыз Вена қаласын жаудан азат етуге қатысты. Сіз Жеңіс күнін нақты қай жерде, қалай қарсы алдыңыз?

- Мен жаңа Балатон түбінде жарақат алғанымды айттым ғой. Содан госпитальда жатып, «ремонтталып» шыққан соң, өзім секілді емделіп шыққан офицерлермен бірге «Қайдасың бөлімшем» деп жолға шықтық. Жолай көліктермен. Шіркін Австрияның жолдары, оқтай түзу ғой! Содан түнде біз бір австриялықтың үйіне түнеп шығуға тоқтадық. Тамақтанып, болып өзара біраз әңгіме-дүкен құрдық. Бір уақытта ұйқыға жаттық. Мен тапаншамды жастығымның астына қойдым да тәтті ұйқыға баттым. Бір уақытта тарсылдаған, гүрсілдеген дыбыстардан оянып кеттік. Жалма-жан тапаншаларымызды ала сала апыл-ғұпыл киініп далаға атып шықтық. Сөйтсек, австриялықтар күліп, мәз-мейрам болып жүр! «Гитлер капут» деп қояды. Бізде сол жерде жас балаша қуанып, айқайлап, аспанға оқ аттық. Көз жасымзға ерік беріп бір-бірімізді құшақтап жүрміз. Вена түбінде шарап сақталатын жерқоймаларға түсіп, тойладық! Әбден масайдық. Бірақ 11 мамырда полк командирі Румянцев әскери қызметтің әлі жалғасып жатқандығын есімізге салды. Бір шелек суды басымызға төңкеріп жібердік те есті жиып сапқа тұрдық.

- Соғыс аяқталды емес пе?

- Бірақ Солтүстік Италияда соғыс кезінде немістердің қолдауымен генерал Красновтың казак корпусы құрылған болатын. Олар Германияның Рур облысына өтіп кетпек. Өйткені, қауесет бойынша онда әлі берілмеген неміс корпустары бар-мыс. Ең болмағанда одақтастардың қолына түсу ғой. Соғыс кезінде ондаған мың казак немістер жағына шығып кетті емес пе!? Содан Австриядағы Альпі тауларының етегінде «ақтар» қозғалысының өкілі, генерал Красновтың корпусына қарсы шықтық. Бір аптадай екі арада дүркін-дүркін атыстар болды. Ал 16-сы күні олар шешуші шайқасқа шықты. Шашкаларын жалаңдатып, біздің 76 мм. зеңбіректерге тура шапты. Әрине өлетіндерін білді. Біз жақындата түстік. Кейін мен: «Атыңдар» - деп бұйрық бердім. Бұл соғыс. Не сен өлтіресің, не сені өлтіреді. Орыстар «ақтар» мен «қызылдар» болып, бір-біріне бұдан 25 жыл бұрынғыдай оқ жаудырды. Ертеңіне 17 мамыр күні мен генарал Красновты көрдім. Ол Ворошиловты, Буденныйды сұрады. «Буденныймен кезінде кездесіп едік. Олар қазір не істеп жүр?» - деп сұрады. «Не істеп жатыр дейсіз бе? Сіздердің әскерлеріңізді қырып жүр» - деді бір офицер. Ал Краснов: «Кезінде қызылдарды біз де қырғанбыз» - деп жәй ғана жауап берді. Қоштасарда қызыл армияның офицерлерінің бірі: «Енді не істейсіз?» - деп сұрап еді. Ол:«Жеңімпаздардың рахымына үміт артамын. Мемуар жазамын» - деп жауап берді. Бірақ, оны көп ұзамай ату жазасына бұйырды ғой.

Міне осылайша соғысты капитан шенінде Австрия жерінде аяқтадым. Вена түбінде екі аяғынан айрылған австриялықты кездестірдім. Мен одан аяғынан қай жерде айрылғанын сұрадым. Ол «Брест маңында болған шайқаста» деп жауап берді. Әрине, мен оған соғыстың алғашқы күндері Брест гарнизоны құрамында болғанымды айтқанымда оның қандай сезімде болғаны айтпаса да түсінікті еді. Ол біздің жерімізге жау ретінде басып кірді. Ал біз қиян-кескі ұрыстар жүргізе отырып, 4 жылдан кейін оның жеріне жеңімпаз ретінде аяқ бастық.

- Ғаббас аға, әңгімеңізге рахмет!