- Басты бет
- Жаңалықтар
- Михаил НАУРЫЗБАЕВ, Қазақстандық ғылым академиясы жоғары мектебінің академигі, профессор:ҚазҰУ бізді шыңдады
Михаил НАУРЫЗБАЕВ, Қазақстандық ғылым академиясы жоғары мектебінің академигі, профессор:ҚазҰУ бізді шыңдады
1959 жылы орта мектепті бітіріп, Қазақ химиялық-технологиялық институтына (Шымкент қ-сы) оқуға түстім. Әрі оқимын, әрі цемент зауытында жұмысшы болдым. 1960 жылы С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің химия факультетіне ауысып келдім.
ҚазМУ-ды аяқтағаннан кейін Аналитикалық химия кафедрасында стажер-зерттеуші, аспирант болып қалдым. 1970 жылдың шілдесінде академик М.Т.Козловский мен химия ғылымының кандидаты В.П.Гладышевтың басшылығымен «Сынап және амальгамалық электродтарда металдардың тотықсыздану процестеріне беттік-активті заттардың тигізетін әсері» деген тақырыпта 02.00.05 – Электрохимия және 02.00.02 – Аналитикалық химия мамандықтары бойынша кандидаттық диссертация қорғадым.
Аспирантурада дәріс алғаннан кейін Аналитикалық химия кафедрасының кіші ғылыми қызметкері болдым. Сол кездері электрохимиялық анализ әдістері бойынша және таза металдар мен қорытпалар алу жөнінен шаруашылық келісімдік жұмыстарды басқаруыма тура келді. Кафедра түлектерінің аналитикалық химия, радиохимия және электрохимия салаларындағы дипломдық жұмыстарына жетекшілік еттім.
1972 жылдың ақпан айында маған университет ректоры Өмірбек Арысланұлы Жолдасбеков ректораттағы ҚазМУ-дың ғылыми-зерттеу секторын (ҒЗС) басқаруды ұсынды. Сол кезеңде университетте КСРО-ның белгілі ірі оқымыстылары басқарған танымал ғылыми мектептердің қуатты ұжымы жұмыс істейтін; олар үшін арнайы проблемалық лабораториялар ашылған. 70-жылдардың алғы шенінде бұл ғылыми мектептер іргелі мәселелермен айналыса отырып, заманасының айбынды мемлекетінің халық шаруашылығына аса қажетті нәтижелер ұсынатындай деңгейге жетті.
1971 жылы университеттегі шаруашылық келісім бойынша жүргізілген ғылыми жұмыстардың жалпы көлемі 640 мың рубльді құрады. Ғылыми зерттеулерді өркендету үшін, университеттің материалдық базасын қуаттау үшін оқымыстылардың іргелік ғылыми зерттеулерінің нәтижелігін көтеріп, оларды халық шаруашылығында туындайтын мәселелерді шешуге бағыттау қажет еді. Бұл міндеттерді орындау жолында университеттің ғылыми ұжымы мен оның бас штабы – ғылыми-зерттеу секторының бірлесе атқарған жұмысының үлесі мол. Университетте орындалатын шаруашылық келісімдік ғылыми жұмыстардың көлемі жыл сайын екі есе өсіп, 1984 жылы 9 млн рубльге жетті. Бұл Қазақстандағы басқа жоғары оқу орындарында жүргізілетін ғылыми зерттеулердің жалпы сомасынан асып түседі. Осы тұста ҚазМУ-дың ғылыми зерттеу жұмыстарының бас локоморының академиктері – М.И.Усанович, М.Т.Козловский, Д.В.Сокольский, ҚазССР ҒА корреспондент-мүшелері Б.А.Бірімжанов, О.А.Сонгина, А.Ш.Шәріпқанов, Б.А.Жұбанов, проф. Т.К.Чумбалов және басқалар да қызмет істеді. Нақ сол тұста университет ұжымы ғылыми жұмыстарды жөнге қоюдың және дамытудың КСРО-ның жоғары оқу орындары арасындағы ең үлгілі өнегесі үшін КСРО Жоғары білім министрлігі мен Жоғары мектеп кәсіподағы Орталық кеңесінің ауыспалы Қызыл туын бірнеше дүркін жеңіп алды.
