Заманауи ғылыми мақаланы қалай жазамыз?

11 наурыз, 2024

Химия және химиялық технология факультетінде «Science. Research. Publication» атты халықаралық қысқы мектеп өтті. Ақысыз, барша ынталы академиялық ортаға арналған мектепте университет ғалымдарынан өзге, Ariel University (Израиль), Rutgers University (АҚШ), University of Novi Sad (Сербия), Babes-Bolyai University (Румыния) сынды жетекші университеттер мен А.Н.Фрумкин атындағы Физикалық химия және электрхимия институты РҒА ғалымдары бір апта көлемінде ғылыми зерттеуден жарияланымға дейінгі түрлі мәселелерді тілге тиек етті. 

Химия және химиялық тех­нология факультетінің де­каны, қауымдастырылған профессор Алина Галеева қысқы мектептің жария­ла­нымдар қарқындылығын арттыруға бағытталғанына, мамандарды дайындауда білім беру мен ғылымды ұш­тастыруға зор көңіл бө­лінетініне және оған дәлел, дәріс оқуға алыс-жақын шет­елден білікті ғалым­дар­дың шақырылғанына тоқ­тал­ды. Қысқы мектептің екін­ші жыл қатарынан жал­ғасын табуына мұрындық болған Аналитикалық, кол­лоидтық химия және сирек элементтер кафедрасының меңгерушісі, қауым­дас­ты­рыл­ған профессор Ақ­ма­рал Арғымбаева жоғарыда айтылған ойды жалғап, қысқы мектептің жас ға­лымдар, докторанттар мен магистранттарға берері мол және жария­ла­ным­да­рының сапасы мен ма­ңы­зын арттыруға мүмкіндік беретінін жеткізді.

Қысқы мектеп қатысу­шы­лары профессор Болат Кеңесовтің дәрістерінен ғылыми тәжірибені тиімді жоспарлаудан бастап, ғы­лы­ми зерттеу әдістерінің не­гізгі критерийлері мен прин­циптерін ұғынуға мүм­кіндік алды. Ал Rutgers the State University of New Jersey профессоры Пол Та­хис­тов ХХІ ғасыр жұмыс күшін дайындаудағы бел­сенді және тәжірибелік оқы­тудың рөлін баяндап берді.

Жас ғалымдардың өз нәтижелерін тұшымды ең­бек, ғылыми мақала етіп жа­риялауға жете алмай жа­ңы­лысып, қате басып не­месе асығыстық танытып жататыны жасырын емес. Осындай келеңсіздіктердің алдын алуда қалыптасқан, айтары мол ғалымдардан уақтылы кеңес алу кей жағ­дайда мүмкін болмай жа­тады. «Science. Research. Publication» халықаралық қыс­қы мектебі осы олқы тұсты толтырарлық те­геу­рінге ие. Қысқы мектепте оқыл­ған келесі бір дәрістер то­бы идеядан ғылыми жа­рияланымға дейінгі барлық баспалдақтарды қамтыды. Babes-Bolyai University ға­лымы Augustin C. Mot жаңа зерттеу жұмысының идея­сы қалай пайда болатыны, зерттеу жүргізуде ғылыми әдісті қолданудың маңыз­ды­лығын, күтпеген жерден орын алатын келең­сізд­ік­тердің кейде оң шешімге жетелейтінін өзінің көп­жыл­дық тәжірибесіндегі мы­салдармен толықтыра баян­дады. Баяндама бары­сында жас қатысушылар үшін тұшымды ойлар ай­ты­лып, тыңдаушылар тара­пы­нан лайықты қошеметке ие болды. Мысалы, ескі ғы­лы­ми әдебиетті оқудан ар­лан­бау керектігі, жаңаның жыл­тырағына еріп, оны әсі­ре­жарылқаудың кемшін тұ­сының да барына ой салды. Идеядан басталып, қол­жаз­баға айналған еңбектің ғылыми ортаға таныс­ты­ры­луында дұрыс ғылыми жур­нал­ды таңдаудың маңызы зор. «Тыңдалмаған сөз же­тім» деген өсиетті қал­дыр­ған бабаларымыз сөз қа­ді­рін қалай терең түсінген десеңізші. Қаламының сия­сын, көз майын тауысып жаз­ған қолжазбаның қолды болып кетпеуін, лайықты журналды таңдап, әділ сын­нан сүрінбей өтудегі негізгі ұстанымдар мен қа­ғи­даларды University of Novi Sad профессоры Jaroslav Katona толық баяндап берді.

Сын демекші, біткен іске сын­шы көп болатыны бе­сенеден белгілі. Дегенмен сын түзелмей, мін түзел­ме­сі хақ. Осы орайда, Ariel University профессоры Netanel Shpigel ғылыми ма­қа­лаға рецензент тұрғысынан қарау жайында дәріс оқы­ды. Өзінің сарапшы-сын­шы­лық тәжірибесімен бө­лісті. Мақаланың ғылыми ор­тада танылып, кәдеге жа­рап, мойындалғаннан кейінгі аса бір маңызды кезеңі – ғылымнан білімге айналып, оқу жоспар­ла­ры­на енгізілуі, яғни мақаладан монографияға дейін түлеуі. Аса жауапкершілікті талап ететін, салмағы ауыр бұл тақырыпты қозғау саналы ғұмырын ғылымға арнаған, 10-нан астам монография мен оқу құралының, 14 ұжым­дасып жазған моно­гра­фиядағы бөлімдердің авторы, РҒА-ның А.Н.Фрум­кин атындағы Физикалық химия және электрхимия институтының бас ғылыми қызметкері Скундин Алек­сандр Мордухаевичке бұ­йыр­ды. В.С.Багоцкий мек­те­бінен бастау алған өзінің ғылымдағы жолында мо­но­графия жазуға қандай ой түрт­кі болғанын, кімдердің же­телеп, қандай кедер­гі­лерден өткенін, бірнеше тілге аударылып, универ­си­тет қабырғасында оқы­ты­латын кейбір моно­гра­­фия­ларын жазудағы сыр­ларымен бөлісті.

Университетіміздің жас ғалымдары: қауым­дас­ты­рыл­ған профессор Федор Мальчик пен аға оқытушы Мейрам Атамановтың ғы­лыми ортадағы спам және ғылыми мақаланы жазуда жа­санды интеллектіні қол­дану туралы жасаған баян­дамалары жас ға­лым­дар­дың ғана емес, аға ау­ди­то­рияның да қызы­ғу­шылығын оятты. Федор Мальчик «мәйексіз» жур­нал­дардың (псевдо-ғы­лыми журналдар) алдауына түсіп қалмаудың жолдары мен ғылымдағы өзге де алаяқтықтан сақтанудың амалдарын баяндап берді. Мейрам Атамановтың ба­ян­дамасында жасанды ин­теллектіні тек қана шолу, жал­пылама ақпаратты із­деу­ге ғана емес, хи­миялық мәліметтерді өң­деп, оны саралау үшін қолдануға бо­латынын тәжірибелік түрде көрсетуі тыңдаушыларға тың ынта берді. Ал аға оқы­тушы Авчукир Хайса хи­миялық технологияны оң­тай­ландыру мен кейбір мә­се­лелерді шешуде симу­ля­циялық модельдеуді қол­да­нудың артықшылықтары мен мүмкіндіктерін баян­да­ды. Электрхимиялық зерт­теу әдістерінен элек­тр­химиялық өндіріс, кор­розиядан қорғауға дейін болжамдар жасауға мүм­кіндік беретін модельдеу мы­салдарын сол саладағы жарияланымдарымен са­бақтастыра отырып та­ныстырды.      

Дерек пен дәйек:

Қысқы мектеп дәріскерлерінің жиынтық h-index мәні 130-ға тең. Clarivate Analytics Web of Knowledge дерекқорындағы жалпы жарияланымдар саны 609-ды құрайды. Ғалымдардың еңбектеріне барлығы 10 041 сілтеме жасалса, оның ішінде 1433-і өткен жылы жасалған. Қысқы мектепте дәріс оқыған тоғыз ғалым ұзын саны 276 мақалаға рецензия жазса, оның 66-сы соңғы 12 айға тиесілі.

 

    

Қайса ӘБШҮКІР,

Гүлмира РАХЫМБАЙ,

аға оқытушылар