Өмірімнің қасиетті қазынасы

15 қаңтар, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде білім алдым, аспирантурасында, докторантурасында (АҒҚ) ғылым іздедім, ассистент, оқытушы, аға оқытушы, доцент, профессор, кафедра меңгерушісі, факультет деканы, оқу ісі жөніндегі проректор қызметтерін атқардым. Бүгінде университет жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтында директормын. Саналы ғұмырымның жарты ғасыры университет аудиториясында өтті. Мен үшін университеттің өзі де, аудиториясы да, оқытушы-профессорлары мен қызметкерлері де ардақты, ауасы таза, аурасы ізгі, білімі мен ғылымы аяулы. Менің университетім – өмірімнің осындай қасиетті қазынасы.

Ұлттың ұлық университетінің құрылғанына 90 жыл болды, Қазақстанның тәуелсіздігіне 30 жылдан асты. Қазақстан тәуелсіз жаңа мемлекет ретінде қалыптасып, түрлі бел-белестерден өтті, мемлекеттік басқарудың барлық салалары бойынша жетістіктерге жетті. Осы жетістіктердің баянды, игілікті болуына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті айрықша зор еңбек сіңірді. ҚазҰУ ұлттық жоғары білім мен университеттік ғылымның жаңа жүйесін қалыптастырып дамытуда, заман талабына сай инновациялық өнім өндіруде, халық шаруашылығы үшін жоғары білімді, жоғары білікті мамандар даярлауда, Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетінің қарыштап өсуі, елдің ынтымағы мен бірлігінің нығаюы жолында ерен еңбегімен дараланды. Мұндай ерен еңбектің, жасампаз күштің қайнар көзі – университеттің оқытушы-профессорлар корпусы. Жарты ғасыр бойы ұлттық университеттің аудиториясында, университеттің оқытушы-профессорлар құрамында болғанымды бүгінде айтарлықтай мақтан тұтамын.

1993 жылдан 2000 жылға дейін университеттің филология факультетінің деканы болып еңбек еттім. Тәуелсіз Қазақстанның жоғары білім беру жүйесіндегі өзгерістерге сай, университетте филологиялық білім беру ісінің нормативтік құжаттарын жасауға тура келді. Бұл айтуға оңай, ал іс жүзінде ұжымның бірлескен шығармашылық еңбегін, күш-жігері мен ақыл-ой қуатын талап еткен үлкен міндет еді. Факультет ұжымы бұл міндетті талапқа сай орындады. Факультет мамандықтары түгел және толық жаңа оқу-әдістемелік құжаттармен қамтамасыз етілді. Ендігі тұста жаңа оқу-әдістемелік құжаттарға сай, оқу пәндерін жаңа бағдарламалармен, оқулықтармен, оқу құралдарымен, әдістемемен қамтамасыз ету қажет еді. Факультеттің оқытушы-профессорларының күшімен бұл салада да елеулі жетістіктерге жеттік. Марқұм Рашида Садырқызы Зуева, Валентина Васильевна Ким сияқты профессорлар шын ниетімен және сапалы да өнімді еңбек етті. Кафедра меңгерушілері – марқұм Зейнолла Қабдолұлы Қабдолов, Тұрсынбек Кәкішұлы Кәкішев, Алтай Сәрсенұлы Аманжолов, Майя Мұхаметәліқызы Бағызбаева қолдау көрсетті. Қиюы келмей тұрған істің қисынын тауып, нәтижелі аяқталуына әрдайым көмектесіп отырды. Атқарылған жұмыстар, қол жеткен нәтижелер университеттің филологиялық білім беру ісіндегі айтарлықтай жетістіктері болатын.

2001-08 жылдары университеттің оқу және әдістемелік жұмыс жөніндегі проректоры болып жұмыс істедім. Оқу ісінің сапасын арттыруға, университеттің білім беру қызметі саласында Сапа менеджменті жүйесін жасау мен өндіріске енгізуге зор көңіл бөлдік. Жоғары және жоғары білімнен кейінгі білім беру деңгейлері бойынша мемлекеттік үлгідегі диплом жобасы жасалды. Ол тиісті мемлекеттік атқару жүйесінде белгілі тәртіпте бекітілді. Оқу және әдістемелік жұмыс саласы бойынша университеттің интеллектуалдық ресурстарының даму бағдарламасы дайындалды, университеттің білім беру қызметі саласында Сапа менеджменті жүйесі, инновациялық технологиялар жасалып, университеттің ғылыми кеңесінде бекітілді, кезең-кезеңімен өндіріске енгізілді. Бұл білім беру қызметінің сапасы саласында жоғары жетістіктерге қол жеткізді, сапалы басқарудың, маман даярлаудың сатылары мен кезеңдерін, білім беру үдерісін тұтастай жаңартудың, ұдайы жақсартудың таптырмас тетігі қызметін атқарды. Осы жетістіктері үшін университет Қазақстан жоғары оқу орындары ішінде бірінші болып Қазақстан Республикасы Президентінің «Сапа саласындағы жетістіктері үшін» сыйлығының лауреаты (2006 ж.) болды, ТМД елдері арасында өткен осындай конкурстың дипломанты (2008 ж.) атағын иеленді.

2009 жылдан бері қарай Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институтының директоры, профессор қызметін атқарып келемін. Осы уақыт ішінде Абай ғылыми-зерттеу институты толық қалыптасып, өз дамуының жаңа кезеңдеріне асты. Институттың ғылыми-ақпараттық ресурстары қалыптасты. Абай институтының вебсайты ашылып, онда Абайдың шығармалары, Абайдың өмірі мен шығармашылығы туралы жазылған еңбектер жинақталды. Институт қызметіндегі елеулі жетістіктерді насихаттау ісі кең өріс алды. Үш тілде (қазақ, орыс, ағылшын) жұмыс істейтін сайтта тәулігіне 2000-ға жуық ақпараттық ресурстар оқылатын болды.

2015 жылдан беріде Абай институты менің ғылыми жетекшілігіммен бюджеттен қаржыландырылатын екі ғылыми жоба бойынша жұмыс жасады: 3979/ГФ4 «Абай Құнанбаевтың шығармашылық мұрасын пәнаралақ зерттеу» (қаржыландыру сомасы 21 млн тг., 2015-2017); №AP08855683 «Абай ілімін білудің, түсінудің және қолданудың ғылыми негіздері мен теориялық тетіктері» (қаржыландыру сомасы 27 млн тг., 2020-2022). Тапсырыс беруші – Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Ғылым комитеті).

«Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Табысқа жету үшін ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпарат және білімдерінің көп терабайт көлеміне негізделген дербес ғылыми база қажет болады», – деген тұжырым жасалған болатын. Ғалымдардың талай буынының тәжірибесіне, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпараттары мен білімдеріне негізделген дербес ғылыми база жасау қажеттігі туралы «Қазақстан – 2050» стратегиясында тұжырымдалған қағиданы іс жүзіне асыру Абай ғылыми-зерттеу институты үшін пісіп-жетілген өзекті һәм көкейкесті міндеттердің біріне айналды. Осы міндетті жүзеге асыру мақсатында орындалған жұмыстардың басты нәтижелерінің бір саласы ретінде бүгінде 50 том болып баспадан жарық көрген «Абайтану. Таңдамалы еңбектер» көптомдық сериялық басылымының әлеуметтік зор маңызын арнайы атап өткенді дұрыс көремін. Аталған 50 том таңдамалы еңбектер «Қазақстан – 2050» стратегиясына сәйкес, абайтану саласында ғалымдардың талай буынының тәжірибесін, тарихи қалыптасқан ғылыми мектептердің арнаулы ақпараттары мен өндірген білімдерінің мол қорын қамтитын дербес ғылыми базаның негізін қалыптастырды. Екінші ғылыми жобаны орындау барысында 10 томдық «Абайтану антологиясы» дайындалып, жарық көрді.

Көрсетілген көптомдық басылымдардың негізінде «Абайтану антологиясы» атты интеллектуалдық е-ресурстар базасы құрылды. Аталған интеллектуалдық е-ресурстар базасының ашылуы және университеттің ресми сайтына орналастырылуы туралы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Ғылыми кеңесінің арнайы шешімі қабылданды (18.10.2021, №06-22-1), «Абайтану антологиясы» интеллектуалдық е-ресурстар базасы «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ интеллектуалдық құндылығы екеніне назар аударылды (http://elibrary.kaznu.kz/kk/node/7912).

Абайдың «Кісілік кодексі» жасалды. Оған Абайдың кісілік туралы 19 қағидасы енді. Абайдың «Кісілік кодексі» әрбір оқушының, әрбір ата-ананың, әрбір мұғалімнің, әрбір саналы азаматтың көзінің алдында тұруға қолайлы форматта ұсынуға лайықталды. Университет басшылығының қолдауымен білім алушы жастардың жатақханадан – кітапханаға, кітапханадан – жатақханаға баратын кіші даңғылының бойында Абайдың кісілік кодексі арнайы жасалған көрнекті тақталарда орналастырылды.

Абай ғылыми-зерттеу институтының ғылыми қызметінің нәтижелері, «Абайтану антологиясы» интеллектуалдық е-ресурстар базасы Қазақстанның білім және ғылым жүйесі үшін, Қазақстан азаматтары мен дүниежүзі қазақтары үшін игілікті.

Қазақстан тәуелсіздігі кезеңінде менің басшылығыммен, жетекшілігіммен, тікелей қатысуыммен орындалған кейбір жұмыстардың нәтижелерін үш мысал көлемінде айттым. Көп іс тындырдым деп мақтанбаймын. Тәуелсіз Қазақстанның интеллектуалдық әлеуетінің артуына, елдің ынтымағы мен бірлігінің нығаюына Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қосқан үлесте менің де азды-көпті еңбегім барына қанағат етемін.

Жарты ғасырымды есігін ашып, аудиториясына кіріп, өзім білім алып, білім өндіруге, жастарға білім беруге арнаған университетіме, білім берген ұстаздарыма, қатар қызмет еткен замандастарыма, кейінгі жастарға шексіз құрметімді білдіремін.

Жанғара ДӘДЕБАЕВ,

филология ғылымының докторы, профессор