Озық ойлы ұлтты тәрбиелеу кезек күттірмейтін мәселе

3 қаңтар, 2024

Егемен Қазақстанға еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек», атты сұхбаты көпшілік қауымға ой салып отыр. Шын мәнісінде сұхбатта қоғамды толғандырып жүрген мәселелердің қозғалуы, оған Президенттің пікірі, маған да педагог ретінде өзіндік пікірлер туындатты.
Сұхбатта, еліміздегі маңызды оқиғалар баяндалып, болашақтағы жоспарлар айтылды. Ел қабырғасына қатты батқан «қаңтар оқиғасы» туралы да ойлар тұжырымдалды. Зорлық-зомбылық мәселесі де көтерілді, менің ойымша мұндай келеңсіз оқиғалардың болуы тәрбиемен тікелей байланысты. Ата-ана, білім беру ұйымдары бұған аса мән беру керек. Кез-келген әрекеттен сол елдің білімі, тәрбиесі, мәдениеті көрініс табады. Сондықтан да балалардың білімі, тәрбиесі болашақтың кепілі. Президент айтып өткендей «Еліміздің түкпір-түкпірінде білім ошақтары, соның ішінде, «жайлы мектептер»» ұлттық жобасы жүзеге асырып келеді. Мұндағы «жайлы мектеп» барлық стандартқа жауап беретін, жаңаша жабдықталған, қолайлы жағдай жасалған мектептер. Алайда бұл мектептер тек материалдық-техникалық базасымен ғана емес, білім беру мазмұнымен де ерекшеленеді. Яғни, озық ойлы жастарды тәрбиелеуді көздейді. Бұл ұлттық идеологияны дәріптейтін, білімді, білікті болашақ ел тізгінін ұстар азаматтарды қалыптастыратын білім ошақтары болмақ. Әрине, ол үшін білімді, шебер ұстаздар қажет, ал ұстаздар жоғары оқу орындарында даярланады. Олай болса, жоғары мектептердің де алдына қойған мақсаттары «жайлы мектепке» кадрлар даярлау кезек күттірмес мәселелер қатарында. Жаңаша ойлайтын, өнертапқыш балалар мектеп қабырғасында айқындалып, жоғары мектептерде дамытылып, мемлекет тарапынан қолдау тауып, инновациялық дамудың алғы шарттарын құрайды. Елімізде өндірісті күшейту керек, дамыған елдер қатарына ену үшін де завод, фабрикалар қолға алынып, өнім шығару мақсат емес, қажеттілік. Сол завод, фабрикаларға сәйкесінше жоғары мектептер мамандар даярлайды, халықты жұмыспен қамту жүзеге асырылады. Университеттер үшін жаңа білім беру бағдарламаларын ашуға сұраныс туындайды. Қарап отырсақ, бұл процестер бір-бірімен тікелей байланысты. «Ел боламын десең бесігіңді түзе», «тәрбие тал бесіктен басталады», «балам адам болсын десең -оқыт», деген даналық сөздердің де тікелей білім, тәрбиеге қатысты екені көрініп тұр. Олай болса, инвестиция білімге, оқу-тәрбие процесіне жасалу керек. Білімді, тәрбиелі ұлтты қалыптастыру арқылы ғана жарқын болашақты болжай аламыз. Президенттің «Халқымыздың қуатын арт¬ты¬рып, табысқа жетелейтін осындай қа¬сиеттер мен құндылықтарды жан-жақ¬ты дәріптеп, ұрпақ санасына сіңіру ар¬қылы ғана сапалы ұлтқа айнала аламыз», деген тұжырымының астарында осы ой жатқаны анық байқалады. Сонымен қатар, ұлттық ерекшеліктерімізді сақтай отырып, озық ойлы жастардан, озық ойлы ұлтқа жететінімізді де естен шығармағанымыз жөн.

Философия
және саясаттану факультеті, педагогика және білім беру
менеджменті кафедрасының меңгерушісі, доцент Н.С. Әлқожаева