Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатына пікір

3 қаңтар, 2024

 Мемлекет басшысының қайсыбір сұхбаты, жолдауы, хабарламасы болмасын, ол елдің болашағын бағамдап айқындауда және оның даму стратегиясында, кемелдену кезеңінде, жетілу жолында маңызды рөл атқарады. Үкімет пен халық арасындағы сындарлы диалог, өзара сенім, елдің рухани-моральдық потенциалы, сауда-экономикалық әл-ауқаты, тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мүмкіншілігі – барлығы да сұхбат мәтінінде жинақталып, ашық кеңістіктегі стратегиялық бағдаршам ретінде қабылданады.    
  Мемлекет басшысы Қасымжомарт Тоқаевтың 2024 жылғы 2 қаңтарда “Егемен Қазақстан” газетіне берген сұхбатвн оқи отырып, отандастарымыз еліміздің бүгіні мен ертеңіне қатысты ең маңызды деген мәселелер туралы кең ақпарат алды  деп санаймыз. Президент ең алдымен, жаңа Қазақстанның  алға қойған реформалардың  бірқатарының аяқталып қалғанын , маңызды саяси кезеңдердің шешуші сәттерінде тұрғанын   айта келіп, қазақстандықтарды ең басты істелінген іс-шаралармен таныстырып өтті.
    Жолдаудың негізгі кіріспе бөлімі Республика басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мырзаның ҚР президенті ретіндегі есеп беруі ретінде қабылдауға тұратын - осы уақытқа дейінгі Қазақстан қоғамындағы оң өзгерістерге толыққанды шолу жасауымен басталды. Соңғы кезеңдердегі  Қасымжомарт Тоқаевтың  басшылығымен  елімізде  «Жаңа Қазақстан» атты ұғымның аясында ауқымды жұмыстар атқарылғанын мойындаған ләзім. Қазіргі таңда жаңару үрдісі  бармаған  аймақтар күннен күнге кеміп келеді. Ел өңірлеріндегі алыс аудандар мен ауылдарды  дамытуға, өнеркәсіп пен халыққа қызмет көрсету саласын кеңейтуге үлкен  мүмкіндіктер жасалып, мейлінше еркін дамудың қақпасы айқара ашылды.      Тәжірибелік тиімділік, адам капиталын жоғары қою жаңа қазақстандық реформалардың көздеген басты мақсатына айналды. Әртүрлі топтарға арналған әлеуметтік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Әсіресе ғылым мен білім беру ісін ізгілендіруге, дамытуға көп көңіл бөлінді.
    Мемлекет басшысының  сұхбатын  оқи отырып, қоғам назарын  бірқатар өзекті мәселелерге аудартқаны  қуантты.  Бұл ретте  былтырғы Қаңтар  қасіреті, қоғамдағы тұрмыстық зорлық-зомбылық, АЭС құрылысы секілді өзекті тақырыптар қозғалды.
    Тілшінің Президент лауазымына бір-ақ рет сайлану туралы ережесіне қатысты сұрағына  президент былай деп жауап берді:  “Бұл талап мемлекетіміздің тәуелсіздігі, біртұтастығы, аумақтық тұтастығы және басқару нысаны туралы нормалар сияқты мызғымастай етіп бекітілген». Президент жетіжылдық бір ғана мерзім туралы идеяны осыдан 15 жыл бұрын жабық пікірталастарда айтып жүргенін мәлімдеді.
     Мемлекет басшысы қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде елге келген Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының әскері туралы айтты. “Бітімгерлік күштері бірде-бір оқ атқан жоқ», - деді Тоқаев.  Армения «Ақсай» нан зауытын және «Алматы су» мекемесін, Беларусь Жетігендегі аэродромды, Тәжікстан мен Қырғызстанның әскери қызметшілері Алматы қаласының І және ІІ жылу электр орталықтарын, Ресей ІІІ жылу электр орталығы мен телекоммуникация нысанын күзетті. “Осы маңызды нысандарға лаңкестік шабуылдар жасалуы мүмкін деген қауіп болды», - деді президент.
    Сондай-ақ, Қасымжомарт Тоқаев қос билік туралы “Билік транзиті» кезінде кейбір шенеуніктер біресе ана, біресе мына кабинетті жағалап жүрді. Олар ойнақтап жүріп, ақыры от басты. Дәл осы жағдай Қаңтар дағдарысына әкеп соқтырған алғышарттың бірі болды” деді.
      Тілшінің Жаңа жылды қалай мерекелейсіз деген сұрағына Тоқаев мырза “мен үшін Жаңа жыл қастерлі мереке емес” деді.  Президенттің айтуынша, осы сәтте өткен жылды қоры­тын­ды­лап, келешекке жоспар құру әдетке айналған. “Оның үстіне, өзіміздің төл жаңа жылымыз – Әз Наурызды естен шығармаған жөн. Бұл мейрам – тіршілікті түлете келетін нағыз табиғи жыл басы. Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек» деді мемлекет басшысы.  
   Қазақ ғылымы мен Жоғарғы мектебінің қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Түркітану және тіл теориясы кафедрасы жаңа Қазақстанның Президенті ұстанған бағытты да, саяси көзқарасын да,  жалпы ғылым мен білімді жаңа форматқа өткізу кезеңінің келгенін  баяндайтын сөздерін  қолдайды. Болашаққа стратегиялық қадам жасауға бағытталған ғылым мен Жоғарғы білім беру саласында Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев сенген жаңа ұрпақты тәрбиелеу жауапкершілігін толығымен мойнымызға алатынымызды, еліміздің даму жолындағы жаңа көзқарастарды қабылдауға дайын екендігімізді жеткізгіміз келеді.

Түркітану және тіл теориясы
кафедрасының меңгерушісі,
филол.ғыл.докторы, профессор
Авакова Раушан Амирдинқызы