ТҰҢҒЫШ КӘСІБИ ЕЛШІ

19 наурыз, 2024

Өткен ғасырдың басында ұлт үшін өлшеусіз қызмет еткен Алаш қайрат­кер­лерінің ішінде Нәзір Төреқұловтың есімі ерекше құрмет­пен аталады. Ол кісіні ұлтымыздың арасы­нан шыққан тарихи тұлғалардың бірі, көрнекті мемлекет және қоғам қайрат­ке­рі ретінде тануға тек еліміз дербес сая­са­тын жүргізе бастаған соңғы кезде ғана мүмкіндік туды.

Яғни Нәзір Төреқұлов – XX ғасыр басындағы ұлы өз­ге­рістер кезеңінде тарих тол­қы­нымен сахнаға шыққан кү­рескер. Дүниетанымы де­мо­кратиялық бағытта қа­лып­тасқан мемлекет және қо­ғам қайраткері. Жиыр­ма­сыншы жылдары Түркістан Республикасының бірінші хат­шысы болып сайла­нуы­ның өзі көп жайтты аңғарт­қан­дай.

Нәзірдің ата-бабасы Оң­түстік Қазақстан облысының Қандөз ауылының төл ба­ла­сы. Болашақ кеңес дипл­о­маты, мемлекет қайраткері, ға­лым 1892 жылы қазан айын­да Сыр бойының Түр­кістан өңірінде мақта сау­да­сымен айналысатын дәулетті отбасында дүниеге келді. Әкесі Төреқұл заң және сауда қызметкері, ал анасы Гүлбаһрам – тәжік қызы, аса діндар адам болған. Тө­ре­құл­дың үш баласының тұң­ғышы Нәзір, екінші ұлы Әб­ді­қадыр және Фатима атты қы­зы болды. Балалық, жас­тық шағын Қоқан қаласында өткізіп, осындағы медре­се­де, орыс-түзем мектебінде оқып, 1913 жылы Қоқан коммерция училищесінің се­гізінші класын ойдағыдай аяқтаған Н.Төреқұлов Мәс­кеу коммерция институтына (қазіргі Г.В.Плеханов атын­да­ғы Ресей экономикалық университеті) оқуға түседі. Мұнда экономикалық пән­дер­ді оқып-үйренумен қа­тар, Нәзірдің өзі бала жа­сы­нан зор қабілеттілігін та­нытқан шет тілдерді үй­ре­нудің жаңа мүмкіндігі туды. Орыс және түрік тілдерін же­тік біліп, француз бен неміс тілдерінде еркін сөйлей ала­тын дәрежеге жетті. Мәс­кеу коммерция инс­титутының 3-курсынан 1916 жылы өз ер­кімен Батыс майданының «Земсоюз» нұсқаушылығына сұранып, Орта Азия жас­та­рының саяси күресін бас­та­ған серкесіне айналды. Өз ғұмырын халық азаттығы жолындағы күреске арнаған Нәзір 1917-1920 жылдары үгіт­шілік, сауат ашу т.б. идео­логиялық жұмыстармен ай­налысып, «Қазақ мұңы», «Халық газетасы», «Янги шарқ» газеттеріне редак­тор­лық жасады. Минск ма­ңында Қазақстаннан барған жастардан «Еркін дала» атты жасырын ұйым құрады. Ұйым­ның мақсаты шығыс халықтарының ұлт-азаттық қозғалысына көмектесу еді.

1927 жылы Нәзір Төре­құл­ов БКП(б) ОК-ның және КСРО Сыртқы істер халық комис­са­риатының резервіне алы­на­ды. Яғни сыртқы істер нар­комы тәжірибесі мол, білім­ді адам ретінде оны осы іске лайықты деп тапты. Сол жылдары Нәзір Төреқұл­ов­тың кандидатурасын жақта­ған КСРО Сыртқы істер ха­лық комиссариаты Ста­лин­нің аты­на ресми хат жолдайды. Сталин оны осы орынға ла­йықты деп тауып, келісімін береді. 1927 жылдың 24 қа­ра­шасындағы Саяси бюро­ның мәжілісінде (№137 хат­тама) жолдас Н.Төреқұловты Хиджаз, Неджд және бірік­ті­рілген аймақтарға елші етіп жіберу жөнінде шешім қа­был­данады.

1928 жылы небәрі 36 жа­сын­да ол Хиджаздағы (Сауд Ара­биясы) КСРО-ның өкі­лет­ті уәкілі болып тағайын­да­ла­ды. Ол кезде мұндай жауап­ты қызметке жас адамның та­ғайындалуы диплома­тия­лық тәжірибеде өте сирек кез­десетін жайт. Сауд Ара­бия­сында екі жыл жұмыс іс­тегеннен кейін, 1930 жылы ақ­панда Нәзір Төреқұлов Хан­зада Фейсалға төтенше және өкілетті елші ретінде сенім грамоталарын тапсыр­ды. Бұл мұсылман әлемінің рухани орталығы – Мекке қа­ласында болды. Жаңадан ір­гесі қаланып, әлемді тек мұ­найымен ғана емес, ру­хани байлығымен де аузына қа­рат­қан Сауд Арабиясына КСРО-ның елшісі болу ән­ше­йін­гі кезекті қызмет емес еді.

Сауда-саттық, шаруа­шы­лық саласында жасаған ұлан-ғайыр қызметімен қа­тар, король отбасымен жа­қын араласып, игілікті көп іс­тер атқарады. Король Әб­дел Әзиз әл-Саудтың мұра­гері Ханзада Фейсалдың КСРО-ға 10 күн бойы сапар шегуін ұйымдастыруы да елшілік қызметіндегі үлкен табысы, айрықша қайрат­кер­лігі еді. Оның терең білімі мен кәсіби дағдысына, ада­ми болмысына тәнті болған король мен оның отбасы оған ерекше құрмет көр­сет­ті. Ауғанстан, Түркия, Иран, Ирак, Сирия, Иордания ел­ші­лерімен де араласып, дос­тық қарым-қатынас орнатуға мүм­кіндік туғызуы сол кезде елшілікке қазіргідей жағдай туғызылмағанын ескерсек, адам сенбейтін ерлік еді. Сондай-ақ Н.Төреқұловтың еңбекқорлығы, батыл ойы, жергілікті шейхтермен қа­тар, «антагонистердің» – Анг­лиядан, басқа да Батыс Еуропа елдерінен келген дип­ломаттардың тілін тап­қан шеберлігі қайран қал­ды­рады.

Н.Төреқұловтың Сауд Ара­бия­сындағы сегіз жылға со­зылған дипломатиялық қыз­меті бірнеше ғасырлық тә­жірибесі бар Ресей дип­ло­матиясында да жоғары ба­ғаланып отырғаны қуа­ныш­ты. Ол кезеңде ұзақ уақыт елшілік қызметте болған Н.Тө­реқұлов қана болды. Со­нымен қатар оның елшілік дарыны мен күш-жігері Сауд Арабиясы тарапынан да өте жоғары бағаға ие болғаны аян.

1936 жылдың басында дип­ломат Мәскеуге шақы­рыл­ды. Шамамен бір жыл КСРО ОСК Ұлттар кеңесінің жанындағы Тіл және жазу инс­титутында аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істеді.

1937 жылы 3 қарашада пан­тюркистік үгіт-насихат және «Кеңес өкіметінің бас­шы­ларымен күресудің тер­рористік әдістеріне» шақыру бойынша алыпсатарлық айып тағылып, сол күні атыл­ды. Осы кезден бастап Сауд Арабиясы Корольдігі мен Кеңес Одағы арасындағы қарым-қатынас жарты ға­сыр­ға жуық у ақытқа тоқта­тыл­ды.

Тарихи әділеттілік тек 1958 жылы, Төреқұловты Жо­ғарғы соттың Әскери ал­қасы қылмыс құрамының жоқ­тығынан ақтаған кезде ғана жеңіске жетті. КСРО мен Сауд Арабиясы арасындағы қарым-қатынас тек 1990 жылы қалпына келді.

Қазақстан Респуб­ликасы­ның Президенті Қасым-Жо­март Тоқаев ол туралы бы­лай деп жазады: «Нәзір Тө­реқұлов өткен ғасырдың 30-жылдарындағы саяси аспанда жарқын құйрықты жұлдызбен ұшты. Алайда Нәзір Төреқұловтың тағдыры қай жерге тасталса да, ол өзін Кеңес мемлекетінің жар­қын болашағына шын жүректен сенетін сезімтал сая­саткер, зерек, жігерлі адам ретінде көрсетті. Ол өз халқының және өлкесінің па­триоты болды. Н.Төре­құлов­тың тек мемлекет қай­рат­кер­леріне ғана тән көш­бас­шылық қасиеттері, нәзік және кө­ре­ген талғампаздық таланты, оның өмірінің диплома­тия­лық кезеңінде барынша айқын көрінді».

Қазіргі уақытта Әл-Фа­ра­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті халықаралық қаты­настар факультетінде Нәзір Төреқұлов атындағы кон­фе­ренц-зал жұмыс іс­тей­ді. Мем­лекет және қоғам қайраткері, ғалым, дипломат Нәзір Тө­ре­құлов атындағы аудиторияда түрлі халық­ара­лық ғылыми конферен­ция­лар, симпо­зиум­дар, дә­ріс­тер, сабақтар, шетелдік ғалымдар мен профессор­лар­дың кездесу­ле­рі өтіп тұрады.

Өткен жылдары Нәзір Тө­ре­құл­овтың 130 жылдығына арналып, ҚазҰУ-дың «Қазақ уни­верситеті» баспасынан «Ғи­братты ғұмыр» серия­сы­мен «Нәзір Төреқұлов» атты көлемді кітабы шықты. Бұл кітаптың маңыздылығы – еліміздің көрнекті тұлғалары мен нәзіртанушылардың жү­рек­жарды пікірлері мен ғы­лыми ізденістерінің берілуі, оған деген қызығушылық та­нытуында. Мәселен, ҚазҰУ-дың Басқарма Төра­ға­­сы – Ректоры Ж.Түймебаев мырза басылымға алғы сөз жазды. Ол «Қазақтан шыққан тұңғыш елші, саясаткер, ірі реформатор, ағартушы, бас­пагер-журналист, дарынды мемлекет және қоғам қай­раткері Нәзір Төре­құлов­тың қайраткерлігі келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Халқымыздың ру­хани жаңғыруына өзек болған Нәзір Төреқұловтай тұлғаның мұраттары қазақ хал­қымен бірге биіктей бер­мек», – деп атап өтті.

 ҚазҰУ-да жылда «Фараби оқулары» атты ғылыми фо­румы өткізіліп тұрады. Міне, осы ғылыми форумда «Дип­ломатия және ұлттық мүд­де­лер» атты Нәзір Төреқұлов оқулары және басқа да ғылыми жиындар ұйым­дас­тырылып, онда факультеттің оқытушы-профессорлар құрамы мен жас ғалымдары өз ғылыми ізденістерін ор­та­ға салып, пікір алмасып отырады.

Халқына қалтқысыз қыз­мет етіп, соңына өшпейтін мол мұра қалдырған Алаш­тың адал перзенті, мем­ле­кет және қоғам қайраткері Н.Төреқұлов жұлдызы жыл өткен сайын нұрланып, жар­қырай бермек. Оның өнегелі мұ­расы тек қазақ дипло­ма­тиясына ғана емес, келе­шек­те салиқалы сая­са­ты­мыз­ға үлкен жол ашары анық. Ұлт рухын ұлықтаған халқымыздың осындай тұ­ғыры биік асыл тұлға аза­матын кейінгі ұрпақ жадында мәңгі сақтағаны абзал. Ұлт тұлғасын ұлықтау – ел ме­рейі. Ер есімі ел есінде және болашақ ұрпақтың жадында нақышпен тасқа жазыл­ған­дай мәңгі қала бермек.

Ұлт ұстазы Ахмет Бай­тұр­сынұлы «Ел – бүгіншіл, менікі – ертең үшін» деген. Ертеңі үшін, болашақ үшін талмай еңбек етіп, артында мол мұра қалдырған Нәзір Төре­құл­овтың есімі мәңгілік ел есінде болмақ.

Әсел ХАМЗАЕВА,

PhD, доцент м.а.

Жаппар ЖҰМАН,

профессор

Халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасы