ҚазҰУ дипломатия мектебін қалыптастырды
Халықаралық қатынастар факультеті 1995 жылы Қазақстан Республикасының сыртқы істер министрі Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей қолдауымен құрылып, негізгі (базалық) оқу орнына айналды. Факультет өз уақытында құрылды, заман талабы соны қажет етті. Министр өзі бас болып және белгілі, тәжірибелі дипломаттар, атташелер қош көріп, факультетке келіп, студенттерге акт залында соңғы хабар мен жаңалықтарды жеткізіп, дәріс оқыды. Ауызба-ауыз, көзбе-көз қатынас жасай отырып, тыңдау студенттерге ерекше әсер етті. Олар өздерін қызықтыратын саяси мәселелерге байланысты сұрақтарын жаудыртатын. Ал ең бір әсерлі жайт, министрге түрлі тілде (қазақ, орыс, ағылшын, қытай) сұрақ қойса, олар сол тілде жауап алатын.
Факультетте егемен Қазақстанның ішкі-сыртқы саяси дипломатиялық қатынастарға байланысты тәлім-тәрбиесі мол дәстүрлі «елші сағаттары», дөңгелек үстел, шетелдік мамандармен жоғары дәрежедегі кездесулер ұйымдастырылып тұратын. Сонымен қатар тығыз іскерлік қарым-қатынастар сан салада өзінің орны мен қажеттілігін тауып отырды. Министрлікте студенттерге практикадан өтуіне мүмкіндіктер берілетін; студенттердің шет тілінен білім деңгейі мемлекеттік емтихандар барысында тексерілетін; мемлекеттік емтихандарға төрелік етіп келетін Сыртқы істер министрлігінің өкілдері Ә.Қырбасов, М.Атанов, Н.Дәпенов т.б. біздің түлектердің шет тілінен алған біліміне көңілдері толып, ризашылықтарын білдіріп, мақтау айтатын.
Болашақ халықаралық дәрежедегі мамандардың, дипломаттардың өз елімізде білім алып, жетіліп, шыңдалып шығуы бүкіл халықтың ұлттық мүддесі еді. Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік ұйымына тең мүше болуы, көптеген дүниежүзілік ұйымдарға мүше болу кезеңінде, кәсіби деңгейі жоғары, саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңе алатын болашақты құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты білімді, мәдениетті жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыруға факультет зор үлес қосты.
Іс жүзінде халықаралық қатынастар факультетінің құрылуына, оқу үдерісінің қалыптасуына бар күш-қуатын, білімін, тәжірибесін сарп еткен факультеттің тұңғыш деканы, профессор Г.Жамбатырованы ерекше айту керек. Мұндай білім ошағы Қазақстанда мүлдем болмаған, сондықтан оның аяғынан тік тұрып кетуі оңай болған жоқ. Факультеттің қалыптасуы, заңды іргетасының мықтап қалануы, оның жабдықталуы үшін Гүлжауһар Шағатайқызы өз командасын жинады. Оқытушы-профессорлар құрамының іріктеліп, жасақталуына аса зор назар аударып, оларды игілікті жұмысқа жұмылдырды. Факультеттің бастау алған кезеңінде өзінің айналасына рухы бір, көзқарасы бір, дүниетанымдары бір пікірлес әріптестерін топтастырды. Олар өз салаларында белгілі мамандар мен ғалымдар еді, профессорлар: Ж.Ибрашев, М.Сәрсенбаев, С.Айдарбаев, Қ.Байзақова, Ғ.Мовкебаева, Ф.Кукеева, М.Ғұбайдуллина, К.Мақашева, И.Черных т.б.
Факультеттің кез келген кафедрасы мен оқытушысы студенттеріміздің кәсіби біліктілігіне қол жеткізуде, олардың адамгершілік рухани ұстанымын жетілдіруде, салауатты, интеллектуалды ұлт болып қалыптасуына өз жауапкершіліктерін толық сезінді, осы ерекшеліктерді дамытуға белсенді үлес қосып, тәжірибе алмасты, осы қасиетті, құрметті қағиданы ұстанды.
Факультеттегі жетекші кафедралардың бірі – Шет тілдер кафедрасы. Ол жоғары дәрежелі, заманауи талаптарға сай факультет түлектерінің бәсекелестікке, дипломдарының айырбасталатын (яғни конвертируемый) қабілетіне ие болатын жолдарын жетілдіру сияқты шаралар атқарды.
1996 жылы бастаған инвестиция саясаты елімізде ағылшын тілін үйренуге бетбұрыс жасады. Қазіргі заманауи ғылымның, мәдениеттің, саясаттың ғаламдану дәуірінде, шет тілінің құндылығы мен дипломатиялық қарым-қатынас жасауға, сауда мен бизнес салаларын дамытуға зор мүмкіндіктер туды.
Факультет түлектерінің біліктілігі халықаралық стандарттарға сай екендігін уақыт та, заман талабы да көрсетіп жүр. Олар халықаралық деңгейдегі мәселелермен айналысатын түрлі мемлекеттік және шетелдік министрліктерде, Әділет, Қорғаныс министрліктерінде, Президент пен Үкімет аппараттарының халықаралық бөлімдерінде және т.б. мәртебелі орындарда табысты қызмет атқарып жүр. Қазақстан Республикасы шамамен 182 мемлекетпен қарым-қатынас орнатты және шетелдерде 67 өкілдіктері бар. Факультет түлектерінің бірқатары еліміздің ішкі-сыртқы дипломатиялық салаларында абыроймен қызмет атқарып жүр.
Сол кездері Шет тілдер кафедрасында 60-қа жуық оқытушы дәріс берді. Ұжымды қалыптастырып, оны оқу процесіне жұмылдыруға басшымыз декан болып, қостаушылары кафедра меңгерушісімен бірге кафедраның жетекші оқытушылары атсалысты. Шет тілдер кафедрасында дәріс беру үшін тәжірибелі, білікті, шет тілін жетік меңгерген мамандар шақырылды. Осы кафедраның негізін құруға белсене қатысқан оқытушылар – доценттер: Г.Сүлейменова, М.Мақышева, Л.Котиева, Н.Пак, Г.Айғабылова, Р.Сарбаева, аға оқытушылар: Ж.Мұқашева, А.Мұртазаева, С.Еникеева, М.Нұрғалиева, З.Тоқмұхамедова, Г.Кәріпбаева т.б.
Мен ҚазҰУ-да 51 жыл бойы шет тілінен (неміс, ағылшын) дәріс бердім, оның 20 жылында кафедра меңгерушісі ретінде қызмет атқардым. Факультеттің де, кафедраның да бар шаруасының тұрмыс-тіршілігінің сап түзеп тұрып кетуіне бар ынта-жігеріммен кірістім. Шет тілдері негізгі пәннің бірі болғандықтан, оған оқу бағдарламасы бойынша және Гүлжауһар Шағатайқызының табанды талабы арқасында көп сағат бөлінетін, нәтижесінде студенттер шет тілін мейлінше шебер, сауатты, жылдам игеру қабілетіне қол жеткізіп, емін-еркін ауызекі сөйлеу дәрежесінің деңгейін көрсететін.
Декан кафедраның жан-жақты жабдықталуына ерекше демеу көрсетті: тіл ұстартуға арналған тілдік және фонетикалық лабораториялар, дәріс беруге арналған арнайы аудиториялар, оқытушылар бөлмесі, сонымен қатар шетелдерден тапсырыспен алдыртатын арнаулы оқулықтар мен оқу құралдары, оқу-әдістемелік құралдармен қамтамасыз ету факультеттің күн тәртібінен түспейтін іс-шара болды. Декан тарапынан осы пәнге зор қамқорлық көрсетілуі кафедра оқытушыларын қанаттандырып, сабақ беруге бар ынта-жігермен, ықыласпен кірісті. Соның тағы бір дәлелі ретінде профессор Гүлжауһар Шағатайқызы қазақ мектептерінен келген қазақ топтарын құрған студенттерге ерекше көңіл бөлді. Сол кездері қазақ топтарына арналған оқу құралдарына тапшылық зор еді. Осы жағдайларды ескере отырып, қазақ топтарындағы 1-курс студенттеріне арналған «Ағылшын тілі» (1999 ж.) және 2-курс студенттеріне арналған «Ағылшын тілі» (2005 ж.) дайындалып, жарық қөрді. Reader for Students of international relations (2007 ж.) атты жоғары курс студенттеріне арналған мәтіндер жинағы «Халықаралық қатынастар» мен «Халықаралық құқық» мамандықтары үшін пайдалы, игілікті қажеттілікке ие болды. 2-курс студенттеріне арналған «Ағылшын тілі» оқулығы республика көлемінде ашық конкурсқа түсіп, жыл сайын қайта басылып шығуын қамтамасыз ететін грант жеңіп алды. Осы оқулықтарды доцент М.Мақышева екеуміз құрастырдық. Жоғарыда аталған оқулықтар өз құндылығы мен маңыздылығын ақтады, оқу құралы ретінде студенттердің кең пайдалануына тиімділігі мен жарамдылығын көрсетті.
Кафедра оқытушылары өздерінің кәсіби біліктілігін, тілдік даму дәрежесін және ғылыми-техника саласындағы зерттеу жұмыстарын барынша жетілдіріп отырды. Алматыда өткізіліп отыратын шет тілдерін меңгеру және ұстарту шеберлігін оқыту бағдарламаларының іс-шараларына қатысатын, нәтижесінде сертификат алатын. Олар British Council (Англия), Global Education (АҚШ), Гете атындағы институт пен DAAD (Германия), француз орталығы т.б.
Айта кету керек, кафедра шетел елшіліктерімен тығыз байланыста болды. Олардың өкілдері мен мәдени байланыс бөлімдерінің атташелері студенттер мен оқытушыларға арнайы дәріс оқып, семинар шараларын ұйымдастырып отыратын. Кафедра ұжымы сол кездері АҚШ-тан келген маман магистр Скот Келли, Италия елшілігінің өкілі Марко Ауджелло, француз тілінен Бенда Шербетко, неміс тілінен Урзула Заарбек атты т.б. әріптестерді шын ықыласымен еске алады.
