БІЗ ҰСТАЗДАРЫМЫЗҒА ҚАРАП БОЙ ТҮЗЕДІК
Cұлтан ТӨЛЕУХАНОВ, ҚР Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі,
Қазақстан Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының академигі:
Мен беткеұстар, халықаралық рейтингте алдыңғы қатардан көрініп жүрген, еліміздің, ғалымдарымыздың атын шығарып отырған Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің түлегімін. Жарты ғасырдан астам өмірім осы университетпен тікелей байланысты. 1968 жылы биология факультетіне оқуға қабылданып, 1973 жылы бітірдім. Биыл 50 жыл болған Биофизика кафедрасының бірінші түлегі және бірінші аспирантымын. Оқуды бітіргенде биология факультетінің Ғылыми кеңесі аспирантураға ұсынып, түстім.
Біз ұстаздарымызға қарап бой түзедік, білмегенімізді үйрендік. Студент кезімнен ғылыми жетекшім, осы университеттің түлегі Виктор Михайлович Инюшиннің қолдауымен 1981 жылы диссертация қорғадым. Ғылыми жұмыс зауыт емес. Кейде эксперимент болмай қалады, кейде мақала шықпай қалады. Аспирантурада оқып жүргенде стажировканы санамағанның өзінде, алты жыл жүрдім. Өзіміз прибор жасадық, оған патент алдық. Мақала шығардық. Біздің кезімізде барлық аспирант қорғамайтын. Оны жаман аспирант не оның ұстазы жаман деп айтуға болмайды. Жай ғана жұмыс шықпай қалды – болды. Ол аспирант сосын басқа тақырып алып жалғастыратын. Бұл ғылымға деген адалдық, жауапкершілік. Ғылым жолында адам өзін-өзі аямай, терлеп-тепшіп, мұрнынан қан ағып еңбектену керек. Мен бір-екі рет мұрнымнан қан кетіп, ауруханаға түскенмін. Бәрі солай жұмыс істейтін. Ғылым жолы оңай жол емес.
Аспирантураны бітіргеннен кейін мені университетке жұмысқа қалдырды. Ол кезде білім министрі Көпжасар Нәрібаев болатын. Ол кісі адам ретінде, ғалым, ұйымдастырушы ретінде өте мықты болды. Биофизикадан қорғаған бірінші маман болғандықтан, министр мені жолдамамен ҚазМУ-дың Биофизика кафедрасына жіберді. Өйткені бұл еліміздің болашағына тікелей байланысты мамандық болатын.
Университет жатақхана берді, отбасылы болдым. Балаларымыз №12 жатақханада тұрғанымызда өмірге келді. Осы жатақханалардан елімізге белгілі көптеген адамдар шықты. Университетте стажер, аспирант, кіші ғылыми қызметкер, аға ғылыми қызметкер, оқытушы, аға оқытушы болдым. Былайша айтқанда, барлық кезеңнен өттім. 1986 жылы доцент болдым. Сол жылы Тимирязев-Розыбакиев көшелерінің қиылысынан пәтер берді. Дәл осы уақытта деканымыз, профессор Рахметқажы Берсімбаев декан орынбасары қызметіне шақырды. Жетекшім «Сұлтан, деканның орынбасары болып не істейсің? Докторлық диссертацияңды қорға» деген кеңес берді. Декан орынбасарлығына үшінші рет шақырғанда Виктор Михайловичке «декан бірер жыл көмектесуімді сұрап отыр, бармасам болмай тұр» деп, 1989 жылы декан орынбасары қызметіне кірістім. 1991 жылы ректор Көпжасар Нәрібаев шақырып, «Сұлтан Төлеуханұлы, мен сізге проректорлық қызмет ұсынамын» деді. Шынын айтқанда, қорқып кеттім. Мұндай лауазымды қызметке дайын емес сияқты болдым. Оның үстіне докторлық диссертациямды қорғаймын деген жоспарым бар. Бірден не айтарымды білмей, бір күн ойлануға рұқсат сұрадым. «Ойлан, ертең маған жауабын айт. Дұрыс шешім қабылдайтын шығарсың?» деді. Әбден ойландым. Жұмыстан қорықпаймын, бірақ «ұйымдастырушылық жұмыс жағы қалай болар екен» деген ой болды. Дегенмен «Ректор шақырып тұрғанда ұсынысын қабылдамағаным қалай болады? Не де болса бірер жыл істеп көрейін, егер жұмысты жүргізе алмасам өздері де ұстамайды ғой» деп ойладым да, ертеңіне келісімімді бердім. Жұмыс көп, бәрін қолдан келгенше дұрыс атқаруға барымды салдым. Бір жылдан кейін Көпжасар Нәрібайұлына «докторлық жұмысым тоқтап қалды, ғылыммен айналыссам» деп ойымды айттым. Ол кісі «ойланып көрейін» деп қайтарды. Арада үш-төрт ай өткенде тағы сұрауға тура келді. «Кафедраға қайтадан доцент болып барасың ба?» деп сұрады. «Иә. Ғылыми жұмысым қалып барады» дедім. «Жарайды, бұл мәселені шешеміз» деп қайтарды.
Арада тағы біраз уақыт өткенде «Факультетте Биология және биотехнология мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институты ашылады. Маған ұсынылған кандидаттар көңілімнен шықпай тұр. Осы институтқа директор болып барасың ба?» деді. Көпжасар Нәрібайұлының ризашылығымен сол жұмысқа ауыстым. Кейінірек «Кафедра меңгерушісі Виктор Михайлович көптен бері жұмыс істейді. Үлесі мол. Бірақ қазақша білмейді. Қазір қазақ бөліміне оқуға түсетіндер саны көбейді. Сен сол кісінің орнына кафедра меңгерушісі болсаң» деген ұсыныс айтты. Алғашында жетекшімнің орнын тартып алғандай боламын деп қатты ыңғайсыздандым. Жетекшім өте жақсы, момын, ешкімге зияны жоқ, жақсы адам болатын. Нағыз ғалым еді. Ол кісімен декан өзі сөйлесті. Жеке кабинет беріп, ғылыми жұмысын жалғастыра беретін болды. Дегенмен екі жылдай ыңғайсызданып жүрдім. Осылайша екі жұмысты қатар алып жүруге тура келді. Сегіз жыл Биология және биотехнология мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу институтының директоры болдым. Көпжасар Нәрібайұлы тәуелсіздік алған, экономикалық жағынан ең қиын кезде ректор болды. Сондай қиын шақта университетті сақтап қалды деуге болады. Ол кісі демалысқа кеткеннен кейін Төлеген Қожамқұлов ректор болып, қатар жұмыс істедік. Сол жылдары министрліктің бір кісі екі қызметті қатар алып жүруге болмайды деген шешімі болды. Мен кафедра меңгерушісі болып қалуды таңдадым.
Ректор Төлеген Әбдісағиұлы бір күні «Бұрын ҚазМУ-да республика деңгейінде белгілі Біліктілікті арттыру институты болған. 1994 жылы ақша жоқ, қиын уақытта жабылып қалды. Сол институтты ашып, қайта жұмысын жандандырсақ. Сол институтқа директор боласың» деген ұсыныс айтты. Мен «кафедраны басқа біреуге берейін деп жатыр екен» деп ойладым. Жоқ, ректор екі жұмысты қатар алып жүретінімді айтты. Дереу министрлікке хабарласып, мәселені шешті. Бұл институтта да сегіз жыл директор болып, кейін басшылықтың рұқсатымен жұмысты қойдым. Бұл Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұлов ректор болған кез. Тұңғыш рет институттың қаржылай қолдауымен қызметкерлерді Ресей, Польшаға жібердік. Бұл бұрын болмаған жағдай.
Осы университетте 55 жылдан бері еңбек етемін. Он ректормен бірге жұмыс істеппін. Әрқайсысының орны бөлек. Әрқайсысы емін-еркін жұмыс істеуіме мүмкіндік беріп, жағдай жасады.
Докторлық диссертациямды қорғап, профессор атағын алдым. 2006 жылы Халықаралық қоғамды ақпараттандыру академиясының академигі атағын берді. Кейіннен Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, Қазақстан Жоғары мектебінің Ұлттық ғылым академиясының академигі атағын берді. Бәрі де еңбектің арқасы деп ойлаймын.
Факультетіміздегі үлкеніміз, ақсақалымыз Сабыр Нұртазин бір күні «Сұлтан Төлеуханұлы, Ұлттық ғылым академиясына неге бақ сынап көрмейсіз? Сіздің шәкірттеріңіз де өтіп жатыр ғой. Жетістіктеріңіз бар» деп айтты. Ол рас, 700-ден астам ғылыми жұмысым бар, 22-ден астам ғылым кандидаты, докторларын дайындағанмын. Ғылыми мектебім бар. Ұлттық ғылым академиясының мүшесі болуға құжаттарымды тапсыруды ұсынды. Бір орынға алты адамнан келді. Ректор Ғалымқайыр Мұтанов та қолдады. Сол кезде академиямыздың биология және медицина бөлімі бірауыздан қолдап дауыс берді. Шынын айтқанда, олай болатынын күтпедім. Сөйтіп, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі болдым. Меніңше, мұндай құрмет және сенім ол тек менің жалғыз өзіме көрсетілген сенім емес, ол университетімізге, факультетімізге, кафедрамызға көрсетілген сый-құрмет және сенім. Бұл да біздің университетіміздің беделі. Менің атағым университетке берілген атақ деп айтамын. Меніңше, неғұрлым біздің ұстаздарымыздың мәртебесі көтерілген сайын, соғұрлым біздің университетіміздің де мәртебесі көтеріле береді.
Университетімізде медицина факультетінің ашылуына үлесімді қосқаныма қуаныштымын. Сол кездегі ректор Ғалымқайыр Мұтанұлымен бірге екі рет Сеул қаласына барып, осы факультеттің ашылуын қолдадым. Өйткені шетелдерде ҚазҰУ сияқты мықты университеттерде медицина факультеттері бар. Сеул университетінің ректоры да қолдап, меморандумға қол қойылды.
2020 жылы кафедра меңгерушісі қызметін тапсырдым. ҚазҰУ-да орта ерекше. Орта ерекше болған соң, кісілер де ерекше. Бәрі бір-біріне оң көзбен қарайды. Бұл шын сөзім. Студент кезімде Асқар Закарин ректор болды. Өмірбек Жолдасбековтің қолынан жатақханаға ордер алып, сосын пәтерлі болғанмын. Өте дарынды кісі болды. Күнде таңертең сағат 8-ден бастап университет қалашығында жүріп жатқан жұмыстарға тексеру жүргізетін.
Көпжасар Нәрібайұлы ректор кезінде 2001 жылы Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Президент «Университетке қандай көмек керек?» деп сұрады. Ректор көптен жұмыс істеп жүрген қызметкерлерге үй керектігін айтты. Сол кездегі әкімге бірден тапсырма беріліп, мәселе шешілді. Пәтерлі болдық. Маған да төрт бөлмелі пәтер тиді. Қалалық әкімшілікке шақырып, пәтер кілтін құрметпен тапсырды. Университет басшылары әр кезеңде қызметкерлердің жағдайын жасап отырды. Осы университеттің арқасында маман, ғалым, ұстаз болдым, пәтер алдым. Маған сенім артып көптеген қызметке ұсынды. Мен де сеніп тапсырған істі абыроймен атқаруға барымды салдым, аянып қалған жерім жоқ. Оның бәрі осы университеттің арқасы дер едім. Ректорлар Еділ Ерғожин, Мейірхан Әбділдиндермен де бірге қызмет атқардық.
Жансейіт Қансейітұлы ректорлық қызметке кіріскенде «Біздің кезіміздегіге қарағанда аға буынның қатары сәл азайып қалыпты-ау, үлкен буын, орта буын, жас буынның арасында сабақтастық болу керек. Университеттің дәстүрі жалғасуы керек» деді. Жұмысқа кіріскеннен-ақ университеттің барлық ардагерлерін жинап, үлкен жиын өткізді. Құрмет көрсетті. Біз осындай оң көзқарастың, жылы қарым-қатынастың арқасында жұмыс істеп келеміз. Осы университетте 55 жылдан бері еңбек етемін. Он ректормен бірге жұмыс істеппін. Әрқайсысының орны бөлек. Әрқайсысы емін-еркін жұмыс істеуіме мүмкіндік беріп, жағдай жасады. Факультетте 35 жыл, ал университетте 32 жылдан бері Ғылыми кеңестің мүшесімін. Ректор Жансейіт Түймебаев жұмысқа кіріскенде де «Ғылыми кеңестің мүшесі болып қалыңыз» деген ұсыныс айтты. Бұл менің жұмысыма деген құрметтің белгісі деп білемін.
Университетімізге 90 жыл толып отыр. Мерейтойы құтты болсын! Болашақта да осы жоғары деңгейін жоғалтпасын. Дәстүрі жалғасып, бір-бірімізге көмектесіп, демеп, ұжым болып жүрейік. Сонда даярлап жатқан студенттеріміз мықты маман болып, елге қызмет ететін болады.