ҚазҰУ-да қазақ тілін үйренген жапон оқытушысы
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде дәріс беретін шетелдік оқытушылар арасында қазақ тілін меңгерген ұстаздар аз емес.
Қазақстанға келген көптеген шетелдік азаматтардың басым бөлігі қазақ тілін үйреніп, жергілікті халықпен қазақ тілінде тілдесуге тырысады. Олардың басым бөлігі, әсіресе тіл мамандары, қазақ тілін зерттеуді мақсат етеді. Солардың қатарында жапон тілінен сабақ беретін оқытушы Такаши Ниномия мырза да бар. Жапонияның Цукуба университетінен келген Ниномия Такаши Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 2014 жылдың мамыр айынан бастап шығыстану факультетінде жапон тілінен сабақ бере бастады. Такаши Ниномияның мамандығы – араб және семит тілдеріне бағытталған лингвистика. Докторантурада «Омандағы Джиббари» деп аталатын семит тілінің фонетикасын және «Эфиопиядағы Хадия» деп аталатын кушит тілінің лексикасы мен грамматикасын зерттеген.
Докторлық диссертациясын қорғағаннан кейін ғылыми жетекшісінің әріптесі, профессор Усуяма Тошинобу Ниномия Такашиге Цукуба университетінің Орталық Азиядағы кеңсесінде жұмыс істеуді ұсынған. Сол кезде ол Қазақстан Республикасы туралы ақпаратпен танысып, Алматы қаласына келеді. Ниномия Такаши бастапқыда қазақ және орыс тілдерін түсінбегендіктен біраз қиналды. 2014 жылдың қыркүйегінен бастап ҚазҰУ-дың жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінде (ЖОО) екі жыл қазақ тілін оқып, ары қарай Қазақстанда қызметін жалғастырады. «Мен ЖОО факультетінде қазақ тілін оқып, түстен кейін шығыстану факультетінде жапон тілінен сабақ бердім. Қазақ тілінен бірінші жылы Гүлбағиза Мұсаева ханым, екінші жылы Райхан Дүйсенбаева ханым дәріс берді. Тілді оқып жүргенімде қазақ грамматикасы мен прагматикасына қызықтым. Қазіргі таңда мені қазақ тіліндегі көмекші етістіктерге қатысты зерттеулер мен қазақ және орыс тілдеріндегі өтініш айтуға қатысты салыстырмалы зерттеулер қызықтырады», – дейді Такаши Ниномия.
Кейін қазақ тілін меңгеріп, біраз тәжірибе жинағаннан соң, оны шетел азаматы ретінде теледидар мен радиоға сұхбат беруге жиі шақыра бастайды. Сұхбат барысында журналистер қауымы «Қазақ тілін неге таңдадыңыз, тілді қалай үйрендіңіз?» деген сауалдарды қойып жүрді. Қазақстан халқы қазақ және орыс тілдерінде сөйлейтінін профессор Усуяма ескертіп, болашақта қазақ тілін үйренуге кеңес беріп, «Қазақстанда болашақта қазақ тілі орыс тілінен маңыздырақ болады. Сондықтан Қазақстанда ұзақ тұрғың келсе, қазақ тілін үйрену саған пайдалы болады және такси жүргізушілерімен әңгімелесудің пайдасы зор» деп айтқан екен. Профессордың кеңестерін жадында ұстаған Такаши мырза кейін таксиге отырғанда жүргізушілермен жиі тілдесіп қана қоймай, әрдайым өзін қазақ тілінде таныстырып, қай елден келген жапондық екенін айтып, әңгіме-дүкен құруды әдетке айналдырып, ақыры қазақ тілін тез үйреніп алады.
Такаши Ниномия мырза Нагоя қаласы маңындағы Ичиномия деген елді мекенде туған. Қала халқының саны 379 мыңға жуық. Мінезі жуас әрі көңілі жарқын Такаши Ниномия «Осыдан бірнеше жыл бұрын еліме барып, әке-шешемнің қасында болып, үш айдан кейін Қазақстанды сағынып қайтып келдім», – дейді. Оның айтуынша, «Жапонияда барлық жағдай жасалған, туған-туыстарың қасыңда, бірақ Қазақ деген елді таныған адам ол жерден кеткісі келмейді және дархан қазақ сияқты ел-жұрттың салт-дәстүрі, тамағы, қонақжайлылығы мен өзіне тән дала философиясы жер жүзінде жоқ. Қазақстан – мен үшін туған жермен бірдей».
Жуырда Такаши мырза қазақ қызына үйленді. Қазақтың тойын, туыстар арасындағы қарым-қатынас, сыйластықты көріп қайран қалыпты. Мұндай тойлар Жапон елінде жасалмайды екен әрі туыстар бір-бірімен жақын араласпайтын көрінеді. Қазақ тілін меңгерген Такаши мырзаның жұбайы жапон тілін жақсы меңгерген, әрі ол да оқытушы. Қазақ тілін үйренгеннен кейін, бүгінгі қазақтың күйеубаласы болған Такаши мырза басқа да жапондықтарға қазақ тілін үйретіп жүр. Ол қазақ тілін күнделікті өмірде ғана емес, жұмыста да, сабақ беру кезінде де қолданады. Қазір ол ҚазҰУ-дың шығыстану факультетінде, ЖОО факультетінде, халықаралық қатынастар факультетінде, философия және саясаттану факультетінде, сондай-ақ Ғылым ордасында, Ұлттық кітапханада жапон мәдениеті мен қоғамы туралы қазақ тілінде дәрістер оқып, баяндамалар дайындайды.
Соңғы он жылда ол қазақ тілінде 20 шақты баяндама мен мақала, ғылыми еңбектерін жазып, жапон тілінде «Практикалық қазақ тілінің бастауыш деңгейі», «Негізгі қазақша-орысша сөздік: жазу және сөйлесудің сұрақтары» кітаптарын жарыққа шығарды. Бүгінде Такаши Ниномия бакалавриат, магистратура және докторантурада оқитын студенттерге дәріс беруде. Оның шәкірттері тіл білімі жарыстарына қатысып, үнемі жүлделі орындарды ұтып алады. Жыл сайын факультет студенттері қосдипломдық және академиялық ұтқырлық сияқты бағдарламалары бойынша Жапония университеттеріне оқуға барып, білімдерін ұштап, тәжірибе жинақтап қайтады. Биылдың өзінде факультеттің 20 студенті күншығыс елінің оқу орындарына жіберілді.
Такаши мырзаның Қазақстанмен, қазақ мәдениетімен жақын танысу мақсатында үлкен жоспарлары бар.
Профессор алдағы уақытта Қазақстанның көрікті жерлеріне арнайы саяхаттап, барлық қалаларын аралап, Каспий теңізі балығының дәмін татып көргісі келетінін айтты.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің шығыстану факультетінде жапон тілінен сабақ бере жүріп, қазақ тілін меңгерген Ниномия Такашидің алдағы жоспарларына табыс тілейміз.
Дайындаған – журналист Гүл БАЯНДИНА