Факультетте тартымды дәстүрге айналған халықаралық, республикалық және университет көлемінде ұйымдастырылатын конференция, саяси дебаттар, дөңгелек үстел т.б. сияқты іс-шараларға студенттер жаппай тартылатын. Шетелдіктермен кездесулерде студенттеріміз (Е.Ашықбаев, Д.Теменев, А.Нұрша т.б.) жүргізген ілеспе аудармаларына, олардың ой-өрісінің және дүниетанымының тереңдігіне көзіміз жетіп, оларды мақтан тұтатынбыз. Мен жоғарыда айтып кеткенімдей, кафедра оқытушыларының бірқатары ғылыми зерттеу жұмыстарымен айналысты. Р.Сарбаева, Л.Тұнғатарова, Н.Балахоновалар кандидаттық диссертацияларын сәтті қорғап шықты.
Факультетте білім мен оқу саласында жаңа бағыт пайда болды, яғни халықаралық дәрежедегі мамандарға арналған жаңа оқулықтарға, сөздіктерге, арнайы мәтіндерге, методикалық әдістемеліктерге сұраныс туды, бұрынғы қолданыста болған оқу құралдары лайықталмаған, олар кешегі күннің туындылары, өткен өмірдің көрсеткіштері болып қалды.
Мен Шет тілдер кафедрасының меңгерушісі ретінде Гүлжауһар Шағатайқызының қамқорлығымен қоса, университет ректоры Көпжасар Нәрібайұлы мен проректор Зұлхайыр Аймұхамедұлының қамқорлығын айтпай кетуге болмайды. Факультет таңдаулы (элиталық), танымал жоғары оқу орындарының біріне айналды. Осында оқуға түсушілердің саны жылдан-жылға көбейе түсті. Соған қарай университет, факультет басшылығының жауапкершілігі де арта берді. Абырой болғанда, факультетте тәртіп бұзушылықты да, сыбайлас жемқорлықты да естіп көрмедік. Тәлім-тәрбие, тәртіп бірінші қатарда тұратын.
Сол жылдары ҚазҰУ Халықаралық университеттер ассоциациясы құрамына Қазақстан бойынша бірінші жоғары оқу орны болып кірді. Бұл құбылыс университетке әлемдік білім беру сапасына қарай бет бұруына мүмкіндік берді. Ол дүниежүзіндегі алдыңғы қатардағы университеттермен (Түркия, Оңтүстік Корея, Жапония т.б.) екіжақты тығыз қарым-қатынас жасауға мұрындық болды, студенттер мен аспиранттар алмасуы, дайындық курстарынан өту деген сияқты кездері болады.
Факультетте, кафедраларда қарапайым күнделікті адами тіршіліктер болып тұратын. Есіме жиі түсетін бір жайтты айта кетейін. Ректор мырза Оңтүстік Кореяға барған бір сапарында факультетке біраз қол магнитофондарын алып келді, біздің қуанышымызда шек жоқ, бір-бір магнитофонды алып, аудиторияға барып бірінші рет алғашқы шетел материалдарын студенттерге тыңдаттық. Олардың тыңдау, есту, сөйлеу мәнерлерін жаттықтырдық. Бұл бірінші пайдаланған техникалық құралым еді.
Шет тілінен сабақ беретін мамандар үлкен сұраныста болды. Кейбір оқытушылар кафедрада тұрақтанды, көбі бірнеше жерде жұмыс істеді, аумалы-төкпелі заман орнап, халықтың біразы ауыр материалдық жағдайға душар болды, ал кафедрадағы тәжірибелі, білікті мамандарды ұстап тұру үшін декан осыдан шығудың жолын тапты. Білікті жаңашыл ректор мырза озық мамандарға қосымша жалақы беріп, жағдайды ұтымды шешті. Кафедраға, студенттерге, өз пәніне шынайы нағыз берілген ұстаздарға – Г.Сүлейменова мен М.Мақышеваға доцент атағын беріп, зор құрмет көрсетілді.
Жалпы, халықаралық қатынастар факультетінің аузының салымы бар. Факультетке декан қызметін атқаруға келген келесі ғалым-профессорлар факультеттің абыройын зор құрметпен атқарып келді.
Профессорлар Е.Жатқанбаев, Қ.Байзақова, К.Шәкіровтар факультетте орныққан білім, тәрбие, өнеге рухын сақтады. Бүгінгі факультет тізгінін ұстап отырған PhD докторы Л.Деловарова үлкен жауапкершілік арқалап отыр. Факультет – қасиетті, киелі оқу орны, бір сөзбен айтқанда, елдің тыныштығын, бірлігін, ауызбіршілігін, бейбіт өмірін қамтамасыз ететін ұстахана.
Роза ҚАЙЫРБАЕВА,
ф.ғ.к., профессор