Археология кафедрасы «Этноэкспедиция» онлайн-көрмесін ашты
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ тарих факультетінің Археология, этнология және музеология кафедрасы ғылыми далалық этнографиялық экспедициялардың қорытындысы бойынша виртуалды көрме дайындады.
Онлайн-экспозицияда https://farabi.university/science/innovative-activity?lang=ru «Сыр-Арал – 2012-2014»; «Қазақстанның аридтік (шөл/шөлейт) аймақтары – 2018-2020»; «Мойынқұм, Қызылқұм – 2021-2023» этнографиялық экспедицияларының материалдары ұсынылған. Экспедициялар этнографиялық ескерткіштерді зерттеу мақсатында жыл сайын өткізіледі. Далалық этнографиялық экспедицияның ғылыми жетекшісі – Археология, этнология және музеология кафедрасының профессоры, тарих ғылымының кандидаты Тәттігүл Картаева.
«Этноэкспедиция» виртуалды фотокөрмесі киіз үй тігу, киіз үйдің шаңырағын сәндеу мәдениетімен, суды пайдалану әдістері, соның ішінде құдық қазу және оның қабырғасын тас, кірпішпен қалау, сондай-ақ тал, жүзгін, көкбұта, сексеуіл, жыңғылмен шегендеу сияқты табиғатты игерумен байланысты қазақ халқының дәстүрлі білімдер жүйесінің аймақтық және жергілікті жерге тән ерекшелігімен таныстырады.
Этноэкспедициялық зерттеулер барысында белсенді қолданыстағы құдық түрлерімен қатар, жойылу қаупіндегі және шұғыл қорғауды қажет ететін кейбір қарауыл-құдық түрлері анықталды. Солтүстік Қызылқұм, Арал, Маңғыстау аймағында тұратын қазақтардың малқора соғу, түйені таңбалау арқылы тіркеуге алу сияқты шаруашылық жүргізу қызметінің түрлері, сондай-ақ үй кәсіпшілігін жүргізуіндегі және күнделікті өмір мен тұрмыстағы дәстүрлерді көрсететін фотолар қойылған.
Сыр-Арал және батыс өңірдің киелі жерлеріндегі этнографиялық ескерткіштер – кесенелер, қабір үстіне қойылатын тастардың түрлері: құлпытас, сандықтас, қойтас, қошқартастардың сақталуы ерекше назар аудартады, сонымен қатар олар қазақ халқының ежелгі сәндік-қолданбалы өнеріндегі тас қашау өнерінің бірегей үлгілері.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі