«Пластиксіз табиғат» экологиялық сенбілігі
Соңғы уақытта елімізде тұрақты даму мақсаттары жайында жиі айтылып, оның маңыздылығы қоғамда талқылануда. Тұрақты дамудың 17 мақсаты бар. Соның 15-ші мақсаты – құрлық экожүйелерін сақтау. Экожүйені қорғау және оны қалпына келтіру – үлкен мәселе. Осы тұрақты даму мақсаттары аясында қолға алынатын шаруа аз емес.
Мәселен, қоршаған ортаны дұрыс пайдалануға жәрдемдесу, орманды оңтайлы пайдалану, шөлге айналуға қарсы күрес, жердің тозуы үдерісін тоқтату және кері бұру, биологиялық алуантүрліліктен айырылу үдерісін тоқтатуға қоғам болып күш салуымыз керек. Бұл қоршаған ортаны қалдықтардан тазарту, қалдықтарды қайта өңдеу, топырақта ыдырамайтын материалдардан жасалған заттарды тұтыну көлемін азайту немесе тоқтату, бір сөзбен айтқанда, қоршаған ортаның фаунасы мен флорасына және адамзаттың өмір сүруіне кедергі келтіретін барлық антропогендік факторлардың ықпалын азайту немесе мүлдем болдырмауға ұмтылу. Сондықтан әр адамның қоршаған табиғатты күтіп-баптап, зиянды қалдықтарды тастамай, оларды өңдейтін арнайы орындарға жеткізуі де осы аталған мақсаттың орындалуына үлесін қосқаны болып есептеледі.
Осы орайда, студент жастарға тұрақты даму мақсаттарын түсіндіріп, оларға экологиялық тәрбие беру мақсатында химия және химиялық технология мен медицина және денсаулық сақтау факультеттерінің 2-курс студенттеріне Бутаковка шатқалында экологиялық сенбілік ұйымдастырылды. Сенбілік барысында студенттерге пластикалық ыдыстардың химиялық құрамы мен қасиеттері, олардың қоршаған ортаға және адам денсаулығына зияны жайында айтып бердік. Пластиктен жасалған ыдыстар, түрлі бұйымдар топырақта ыдырамай, жер бетін қатты қалдықтарға толтырып жатыр әрі ол топырақ эрозиясына әкеп соқтырады. Бұл экожүйе үшін үлкен апат. Сондықтан шара мақсатының бірі – No plastic in nature, яғни «Пластиксіз табиғат» девизімен студент жастарға пластик заттарды тұтыну мөлшерін азайту және әрбір тұтыну барысында саналы түрде ойланып, пластик ыдыстардың орнын басқа материалдан жасалған ыдыстармен алмастыруды түсіндіру болды. Сонымен қатар экологиялық сенбілікте студенттер Бутаковка шатқалындағы қоқыстарды және қатты қалдықтарды жинап, оларды қоқыс жәшіктеріне тастады. Осы жерде айта кететін тағы бір мәселе – «Мұзтау» шағынауданында арнайы қоқыс салатын контейнерлер кездеспеді. Дегенмен алдағы уақытта бұл мәселе де шешімін табады деген сенімдеміз.
Гүлсара АҚАНОВА,
Іргелі медицина кафедрасының оқытушысы
Ақмарал ИСМАИЛОВА,
Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының аға оқытушысы