ҚазҰУ-да Қазақстандағы орыстілді әдебиет зерттелуде
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Орыс филологиясы және әлем әдебиеті кафедрасының ғалымдар тобы «Қазақстанның қазіргі замандағы орыс прозасы: жетекші трендтер, жанртану, көркемдік құрылым, кейіпкерлер» тақырыбында гранттық қаржыландыру жобасын жеңіп алды.
Кафедра оқытушылары 60-жылдары М.Ломоносов атындағы ММУ түлегі Майя Бағызбаева бастаған Қазақстанның орыс әдебиетін ғылыми зерттеу жұмыстарын жалғастыруда. Соңғы жылдары әдебиетші ғалымдар көптеген ғылыми жобалар шеңберінде ХХ ғасырдағы Қазақстанның орыс әдебиетінің даму проблемаларын зерттеумен айналысуда.
Жоба жетекшісі – филология факультетінің деканы, филология ғылымының докторы, профессор Баян Жолдасбекова.
Жобаның мақсаты – Қазақстанда соңғы онжылдықтарда жүргізілген орыс прозасын зерттеу саласында заманауи әдеби үдерісті дамыту, инновациялық компьютерлік технологияларды қолдану.
Жобаның ғылыми жаңалығы – Қазақстандағы орыс және орыстілді жазушылардың және ХХ ғасырдың аяғы мен ХХІ ғасырдың басында жазылған прозалық шығармалар туралы ғылыми ақпараттарға қазіргі оқырман еркін қол жеткізе алатын көпфункционалды IT-өнім жасау.
Ғылыми айналымға қазіргі заманғы отандық әдебиеттану бұрын зерттемеген орыс тіліндегі заманауи қазақстандық прозаиктердің эстетикалық тұрғыдан маңызды туындылары енгізіледі, жанрлық канондарды бұзатын жазушылардың көркемдік эксперименттерінің түсіндірмесі беріледі, зерттелетін кезең жазушысының шығармашылық даралығына және оның прозасының поэтикасына талдау жасалады.
Жоба бойынша жұмыс істеген бірінші жыл ішінде ғалымдар мынадай нәтижелерге қол жеткізді: қазіргі қазақстандық прозаның кеңістіктік және уақыттық шекараларын анықтады, зерттелетін кезеңдегі қырықтан астам жазушының өмірі мен шығармашылығына қатысты материалдардың толық жиынтығын жасады.
Сонымен қатар қазіргі заманғы қазақстандық прозаның толық жиынтық каталогі жасалды, Scopus базасында индекстелетін журналдарда екі мақала, ҚР ҚР ҒЖБМ Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитетінде екі мақала, Ресей ғалымдарының ғылыми жарияланымдарының библиографиялық мәліметтер базасында екі мақала жарияланды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі