Қазақ халқының тәуелсіздік алу жолында, өзгелерден кем болмай, терезесі тең әрі қуатты мемлекетке айналуы үшін білімді әрі білікті тұлғалардың жолын жалғастырып, бүгінде қариялыққа қадам басқан ұстаздардың ғұмыр жолын жас ұрпаққа кеңінен таныстырып отыру болашақ ұрпаққа тәлім мен тәрбие берудің негізін құрайды. Ел басына күн туған, Екінші дүниежүзілік сұрапыл соғыс жылдары өмірге келіп, жастайынан тауқыметтің бәрін көрсе де, еліміздің болашағына қалтқысыз қызмет етуден таймай келе жатқан, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қариялардың өнегелі өмірін білім ордасының механика-математика факультетінің тынысынан аңғаруға болатындай. Осыған орай, кемел ойымен, байсалды мінезімен құрметке бөленіп жүрген әріптесіміздің бірі Жеңісбай Жаңабеков жас ұрпаққа үлгі боларлық өмір белестерін баяндап, мерейтойына ықыласты лебіз білдіруді жөн санадық.
Математика кафедрасының профессоры міндетін атқарушы Жеңісбай Жаңабеков 1944 жылы 20 қаңтарда Қарағанды облысы Қоңырат ауданының (қазіргі Ақтоғай ауданы) Ақтоғай ауылында дүниеге келді. Әкесі Жаңабек қазақ халқының ұлт-азаттық күресі басталған жылы дүние есігін ашып, 1941-43 жылдары қанды қырғында жараланып, елге оралған соң, 38 жасында бақилық болғанша кеңес-партия қызметімен айналысқан екен. Анасы Майраш мектепте ардақты мұғалім мамандығында еңбектеніп, 39 жасында қайтыс болған. Жастайынан пейіл мен мейірдің құдіретін сезінген жас ата-ана Жеңісбай ағамен қатар, жанұяда қазақ, неміс балаларын да қоса тәрбиелегені ұрпақтарының мәрт мінезділігін қалыптастырса керек. Әке-шешесінен ерте айырылса да, аялы алақанда, қиындыққа мойымайтын айрандай ұйыған ортада өскен Жекең 1961 жылы Ақтоғай ауданы Ақтоғай ауылының М.Горький атындағы орта мектебін алтын медальмен бітіріп, сол жылы Алматы қаласындағы С.Киров атындағы ҚазМУ-дың механика-математика факультетіне оқуға түседі. Университет қабырғасында айтулы академик К.П.Персидский, парасатты профессорлар – Х.И.Ибрашев, Е.И.Ким, Г.Н.Багаутдинов, Д.У.Умбетжанов, В.Х.Харасахал сияқты математика майталмандарынан ғылым нәріне сусындайды. Сол кездегі оқытушылардың пайымы мен парасаттылығын күні бүгінге дейін жадынан шығармаған Жеңісбай аға анасы қайтыс болған жылдардағы факультет деканы, Х.И.Ибрашев ұстазының керемет қамқорлығын елжірей еске алады.
1966 жылы «Математика» мамандығы бойынша университетті тамамдаған соң, мемлекеттік комиссияның ұйғарымымен ҚазССР Ғылым академиясының Математика және механика институтында профессор Е.И.Кимнің зертханасында аға лаборант болып орналасып, институттағы ғалымдар ортасынан тағылым алды. Зейіні мен зеректігі ұштасқан жас маман 1967 жылы Қазақстанның жоғары және орта білім министрінің жолдамасымен Қарағанды мемлекеттік педагогика институтына (қазіргі Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті) жіберіліп, бұл институтта Жоғары алгебра кафедрасының оқытушысы, аға оқытушы қызметін атқарды. Ал 1968 жылдан бастап Волгоград, Мәскеу, Тамбов қалаларында кеңес әскері қатарында азаматтық борышын өтеген соң, 1971-76 жылдар аралығында Қазақтың С.Киров атындағы мемлекеттік университетінде стажер-зерттеуші, аспиранттық өмірге араласты. Қажырлы еңбектің арқасында 1981 жылы желтоқсан айында ҚазМУ-дың ғылыми кеңесінде «01.02.05. Сұйық, газ және плазма механикасы» мамандығы бойынша профессор А.Т.Лукьяновтың жетекшілігімен «Екі фазалық шекаралық қабаттағы жылу алмасуды тиімді басқару» тақырыбында диссертация қорғап, физика-математика ғылымдарының кандидаты атағын иеленді. Осы тақырып аясында бірнеше ғылыми мақаласын бүкілодақтық «Известия вузов. Серия Авиационная техника» Scopus журналында жарыққа шығарып, Қазақстанда өткен көптеген ғылыми конференцияларда, М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті (МГУ) қолданбалы математика және кибернетика факультетінің ғылыми семинарында, ҚазМУ-дың Механика кафедрасында профессор Ш.А.Ершиннің семинарында білікті баяндамалар жасап, 1987 жылы Минск қаласында өткен халықаралық симпозиумда белгілі ғалымдармен пікір алысты. Әсіресе Қазан қаласындағы авиациялық институттың профессоры Т.К.Сиразетдинов басқаратын Басқару және ұшу теориясы кафедрасының ғылыми семинарлары өзі көздеген ғылыми бағытын дамытуда айтарлықтай әсер етті.
Қарағанды мемлекеттік университеті математика факультетінің декандығына 1982-83 жылдары Ж.Жаңабековтің тағайындалуы, ағамыздың сол жылдары Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық жоғары оқу орындары декандарының кеңесіне (1983 ж.) және Жоғары математика кафедралары меңгерушілерінің Мәскеу қаласында өткен бүкілодақтық семинар-кеңесіне (1985 ж.) қатысуы әңгімеге арқау болып отырған азаматтың өресінің биіктігін білдіргендей. Ал 1984-90 жылдары Теміртау қаласындағы «Қазметаллургия» комбинаты жанындағы зауыт – ВТУЗ жоғары оқу орнында Жоғары математика кафедрасының меңгерушісі болып жұмыс істеген кезеңде бұл кісінің кейіннен тәуелсіз республикамыздың тізгінін ұстаған тұлғалардың сол ортадан қанат қағуына себепкер болғаны мәлім. Осындай қажырлы қызмет нәтижесінде Жеңісбай ағаға 1987 жылы ВАК (Бүкілодақтық аттестация комиссиясы) «Жоғары математика» мамандығы бойынша доцент ғылыми атағын берді.
Табандылықты талап ететін ғылыми-педагогикалық қызметпен қатар, жан жарының ұзаққа созылған ауыр науқасына шипа іздеп, үш баланы қатарынан қалдырмай тәрбиелеу қиындығына мойымай, нардың жүгін арқалаған ағамыз 1990 жылдан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Жоғары математика, Математикалық талдау, Іргелі математика, Математика кафедраларының доценті, ал 2021 жылдан бері Математика кафедрасының профессоры міндетін атқарушы қызметінде. Ұстаздықты ұлықтаған тәлімгер қаламынан 40-тан астам ғылыми-әдістемелік жұмыс, ішінде алты оқу құралы, атап айтқанда: «Психологиядағы математикалық әдістер» (2003 ж.), «Математические методы анализа в психологии» (2005 ж.) атты сүбелі кітаптары жарық көрді. Scopus журналдарына екі мақаласы (1977 ж., 2020 ж.) шықты.
Сексеннің сеңгіріне шығып, еліне елеулі ұл мен қыз тәрбиелеген Жеңісбай Жаңабековке ұстаздық еңбегінің жемісті жолы жалғаса беруіне тілектеспіз!
Қанжарбек
БАЛТАБАЙҰЛЫ,
Математика кафедрасының
меңгерушісі
Төлеухан ШОЙБАСҰЛЫ,
доцент