«БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ДСҰ рөлі: халықаралық-құқықтық аспектілер» атты дөңгелек үстел

27 ақпан, 2024

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Халықаралық қатынастар факультетінде 2024 жылғы 27 ақпанда университеттің 90 жылдық мерейтойына және оның №8 «Лайықты жұмыс және экономикалық өсу» ТДМ-ға қол жеткізуге қосқан үлесіне арналған «БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ДСҰ рөлі: халықаралық-құқықтық аспектілер» атты дөңгелек үстелі гибридті нысанда өтті.

Дөңгелек үстелді халықаралық қатынастар факультетінің деканы, PhD докторы Л.Ф.Деловарова және кафедра меңгерушісі, заң ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Ж.Т. Сайрамбаева ашты.

Аталмыш іс-шараны халықаралық құқық кафедрасының ДСҰ және халықаралық сауда құқығы орталығы ұйымдастырды. Дөңгелек үстелді PhD докторы, доцент м.а., ДСҰ және халықаралық сауда құқығы Орталығының директоры Отыншиева Айдана Айтукызы модератор ретінде жүргізді.

 

Дөңгелек үстел барысында ДСҰ-ның БҰҰ-ның Тұрақты Даму Мақсаттарына жетудегі рөлі, іс-шаралары, БҰҰ рөлі мен қызметі сынды өзекті мәселелер талқыланды. Дөңгелек үстелге онлайн форматта Google Meet платформасына Ұлыбританияның озық университеттерінен халықаралық құқық бойынша дәріс оқитын, академиялық қоғамдастықта кеңінен танылған жетекші ғалымдар мен профессорлар спикерлер ретінде қатысты.

City University of London университетінің профессоры Дэвид Коллинз «ДСҰ-ның дамуы үшін инвестицияларды жеңілдету жөніндегі бастамаға қосылуы (IFD)» тақырыбында баяндама жасады.  

Лондондағы Queen Mary University of London университетінің профессоры Берна Акчали Гур «БҰҰ-ның тұрақты даму мақсаттары, спутниктік кең жолақты байланыс және ДСҰ заңнамасы» туралы сөз қозғады.

Queen Mary University of London университетінің аға оқытушысы, PhD докторы Мэри Митси «Инвестициялық шарттар мен арбитраждағы тұрақты даму» тақырыбын қозғады.

Мақсұт Нәрікбаев университетінің доценті Абай Абылайұлы «Қазақстан көппартиялы аралық апелляциялық төрелік келісімге қосылуы керек пе?» сынды мәселені қарастырды.

ДСҰ рөлі туралы пікірталасты халықаралық құқық кафедрасының PhD докторанттары Тілеубеков Сұлтан мен Нұртай Мадина, магистранттары Оразбек Бекарыс пен Аятулла Немати жалғастырды.

Халықаралық деңгейдегі бұл дискуссия жас ғалымдарға және барлық қатысушыларға ДСҰ-ның рөлі, жалпы сипаттамалары, қызмет көрсетуі, ДСҰ мен БҰҰ арақатынасы мен әрекеттесу аясы, арбитраж, инвестиция құқығы,  БҰҰ тұрақты даму мақсаттары туралы білім береді.