ҚазҰУ қытайлық әріптестермен автоматтандыру саласын дамытады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытайдың Шаньдун провинциясы Ғылым академиясының Автоматтандыру институтының (SDIA) делегациясы келді. Институт директоры, профессор Ян Цзыцзян бастаған делегация ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры Жансейіт Түймебаевпен кездесті.
Қытай делегациясы университет кампусы және мұражайымен танысты. ҚазҰУ ректоры екі тараптың автоматтандыру, интеллектуалды көлік жүйесі, автокөлік электроникасы және озық өндірістер саласындағы ынтымақтастығы бағыттарын талқылады.
Университет басшысы Шаньдун провинциясы СУАР мен Бейжіңнен кейін Қытайдың барлық өңірлері арасында Қазақстанның үшінші сауда серіктесі болып табылатынын атап өтті. ҚазҰУ ҚХР жоғары оқу орындарымен белсенді ынтымақтасады. Бүгінгі таңда 53 келісімге қол қойылды, оның шеңберінде академиялық, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуде, студенттер мен оқытушылар арасында академиялық алмасу жүзеге асырылуда. Мәселен, 2022/23 оқу жылында 62 оқытушы, жеті докторант, екі магистрант, алты бакалавр оқу және ғылыми тағылымдамадан өту үшін ҚХР жоғары оқу орындарына іссапарға жіберілді. 2022 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін ҚазҰУ-да ҚХР-дың үш профессоры арнайы шақырумен дәріс оқуда. Қазіргі уақытта университетте ҚХР-дан 962 студент оқиды, оның 298-і стипендиялық бағдарлама аясында және 664-і келісімшарт негізінде білім алуда.
«2023 жылдың қазан айында екі маңызды іс-шара өтті. ҚазҰУ базасында Солтүстік-батыс политехникалық университеті (ҚХР) филиалының ашылуы және Орталық Азия мен Қытай Халық Республикасы жоғары оқу орындарының форумы өтті. Ал желтоқсан айында ҚазҰУ базасында ҚХР-дың 44 жоғары оқу орны қатысқан Қытай университеттерінің көрмесі өтті. Біз өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға мүдделіміз және осы бағыттағы қызметті жандандыруға ниеттіміз», – деп атап өтті ҚазҰУ ректоры.
Өз кезегінде профессор Ян Цзыцзян ҚазҰУ-дың зерттеу университеті мәртебесін алған елдің жетекші университеті ретіндегі жетістіктерін жоғары бағалады. Сондай-ақ ол SDIA-автомобиль электроникасы мен интеллектуалды көлік жүйелерін дамытумен айналысатын кешенді институт жұмысына тоқталды.
Жүздесуде Шаньдун провинциясы Ғылым академиясының Автоматтандыру институтының зертханаларында ҚазҰУ магистранттары мен докторанттары үшін кадрларды бірлесіп даярлау, ғылыми тағылымдамадан өту мәселелері сараланды.
Кездесу соңында тараптар ғылым, білім беру және бірлескен жобаларды іске асыру саласындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағыттарын айқындайтын ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі