ҚАСЫМ-ЖОМАРТ ТОҚАЕВ: БІЗ ОЗЫҚ ОЙЛЫ ҰЛТ РЕТІНДЕ ТЕК ҚАНА АЛҒА ҚАРАУЫМЫЗ КЕРЕК

3 қаңтар, 2024

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатында 2023 жыл еліміз үшін аса маңызды оқиғаларға толы жыл екенін ерекше атап өтті. Атап айтқанда, еліміздегі негізгі саяси реформалардың аяқталып қалғандығы Конституциялық Сот жұмысын қарқынды басталғаны туралы сонымен қатар, мәжіліс және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары жаңа ереже бойынша сайлануы маңызды мәселелер деп қарағанымыз жөн. Алғаш рет аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдері сайланып, ауыл және аудандық маңызы бар қала әкімдерін сайлау үрдісі әділдікпен ұйымдастырылып, 700-ге жуық ауыл әкімдері сайланды.

Сонымен қатар, білім саласына да назар аударылып, еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» мәселесін шешуде жаңа мектептер салынатындығы ерекше атап өтті.

Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге арналған іс -шаралардың жастарға берері зор екендігін баса айтты. Атап айтқанда, биыл әйгілі ғалым Қаныш Сәтбаев¬тың туғанына 125, даңқты батырлар Сағадат Нұрмағамбетов пен Рақым¬жан Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толатындығын еске салды.

Саяси реформалардың жүзеге асырылуы жөнінде Ел Президентінің айтқан пікірлерін толық бергенді жөн көріп отырмыз: Саяси жаңғыру үдерісі 2022 жылы тың қарқынмен жалғасты. Реформаның басты міндетінің бірі барынша әділ әрі теңгерімді саяси жүйе құру болды. Оған қоса, ат басын артқа бұру, яғни саяси өзгерістерді кері қайтару мүмкін болмайтындай, сонымен бірге реформалар қоғамдық өмірдегі қалыпты құбылысқа айналатындай ахуал қалыптастыру маңызды еді. Сол үшін конституциялық реформа аясында кертартпалыққа бірқатар тосқауыл қойылды.

Біріншіден, біз Ата заңның үстемдігін қамтамасыз ететін, конституциялық бақылауды жүзеге асыратын жоғары орган – Конституциялық Сотты қайта қалпына келтірдік. Біреулерге Конституциялық Кеңестің аты ғана өзгергендей көрінуі мүмкін. Шын мәнінде, оның заты түбегейлі өзгерді.

Конституциялық Сот шешімдерінің күшін ешкім жоя алмайды. Оның шешім¬деріне, соның ішінде азаматтардың конституциялық құқықтарына қатыс¬ты байламдарына күмән келтіруге, Президенттің де еш қақы жоқ.

Ата заңға енгізілуі мүмкін кез келген өзгеріс пен толықтыру Конституциялық Соттың оң қорытындысы болса ғана республикалық референдумға немесе Парламенттің қарауына шығарылады.

Конституциялық Сотта он бір қазы бар екені белгілі. Соның алтауын, яғни көпшілігін, Парламент палаталары тағайындайды. Ал төрағасын Пре¬зидент тағайындағанымен, мін¬детті түрде Сенаттың келісімі қажет.

Екіншіден, негізгі ұстанымдар Конституцияда нақты айқындалып, біржола бекітілген. Мысалы, Ата заң¬ның 91-бабына сәйкес, Конституцияда белгіленген мемлекеттің тәуелсіздігі, біртұтастығы мен аумақтық тұтастығы, оны басқару нысаны, Республика қызметінің түбегейлі принциптері және осы жерде айрықша атап өтейін, Президент жеті жыл мерзімге бір рет қана сайланады деген ереже еш өзгермейді.

Үшіншіден, реформалардың нәтижесінде Мәжіліс жаңа сайлау жүйе¬сімен, яғни партиялардың тізімі және бірмандатты округтер арқылы жасақ¬талатын болды. Мәжілістің өкілеттігі де айтарлықтай кеңейді.

Ел Президентінің қорытынды сөзімен айтсақ, ескі жүйе келмеске кетті. Қазақстандағы саяси реформалар жүйелі ғана емес, ешқашан кері қайтпайтын түбегейлі сипатқа ие болды деп сеніммен айта аламыз. Мұның еліміз үшін айрықша маңызы бар. Себебі, ұлттың саяси сана-сезімі түбегейлі өзгерді. Жұрт¬тың құқықтық сауаттылығы мен бел¬сенділігі демократиялық жаңғырудың басты кепіліне айналды деген ойлары көпшіліктің көңілінен шығып, қолдау табады деген сенімдеміз. 

Сұхбаттағы тағы бір келелі мәселе: «Мемлекеттің басты міндетінің бірі – заңның мүлтіксіз орында¬луын, тәр¬тіптің қатаң сақталуын толық қамтамасыз ету. Сондықтан заң бұзған кез келген адам жауапқа тартылады. Ал заң мен тәртіпті сақтау мәселесіне азаматтардың идеологиялық ұстанымы мен саяси көзқарасының еш қатысы жоқ. Заң бәріне ортақ» деген пікірі де өте құптарлық мәселе.

Біз заңсыздық пен қатыгездікке бір кісідей, батыл қарсы тұруымыз қажет. Сондай-ақ, қоғам нормалар мен ережелердің және жалпы адамзатқа ортақ құндылықтардың аяқасты болуын қатаң айыптап, онымен бірлесе күресуі керек.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне берген сұхбатының соңында қазақтың ұлттық мейрамы «Наурыз» мерекесі туралы ойларымен де бөліскенді жөн көрдік: «Наурыз – жаңару мен жаңғырудың символы. Сондықтан, төл мерекеміздің мазмұнын байытып, оны барынша ерекшелеп, жаңаша атап өтуіміз керек. Бұл қадам қоғамды ұйыстырып, ұлттық бірегейлігімізді айшықтап, ел бірлігін нығайта түсуге ықпал етеді деп сенемін» деген пікірі көпшіліктің көңілінен шығады деген ойдамыз.

Сарбасов Болатхан Серғазыұлы,
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология факультеті қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасының профессор м.а.,
филология ғылымдарының кандидаты, доцент