ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ ОҚЫТУШЫ ПРОФЕССОРЛАРЫНЫҢ ПІКІРІ

16 наурыз, 2024

   «ҮШТАҒАН» ФИЛОСОФИЯСЫ

«АДАЛ АДАМ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС»

Сарайшықта өткен үшінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш үштағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады деген кесек пікір білдірді. Президенттің тікелей бастамасымен ұйымдастырылған үшінші құрылтайдың Жайық жағасында, Алаштың көне астаналарының бірі Сарайшықта өткізілуінің астарында үлкен философиялық астар жатыр.

Тарихқа бір мезет көз тастар болсақ, елді елең еткізер басты құрылтайлар елдің тарихи маңызы зор ордаларында өткізіліп келгенін байқаймыз. Үшінші рет өткізіліп жатқан Ұлттық құрылтай өткен ғасырлардағы ұлы құрылтайлардың заңды жалғасы болып отыр. Ол туралы Президент: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар», – деп тарихи сананы серпілтті.

Қоғам арасындағы зиялылардың орны туралы сөз қозғаған Президент ондағы мәселелерді де атап өтті. «Ең алдымен, халықтың береке-бірлігін сақтау елдігіміз үшін аса маңызды. Бұл туралы үнемі айтып жүргенімді білесіздер. Ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт ешқашан ұтылмайды, ештеңеден құр қалмайды. Бұл істе зиялы қауым айрықша рөл атқарады. Әсіресе елге сөзі өтетін аға буынның орны бөлек. Олар қазақтың қаймағы, ұлттың мақтанышы. Елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігінен басталады. Яғни алдымен ел ағаларының арасында ауызбіршілік болуы керек. Олар ұрпаққа өнеге болатын кесек әңгіме айтуы қажет», – деді.

Аталмыш құрылтайда Қасым-Жомарт Тоқаев тәуелсіздік және отаншылдық, бірлік және ынтымақ, әділдік және жауапкершілік, заң және тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық және жаңашылдық  ұлтымыздың жаңа келбеті болуы шарт екенін астын сыза айтты.

Жақыпбек Алтаев,

философия ғылымының докторы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Философия кафедрасының профессоры, «Парасат» орденінің иегері, фарабитанушы

 

ҚОҒАМДЫ ЖАЙЛАҒАН БЕС КЕСЕЛМЕН КҮРЕС    

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде қоғамды жайлаған бес кеселмен, атап айтқанда: есірткі саудасы және нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм, ысырапшылдықпен бүкіл ел болып күресіп, тосқауыл қоюға шақырды.

Сонымен қатар Президент ұлттың жаңа келбетін айқындайтын негізгі құндылықтарға жеке-жеке тоқталды. Олар – тәуелсіздік пен отаншылдық, бірлік пен ынтымақ, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсіби біліктілік, жасампаздық пен жаңашылдық. Мемлекет басшысының айтуынша, еліміздегі әрбір азамат осы басты құндылықтарды берік ұстануы керек. Президент ұсынған «Адал азамат» ұғымы мұны түгел қамтиды. Сонымен бірге бұл әділетті Қазақстан идеясымен үндесіп жатыр.

«Біз осы іргелі құндылықты ұрпақ санасына сіңіре беруіміз керек. Адал азамат дегеніміз – жақсы қасиеттерге ие болып, адал еңбек ететін және табысқа адал жолмен жететін адам. Яғни адалдық пен әділдікті бәрінен биік қояды. Озық ойлы ұлт болу үшін бүкіл қоғам сана-сезімін өзгертіп, жаңа құндылықтарды орнықтыруы керек. Әрбір адам «адал азамат» деген атқа лайық болса, елімізде әділ қоғам орнайды. «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. Осы үш тағанды озық әрі табысты елге айналудың басты кілті деуге болады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Темірғали КӨПБАЙ,

журналистика факультетінің деканы

 

 

ИННОВАЦИЯЛЫҚ ДАМУ ЖАҢА БИІКТЕРГЕ ЖЕТЕЛЕЙДІ  

 Атырауда өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы ең өзекті мәселелерге назар аударды.

Бұл құрылтайда елдегі саяси реформалар қорытындыланып, алдағы кезеңде іске асыратын кешенді экономикалық және әлеуметтік реформаларға қажетті іс-қимыл жоспары таныстырылды. Соның ішінде еліміздегі индустрия салаларын қазіргі заман талаптарына сай ілгері дамытудың қадамдары, су, жер қатынастарын реттеу, инфрақұрылымдық қауіпсіздік мәселесі, ең бастысы, ел қауіпсіздігін жаңаша бағалау, соған қажетті нақты шаралар қабылдау реті айқындалды. «Прогрессивті ұлт болу үшін Қазақстан барлық азаматтардың дүниетанымын өзгертіп, қоғамдық санада жаңа құндылықтарды сіңіруі керек», – деп мәлімдеді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент ұсынған бастамалар өте ауқымды әрі жүргізіліп жатқан реформалардың қисынды жалғасы болып табылады. Ал олардың негізгі мақсаты – қуатты және өркендеген мемлекет құру. Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы еліміздің бәсекелік артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді. Осылайша ел экономикасының басым секторларын дамытуға ден қойылуы қажет.       

Президент сондай-ақ үдемелі экономикалық өсуді қамтамасыз ету үшін біздің барлық бәсекелестік артықшылықтарымызды пайдалану маңызды екенін айтып өтті. Яғни Қазақстанды Еуразияның негізгі транзиттік хабтарының біріне айналдыру үшін түбегейлі қадамдар жасау қажеттігі айтылды. Бұл перспективалы Қазақстан – Қытай жобасы «Бір белдеу және бір жол» жаһандық бастамасы аясында іске асырылып жатқан көлік-логистикалық орталықтарды қолға алу мәселесі болатын. Сондай-ақ Мемлекет басшысы Үкімет елді мекендерді газдандыру деңгейін едәуір арттырып, кемінде 1700 шақырым желіні жаңғыртуы қажет екенін атап өтті. Еліміздің жол желісін салу және қайта құру экономиканың дамуына қуатты серпін беретіндігі, кем дегенде 12 мың шақырым автомобиль жолдарын жұмыспен қамту мәселесі қадап айтылды. Нәтижесінде елді мекендердің көліктік қолжетімділігі айтарлықтай жақсарады. Адамдардың іскерлік белсенділігі мен әлеуметтік ұтқырлығы арта түсетіндігі айтылды.

Президент елдің негізгі қозғаушы күші идеялар мен инновациялар болып табылатын қоғамның постиндустриалды моделіне біртіндеп жақындап келе жатқанын атап өтті. Біз озық технологияларға негізделген білім экономикасын құруымыз керек. Қазақстан жаппай цифрландыру және жасанды интеллектіні жедел дамыту аумағына айналуға тиіс. Бұл біздің стратегиялық міндетіміз. Бұл технология жақын арада әлемді түбегейлі өзгертеді. Біз заманауи цифрлық көшпенділер өркениетінің прогрессивті стандарттарына сай болуымыз керек. Бұл салада біздің жастарымыздың әлеуеті, менталитеті мен талантының арқасында «қазақстандық серпіліске» нақты мүмкіндігіміз бар екендігі қадап айтылды.

Жаһандану үрдісі қарқын алған заманда жоғары білім беру мен ғылым саласындағы дамудың инновациялық бағыттары өз жемісін бермек. Міне, осыған орай, ғылым және жоғары білім саласы тарапынан айқындалған міндеттерді іске асыру жолында барлық әлеует­ті жұмылдыру сапалы кадрлар даярлаудың негізі болаты­ны анық. Яғни «Біздің негізгі миссиямыз – еліміз үшін білікті, бәсекеге қабілетті және талантты жас мамандарды даярлау». Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Әділетті Қазақстанның жаңа тұрпатты жастарын отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ етіп тәрбиелесек, еліміз өзінің мақсат- мұраттарына қол жеткізетіні сөзсіз.   

