ҚазҰУ-дың доценті Ф.Дәулет өз еңбектерін Мәскеуде таныстырды

15 мамыр, 2015

ҚазҰУ-дың шығыстану факультеті қытайтану кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Фатимабибі Дәулет М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде Ресейдің қытайтанушы ғалымдарының алдында «Қытай тілінің практикалық курсы. Оқытудың жаңа тұжырымдамасы», «Ағылшынша-қытайша-қазақша-орысша тілдескіш» атты үш бірдей еңбегі бойынша М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінде және Мәскеу мемлекеттік тілдер университетінде таныстырылым өткізді.

М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемелекеттік университетінде болған таныстырылымда осы оқу орнының Азия және Африка елдерін зерттеу институты директоры И.И.Абилгазиев, қытайтану кафедрасының меңгерушісі М.Ю. Ульянов және кафедраның А.М.Карапетянц, М.В.Софронов т.б. сынды ғалымдардың оң бағасын алып қайтты.

Сондай-ақ, Мәскеу мемлекеттік тілдер университетінде өткен әлем қытайтанушыларының IV симпозиумында аталмыш университеттің ректоры И.И.Халеева, қытай бөлімінің меңгерушісі Л.Ш.Рахимбекова,Мәскеу мемлекеттік тілдер университеті Конфуций орталығының Ресей бойынша директоры А.А.Селезнев сынды ресейлік мамандармен қатар әлемнің 12 елінен келген белгілі қытайтанушы ғалымдарының алдында Ф.Дәулет жаңа ғана баспадан шыққан үш кітабының мазмұнымен таныстырып, шетелдік әріптердің жоғары бағасы мен құптауына ие болды.

«Қытай тілінің практикалық курсы. Оқытудың жаңа тұжырымдамасы» деген кітабы заман талабына сай отандық оқулық керек екенін негізге ала отырып, жергілікті оқушының дүниетанымындағы, тәрбиесіндегі ерекшеліктер ескерілген тың бағыттағы оқулық. «Қытай туралы 13 тарау» деп аталатын екінші кітап қазақстандықар үшін әлі де болса жұмбақ тұсы көп Қытайдың тарихын, мәдениетін, тұрмыс-тіршілігін Ресейлік және Қазақстандық белгілі қытайтанушылармен, танымал қытайлық мәдениет өкілдерімен сұқбаттаса отырып, оқушының ішін пыстырмайтын қызық форматта берілген оқу құралы. Үшінші шыққан кітап – тілдескіш. Ағылшын, қытай, қазақ, орыс - төрт тілде берілген тілдескіш те өзіндік ерекшелігі бар тың дүние. Тілдескіштің ішінде берілген сөз орамдары бүгінгі күнгі қоғамдағы нағыз керек, шынай өмірге жақын жағдайларға барынша орайластырылған.

Елбасы Н.Назарбаев соңғы жылдары Қазақстан халқына жасап жүрген жолдауларында шет тілдерін үйренудің өте маңызды екендігін, шет тілдерді үйрену арқылы түрлі елдер және өркениеттермен диалог құру керектігін; бұл сықылды диалог еліміздің Европа мен Азия арасындағы алтын көпір болуына септігін тигізетінін айтқан еді. Отандық қытайтанушы Фатима Дәулеттің аталмыш оқулықтары бұл тұрғыда айтарлық үлес қосары шүбәсіз.

"Қазақ университеті" баспа үйі