Егеменді Қазақстан – болашақ жаңа әділетті Қазақстан

7 желтоқсан, 2023

Қазіргі егеменді Қазақстан, тарихи Еуразияның ұлы көшпелі өркениетінің үш мыңжылдық тарихы терең, көне шежіресі бар біз үшін орны бөлек ел. Қазақ батыстан шығысқа қарай, шығыстан батысқа қарай  осынау кең байтақ жер бетінде өздерінің ізін қалдырды. 16 млн. халқы бар Қазақстан мемлекеті 1991 жылы 16 желтоқсанда тәуелсіздігін жариялады. Бұл ғасырлар бойы найзаның ұшымен, білектің күшімен елді, жерді сыртқы жаудан қорғаған бабаларымыз өмір бойы аңсап өткен өте қымбат та қастерлі орны бөлек тарихи оқиға болды. Дәл осы күні Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында: «Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқығы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен  халықаралық құқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды», –  деп көрсетілді. «Республиканың барлық азаматы Қазақстанның біртұтас халқын құрайды. Заңда Қазақстан Республикасы ел тәуелсіздігі мен территориялық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, Республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп 1991 жылы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіздік күні ретінде бүкіл әлемге танылды. Осыдан кейін Қазақстан тәуелсіз мемлекет ретінде дами бастады. Еліміздің жаңа Конституциясының жобасы дайындалды. Облыстардың, қалалардың жане аудандардың басқару органдарына реформалар жүргізілді. Өзінің тәуелсіздігін алған алғашқы күннен бастап Қазақстан Республикасын дүниежүзінің ондаған елі таныды. Біздің елді алғашқылардың бірі болып Түркия, сол сияқты АҚШ, Германия, Франция, Ұлыбритания және т.б. ірі-ірі әлем таныған, экономикасы дамыған мемлекеттер мойындады. Қазақстан шет елдерде дипломатиялық  және консулдық өкілдіктер ашуға кірісті. Ал Алматыда халықаралық және ұлттық ұйымдардың өкілдіктері  жұмыс істей бастады. Республиканың егемендікке қол жеткен алғашқы кезінен бастап-ақ, мемлекетаралық және үкіметаралық келісім-шарттарға қол қою жүзеге асырылды. Елдің ішкі жағдайында егемен Қазақстан мемлекетінің тұтастығын нығайтып, нарықтық эканомикаға көшу, көп ұлтты елдің бірлігін сақтауда барлық мүмкіндіктерді пайдалану міндеті тұрды. Ал, сыртқы  саясаттағы басты міндеттері – Қазақстанның бүкіл дүниежүзі елдерімен байланыстарын одан әрі дамытып, алдыңғы қатарлы өркениетті мемлекеттердің қатарына қосылу, елдің қауіпсіздігін қорғау, әлемде бейбітшілікті сақтау болды. Республика халқының ерік, күш-жігері осындай аса маңызды міндеттерді жүзеге асыруға бағытталды. Міне, осылайша іргемізді бекітіп, эканомикалық дамуымызды айқындап, рухани құндылықтарымызды түгендеуге мүмкіндік алдық. Ең бастысы, елімізде қазақ халқының үлес салмағы артты. Егер 1989 жылы республикадағы қазақтардың  үлесі 40 пайызға жетер-жетпес болса , қазір бұл көрсеткіш 58 пайызға жетті. Қандастарымыздың мемлекеттік қызметтегі үлес салмағы 80 пайызға көтерілді. Сонау егемендік алған 30 жылдан аса уақытта еліміз талай оқиғаларды бастан кешіп, кездескен қиындықтарды жеңіп, ілгері дамып, іргелі ел қатарына қосылып келеді. Әрине, бұл салада қолға алатын істер әлі де баршылық, бірақ қол жеткізген нәтижелеріміз де ауыз толтырып айтарлықтай. Бүгінде Қазақстан – жаңа да, әділетті даму жолына түскен, түбегейлі өзгеріске бет алған жаңа әділетті Қазақстан. Егеменді еліміздің жарқын болашағына, бақытты елге айналып, алдыңғы қатарлы дамыған елдердің қатарынан көрінетініне, оған бүкіл ел болып, әр азамат күш салып еңбек ететініне және оған ел басшымыздың барлық мүмкіндікті пайдаланатынына халық сенеді.

Баймұратова И.А. , ф.ғ.к., филология факультеті, шет тілдері кафедрасының  аға оқытушы