ҚАСЫМ-ЖОМАРТ КЕМЕЛҰЛЫ ТОҚАЕВТЫҢ «ЕГЕМЕН ҚАЗАҚСТАН» ГАЗЕТІНЕ БЕРГЕН СҰХБАТЫ ТУРАЛЫ

3 қаңтар, 2024

Мемлекет басшысы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында ішкі және сыртқы саясат, еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуы, 2022 жылғы қаңтар оқиғасы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, атом электр станцияларының құрылысы және басқа да өзекті тақырыптарға тоқталған болатын. Жаңа жыл қарсаңында Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы 2023 жылдың еліміз үшін айтулы оқиғаларға толы болғанын атап өтті. Президентіміз ірі саяси реформалардың аяқталуын айта отырып, конституциялық сот өз жұмысын бастағанын атап өтті. Жаңа ережеге сәйкес, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының сайлауымен қатар, алғаш рет аудан, облыстық маңызы бар қала әкімдерінің сайлауы өткенін, 700-ге жуық ауыл әкімдері сайланғанын мәлімдеді. Шын мәнінде, әлеуметтік саланың өзекті мәселелері дәйекті түрде шешімін тауып жатыр. Республика бойынша «жайлы мектептердің» құрылысы басталды және ауылдарда медициналық мекемелер салынуда.

Ішкі экономикалық тұрақтылықты дамытуда, азаматтарға қолдау жасалуда. Мемлекеттік қызметкерлер мен білім саласы және медицина қызметкерлерінің жалақысы көтерілді. Мемлекеттік жоспар бойынша әлеуметтік жағдайды көтеруге арналған бұндай бағдарламалар одан әрі орындалатынына сенімділік танытты. Осы бағытта, қыркүйек айындағы Президент Жолдауында айтылған жаңа экономикалық модельге көшу міндеті орындалуда. Бұндағы стратегиялық мақсат – 2029 жылға қарай ішкі жалпы өнімді екі есеге арттыру. Жақында Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп, онда біз әлеуметтік-экономикалық дамудың қорытындыларын шығарып, осы бағыттағы алдағы іс-қимыл тактикасын анықтайтын боламыз.

Осылайша, Ұлттық Құрылтай отырыстары идеологиялық міндетін дамытуда  қоғамның құндылықтар жүйесін жаңарту бағытында еліміздің экономикалық, әлеуметтік-саяси және гуманитарлық салалардағы кешенді бағыттар жалғасын табуда. Елімізде ұлттық спорт түрлері мен салауатты өмір салтын насихаттау жалғасын табады.

2024 жылы елімізде бірқатар өкілді саммиттер мен форумдар жоспарлануда. Қазақстан Шанхай ынтымақтастық ұйымына, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымына, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңеске, Түркі мемлекеттері ұйымына, Аралды құтқару халықаралық қорына, Ислам Азық-түлік қауіпсіздігі ұйымымен ынтымақтастық орнату жоспарлануда.

Халқымыздың көрнекті тарихи тұлғаларын, мысалы: Қаныш Сәтбаев, Сағадат Нұрмағамбетов пен Рахымжан Қошқарбаев сынды сындарлы тұлғаларды ұлықтау жалғасады. Осы бағытта, Қазақстан тарихы бойынша көп томдық кітапта 200-ден астам отандық ғалымдар мен 60-қа жуық тартылған шетелдік мамандар еңбегі жарық көрді.

Осы сұхбатта көпті толғандырып жүрген Қаңтар оқиғасы туралы өткір сұрақтар қойылды. Еліміздегі көп жылдар бойы шешілмей келе жатқан әлеуметтік-экономикалық мәселелер мен жалпы тоқырау, билік пен қоғамның деградациясына айналған ескі биліктің салдары қайғылы Қаңтар оқиғасына себеп болды. Қаңтар оқиғасына жан-жақты тоқтала келе, Президентіміз экстремистік сипаттағы бұндай қақтығыстарға жол бермеуіміз керектігіне тоқталды. Қосарланған биліктің қаңтар оқиғасы сияқты дүрбелеңге алып келгендігі туралы ашық айтылды.  Сұхбатта демократиялық сипаттағы бейбіт шерулерге шектеулер жоқ екендігі, бірақ жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылардың іс-әрекетіне жол берілмейтіні айтылды. Осы бағытта, мемлекет басшысы еліміздің ішкі тыныштық пен мемлекеттік тәртіпті сақтауға шақырды.

Елдегі тұрақтылық пен экономикалық дамуды жүзеге асыруда елеулі өзгерістер саяси тұрақтылық пен Конституциялық Сотты қайта құруға әкелді. Президент 1-ақ рет  7 жылға сайланады деген шешім өзгермейді. Мәжілістің өкілеттігі  кеңейіп, түбегейлі өзгерістер қалыптасты. Бұндай демографиялық сипаттағы мемлекетте адам құқықтарын қорғау мен  Әділетті Қазақстанды құру үшін тың міндеттер шешілуі керек. Осы бағытта, елімізге ірі инвестиция штабын құру туралы жобаларды сапалы жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұндай жүйелі реформаларды, салық кодексін қалыптастыру, бюджеттік кірістерді тиімді пайдалану, квазимемлекетті дамытуды тиімділікпен іске асыру сияқты көптеген жаңа мүмкіндіктерді пайдалансақ еліміздегі тұрақтылық пен экононимкалық даму жүзеге асады.

Елімізде қаржылық сауаттылықты дамытуда көптеген стратегиялық іс-шаралар іске асырылуда. Мысалы, мемлекет тарапынан жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң орындалды. Еліміздегі салғырттықтың салдарынан жылу электр, жарықпен қамтамасыз ету салалары мүшкіл жағдайда. Сондықтан, инфрақұрылымды қамтамасыз етуде коммуналдық саланы, қауіпсіздік нысандарды өңдеуден өткізу кешенді орындалып жатыр. Елімізде АЭС салу жобасы нақты қажеттіліктен туындап отыр. Дегенмен, соңғы шешімді халық қабылдайды.

Әлемдік сыртқы саясатта өзара ынтымақтастықты дамытуда С5+ сипаттағы үлгінің маңызы зор екендігі айтылды. 2024 жылы жаһандық деңгейдегі ортақ мәселелерді шешуге бағытталған форумдар өткізу жоспарлануда. Сыртқы саясаттың, оның ішінде Ресей саясатының да елімізге өңірлік тұрақтылықты сақтауда маңызы зор. Ресеймен тауар айналымы еліміз үшін тиімді және ішкі экономикамызды дамытуда аса қажет.

Президентіміз Қасымжомарт Кемелұлы «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында қойылған көпті толғандырып жүрген  ашық сұрақтарға өз деңгейінде жауап беруі, оның еліне жанашыр, стратегиялық жоспары ауқымды және мемлекетті тығырықтан алып шығатын азамат екеніне сенімділік тудырды. Мемлекет басшысы еліміздің болашағын дамытуда қабілетті жастардың рөлі арта түсетініне баса назар аударуда. Жаңа буыннан құралған мамандардың біліктілігі мен білімін дамытуда кешенді жұмыстарды жүзеге асыруда. Президентіміз атап өткен кешенді іс-шаралар мен алға қойылған міндеттерді іс асыруда еліміздің әрбір азаматы үлес қосуы керек деп түйіндейміз.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының аға оқытушылары, филология ғылымдарының кандидаттары Бекқожанова Г.К.,

Ағабекова Б.Н.