Интеллектуалды ұлт қалыптастыру елдің дамуына үлкен өзгерістер әкелетіні белгілі. Сондықтан жастар тәрбиесіне өте қатты көңіл бөлуіміз керек. Құрылтайда әрбір азаматымыз, әсіресе жастар, ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажеттігі қадап айтылды.    

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы Қазақстан Президентінің III Ұлттық құрылтайдағы баяндамасын қуана қабылдады. Біз халықаралық қатынастар, аймақтану, әлемдік экономика және оның басқа да маңызды салаларында білікті кадрларды даярлауға үлес қосуға дайынбыз.

                                     Жаппар ЖҰМАН,

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика

 кафедрасының профессоры, ҚР ҰҒА құрметті академигі,

  экономика ғылымының докторы

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙДАҒЫ МАҢЫЗДЫ МӘСЕЛЕЛЕР

2024 жылдың 15 наурыз күні Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Ұлттық құрылтайда Қазақстан халқына арналған  бірнеше өзекті мәселелерді  сөз етті. Ел Президенті құрылтай туралы: «Құрылтай шақыру – ертеден келе жатқан ата дәстүріміз екенін жақсы білесіздер. Бабаларымыз  маңызды мәселелерді осындай алқалы жиында талқылаған. Халық өзара ақылдаса отырып бір тоқтамға келген.  Мұндай шешімдер бүкіл елді біріктірген. Төл тарихымызда ұлт тағдырын шешкен құрылтайлар болған. Оның көбі халқымыз үшін маңызды кезеңде өткізілген. Талас құрылтайынан кейін Алтын Орда дербес мемлекет болды. Қарақұм және Ордабасы құрылтайлары  жұртымызды ел қорғауға ұйыстырды. Орынбордағы бірінші қазақ құрылтайында «Алаш» партиясы құрылды. Екінші құрылтайда Алаш автономиясы жарияланды. Егемендік кезеңінде Дүниежүзі қазақтарының алғашқы құрылтайы өткізілді. Бұл жиында сырттағы қандастарымыз  атамекенге шақырылды. Ұлы көш тәуелсіз Қазақстанға бет алды», – деген ойлары көпшіліктің қолдауына ие болды.    

Ұлттық құрылтайдың шақырылуы – ел өміріндегі елеулі оқиға. Құрылтайдың басты мақсаты жаңа идеялар мен жасампаз қадамдар арқылы ұлт бірлігін нығайту болып табылады.      

Сонымен қатар Президент Ұлттық құрылтайдың атқарған жұмыстары мен жұмыс тобының құрамына да ерекеше назар аударды. Ұлттық құрылтайда сөз болған арнайы  мәселелерге тоқталғанды жөн көріп отырмыз.  Мәселен, «Жалпыұлттық бірлікті нығайту», «Реформалардың мән-маңызын халыққа түсіндіру», «Жаңа технологиялар арқылы халықты ауқымды реформаларға қатыстыру» т.б. маңызды өзекті мәселелер жан-жақты түсіндіріліп талқыланды.

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлының Ұлттық құрылтайға дейін  Қазақстан халқының атынан Жошы ханның рухына құран бағыштап, құрбан шалып, бабалар рухына тағзым етті.  Ұлттық құрылтайдың киелі жер – Ұлытауда өтуінде жаңа Қазақстанның өркендеп дамуына ашылған даңғыл жол деп түсінгеніміз абзал.

Ұлттық құрылтайдың алғашқы отырысы мазмұнды, мағыналы болып,  халықтың көкейінде жүрген көптеген келелі мәселелер айтылып, талқыланды. Тың ойлар ортаға салынып, ой-пікірлердің ешқайсысы елеусіз қалмайды және маңызды бастамаларды міндетті түрде бірге жүзеге  асырамыз деп сенім білдірді.

«Жаңа Қазақстан идеясын іске асырамыз десек, аянбай еңбек етуіміз керек. Шын мәнінде елді еңбекқорлық қана көркейтеді. Табысқа жетудің ең басты кілті – еңбек», – деп, қазіргі жастардың бойында ұлттық рухани құндылықтарымызды насихаттау, дәріптеу керектігіне ерекше тоқталды.

Ұлттық құрылтай соңында Президент: «Халқымыз «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтпаған. Жаңа Қазақстанда еңбекқор адам ең сыйлы адам болуға тиіс. Біз өскелең ұрпақты адал еңбекке баулып, жаһандық нарықта бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуіміз қажет», – деді. Маңдай термен тапқан әр тиын – нағыз ардың ісі, Абай айтқан «толық адамның» еңбегі екенін жастардың санасына тоқуымыз қажет» деген ақынның ғибратқа толы телегей-теңіз шығармашылық мұрасын  заман талабына сәйкес жаңаша дәріптеу бүгінгі күннің басты міндет-мақсаты деп білеміз.

Болатхан САРБАСОВ,

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің

профессор м.а., филология ғылымының кандидаты

 

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰРЫЛТАЙ – ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАР БАСТАУЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысында халықтың қордаланып қалған экономикалық, саяси, әлеуметтік проблемаларымен қатар, яғни халық бірлігі, ұлттық тәрбие, ұлттық құндылықтар, салт-дәстүрлер т.б. жан-жақты ойланып, оған мән беріп: «Алғашқы отырыс ұлт ұясы Ұлытау жерінде өтсе, былтыр киелі Түркістанда жиналдық. Бүгін тағы бір тарихи өлке – Атырау облысына келіп отырмыз. Үшінші отырыстың Жайық жағасында өтіп жатқаны тегін емес. Әйгілі Сарайшық қаласы осы жерге тиіп тұр. Бұл шаһар Ұлық ұлыстың, кейін Қазақ хандығының маңызды әкімшілік және сауда орталығы болғаны тарихтан белгілі. Ұлы Жібек жолының бойында тұрған қала бір кездері айрықша геостратегиялық рөл атқарған. Батыс пен шығыстың экономикалық, саяси, мәдени қарым-қатынасына ерекше ықпал еткен. Атақты хандарымыз осы жерге ордасын тігіп, ел билеген. Бірқатары Сарайшықта мәңгілік мекенін тапқан. Тарихшылардың пайымдауынша, Қазақ хандығын қуатты мемлекетке айналдырған Қасым хан осында жерленген. Бір сөзбен айтсақ, Сарайшық – төл шежіремізде айрықша орны бар киелі шаһар. Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды», – деп оның маңызын нақты келтірді. Сонымен қатар елдің қордаланған мәселелерін жан-жақты талдап, халқымыздың ұлттық құндылықтары мен тәрбие мәселелеріне тоқталды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы мұндай жиындарды аймақтарда өткізу туралы: «Шын мәнінде мұндай алқалы жиындарды аймақтарда өткізудің мән-маңызы зор. Сол арқылы облыстардың дамуына тың серпін береміз. Осы үрдіс алдағы уақытта да жалғасын табады. Әйгілі Қасым хан  Сарайшықта, Абылай хан Бурабайда ордасын тіккені белгілі. Есілдің бойында Кенесары хан мемлекеттігімізді сақтап қалу үшін талай жорыққа шыққан. Бұл аймақ төл шежіремізде айрықша орын алады. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың төртінші отырысын келесі жылы Көкшетауда өткізуді ұсынамын», – деп тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, қазақы дүниетанымды бүкіл халқымызға өнегелі тәрбиенің көрінісі ретінде көрсетті.

Демек, мемлекеттің болашағы еліміздің мектепте білім алып жатқан жастарымыздың бойында ұлттық тәрбие мен ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың маңызы зор деп білеміз.

Абай ДҮЙСЕНБАЕВ,

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының доценті,

педагогика ғылымының кандидаты

 

ЕЛ БОЛАШАҒЫ – БІЛІМ МЕН ҒЫЛЫМДА

 

Атырау қаласында өткен III Ұлттық құрылтайдың бірінші күнінде білім мен ғылым арнайы секция тақырыбы ретінде қаралуы өте өзекті мәселе. Қазіргі күнде кез келген елдің дамуы мен ел болашағы жастардың қолында екені белгілі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың елдегі бизнесмендерге «Мешіт салған жақсы, дегенмен мектеп, балабақша, спорт кешендерін салса тіпті керемет» деген сөзінде білім мен ғылымға көңіл бөліп, елдің болашағы жастарды дұрыс тәрбиелеу керек екенін көрсетті.

Ел тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін елімізде халық жаппай діни жоралғыларды ұстай бастады. Бұл, бір жағынан, халықты рухани оңалтқанымен, екінші жағынан, жаппай дінге бет бұрып, жас балалардың өзі сабақты қойып, мешіт жағалап, бар уақытын мешіттерде өткізетін кездер  көбейіп кетті. Баланың нағыз білімге қызығып, біліммен сусындайтын уақытында дінмен айналысып кеткені баланың білім деңгейін төмендетуде. Сондықтан әсіресе жас балаларды дінге кешірек, яғни оңы мен солын ажыратып алған соң, саналы түрде таңдау жасауға мүмкіндік беру қажет. Балаға барлығы үлкендердің айтуымен емес, өзінің алған білімін саралап, ойланып таңдау жасатуға жағдай жасау қажет. Баланың құқығына қол сұқпау үлкендердің басты міндеті болу шарт.

Баланың білім нәрімен толық сусындап, кемеліне келіп, өз таңдауымен, саналы түрде жасаған таңдауы қоғамға үлкен пайда келтіреді. Сондықтан Президентіміз айтып өткендей, балаларға арнап жайлы мектептер, балабақшалар, спорт кешендерін, оңалту орталықтарын көптеп салса еліміздегі балалар білімді болып өсері хақ. Білімді бала ертең ғылымда үлкен жетістіктерге жетері сөзсіз.

Қазіргі әлемдегі геосаяси күрделі кезеңде ел қауіпсіздігі мен экономикасын көтеретін ғылыми жетістіктер арқылы келетін техника мен технология. Сол техника мен технологияны жасайтын жастарға бар жағдайды жасасақ, жемісін ертең-ақ көретініміз белгілі. Ол үшін істелетін басты жұмыстар:

  • балалардың дін мен мешітке баруын 16 жасқа толған соң өзі шешуі керек екенін заңдық тұрғыда қарастыру;
  •  мектептер, балабақшалар, спорт кешендерін, оңалту орталықтарын салу;
  • балалар кірсе шыққысы келмейтін мультимедиалық заманауи ірі кітапханалар тұрғызу;
  • балалардың қиялын шарықтататын заманауи мұражайлар қалыптастыру т.б.

Құрылтайда Президент Қ.Тоқаевтың балалар өміріне басымдық беріп отырғанына барлығымыз қолдан келгенше атсалысып, білім мен ғылымға сусындауына жағдай жасағанымыз жөн. Белгілі ғалым, академик Асқар Жұмаділдаевтың «Жетектегі ел емес, жетектеуші ел болуымыз керек» деген сөзі осы біздің болашағымыз – балаларға айтқан ұлағатты сөзі. Ол үшін білім мен ғылымның көгіндегі балаларды дұрыс тәрбиелеп, терең білім алуына барлық жағдай жасау сіз бен біздің қолымызда.

Әлім МЫЛҚАЙДАРОВ,

География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының доценті

 

 

ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ АЙТЫЛДЫ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың басшылығымен Атырауда Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өтті. Жайық жағасында өткен басқосуда қоғамның дамуына арналған өзекті мәселелер қозғалды. Мемлекет басшысы ұлт бірлігін нығайтудың маңыздылығына, әсіресе мұндағы зиялы қауымның рөліне ерекше тоқталды.

Өз сөзінде Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілін қолдану аясын кеңейту мемлекеттік саясаттың басты басымдығы болып қала беретінін айтты. Тілді дамытуда ағартушылықтың маңызды рөл атқаратынына сенім білдірді, сондай-ақ кітапхана ісін дамыту, оның ішінде Алматы мен Астанада тәулік бойы жұмыс істейтін заманауи кітапханалар салу қажеттігін тағы қайталады.

Президент Ұлы даланың көшпелі өркениетінің, атап айтқанда: Жошы ұлысының мұрагері ретінде Қазақстанның тарихи рөлін атап өтіп, ұлттың мәдени мұрасын сақтаудың мән-маңызына тоқталды.

Сондай-ақ ысырапшылдық тақырыбын қозғап, үнемділік, әсіресе энергия ресурстары мен су байлықтың бастауы екенін атап өтті.

Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай мүшелерінің алдында сөйлеген сөзінде есірткі саудасы, лудомания, отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық, вандализм сияқты қоғамның жаңа әлеуметтік жағымсыз әдеттерімен күресу қажеттігін ортаға салды.

Тәуелсіздік, патриотизм, бірлік, әділдік, жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық, кәсіпқойлық, жасампаздық және жаңашылдық сияқты ұлттың негізгі құндылықтарына ерекше тоқталып, әрбір азаматты «Адал азамат» концепциясы мен Әділ Қазақстан идеясын ерекше атап өтіп, оларды жүзеге асыруға ұмтылуға шақырды.

Жанара ЖАҢАБАЕВА,

география және табиғатты пайдалану факультеті

 

ҰЛТ БОЛАШАҒЫ – ҰРПАҚ ТӘРБИЕСІНДЕ

Атырау қаласында өткен құрылтайда Мемлекет басшысы негізінен жастардың тәрбиесіне, біліміне, денсаулығына, болашағына қатысты ой қозғағаны өзіме ерекше әсер етті. Өйткені жастар ертең елдің тұтқасына ие болатын контингент. Сондықтан олардың бүгінгі заман талабына сай білім алып, елдің дамуына сөзбен емес, іспен ықпал етуі аса маңызды.

«Нашақорлық, әсіресе, балалар арасында тез таралып, жастарымыз уланып жатыр. Есірткімен күрес белсенді жүргізілмесе, ертең бәрі кеш болуы мүмкін. Қазір есірткі сатқан қылмыскер қатаң жазаға тартылады. Менің ұсынысым: есірткі заттарын өндіретін адамдардың жазасын барынша қатайту керек. Оны ең ауыр қылмыстарға теңестіру қажет. Парламентті бұл бастаманы қолдауға шақырамын», – деді Президент өз сөзінде.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы тұтас ұлттың болашағына орасан зор зиян келтіріп жатқан вейптердің таралуына тосқауыл қою қажет екенін айтты. «Қазір Парламентте вейптерді елге әкелген, оны өндірген және таратқан адамдарды қылмыстық жауапкершілікке тартуды көздейтін заң жобасы қаралып жатыр. Бұл қадам бүгінде сәнге айналған осы бір қауіпті кеселдің таралуын едәуір шектеп, бетін қайтаратынына сенімдімін», – деген ойымен бөлісті.

Біз ұстаз, ата-ана болғандықтан, балаларымыздың, жастардың болашағына алаңдаймыз. Бір айтқым келетіні, Мемлекет басшысының жолдауында, әр жерде сөйлеген сөзінде үлкен түйткілді мәселелер көтеріледі. Бір өкініштісі, соның көбі науқандық сипат алады да, уақыт өте келе ұмыт қалады. Меніңше, айтылған тың мәселелер күн тәртібінен түспей, қоғамда үнемі талқыланып, соған сай әрекет етуіміз керек.

                                                                                                  Ләйла КУДРЕЕВА,

химия және химиялық технология факультетінің декан орынбасары,

химия ғылымының кандидаты

 

 

БҮГІНГІ ЕҢ ҚУАНЫШТЫ ДА ҚҰНДЫ ЖАҢАЛЫҚ

Түркістанда өткен құрылтайда көтеріліп, биылғы Атырауда жалғасын тапқан қоғам үшін аса маңызды рухани тақырып – ұлттық кітап ісі. Президент Тоқаев осы жолғы құрылтай жиналысында Ұлттық кітап күнін белгілеу туралы ойын айтты. Бұл көпшіліктен қолдау табатын ірі рухани бастама. Дегенмен қандай күнге белгіленгені жөн?

Тас кітап – қолжазба кітап – баспа кітап секілді тарихи даму эволюциясынан өткен Қазақ кітабының күнін әлемде атап өтілетін Халықаралық балалар кітабы күніне (2 сәуір), Халықаралық кітап және авторлық құқық күніне (23 сәуір) қоймайтын шығар деген үміт бар. Себебі «ұлттық» деген белгісі бар ғой. Меніңше, бұл күн осыған дейін айтылып жүрген 3 қарашаға бекітілсе деген ұсыныс айтқым келеді. Өйткені 1920 жылы 3 қарашада Қазақ АССР Орталық атқару комитетінің «Қазақ мемлекеттік баспасын құру туралы» декреті қабылданып, «Қазмембас» құрылғаны белгілі. Аталған құжаттың еліміздегі баспа ісінің ұйымдастырылуы мен қазақ кітабының тарихындағы мәні өте зор. «Қазмембастың» ең бірінші шығарған кітабының «Әліппе» болуының өзі де тарихи оқиға.

Кітап – ақпарат таратудың ең көне түрі. Бұқаралық ақпарат құралдарының атасы да – кітап. Бүгінгі таңда интернет беттеріндегі көп дүниелердің кітаптан алынғанын да жоққа шығара алмаймыз, яғни көп жағдайда ғаламтордың өзі кітаптың электронды нұсқасы. Осы орайда, Ұлттық кітап күнін бекіту өзге де еліміздегі рухани құндылықтардың шешілуіне мүмкіндік беретінін айта кетуіміз керек. Көптеген мамандық иелеріне арнаулы дата болады. Сондай-ақ «Баспа ісі туралы» заң қабылдайтын уақыттың да пісіп-жетілгенін ашық айтқанымыз абзал. Бұл бір шетінен Қазақстан баспа ісін, кітап шығару мен тарату, кітапхана ісі секілді ең сүбелі дүниелерді қамтып, елімізде кітаптану ғылымын өрістетіп, кітап оқуды дамыту, электронды кітап жүйесін ілгерілету, тағы басқа да мәселелермен қатар, бастысы – оқитын интеллектуалды ұлт қалыптастыруға жағдай жасайтыны анық. Сондықтан Президенттің осы айтқаны мен үшін ең қуанышты жаңалық болды дей аламын.

Дәрмен СМАЙЫЛ,

Баспагерлік-редакторлық және дизайнерлік өнер

кафедрасының аға оқытушысы,

Ақпарат саласының үздігі

 

ҰЛТТЫҢ БЕТ-БЕЙНЕСІН АЙҚЫНДАЙТЫН НЕГІЗГІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР КӨТЕРІЛДІ

Атырауда Президенттің төрағалығымен Ұлттық құрылтайдың үшінші жиыны өткізілді. Биылғы құрылтайдың секциялары өз жұмысын 14 наурыз күні бастады. Ал негізгі жиын 15 наурыз күні өтті. Осы ел өміріндегі айтулы жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы өзгерістер туралы өз ойларымен бөлісіп қана қоймай, көптеген ұсыныстар мен бастамаларды ортаға салды.

Айта кетейік, Ұлттық құрылтай алғаш рет Ұлытау облысында 2022 жылы шақырылса, өткен жылы құрылтай мүшелері Түркістанда бас қосты. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың үшінші жиынында ел тағдыры үшін өзекті мәселелерге тоқталды. Президент өз сөзін Атырау облысының тарихи мәні мен стратегиялық маңызын түсіндіруден бастады.

Президент Атыраудағы үшінші Ұлттық құрылтай отырысында Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақстандық батырларды еске алу туралы айтты. «Соғыс жылдарында бұрын-соңды болмаған әскери және еңбек ерліктерін көрсеткен жерлестерімізді еске алу мақсатында мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мәлік Ғабдуллин, Сабыр Рахимов, Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және тағы басқа батырлардың есімдері еліміздің түкпір-түкпіріндегі елді мекендердің, нысандардың, көшелердің атауларында мәңгілік сақталады», – деді ол.

Авиация училищелері, авиабазалар мен әуежайлар «қанатты» батырлардың есімімен аталады. Ақтөбе қаласындағы Әуе қорғанысы күштерінің Әскери институты Талғат Бигелдиновтің есімімен аталады. Қарағанды әуе базасы Нұркен Әбдіровтің құрметіне аталды. Атыраудағы халықаралық әуежайға Хиуаз Доспанованың есімі берілді. Еліміздің ерлік шежіресінде талай жауынгердің есімі алтын әріппен жазылған.

«Бізде «Айбын» құрметті орденімен әскери қызметкерлер мен басқа да құқық қорғау органдарының қызметкерлері марапатталады. Сағадат Нұрмағамбетовтің, Бауыржан Момышұлының және Рахымжан Қошқарбаевтың есімдерін осы орденнің әртүрлі дәрежелеріне беруді дұрыс деп санаймын. Осылайша біз тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге және жауынгерлеріміздің ерлігін мәңгілікке қалдыруға тағы бір маңызды қадам жасаймыз. Бұл шешім осы марапаттарды даңқты жерлестеріміздің ерлік рухымен толтырып, олардың иегерлерін Отанға аянбай қызмет етуге шабыттандырады деп сенемін», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Құрылтай отырысында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы бұл алаңда ел үшін маңызды істер қолға алынып жатқанын атап өтті. Президент Елтаңбаны жаңарту мәселесін қарауды ұсынды. Сондай-ақ ол ел тарихындағы олқылықтардың орнын толтыру жолындағы жұмыстар туралы айтып, Екінші дүниежүзілік соғыс алыстаған сайын, бұл туралы тарихи және әскери мифтердің көбейіп бара жатқанын атап көрсетті. Сонымен бірге ол қазақстандықтарды ұлттық мүдде мен ел тәуелсіздігін қорғауға дайын болуға шақырды, Наурыз мейрамын тойлау туралы өз көзқарасын білдірді.

Қазақ тілінің қазіргі кездегі жағдайы және дамуы туралы мәселеге кеңінен тоқталды. Мемлекеттік саясаттың басты басымдығы қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейту болып қала бермек. Кәсіпкерлік, технология және ғылым тіліне айналып келе жатқан қазақ тіліне сұраныс жыл сайын артып келеді. Тілді одан әрі дамыту ағартушылық арқылы жүзеге асады.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құрылтайда айтылған барлық пікірлер мен ұсыныстарды қорытындылай келе, ұлттың бет-бейнесін айқындайтын бірқатар негізгі құндылықтарды айқындап берді. Оның сөзімен айтқанда, бұл – тәуелсіздік пен патриотизм.

Әділетті Қазақстанды құру – баршамыздың ортақ мақсатымыз. Осы үшінші Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы тарапынан көтерілген бастамалар мен ұсыныстарды жауапкершілікпен әрі уақтылы қамтамасыз ету барша жұрттың атсалысуымен ғана мүмкін болады. Біздің парызымыз – еліміздің ертеңі үшін аянбай адал еңбек ету. Президент өзінің мемлекет басшысы ретінде азаматтардың, әсіресе жастардың көзі ашық, дүниетанымы кең болғанын қалайтынын жеткізген. Өз кәсібін өте жақсы білетін, оған әбден берілген, еңбекқор адам ғана табысқа жете алады.

Сабырхан Смағұлов,

Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы

 

«АДАЛ АДАМ – АДАЛ ЕҢБЕК – АДАЛ ТАБЫС» ҮШТІГІНІҢ МАҢЫЗЫ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты үшінші отырысында сөйлеген сөзінде бұл жолғы құрылтайдың Көрісу мерекесі және қасиетті Рамазан айымен сәйкес келіп отырғанын және Атырау жерінде өтіп жатқан құрылтайдың маңыздылығын атап өтті.  «Елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым ете отырып, өткенге салауат айтып, өркениетті елге айналу үшін ұлт сапасын жақсартамыз десек, жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет» деді.

Сонымен қатар бірнеше маңызды мәселелерге назар аударды. Біріншіден, халықтың береке-бірлігін сақтау, ынтымағы жарасқан, ортақ мақсатқа ұйысқан ұлт қалыптастыруда зиялы қауымның рөлі зор екені және елдің тұтастығы зиялы қауымның бірлігі мен ауызбіршілігіне негізделетінін астын сызып айтты. Сондай-ақ қазіргі шиеленіскен геосаяси жағдайда өткен тарихқа шынайы қарау, жалпыұлттық деңгейде ойлай алатын, жеке мүддесі үшін емес, мемлекет мүддесі үшін қызмет ететін азаматтар көпке үлгі болуы қажет екені де айтылды.

Мемлекет басшысы мемлекеттік саясаттың басты құралы қазақ тілін өз тұғырына қондыру үшін жасалып жатқан жұмыстар туралы айта келіп:  «Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық» деді. Ағартушылықпен, әлем әдебиетінің жауһарларын аударумен айналысып жатқан баспагерлердің еңбегін атап өтті. Ешкімді мәжбүрлемей, күнделікті қажеттілік тудыру арқылы үйрету, қазақ тілін өз деңгейіне жеткізуге қамқорлық танытып, сөзден іске көшіп, нақты әрекет жасау қажет екені айтылды. Сонымен қатар жастарды кітап оқуға баулу, кітапқұмарлыққа үйрету қажет екені айтылды. «Шын мәнінде озық ойлы ұлт болудың ең төте жолы – кітап оқу. Сондықтан кітап оқу мәдениетін қоғамда барынша орнықтыруымыз керек» деді.

Ұлттық бірегейлікті нығайту мақсатында салт-дәстүрімізден ажырамас үшін Әз Наурыздың мәртебесін көтеру, Көрісу күніне айрықша назар аудару және ұлттық киімге басымдық беру, әсіредіншілдіктен туындаған үрдістерден аулақ болу, дәстүрлі отбасы құндылықтарын нығайту, ұлтқа тән ерекше  мәдени кодымызды сақтау мәселесі де назардан тыс қалмады.

Қорыта айтқанда, Мемлекет басшысы қазіргі уақытта қоғамда болып жатқан өзекті мәселелер туралы айтып, әрқайсысын шешу бойынша негізгі қадамдарды ұсынды. Әрбір азаматтың міндеті өз өзегінен айнымай, даралығын сақтай отырып, ұлт болып ұйысуға, білімді, ағартушылықпен айналысатын, ауызбіршілігі бар зиялы қауым өкілдері ретінде мемлекеттің дамуына үлес қосуға міндетті екенін ескертті.

   Алмаш Сейдикенова,

 ф.ғ.к., профессор, 

Дипломатиялық аударма кафедрасының меңгерушісі

 

ҚҰРЫЛТАЙДАН ҮМІТ КӨП

Елдігімізді танытып, еңсемізді тіктейтін құрылтайдың Атырауда өтуі атыраулықтар үшін де, бүкіл қоғам үшін де тың серпіліс болды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Атырау облысын «Ел тарихында айрықша орны бар аймақ, атақты хандарымыз ордасын тіккен шежірелі аймақ» ретінде атап, елеулі мәселелер көтерілетін құрылтай өткізілетін орын ретінде таңдап алуы атыраулықтардың мерейін тасытқаны рас.

1333-34 жылдары Сарайшыққа келген араб саяхатшысы Ибн Батута: «Сарайдан шығып, он күннен кейін Сарайджук деген қалаға жеттік. Қала «Ұлы су» деп аталатын үлкен өзеннің жағасында орналасқан. Өзеннің үстінде сал көпір бар екен. Мен мұндай көпірді тек Бағдад қаласынан көрдім», – деп жазған еді. Мұхамед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» атты еңбегінде Берке ханның Сарайшықты қалай астана қылғаны, оны қалай құрғаны жайлы жан-жақты жазылған. Сондай-ақ Әбілғазы бахадүрдің еңбектерінде, ағылшын көпесі Антоний Джекинсонның жазбаларында да Сарайшық қаласы туралы мәліметтер берілген. Қазақстанда археология мектебінің негізін салған ғалым  Әлкей Марғұлан 1950 жылы Сарайшық қаласының орнына археологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, қаланың іргетасы ХІІ ғасырда қаланғанын айтқан еді. Ғалым Сарайшық қаласында қыш күйдіру, темір қорыту цехтары, ұстахана, ақша жасау шеберханалары болғанын нақты дәйектер арқылы дәлелдеген. Сарайшықта жеті ханның сүйегі жерленген. Сол себепті Мөңке Темір, Тоқтағу (Тоқты), Жәнібек, Әмір Оқас, Қасым хан, Шейх Мамай, Жүсіп хандарға арналып жеті құлпытас қойылған.

Осыған орай, мәдениет және ақпарат министрі А.Балаеваның ортағасырлық Сарайшық қаласының тарихын қайта жаңғыртуға қатысты ұстанымдары көңілге қуаныш ұялатады.  Сонымен қатар Қазақстан жазушылар одағының басқарма төрағасы Мереке Құлкеновтің Сарайшық қаласының түп тарихын зерттеу, құндылықтарын дәріптеу әлі жеткіліксіз екенін ескерте келіп, Бейбарыс, Махамбеттерге арналған ғылыми орталықтар ашу туралы ұсынысы да өте орынды деп есептейміз. Мәжіліс депутаты  Жанарбек Әшімжан елімізде материалдық емес құндылықтардың түгенделмей жатқаны, Арқа даласында, Маңғыстау жерінде, әр өңірде қазақтың ұлттық құндылықтары әлі де толық зерттелмей жатқаны туралы тұжырымы төл тарихымыздың жаңа қарқынмен зерттелуіне түрткі болар деген ойдамыз. Төл тарихын біліп өскен ұрпақ елін, жерін, тарихын мақтан етіп, елінің ертеңі үшін жанын аямайтын, Қазақстанды өркениетті елдер қатарына қосуға өз үлесін қосатын азамат ретінде қалыптасатыны түсінікті.

«Ұлы су» аталған, Мұрат Мөңкеұлы «Жеті жұрт келіп, кеткен жер» деп сипаттаған Жайық өзенінің ахуалы бүгінде өте қиын. Балығы тайдай тулаған Жайық қазіргі кезде тартылып, көз алдымызда құрып барады. Сол себепті  аймақтағы экологиялық ахуал да жыл өткен сайын ушығуда. Осыған байланысты Президентіміздің облыстың экологиялық ахуалына алаңдап, үкіметке, облыстың әкімдігіне тапсырмалар беруі, бұл бағыттағы жұмыстарды өз бақылауына алатыны туралы сөзіне көпшілік риза болды. Ұлттық құрылтай мүшелерінің елдің әлеуметтік-мәдени дамуына, білім мен ғылымға, ұлттық, мә­дени мұраны сақтауға қатысты ұсыныстары нәтижелі болғай!

О.Жұбай,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың

қауымдастырылған профессоры,

филология ғылымының докторы

 

 

ҚОҒАМ ТАЛАБЫ НАЗАРДАН ТЫС ҚАЛҒАН ЖОҚ

Биылғы кезекті құрылтай отырысы игі жақсылыққа негізделген мерекелермен тұспа-тұс келіп отыр. Осыған орай, Президент алғашқы сөзін Көрісу күнімен құттықтаудан бастады. Құрылтайдың өткізіліп отырған мекеніне қатысты, ынтымағы жарасқан еліміздің тарихи мол мұрасын тілге тиек етті. Бұл тарихи шолудың өзі кейінгі ұрпаққа тереңнен ой саларлық болды десек қателеспейміз. «...Біз елдігіміздің негізін қалап, оны ұрпаққа табыстаған бабалар рухына тағзым етеміз. Алайда өткенімен ғана өмір сүретін жұрт өркениетті ел бола алмайды. Ұлт сапасын жақсартамыз десек, бір ел болып жаңа құндылықтар жүйесін қалыптастыруымыз қажет. Құрылтай – ешқашан той тойлап, әңгіме-дүкен құратын жиын болған емес, келешекте де ондай болмайды», – деп нық айтылған пікірі кемел келешекке бағыттайды.

Құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» деп аталуының өзі адал азаматтың әр әрекеті адал берекет береріне сенім білдіреді. Сондай-ақ бүгінде белең алып отырған есірткі мен нашақорлық, лудомания, тұрмыстық зорлық-зомбылық, буллинг және агрессия, вандализм, ысырапшылдық секілді кеселдермен жұмылған жұдырықтай бірге күресіп, түбегейлі жоюды мақсат етті. Жалпыұлттық деңгейде ойлауға ұмтылу қажеттігін баса айтып, ұлт ретіндегі басты құндылықтарымызды қашанда, қайда болса да, дәріптеп жүруді естен шығармауға үндеді. Әр саладағы тіршілік көзіне айналған әрбір мүмкіндік, адамзатпен бірге дамып келе жатқан қоғам талаптарының әрқайсысы назардан тыс қалған жоқ.

Қырмызы Жұмабекова,

Педагогика және білім беру менеджменті кафедрасының

аға оқытушысы

 

БЕС ҚҰНДЫЛЫҚ, БЕС КЕСЕЛ СӨЗ БОЛДЫ

 

Биылғы өткен Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы қоғамымызда қордаланып қалған көптеген өзекті мәселелердің жан-жақты талқылануымен ерекшеленіп отыр. «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» тақырыбында өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың сөйлеген сөзі әрбір қазақстандықты тебірентіп, әрқайсымызға терең ой салғаны анық. Әсіресе ұлы Абай атамыздың «Бес нәрседен қашық бол, бес нәрсеге асық бол» деген өсиетін негізге ала отырып, Президентіміз нені бұлжытпай сақтауымыз керек, нендей жағымсыз әдеттерден арылуымыз керектігін анық тұжырымдап берді. Атап айтар болсақ, қазақстандықтар үшін көздің қарашығындай сақтауды қажет ететін бес құндылық:

- Қазақстан халқының бірлігі;

- тамаша табиғат пен археологиялық маңызы зор тарихи жәдігерлер;

- ұлттық бірегейлік;

- ата-бабамыз ұстанған дәстүрлі дін, яғни сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабы;

- тарихи әділдік.

Ал Мемлекет басшысы атап көрсеткендей, бүкіл ел болып күресетін жағымсыз бес кеселге мыналар жатады:

- нашақорлық, электронды темекі шегумен қатар, насыбай ату сияқты зияны мол жаман әдеттер;

- құмарпаз ойынға тәуелділік, яғни лудомания;

- тұрмыстық зорлық-зомбылық, азаматтар арасындағы қатыгездік пен әлімжеттік (буллинг);

- вандализм;

- ысырапшылдық.

Бұлардың барлығы Қазақстан қоғамындағы көкейкесті өткір мәселелер. Сондықтан да еліміз үшін маңызды құндылықтарды сақтау және қоғамға қауіпті кеселдермен күресуге зиялы қауым, ақпарат құралдары, үкіметтік емес ұйымдар, барша халық «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарып, бір кісідей жұмылуы керек. Президент Қ.Тоқаев мұны әрбір азаматтың және барша қоғамның міндеті деп түсінуіміз қажеттігін шегелеп тұрып айтты. Себебі бұлар стратегиялық маңызы аса зор, ел-жұртымыздың болашағына тікелей қатысы бар мәселелер.

Сейілбек Мұсатаев,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Саясаттану және

саяси технологиялар кафедрасының профессоры, саяси ғылымдар докторы

 

 

ҰЛТТЫҚ КІТАП КҮНІН ҚҰПТАЙМЫН

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Атырауда өткен үшінші құрылтайда «халықтың бірлігін сақтау аса маңызды, ұлтымыз ынтымақтаса ортақ мақсатқа ұмтылғанда береке болатынын, ал оны жастарға үлгі ететін аға буын мен зиялы қауым» деп ерекше атап өтті.

Тағы бір келелі мәселе – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту мәселесіне тоқталды. Осы орайда, қолға алатын шаралар – ағартушылық, яғни шет тіліндегі туындыларды қазақ тіліне аудару, ана тілімізде де көптеп кітап шығару, халықты кітап оқитын ұлтқа айналдыру жайына ерекше тоқталды. Ал ол үшін кітапхана ісін қолға алып, атап айтқанда: жабылып қалған кітапханаларды қайта ашу, бар кітапханаларды заман талабына сай жаңғырту туралы ойын ортаға салды. Тәулік бойы жұмыс істейтін кітапханалар ашу, Ұлттық кітап күнін белгілеуге нақты тапсырмалар берді.

Келесі атап өткен мәселенің бірі – тарихымызды терең зерттеу. Бұл ретте Алтын Орда брендін қалыптастырып, оны елімізді әлемге таныту үшін пайдалану, еліміздегі табиғи және тарихи мекендердегі ерекше нысандарды зерттеп, ЮНЕСКО мұралары тізіміне енгізу жайына да тоқталды. Мәдени мұраларымызды сақтап, дәріптеу керегін, атап айтқанда, археологиялық ескерткіштердің тоналуын тоқтатып, мұражайларды қалпына келтіріп, тарихи жәдігерлерді көздің қарашығындай қорғап, ұрпаққа қалдыру мәнін  ашып айтты.

Солардың ішінде, Наурыз мейрамын атап өту аясында Ұлттық киім күні белгіленгенін, дін мәселесі бойынша Қазақстан мұсылмандары сунниттік бағыттың ханафи мазһабын ұстану керегін, Елтаңбаны жетілдіру қажет екеніне пікір білдірді. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында тарихи әділдікті қалпына келтіру үшін  мұрағат материалдарын мұқият зерттеп, осы орайда, «Қазақстанның қаһарман майдангерлері» жобасын жасау қажет екенін айтты. Сонымен қатар қоғам дертіне айналып бара жатқан нашақорлық, ойынқұмарлық, тұрмыстық зорлық-зомбылық, ысырапшылдықпен күресу, халықтың баспанамен қамтылу мәселесін шешу және еліміздің экономикасын көтеру үшін халықаралық сауда-саттықты, IT-технологиясын дамыту сияқты елеулі мәселелерді сөз етті.

Айжан АСЫЛБЕКОВА,   

Картография және геоинформатика кафедрасының меңгерушісі,

PhD

 

ҰЛТТЫҚ ИММУНИТЕТ ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА МҮДДЕЛІМІЗ

 

Атырауда өткен жиын Ұлттық құрылтайды институт ретінде қалыптастырып, дамытты. Құрылтай бұған дейін де өткеніне қарамастан, осы жолы Ұлттық құрылтайдың қарастыратын мәселелері мен құқықтық мәртебесі айқындалғандай. Құрылтай қоғамның топтасқан рухани мәселелерін қарастырып, білім, ғылым, азаматтық қоғам секілді өзекті мәселелермен қатар, мемлекет өміріндегі іргелі дін, діл секілді сауалдарға жауап іздеп, ой бөлісетін платформаға айналып отыр.

Алтын Орданың рухани мұрагері ретінде заманауи Қазақстан да Үлкен Еуразиядағы маңызды саяси күш екенін көрсете отырып, Ежелгі Сарайшық қаласының қасында орын тепкен Атыраудағы жиын бірінші кезекте сакралды, рухани күшке ие батыс өңірден бастау алды. Жаңа Қазақстанды мазалайтын көптеген мәселелер, дін мен діл, ұлттық болмыс, заманауи қоғамның өзегі болып табылатын бірлік мәселесі Атыраудағы жиынға арқау болды. Жылдам өзгеріп келе жатқан технологияларды пайдалана отырып, адамзат рухани азықтан алыстамауы тиіс. Компьютерлік технологиялар мен ғылыми жетістіктердің пайдалы тұстарын игеру адами құндылықтарға қайшы келмеуі керек.

Бірлік мәселесі әрқашан еліміз үшін маңызды вектор болғаны айқын. Бірлігі жарасқан ел ғана ұлы міндеттерді еңсеріп, жаңа жетістіктерге қол жеткізе алады. Бойындағы нашар қасиеттерді еңсеріп, нық қадам жасау үшін ұлт өзіне сарап жасауы керек. Заманауи үдерістер тек жақсылық әкеледі деп айту қиынға соғар. Жаңа технологиялармен бірге елімізге абюзерлік, лудомания, нашақорлық сынды кері құбылыстар да келуде. Бұл белгілі дәрежеде жаһанданумен де байланысты үдеріс. Демек, жаһанданудың өзін ұлтымыз сақтықпен қабылдап, қоғам мен елдің дамуына кері ықпал ететін факторларға қарсылық көрсетіп, ұлттық иммунитет қалыптастыруға міндеттіміз. Ұлттың ұлт болуы адам капиталының сапасымен айқындалады. ХХІ ғасырдың негізгі ресурсы – адам. Адамды сыйлайтын, адам мүддесімен өмір сүретін қоғам ғана алға қадам басады. Міне, осы мәселелер Атырау төрінде талқыланды.

Кәмила Алтаева,

PhD, қауымдастырылған профессор

 

 

ӘЛЕМДІК СТАНДАРТҚА САЙ ЖОБА

Таяуда Атырау қаласында Ұлттық құрылтайдың III отырысы өтті. Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев елдің идеологиясын нығайтып, қауіпсіздігіне қалқан болатын қадау-қадау мәселелерге тоқталды. Ағартушылық қызметтің маңызына мән беріп, болашаққа бағдар жасады. Әсіресе елімізде кітапхана ісінің кенжелеп қалғанын тағы бір еске салып, жақын болашақта екі ірі мегаполисте – Астана мен Алматыда заманауи үлгідегі қос ғимарат пайдалануға берілетінін сүйіншіледі. Керемет жаңалық! 24/7 форматында тәулік бойы жұмыс істейтін білім мен ғылымның құтханасы іске қосылып, оқырман қауымның игілігіне айналса, әлемдік стандарқа сай болары анық.

Интеллектуалды ұлтқа айналып, техногенді дәуірдің дүбіріне ат қосып, бәйгенің алдын бермес жас буынның айы оңынан туып, асығы алшысынан түсе берсін! Жаңа келбетін айқындап, тың серпін алып келе жатқан Отанымыздың олжалы сәттері көп болғай!

Бекжан ӘШІРБАЕВ,

журналистика факультетінің аға оқытушысы

 

 

САПАЛЫ БІЛІМ – ЖАРҚЫН БОЛАШАҚҚА ЖОЛ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайда алдымен халықты Көрісу күнімен құттықтап, ұлттық мерекемізге қасиетті Рамазан айының сәйкес келгенін және Ұлттық құрылтайдың өтіп жатқаны айрықша екенін атап өтті. Алғашқы отырыс қасиетті Ұлытау жерінде, былтырғы жиын киелі Түркістанда өтсе, биыл төл шежіремізде айрықша орны бар тарихи өлке – Жайық жағасындағы Атырауда өтуінің де себебі бар екенін айтты. Бұл тарихымыз бен мәдениетімізді жаңғырту, ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында екенін баса айтуға болады.   

Сонымен қатар халықтың береке-бірлігін сақтау маңызды екендігі, аға буынның жас ұрпаққа жол нұсқап, бағыт-бағдар беру керектігі де айтылған. Тағы бір ерекше тоқталатын жайт – қазақ тілінің қолдану аясын кеңейту, сұранысты арттыру, жастарды кітап оқуға баулу, интернетті талғаммен пайдалану, лудомания, отбасылық зорлық-зомбылық, вандализм, ысырапшылдық секілді аса маңызды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ  өнімді еңбек етіп, сапалы білім алып, ортақ мақсатқа жұмыла білу – жарқын, қуатты, дамыған мемлекетті құруға жетелейтін жол екенін атап, бірігуге, тәртіпке бағынуға, Отанды құрметтеуге шақырды.

Еңлік ҮСІПБЕКОВА,

әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физикалық химия,

катализ және мұнайхимиясы кафедрасының оқытушысы

 

ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚТАРҒА МӘН БЕРІЛДІ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтайдың «Адал адам – адал еңбек – адал табыс» атты үшінші отырысында ең алдымен барша халықты Көрісу күнімен құттықтады. «Ұлыстың ұлы күні табиғат пен тұтас тіршілік жаңарады. Ал құрылтайда қоғамдық құндылықтарды жаңғырту үшін маңызды қадамдар жасалады. Жаңару мен жаңғыру жақсылыққа жол ашады. Сондықтан құрылтай мүшелерінің жылына бір рет алқалы жиында бас қосуы игі дәстүрге айналды», – деді.

Сонымен қатар жастарды кітап оқуға баулуымыз керектігі айтылды. «Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз. Тәуелсіздік кезеңінде елімізде кітапхана ісі кенжелеп қалды. Тоқсаныншы жылдардағы аласапыран уақытта мыңдаған кітапхана жабылды. Миллиондаған кітап қорынан айырылдық. Соңғы жылдары жағдайды түзеу үшін әрекет жасалып жатыр», – деп кітап оқуға шақырды.

Президент ұлттық құндылықтарға да тоқталып өтті. «Кейбір ірі компаниялар мен оқу орындары ұлттық нақышта киіну үрдісін енгізіп жатыр. Бұл өте орынды бастама, оны қолдап, ауқымын кеңейте түскен жөн. Әсіресе қазіргі таңда мұндай қадамдардың мән-маңызы айрықша. Себебі соңғы жылдары ел ішінде қара киініп, тұмшаланып жүретін адамдар пайда болғаны баршаңызға мәлім. Олар бөтен емес, өз азаматтарымыз. Халқымыздың дүниетанымында қара киініп жүру деген атымен болмаған. Бұл – еліктеушіліктен, әсіредіншілдіктен туған үрдіс. Біз салт-дәстүрімізден ажырамауымыз керек. Радикалды неофиттар халқымыздың салтында жоқ киім үлгілері арқылы жат діни идеалдарды қоғамға таңуға тырысып жүр. Бұл біздің дәстүрлі ұғымдарымыз бен құндылықтарымызға жасалып жатқан ашық шабуыл екені анық. Біз бабаларымыздың сан мыңжылдық діни ілімі мен рухани бағдарына арқа сүйеуіміз керек. Еліміздің рухани дербестігін сақтап, оны нығайта түсеміз десек, түркі халықтарының көпшілігінің, соның ішінде қазақтардың дәстүрлі діні – сунниттік бағыттағы ханафи мәзһабына ден қоюымыз қажет», – деп нық айтты.

Г.ЖАҚСЫЛЫҚОВА,

Физикалық химия, катализ және мұнайхимия кафедрасының доценті

 

ҚҰРЫЛТАЙДА АУҚЫМДЫ МӘСЕЛЕЛЕР ҚАМТЫЛДЫ

Атырау қаласында өткен Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт  Тоқаев ең алдымен тіл мәселесіне тоқталды. Қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келе жатқаны айтылды. Қазақ тілі бизнестің, ғылым мен техниканың тіліне айнала бастады. Бұл үрдісті одан әрі дамытудың ең тиімді әрі төте жолы – ағартушылық. Сосын шежіремізге баса көңіл аудару керектігі сөз болды. «Соңғы кезде ата-бабасының, жерлесінің есімін ұлықтауды сұрап, ұжымдық хат жазу әдетке айналып барады. Атасына ескерткіш қоюды, көшеге атын беруді өтінетіндер көбейді. Бұл жағымсыз жағдай», – деді. Зиялы қауымның бірлігі жайлы да сөз қозғалды.

Мемлекет басшысы сондай-ақ жерасты мешіттерін ЮНЕСКО тізіміне қосу туралы айтты. Бұл жердегі тағы бір таңғажайып мұра – жерасты мешіттері. Батыс аймақта осындай 20-дан астам мешіт бар. Мұның өзі еліміздің рухани кеңістігінде ерекше дәстүрлер болғанын және тамыры тереңде жатқанын көрсетеді. Оның бәрін мұқият сақтап, жер жүзіне танытуымыз қажет екенін, комиссиямен бірлесіп осы нысандарды ЮНЕСКО мұралары тізіміне қосу жөніндегі жұмысты бастауды тапсыратынын жеткізді.

Құрылтайда тоналған ескерткіштер жайы да назарға алынды. Соңғы жиырма жыл ішінде еліміздегі аса маңызды археологиялық ескерткіштердің көбі әбден тоналды. Тіпті еліміздің аумағынан табылған құнды жәдігерлерді Қазақстандағы, шетелдегі жеке коллекциялардан және әлемнің әртүрлі мұражайларынан көретінімізді және бұл мәселені шұғыл қолға алу керек екенін айтты. Президент тоқталған мәселелер қазіргі таңда күйіп тұрған өзекті мәселелер екені айдан анық. Яғни қазақтың ұлттық құндылықтарын, тарихын сақтау мақсатында айтылған бұл мәселелерге өз кезегінде үкімет тарапынан да, жеке жанашыр азаматтар тарапынан да қолдау болса, нұр үстіне нұр болар еді.

Дамира ЮСАЕВА,

Биоалуантүрлілік және биоресурстар кафедрасыынң аға оқытушысы, б.ғ.к.

 

ДӘСТҮРДІ ЖАСТАРДЫҢ БОЙЫНА ЕРТЕ ЖАСТАН СІҢІРУІМІЗ ҚАЖЕТ

Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өсіп келе жатқан жас буынның санасына рухани құндылықтарды, кешегі өткен тарихты, қазақ ұлтының діні мен салтын құйып отыру біздің адамдық борышымыз екендігін айтты. Отанның отбасынан басталатынын осы жерде ескеріп, рухани байлығымызды, соның ішінде қазақы дәстүрді, тілді мектеп қабырғасында ғана оқытып қоймай, күнделікті үй тәрбиесінде баланың санасына құйып отыру ата-ананың міндеті деп санаймын. Жастар үшін ана тілінде сөйлеуді, ұлттық киімімізді паш етіп жүруді, қанында тектілік бар рухы биік қазақ баласы екенімен мақтанып жүруді трендке айналдыру қажет. Сонда ғана арбамыз алға дөңгелеп, өзге ұлтпен тең тұратын, елім дейтін ұрпақты тәрбиелей аламыз. Мемлекет басшысының қазақ рухын көтеретін осындай қолдауы баршамызды қуантты.

Тоштай ҚАЙНАУБЕК,

физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасы  м.а. доценті

 

ТІЛДІ ДАМЫТУҒА ӘРҚАЙСЫМЫЗ ҮЛЕС ҚОСУҒА ТИІСПІЗ

ІІІ құрылтай мүшелері ел дамуының бағыт-бағдарын айқындайтын өзекті мәселелерді талқылады. Соның ішінде «Білім және ғылым» тақырыбы да талқылаудан тысқары қалмады.

Мемлекет басшысының қатысуымен өткен құрылтайда тіліміздің қолдану аясын кеңейте түсу мемлекеттік саясаттың басты бағыты болып қала беретіні айтылды. Бүгінде академиялық таптырмас оқулықтардың қазақ тіліндегі нұсқаларын кітапхана сөрелері мен кітапхана сайттарында және басқа қосымша сайттарда қолжетімді болуы ғылымға құштарлықты оятып, қазақ тілінің ғылым мен техниканың тіліне айнала бастауына салынған жол іспетті. Тек академиялық емес, түрлі әлеуметтік, психологиялық, тұлғалық даму бағытындағы авторлар тілінің қазақ тілі екендігі осы саясаттың мәнін аша түсетіндей.

Елімізде қазақ тіліне деген сұраныс жыл өткен сайын артып келеді. Тіл маманы ретінде де, азаматтық борышым ретінде де, мен өзімді тіліміздің қолдану аясын кеңейу бағытының қолдаушысы әрі үлескерімін деп білемін. Мемлекеттік тіл мәртебесін көтеру күнделікті «аман-саулықты сұрасудан» басталады. Осы жолда қажетінше менен өтінген адамдарға жан-тәніммен тіл үйретуге ашықпын. Әлеуметтік желілердегі парақшамды қазақ тілінде жүргізуім, бұлардың барлығы менің деңгейімдегі шағын әрі нақты қадамым мен махаббатым деп білемін. Барлық азаматтар осылайша өз шеңберінде үлескер бола алатынын ескергеніміз жөн.

Бала күнінде анасы мен әжесінің ертегілерін ұйып тыңдап өскен қиялы ұшқыр балалардың ересек өмірдегі қиялының шыңы меңгерген мамандықтарында, ғылымда, технологияларда көрінеді деп білемін. Қиял мен нәтижені байланыстырушы білімді біз үздіксіз алып отыруымыз керек. Ал білім кітапта екені айтпаса да белгілі. Жастарды кітап оқуға баулу жайлы айтылған сөз көңілімнен шықты. Қоғамдық бірігуді дамыту, жалпыұлттық құндылықтарды ілгерілету және нығайту – әрбіріміздің міндетіміз.

Сауле БЕКТЕМИРОВА,

Түркология және тіл теориясы кафедрасы доценті