ҚазҰУ білім беру бағдарламаларын өзектендіруде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да Ғылыми кеңестің кезекті отырысы өтті. Күн тәртібінде «Білім беру бағдарламаларын өзектендіру», «Университеттің 2024-2034 жылдарға арналған даму стратегиясы», «Университет ғылымы: жағдайы мен перспективасы» тақырыптары талқыланды.
Жиында Стратегиялық даму орталығы директорының м.а. Нұрболат Құдайбергенов баяндама жасап, оқу орнының Стратегиялық даму жоспарының мақсаттары мен міндеттеріне тікелей әсер ететін маңызды мәселелерді атап өтті.
Спикер ең танымал рейтингтердің негізгі көрсеткіштерін салыстырып, ғалымдар мен оқытушылар назар аударуы тиіс әлемдік деңгейдегі зерттеу университеттерінің қызметіне талдау жасады. Атап айтқанда, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен білім беру процесін біріктіруге баса мән берілді.
Стратегиялық көрсеткіштерге қол жеткізуді қамтамасыз ету үшін оқытушылардың Sсopus деректер қорының жоғары рейтингтік журналдарында кемінде бір мақала жариялау керектігі ескертілді. Сондай-ақ ҚазҰУ журналдарында да міндетті түрде жариялану қажеттілігі айтылды. Спикер баяндамасында тәжірибе алмасу бағдарламалары бойынша шетелдік жас ғалымдардың докторлық, постдокторлық зерттеулерін орындау үшін университет зертханаларының халықаралық мәртебесін арттыру мәселелері қозғалды.
Нұрболат Құдайбергенов өз баяндамасында корпоративтік басқарудың тиімді модельдерін құруға және университеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге, университеттік білім берудің перспективалық моделін қалыптастыруға және академиялық көшбасшылықты қамтамасыз етуге ықпал ететін кейбір қадамдар мен шараларды ұсынды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы - Ректоры Жансейіт Түймебаев халықаралық рейтингтердегі мақсаттарға жету үшін әрбір мәселені жеке талқылауды тапсырды.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Ләззат Еркінбаева «Білім беру бағдарламаларын өзектендіру» туралы баяндама жасады. Бүгінгі таңда университетте бакалавриат, магистратура, докторантура бойынша 37 жаңа білім беру бағдарламасы бар.
2023 жылы Жоғары білім беруді дамыту ұлттық орталығы (ЖББДҰО) тізілімінде 116 білім беру бағдарламасы жаңартылған және енгізілген. Проректор жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының педагогтері үшін ҚР ҒЖБМ бұйрығымен бекітілген кәсіби стандарт жайына тоқталды.
Стандарт ұлттық біліктілік жүйесінің төрт негізгі элементінің бірі болып табылады. Кадрларды даярлаудың барлық бағыттары бойынша ғылыми-педагогикалық магистратура мен докторантураның білім беру бағдарламаларын әзірлеудегі негіз саналады. Сондай-ақ проректор 2024/25 оқу жылына үш жылдық бакалавриат жобасын ұсынып, оның оң тұстарын атап өтті. Мәселен, триместрлік жүйеге көшу кезінде академиялық ұтқырлықтағы оқу жоспарларының үйлесімділігін арттыруға және кейбір шетелдік университеттермен бірлескен бағдарламалар (мысалы, ПеннСтейт) құруға болады
Сонымен қатар академиялық мәселелер жөніндегі проректор Ләззат Еркінбаева «Су дипломатиясы» атты жаңа білім беру бағдарламасын таныстырды. Бұл Қазақстанда, сондай-ақ Орталық Азияда енгізілген алғашқы әрі жалғыз бағдарлама болып табылады. Бағдарлама шеңберінде су дипломатиясы саласында бәсекеге қабілетті кадрлар даярланатын болады. Олардың жұмысы даулар, қақтығыстар немесе мемлекеттер арасындағы шиеленістің ықтимал себептері туындаған кезде су ресурстарын басқару мен пайдалануға қатысты елдер арасындағы бейбіт қатынастардың ынтымақтастығын қолдауға бағытталатын болады.
Жиында күн тәртібіне сәйкес, ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық қызмет жөніндегі проректоры Жәмила Айтжанова да сөз сөйлеп, 2023 жылдың жетістіктері мен ҚазҰУ-дың 2024 жылға арналған ғылыми-инновациялық қызметінің жоспарларына тоқталды.
Ректор сонымен қатар интернационалдандыру және халықаралық әріптестікті кеңейту жөніндегі жаһандық бағдарламаны әзірлеу, пәндік рейтингтерде білім беру бағдарламаларын белсенді ілгерілетуді қамтамасыз етуді де тапсырды. Сондай-ақ университет басшысы «Қолданыстағы жүйені арттыру қадамдарын ойластыру қажет. Әр факультет бірнеше мықты ғылыми бағыттарды дайындап, студенттік ғылымды да жандандыруы қажет. Ғылым, инновация және коммерцияландыру ел экономикасы үшін қызмет етуі тиіс», – деп атап өтті.
Ғылыми кеңес соңында ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев факультеттерде білім беру бағдарламаларын өзектендіру бойынша жұмысты сапалы ұйымдастыру, қабылдау науқанының тізімінен шығарылуы тиіс өзекті емес білім беру бағдарламаларының тізбесін қарастыру жөнінде жаңа міндеттер жүктеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі