Азия білім беру конференциясының берері мол
Осака университеті, Осака халықаралық қоғамдық саясат мектебі (OSIPP) жанындағы IAFOR зерттеу орталығымен серіктестікте өткізілетін ХV Азия білім беру конференциясына (ACE2023) 2023-25 жылдарға арналған әлеуметтік, гуманитарлық ғылымдар және өнер саласындағы іргелі зерттеулер бағыты бойынша ЖТН AP19680048 «Қазақстан жастарының әлеуметтенуі мен мәдениетаралық қатысымының негізгі факторы ретінде медиасауаттылығын қалыптастыру мақсатында тілдік және медиа білім беруді интеграциялау әдістемесі» атты жоба бойынша қатыстық. Конференцияға дүниежүзінің 65 мемлекетінен 750 ғалым, соның ішінде Қазақстаннан 14 зерттеуші-ғалымның баяндамалары түскен, алты ғалым (Астана, Алматы, Ақтөбе) офлайн қатысты.
Конференцияның мақсаты – IAFOR (2009 жылы құрылған) пәнаралық зерттеулерді ілгерілету, дамыту, оның маңыздылығын көрсету үшін түрлі платформаларда адамдар мен идеяларды біріктіруші іс-шаралар ұйымдастыру. IAFOR бүкіл әлем бойынша көптеген жобаларға қатысуды жалғастыруда, соның ішінде жетекші университеттер (Virginia Tech, UCL, Сингапур менеджмент университеті, Белград университеті, Лингнан университеті, Барселона университеті, Гавайи университеті, Мәскеу мемлекеттік университеті), талдау орталықтары, зерттеу ұйымдары мен агенттіктері (Шығыс-Батыс орталығы, Жоғары білімді зерттеу орталығы, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы), сондай-ақ үкіметтермен және халықаралық үкіметтік ұйымдармен бірлескен жобалар (Жапония үкіметі Премьер-министрінің кеңсесі арқылы Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымы) және медиаагенттіктер (The Wall Street Journal, JWT, Harper Collins) бар.
Конференция Токио, Toshi Center қонақүйінде офлайн және онлайн форматта жүрді. Конференцияның ашылу салтанатындағы пленарлық отырыста Farish А.Noor, Малай университеті (Малайзия); Lowell Sheppard (Жапония) қатысушыларды құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі. IAFOR төрағасының құттықтау сөзі және IAFOR стипендиясының жеңімпаздарын тану онлайн Joseph Haldane (Жапония); Jun Arima Токио университеті (Жапония) онлайн тікелей трансляцияда болып, осыдан соң конференция қатысушыларымен фотосуреттерге түсу және ақпарат алмасу кезеңіне жалғасты.
Халықаралық конференцияға дүниежүзінен онлайн және офлайн режимде қатысқан ғалымдар өз баяндамаларында зерттеу нәтижелерін презентация арқылы көрсетті. Конференцияға қатысушылар түрлі тақырыпта секциялар бойынша бөлініп, қазіргі ғылымдағы мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасу, кеңес алу, сұхбаттасу арқылы пікірталастар жүргізді.
Конференция барысында Малай университетінің FASS өнер және әлеуметтік ғылымдар факультетінің тарих кафедрасының профессоры Farish А.Noor; автор, спикер, әлеуметтік кәсіпкер, бұрынғы министр, Корольдік географиялық қоғамының мүшесі Lowell Sheppard; Гонконг ғылым және технология университетінің (HKUST) білім беру инновациялары орталығының директоры Sean McMinn; Катардағы Лусаил университетіндегі Lusail University Press (LU Press) ассистенті және директоры Murielle EL Hajj Nahas; академиялық бағдарлама Minerva жобасының менеджері Justin Sanders; Индонезиядағы Индонезия халықаралық ислам университетінің (UIII) магистратуралық білім беру бағдарламасының жетекшісі Tani D. Wardi; жобаның серіктесі және Гонконг политехникалық университетінің Дизайн мектебінің сырттай оқытушысы, доктор Aruna Venkatesh; Сан-Карлос кампусындағы Коста-Рика Технологико институтында тілдер және әлеуметтік ғылымдар мектебінің доценті, доктор Patricia Lopez; Тайвань, Қытай мәдениет университетінің бұқаралық коммуникация кафедрасының профессоры – Yu-Li Wang; т.б. баяндамашыларды тыңдадық, ғалымдармен пікір алысу, талқылаулар болып өтті.
Біз «Шетел тілдері білімі және қолданбалы лингвистика (соның ішінде ESL/TESL/TEFL) секциясында (төраға: Lindsay Mack) «Incorporating Media Literacy into Foreign Language Classrooms to Advance Kazakh Students’ Critical Communication Skills (74897)» тақырыбында презентация жасадық. Баяндамамызды бастамас бұрын, қазақ халқы, оның ұлттық киімдері, университетіміздің брошюрасы мен «Qazaq universiteti» газеті туралы таныстырып өттік.
Презентацияда арнайы ғылыми әдебиеттерді талдау барысында Қазақстанда студенттердің медиасауаттылығын дамыту жолдарын негіздеуге және оқу үдерісінде БАҚ материалдарымен белсенді әрекеттесу арқылы оны жүзеге асыру мүмкіндіктеріне бағытталған эксперименттік зерттеулердің тапшы екені айтылды. Тіл мен медиабілімнің интеграциясы жағдайында медиасауаттылықты дамыту құралы ретінде медиамәтіндерді қабылдау мен түсінудің негізгі сипаттамалары мен ерекшеліктеріне негізделген тілдерді кіріктірілген оқыту және медиасауаттылық қағидаттарының жүйесі әзірленгенін көрсеттік. Тілдерді кіріктіріп оқыту және медиасауаттылық принциптерінің жиынтығы анықталғанын, шет тіліндегі медиамәдениет мәтіндерімен жұмыс істеуде шет тілінің коммуникативтік құзыреттілігі мен медиасауаттылығын кешенді дамыту қағидасы; пәнаралық интеграция принципі; интермәтіндік принципі және сыни ойлау мен шығармашылық әлеуетті дамыту принциптері негіз болғаны айтылды. Презентация соңында қатысушылар арасында сауалнамалар жүргізілді. Жоба бойынша жүргізіліп жатқан зерттеу нәтижелері халықаралық ғалымдарға, академиялық ортаға таныстырылып, сұрақтарға жауап бердік.
Біздің университетіміздің негізгі стратегиялық мақсаты – жаһандық ғылым және білім кеңістігінде бәсекеге қабілетті әлемдік деңгейдегі зерттеу университетін құру болғандықтан, ғылыми жобамыз арқылы өзіміздің тамшыдай болса да, үлесімізді қостық деп ойлаймыз.
Конференцияның арқасында әлем ғалымдарымен сұхбаттасу бұйырып, жапон елінің мәдениеті, халқымен танысып, өз көздерімізбен көру біз үшін мол тәжірибе, ерекше сөзбен жеткізе алмас қуаныш сыйлады. Осындай мүмкіндік жасаған Ғылым және жоғары білім министрлігіне, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне алғысымыз шексіз.
Перизат ЕЛУБАЕВА,
Шет тілі кафедрасының
қауымдастырылған профессоры, педагогика ғылымының кандидаты
Шолпан ҚҰДЬЯРОВА,
Түркітану және тіл теориясы
кафедрасының аға оқытушысы, PhD