ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕ САҚТАЛУЫ КЕРЕК 10 ЕРЕЖЕ

23 қаңтар, 2024

Алматы қаласы 9-10 балдық сейсмикалық аймақта орналасқан. Төтенше жағдайлар Департаменті мәліметтері бойынша, жыл сайын оңтүстік астанадан 80 км радиуста 200-ге дейін әлсіз және сезілмейтін жер сілкінісі болады. Екіден төрт балға дейінгі дүмпулер Алматы үшін фондық режим болып табылады. Сондықтан әр азаматтың төтенше жағдай (әрі қарай - ТЖ) кезіндегі және одан кейінгі іс-әрекеттерге жеке дайындығы үлкен маңызға ие.

Жер сілкінісі кезінде отбасылық немесе ұжымдық іс-қимыл жоспарын алдын-ала жасау өте маңызды: үйде, жұмыста және жиі болатын орындарда қауіпсіз және қауіпті жерлерді анықтау. Сондай-ақ, жер сілкінісінен кейін кездесу орнын алдын-ала анықтап, жедел телефондарды жазып алу қажет.

№ 1. ОТБАСЫҢЫЗБЕН ҚАЛАЙ АЛДЫН АЛА ДАЙЫНДАЛУҒА БОЛАДЫ

1. Сіздің пәтеріңізде немесе үйіңізде жер асты дүмпулері болған жағдайда оны күтуге болатын ең қауіпсіз жерлерді анықтау керек: бұрыштар, есіктің ойығы, күрделі ішкі қабырғалар, бағандар және ғимарат жақтауының арқалықтарының астына арналған орындар.

2. Шкафтарды, сөрелерді, тұрмыстық техниканы қабырғаға, еденге алдын-ала мықтап бекітіңіз, сонда олар ұйықтайтын орындарға құлап кете алмайды немесе бөлмелердің шығуын бағытын және есіктерді жауып тастай алмайды.

3. Сөрелерде немесе жиһаздарда (вазалар, теледидарлар, компьютерлер, үтіктер) тұрған немесе жатқан ауыр және құнды заттарды мықтап бекітіңіз немесе төмен түсіріп қойыңыз.

4. Люстралар мен люминесцентті шамдарды мықтап бекітіңіз. Шыны шамдарды пайдаланбаңыз.

5. Пәтерден шығу жолдарын, дәліздерді және баспалдақ алаңдарын эвакуация жасауға бөгет болатын заттардан босатыңыз.

 

№ 2. ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕГІ АЛҒАШҚЫ 10 ҚАДАМ

1. Алғашқы дүмпу кезінде сабырлы болыңыз және басқаларды тыныштыққа шақыруға тырысыңыз. 

2. Ең алдымен балаларға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға және қарттарға көмек көрсетіңіз.

3. Дүмпу кезінде лифт және баспалдақты пайдаланбаңыз.

4. Ғимараттан эвакуациялаудың ең қысқа жолын анықтап, шығу үшін сізде 10-20 секунд бар екенін естен шығармаңыз. Содан кейін жаңа дүмпулер пайда болуы мүмкін.

5. Егер сіз ғимараттан шығып үлгермесеңіз, онда ауыр жиһаздардан, терезелерден, люстралардан алыстаңыз.

6. Пана табыңыз немесе ішкі қабырғаға, бұрышта немесе негізгі тірек астына, шығу есігінің ойығына немесе басқа салыстырмалы түрде қауіпсіз жерге тұрыңыз.

7. Суды, газды және электр желісін өшіріңіз.

8. Тербелістердің аяқталуын күтіңіз, содан кейін тез сыртқа шығыңыз.

9. Өзіңізбен бірге «дабыл чемоданын» алып, лифтпен емес, баспалдақпен ғимараттан шығыңыз.

10. Сыртқа шыққанан кейін ғимараттардан, электр желілерінен, ағаштардан алшақ болатындай ашық кеңістікте тұрыңыз. «Барлығына, назар аударыңыз!» сигналын естіген соң, радионы немесе қолда бар ақпарат құралын қосыңыз және алынған ақпаратқа сәйкес әрекет етіңіз.

 

№ 3. ТЖ ТУРАЛЫ ҚАЙДА ХАБАРЛАУ КЕРЕК

Негізгі жедел қызметтер:

112 – шұғыл жедел қызметтерді шақырудың бірыңғай нөмірі;

101 – өрт қызметі;

102 – полиция;

103 – жедел медициналық көмек.

Сондай-ақ, Алматы қаласының Наурызбай ауданында орналасқан ҚР ТЖМ Республикалық құтқару жасағының нөмірлерін есте сақтау немесе жазып алу қажет:

8 (727) 372-15-60 – кезекші-диспетчерлік бөлімше;

8 (727) 292-31-39 – апаттар медицинасы Орталығы.

 

№ 4. ЖЕР СІЛКІНІСІНЕН КЕЙІН ҚАЛАЙ ӘРЕКЕТ ЕТУ КЕРЕК

Мұқтаж адамдарға алғашқы көмек көрсетіңіз. Жеңіл үйінді астына түскендерді босатыңыз. Балалардың, науқастардың, қарттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз. Аса қажеттіліксіз ұялы телефонды қолданбаңыз. Жергілікті билік пен апатты жою жөніндегі жедел штабтың нұсқауларына бағыныңыз. Күшті дүмпуге дайын болыңыз, өйткені жер сілкінісінен кейінгі алғашқы екі-үш сағат ең қауіпті.

 

№ 5. ЕГЕР СІЗ ҮЙІНДІЛЕРДІҢ АСТЫНДА ҚАЛСАҢЫЗ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК

Егер сіз үйінділердің астында қалып қалсаңыз, жағдайды сабырлықпен бағалаңыз, жарақатыңыз болса мүмкіндігінше өзіңізге алғашқы көмек көрсетіңіз. Отты жағуға болмайды. Адамдармен байланыс орнатуға тырысыңыз. Құбырлар мен батареяларды (кез келген металл заттарды) соғу арқылы сигнал беру үшін пайдалануға болады. Мүмкіндігінше күшіңізді үнемдеңіз.

 

№ 6. ЖИНАУ ПУНКТТЕРІН ҚАЛАЙ ТАБУҒА БОЛАДЫ

Алматы ТЖД деректері бойынша ауқымды жер сілкінісі туындаған жағдайда қала халқы баспанасыз қалған зардап шеккен халықты қабылдау үшін 384 пунктке эвакуацияланатын болады.

Бұл пункттер зардап шеккен халықты жинау, тіркеу, уақытша орналастыру, адамдарды қажетті заттармен (су, тамақ, азық-түлік) қамтамасыз ету, көлікке отырғызу және қауіпсіз аудандарға эвакуациялау орны ретінде қызмет етеді.

Жинау пункттерін «2ГИС» қосымшасынан, «Зардап шеккен халықты қабылдау пункті» қосымшасынан, сондай-ақ Алматы қаласы ТЖД мен қала әкімдіктерінің ресми сайттарынан табуға болады.

Бұдан басқа, Алматы ТЖД үйлерге QR-коды бар ақпараттық тақтайшаларды іліп қояды, бұл смартфон камерасымен сканерлеу кезінде зардап шеккен халықты жақын маңдағы қабылдау пункттеріне эвакуациялау жолдарының маршруттарын анықтауға мүмкіндік береді.

Ақпарат көзі: Informburo.kz

https://informburo.kz/cards/10-pravil-kotorye-nuzno-soblyudat-pri-zemletryasenii

 

ВИДЕО НҰСҚАМА: ЖЕР СІЛКІНІСІ КЕЗІНДЕ НЕ ІСТЕУ КЕРЕК?

https://youtu.be/uqjdOsOKPCM?si=9HP0w6ArZlU-KXt2