БІЛІМ БЕРУ САЛАСЫН ЦИФРЛАНДЫРУ – БАСТЫ БАҒЫТ

12 ақпан, 2024

Білім берудің қазіргі жағдайы қоғамның даму тенденция­лары­мен бірге білім беру ортасын дамытудың жаңа тәсілдерін талап етеді. Білім беруді жаңғыртудың басым міндеттерінің бірі – білім беруді ақпарат­тан­дыру. Оның басты шарты – бірыңғай цифрлық білім беру ортасын құру.

Қазақстанда білім беру секто­рын цифрландыру 1997 жылы автоматтандыруға, оның ішінде онлайн-оқытуды тарату жолымен басталды. Елдің бәсекеге қа­бі­лет­тілігін арттыруда цифр­лан­ды­рудың маңыздылығына бай­ла­нысты 2017 жылғы 12 жел­тоқ­санда «Цифрлық Қазақ­стан» мемлекеттік бағдарламасы бекітілді. Осы бағдарламаның мазмұнына сай, цифрландыру білім беру саясатын оңтай­лан­ды­ру мен жеделдетудің инфра­құ­ры­лымдық-технологиялық негізі. Сондықтан елімізде білім беру саласын цифрландыру жалпы­мем­лекеттік басым бағыт ретінде қалыптасуда. Қазіргі заманғы технологиялар біздің өмірімізге сенімді қарқынмен енгізілуде, «цифрландыру» ұғымын тек ғы­лы­ми конференцияларда ғана емес, күнделікті өмірде де жиі ес­тиміз. Кейбір адамдар цифр­лан­дыру процесінің пайдасы мен зияны туралы әлі де дауласып жатқанымен, көптеген мемле­кет­терде заманауи техно­ло­гия­ларды енгізу үрдісі үйреншікті жағдайға айналуда. Қазіргі таңда интернет және цифрлық техно­ло­гиялар, ресурстар білім беру жүйе­сін жаңартудың «инфра­құ­ры­лымдық жотасына» айналуда. Ғылымның қарқынды дамуы бо­лашақта ең жаңа техноло­гия­лар­мен жұмыс істеуге қабілетті мамандарға сұраныс артатынын, ал арнайы дағдылары жоқ қыз­мет­керлерге қажеттіліктің бол­май­тынына алып келетіні даусыз.

Цифрлық білім беру ортасы білім беру қатынастарының бар­лық қатысушылары үшін бір­ың­ғай коммуникация кеңістігіне, білім беру бағдарламаларын іске асы­ру сапасын басқарудың пәр­менді құралына, педагогикалық ұжымның жұмысына айналуы керек. Сондай-ақ интерак­тив­ті­лік, ұтқырлық, ашықтық, қол­же­тімділік талаптарын қанағат­тан­дыруы және білім беру қызметінің цифр­лық құралдарымен қамта­ма­сыз етуі тиіс. Осылайша білім беру ұйымының цифрлық білім беру ортасы – білім беруді жаң­ғыр­тудың қазіргі заманғы үрдіс­терін ескере отырып, ақпараттық және коммуникациялық қызмет­тер­ді, оқу процесінің объек­ті­ле­ріне цифрлық құралдарды тиімді және ыңғайлы ұсынудың бас­қа­рылатын және серпінді дамып келе жатқан жүйесіне айналуда.

Цифрландыру университеттер мен мектептерді бұрын қол­же­тімсіз болған цифрлық техно­ло­гиялар арқылы оқу құрал­да­ры­мен қамтамасыз етумен тікелей бай­ланысты. Бүгінгі таңда білім беру ұйымдарының қызметінде бо­лып жатқан өзгерістерге бай­ланысты еніп жатқан транс­фор­мациялар цифрлық технология­лар­ды тек жоғары оқу орындарын басқаруда ғана емес, сонымен қатар тікелей білім беру проце­сін­де де қолдануға қатысты. Қа­зіргі университеттерге тән цифр­лық трансформация жоғары оқу орындарының адами ресурс­та­рының сапасына қойылатын бар­лық жаңа талаптарды қалып­тас­ты­руда. Олардың ішіндегі ең ерекшеленетіні – онлайн оқыту деп санауға болады. Оның құра­мына оқытудың аралас фор­ма­лары да, яғни университетте он­лайн және семинар сабақтары ре­жимінде дәрістік бейнені кө­руді біріктіру, сондай-ақ тікелей онлайн курстар – MOOC (Massive Openlline Courses) кіреді.

Қазақ ұлттық университеті OpenEdx ашық платформасында ЖАОК (Жаппай ашық онлайн курстары) енгізуден Қазақ­стан­дағы университеттер ішіндегі көшбасшысы болып отыр. Сонау 2014-2015 оқу жылынан бастап Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың қашықтан білім беру орталығы оқытушылық-профессорлық құраммен бірлесе отырып ЖАОК құру жұмысын бастады. Ең алғаш 2015 жылы университетіміздің физикалық-техникалық факуль­те­ті Жылуфизикасы және техни­ка­лық физика кафедрасының доценті В.Кашкаров ҚазҰУ-дың жетекші оқытушыларының бірі ретінде «Физические задачи с В.Кашкаровым» атты алғашқы ашық сабақтарын кең аудито­рия­ға арнап бастаған еді. Бұл курсқа университетіміздің 1-2 курс студенттері, Назарбаев зият­кер­лік мектебінің, маман­данды­рыл­ған физика-математикалық мек­теп­тері мен Қазақстанның түрлі аймақтары бойынша жалпы мек­тептерден жоғары сынып оқу­шылары қатысты. Курсқа қы­зы­ғу­шылық танытқан жастар бү­гін­ге дейін өз білімдерін арт­ты­руда.

Қазіргі кезде әлемнің жетекші ғылыми-білім беру орталықтары мен университеттері арасында ҚазҰУ-дың бәсекеге қабілет­тілі­гін және танымалдығын арттыру мақсатында университет фа­куль­тет­терінің онлайн курстарын әзірлеу мен іске асыруды қа­был­дау үшін байқау өткізу дәстүрге айналды. Университеттің оқыту­шы-профессорлық құрамы он­лайн-білім беру платформа­ла­рын­да онлайн курстарды, соның ішінде ҚазҰУ платформа­ларын­да, Қазақстанның ашық білім берудің Ұлттық платформасында және шетел платформаларында (Coursera, edX, OpenEdu және басқалары) негізгі білім беру бағдарламалары үшін ашық онлайн курстар құруға және оны орналастыру мүмкіндіктеріне ие. Мәселен, Жылуфизикасы және тех­никалық физика кафедра­сы­ның профессоры А.Тұрмағам­бе­тов (кафедраның аға оқытушысы Ж.Сейдулламен бірлескен автор­лықт­а) 1-курс студент­тері­не ар­налған физика курсының «Ме­ха­ника» бөлімі бойынша қазақ тілін­де дәріс және семинар са­бақ­тарын қамтитын ашық онлайн курстарын әзірлеп, оқу процесіне енгізді. Кафедра доценті В.Каш­каров өзінің физика курсының «Механика» бөліміне арналған ашық онлайн курсын кең ауди­то­рияға оқып келеді. Кафедра­мыз­да осындай жетекші маман­дар­дың озық тәжірибесін тарату үшін және цифрлық білім беру ор­тасы арқылы жастардың цифр­лық мәдениеті мен цифрлық сауаттылығының жеке деңгейін арттыру мақсатында семинарлар мен шеберлік сыныптар жүргізіп отырады.

Университетімізде білім беру ісімен қатар, білімді бағалау мақ­са­тында да онлайн плат­фор­малар іске қосылған. Оқы­ту­шы­лар құрамы білім алушылармен бірлесе кез келген платформаны таңдап, қорытынды бақылау (емтихан) өткізе алады. Мәселен, Univer АЖ (ақпараттық жүйе­сін­де) жазбаша (онлайн), Moodle ҚОЖ (қашықтан оқыту жүйесінде) кейс-тапсырма, эссе, шығар­ма­шы­лық тапсырма, Moodle ҚОЖ-де тестілеу, Мicrosoft Teams не­месе BigBlueButton, Moodle ҚОЖ-де ауызша (онлайн), Moodle ҚОЖ-де ауызша қорғалатын жоба жұмысы (онлайн), Moodle ҚОЖ-де кешенді үш кезеңді онлайн тестілеу+эссе+ауызша, ЖАОК альтернативті емтихан, платформасы: Coursera, Stepik, edX, Udacity және т.б.

Сонымен цифрлық білім беру ортасы білім алушы жастардың білім алу жолында интернет-тех­но­логияларды жетік қолдану­ла­рына мүмкіндік береді және білім берудің барлық түрлері мен дең­гейлерінде оқытудың қолже­тім­ділігі мен жоғары сапасын қам­та­масыз ететін заманауи және қауіп­сіз білім беру ортасына ай­налуда.

Айгүл САРИЕВА,

Жылуфизикасы және техникалық физика кафедрасының

аға оқытушысы, п.ғ.к.