Ұжымның өркендеуімен біз де шыңдалдық. Мысалы, мен ҒЗС-ты басқаруды жалғастыра келе (1976 жылдан аталуы – ҒЗБ), шағын ұжымыммен кандидаттық диссертациямдағы бастамаларды әрі қарай дамыту жолында зерттеулерді жалғастырдым. 80-жылдарға қарай М.Т.Козловскийдің шәкірті, дарынды оқымысты және тамаша адам Александра Ивановна Зебрева басқарған Аналитикалық химия кафедрасында және профессор В.П.Гладышев басқарған Электрохимиялық әдістері мен радиохимия проблемалық лабораториясында электрохимияның теориялық мәселелерімен және оның қолданбалы жақтарымен айналысқан жастардың ынтымақты ұжымы қалыптасты. Беттік-активті заттардың (БАЗ) электродтық реакцияларының жылдамдығына әсерін зерттеуге және металдарды анализдеу, бөлу және аса таза металдарды алу, тағайындалған қасиеттерге ие қорытпалар мен қаптамалар алу практикасына электрохимиялық әдістерді енгізуге терең назар аударылды.
Д.К.Меңдалиева бастаған топпен бірге ең алғаш бірқатар БАЗ-дардың температураны 338 К дейін көтергенде адсорбциялануы артып, тежегіш қасиеті күшейетіні анықталды. Бұл өндірістік электролиздегі жоғары температуралар жағдайында БАЗ-дарды кең қолдануға жол ашады.
Таллийді, мысты рафинациялау электролиттері, мырышты, кадмийді электроэкстракциялау және ерекше металл мен қорытпалық қаптама түзетін электролиттері алынды.
Сынап, амальгамалық және қатты электродтағы электродтық процестерге БАЗ-дардың тигізетін әсері бойынша жүргізілген зерттеулердің негізінде жасалған мысты рафинациялау процесі Балқаш және Жезқазған таулы-кендік комбинаттарында (Б.Б.Демеев, А.С.Хабиев, В.А.Светов т.б.) және мырышты электроэкстракциялау процесі Өскемен қорғасын-мырыш комбинатында, Челябинск мырышэлектролиттік зауытында (В.В.Могильный, М.М.Ибраев, А.К.Қозыбаев, Д.С.Әжібеков) халық шаруашылық қажетіне енгізілді.
Осы бағыттағы еңбектерімнің қорытындысы ретінде «Беттік-активті заттар қатысуында металдарды химиялық және электрохимиялық жолмен бөліп шығару әдістерінің ғылыми негіздерін жасау» атты (1992 ж.) докторлық диссертацияларды (05.17.01 – Бейорганикалық заттар технологиясы және 05.17.03 – Электрохимиялық өндірістер мамандықтары бойынша) және 20 кандидаттық диссертацияны атауға болады.
Менің жетекшілігімдегі шәкірттерімнің ғылыми зерттеу нәтижелері 300-ден аса ғылыми жұмыстарда жарияланды. Ғылыми зерттеулердің жаңалығы мен құндылығын біз алған 50-ден аса авторлық куәліктер және патенттер дәлелдейді.
Бірнеше жыл ішінде химия факультетінің ұжымы оқыту және ғылыми потенциалын жоғалтпай, бұрыннан қалыптасқан дәстүрін сақтай отырып, қазір ҚазҰУ жаратылыстану факультеттері арасында алдыңғы қатарда.
Өзім шамам келгенше жоғары дәрежелі мамандарды даярлауға үлес қостым: менің жетекшілік етуіммен 24 кандидаттық және докторлық (Д.К.Мендалиева) диссертация қорғалды. Докторлық диссертация қорғау бойынша диссертациялық кеңестің мүшесі, сонымен қатар бейорганикалық заттар технологиясы және экология (химиялық ғылымдар) мамандықтарына сәйкес, кандидаттық диссертация қорғау бойынша диссертациялық кеңестің төрағасы болғанымды ерекше құрметпен еске аламын.
1983 жылы химия факультетінің деканы болып сайландым. Бұл лауазымды орында өз ісіне беріліп істейтін ұстаздармен бірге оқу үрдісіне мамандық таңдау жұмыстарына ерекше назар аударып, студенттердің үлгерімін едәуір жоғарылаттық. Сөйтіп, ғылыммен қатар, оқу жүйесінде де жаңа белестерді бағындырдық.
1987 жылы мамыр айында докторлық диссертация жұмысын бітіру үшін өз еркіммен декан қызметінен босатылдым.
1988 жылы қаңтарда баламалы негізде Қазақ химия-технологиялық институтының ректоры болып сайландым. Институтта жоғары мектептің жақсы ұйымдастырушысы ретінде танылғаным ықпал еткен болуы керек. Үш жарым жыл ректорлық қызметімде институттың парасатты қызметкерлерімен бірге оны қиын жағдайдан шығаруға тура келді. Сол кезеңде КСРО-ның ЖОО министрлігінің аттестациялануынан өтпегені сылтауымен институтты жабу қаупі төнген болатын. Қайта аттестациялау арқылы ҚазХТИ ұжымын дағдарыстан шығардық. Нәтижесінде оқу-методикалық, тәрбиелеу жұмыстарының деңгейі жоғарылады. Осы жылдар ішінде жаңа сегіз қабатты институт ғимараты, төрт қабатты зертханалық ғимарат, институт жұмысшыларына екі тұрғын үй салынып, төрт қабатты жатақхана тұрғын үйге айналды, жоғары дәрежелі тұрғын үй құрылысы басталды.
1991 жылы қазан айында өз еркіммен ректор қызметінен босатылдым да, докторлық диссертациямды қорғағаннан кейін Алматыға оралып, ҚР Білім министрлігінің қолдауымен ашылған Эргономика институты директорының орынбасары болып жұмыс істедім. 1993 жылы қазанда ҚазҰУ-ға өзімді түлеткен Аналитикалық химия кафедрасының меңгерушісі ретінде оралдым.
1994 жылдың аяғында Аналитикалық химия кафедрасы және басқа кафедралар негізінде химия факультеті маңында ҚазМУ-дың Физика-химиялық зерттеу және анализдеу орталығын аштым. Онда мен ғылыми зерттеулер жүргізу, анализдің жаңа тәсілдерін өңдеу, органикалық және бейорганикалық заттарды алу технологиясын өркендету, сонымен қатар Қазақстан Республикасының мекемелеріне химик-аналитиктерді даярлау және қайта дайындау (дәрежесін жоғарылату) жұмыстарымен айналыстым.
1995 жылы қаңтарда қайтадан химия факультетінің деканы болып сайландым. Бұл орында бұрынғы жұмысыма кірісіп, мамандыққа қызықтыру ісін ұжымға негізгі мақсат ретінде қойдым (бұл кезде химик мамандығына қызығушылық төмендегені сонша – 1994 жылы 75 орынға 74 өтініш берілді). Бірнеше жыл ішінде химия факультетінің ұжымы оқыту және ғылыми потенциалын жоғалтпай, бұрыннан қалыптасқан дәстүрін сақтай отырып, қазір ҚазҰУ жаратылыстану факультеттері арасында алдыңғы қатарда. 2000 жылдың қазан айында декан қызметінен кетіп, ғылыми зерттеу жұмыстарына және ФХАӘО-ға көбірек назар аудардым. Сол тұста менің ұжымымның өндірген ғылыми жұмыстарының бағыттары мен ғылыми нәтижелері халықаралық (Прага, София, Стокгольм, Ыстамбұл т.б.) және бұрынғы бүкілодақтық (Мәскеу, Санкт-Петербург, Екатеринбург, Днепропетровск, Тарту, Томск және т.б.) конференцияларда, жиындарда жоғары бағаға ие болды.
Өзім басқарған ұжым әлі күнге дейін алыс және жақын шетелдер – Ресей, Украина, Ұлыбритания, Дания, АҚШ, Португалия, Жапония, Қытай ғалымдарымен тығыз ғылыми байланыста. Польша (1975 жылы), Ұлыбритания (1985 және 1998 жылдары), Қытайда (1990, 2001 жылдары) ғылыми сапарда болып, Лондон университетінде, Лафборо қаласындағы химия-технология университетінде (Ұлыбритания), Варшава университетінде (Польша), Шанхай және Куньмин университеттерінде (Қытай) дәріс оқу бақыты бұйырды.
Өз басым шамам келгенше бар күш-жігерімді ҚазҰУ химия факультетінің деканы және ҚазХТИ ректоры қызметтерінде Қазақстанның жоғары химиялық білім беру жұмысын дамытуға жұмсадым деген ойдамын. ҚР Жоғары мектебі ғылым академиясының академигі, профессор ретінде көп жылдар бойы Қазақстан университеттерінің химиядан оқыту-методикалық кеңесін басқардым. Менің басшылығыммен маман моделі жасалды, бакалаврлардың және магистрлердің мемлекеттік стандарттары мен типтік оқыту жоспарлары құрастырылды. Сонымен қатар химиялық, криминалистік және экологиялық экспертиза сияқты жаңа университеттік мамандықтар ашылды. Қазір менің шәкірттерім Қазақстан Республикасының көп аймағында, Ресейде, АҚШ-та химия факультетінің даңқын көтере еңбек етіп жатқанын зор қуанышпен айта аламын.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ оқытушы-профессорларын, қызметкерлерін, магистранттар мен студенттерін білім ордамыздың 90 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын!