Тұрсын ҒАБИТОВ, философия ғылымының докторы, профессор: Наурыз мерекесі табиғат пен адамның үндестігін көрсетеді

21 наурыз, 2024

– Тұрсын Хафизұлы, Нау­рыз мейрамы – ұлттық мә­де­­ниеттің ажырамас бө­лігі. Осы мере­ке­нің мәні мен ма­ңызына те­ре­ңірек тоқ­та­лып өтсеңіз.

– Наурыз – әлемдегі ең көне мейрамдардың бірі. Бұл мере­ке­ні Орталық Азия және Таяу Шығыстың көптеген халық­та­ры тойлайды. Наурыз мейрам ре­тінде Тұран мен Иран ел­де­рінде ресми дәрежеге ие болды жә­не қандай да бір дең­гейде ха­лық­тық фило­со­фиямен қа­тыс­ты. Себебі оның сыры пла­­нет­арлық қозға­лыс­тың құпиясында сақталады, халықтық фольклорда наси­хат­талады. Көптеген түркі ха­лық­тарының Наурыз мейрамы – Жаңа жылды тойлау тарихы кемінде үш мың жылды қам­тиды. Исламның келуімен Нау­рыз ұмыт қалған жоқ және мұ­сылман өркендеуінің ажы­ра­мас бөлігі болып дәс­түрге айналды. Наурыз мерекесі та­биғат пен адамның үндес­ті­гін көрсетеді. Наурызға бай­ла­ныс­ты атқарылатын салт-ғұ­рыптар, жөн-жорал­ғы­лар, на­ным-сенім­дерде, са­йып кел­генде, ата-баба жо­лын дә­ріп­теу, руішілік, ру­ара­лық қа­тынасты реттеу, елдің бірлігі мен тұтастығын сақтау мақсаты көзделеді.

Наурыз күн мен түннің те­ңел­ген күні және көктемгі күн тоғысы наурыз айының 21-інен 22-сіне ауысқан түні болды. Бұл күні бұлақтар тазартылып, ағаштар отырғызылған. «Бұлақ көрсең, көзін аш!», «Бір тал кес­сең, он тал ек!» деген сөз осы­дан шыққан болу керек. Нау­рыз – достық, еңбек, бей­бітшілік мерекесі. Ұлыстың ұлы күні адамдар бір-біріне деген ренішін ұмытып, өзіне де, өзгеге де жақсылық тілеген. Дас­тарханның басты асы нау­рыз­көже болған. Наурызкөже жеті түрлі тағамнан жасалған. «Наурызкөжені тойып ішу ке­рек, сонда жыл бойы тоқшылық болады» деген сенім бар. Дастархан басында жастар үл­кендердің батасын алған. Бата – үлкендердің өзінен жасы кі­шілерге беретін ықыласты ті­легі. Ақсақалдар «Ұлыс оң бол­сын! Ақ мол болсын, қайда бар­са жол болсын!» деп бата береді.

– Наурыз мерекесі әлем халықтарының көпшілігінің тұрмыс-салтында кезде­се­тіні жайлы айтылады...

– Бұл мейрамның түп-төркіні ежелгі Иран-Тұран (Түркі) ел­де­рі арасындағы қарым-қаты­нас­тың барысында қалып­тасқан мәдени-тарихи бай­ла­нысқа саяды. Арғы Иран-Тұран за­ма­нын былай қойғанда, Алып Ер Тоңға (Афрасиаб) кезінде тұ­ран­дықтар (түркілер) Наурыз мейрамын тойлаған көрінеді. Бұл жөнінде әйгілі Афрасиаб (Алып Ер Тоңға) қорғанының оң­түстік қабырғасында «Нау­рыз» деген жазуы бар сурет сақ­талып қалған.

Наурызда күн мен түн теңе­ле­ді, жұлдыздар теңеседі, яғни Сүмбіле, Үшарқар-Таразы, Үр­кер және Сұлу Сары бір түзудің бойында батыс көкжиекте қатар тізіле сап түзеді. Есеп­шілер аталмыш жұлдыздардың қатар түзуімен күн мен түннің теңелуін байқаған.

Наурыз мерекесін тойлау дәс­­түрі дүниежүзі халықтары­ның көпшілігінің тұрмыс-сал­тын­да бағзы замандардан орын алған. Бұл мейрамды ежел­гі гректер «патрих», бир­ма­лықтар «су мейрамы», тәжік­тер «гүл гардон», «бәйшешек», «гүлнаурыз», хорезмдіктер «нау­­­­сарджи», татарлар «нар­дуган», буряттар «сагаан са­ра», соғдылықтар «нау­са­рыз», армяндар «навасарди», чу­ваштар «норис ояхе» деп түр­ліше атаған. Әбу Райхан Би­руни, Омар Һайям т.б. ең­­бек­терінде шығыс халықта­ры­ның Наурызды қалай той­ла­ғаны туралы мәліметтер мол. Мысалы, түркі-парсы­тіл­дес халықтар Наурызды бірнеше күн тойлаған. Олар бұл күн­дер­де әр жерге үлкен от жағып, от­қа май құяды; жаңа өнген же­ті дәнге қарап болашақты бол­жайды; жеті ақ кесемен дәс­түрлі ұлттық көже «сумалак» ұсы­нады; ескі киімдерін тас­тайды; ескірген шыныаяқты сындырады; бір-біріне гүл сый­лап, үйлерінің қабырғасына дөң­гелек ою – «күн символын» са­лады; үйдегі тіреу ағашқа гүл іледі.

Есепшілер, халық астроном­дары Наурыздың келгенін күн мен түннің теңелгенін жан-жануарлардың қылығынан да байқайды. Қазақтың батыс өл­ке­сінде (Атырау, Маңғыстау аймағында) наурыздың 14-інде сарышұнақ інінен шығып, күн суық болса, ін аузынан ұзамай­ды, күн жылы болса, ұзағы­рақ­тау жерге шығады дейді.

Ал тасбақа күн мен түн те­ңел­генде інінен аузына шөп тіс­теп шығатын көрінеді. Шөп­тің аты «мәриямшөп» деп ата­лады. Оны еппен алған адам бақытты, дәулетті болады де­ген мифологиялық наным-сенім бар. Кейбір елдерде күн мен түннің теңелгенін балық­тан байқайтын көрінеді. Этно­граф шежіреші Мәшһүр Жүсіп­тің Бұхар жұртынан келтірген дерегінде күн мен түн теңел­ген­де балық аунап түседі дей­ді. Жиырма тоғыз жасында ғы­лым, білім іздеп Бұхара шә­риф­те болған Мәшһүр Жүсіп өзі байқаған жайы туралы: «Нау­рызда той қылатұғын жұрт­­тың патшалары тірі ба­лық­ты көп қылып ұстатып алып, бір керсен суға салып, көп­тің ал­қа­сына қойдырады. Отырған көп әлеумет сол ба­лық­тарға көз­де­рін тігіп қа­рап отырады. Бір мез­гілде ба­лық біткен бірі қал­май теп-тегіс шал­қасынан жата қалады. Қа­рындары жарқырап, лезде ба­лықтар аунаған жағы­нан екінші жағына қарай аунап түседі. Со­нан соң патшалар ба­ра­бан соқтырады: «Ескі жыл шықты, жаңа жыл келді!» деп, сегіз күн ұдайымен қол астына қараған жұртқа той, тамаша береді: «Жаңа жыл тойы!» – деп жаза­ды.

– Қазіргі жастар Наурыз мейрамын ата-бабамыздың қалай тойлағанын біле бер­мей­ді. Жалпы, қазақ мәде­ние­ті контексінде Наурыз қа­лай көрініс берген?

– Қазақ халқының мифоло­гия­лық түсінігі бойынша 21 нау­рыз түні даланы Қыдыр аралайды. Ұлыс күні Қазақ елі үшін әрқашан қасиетті, киелі саналған. Халық таза, жаңа киімдерін киген. Ауылдың ер адамдары бір-бірімен қос қол­дасып, төс қағыстырады; әйел­дер құшақтасып, бір-бі­ріне игі тілектер айтады. Бірін-бірі мерекеге арнап дайын­дал­ған наурызкөже ішуге ша­қы­рады. Оған қойдың басы мен сүр ет салып пісірілуі – қыс тағамымен (етпен) қош­та­суды, құрамына ақтың қо­сы­луы – жаз тағамымен (сүт, ақ) қауышуды білдіреді. Әдетте, осы күні адамдар арам пиғыл, пендешілік атаулыдан тазарып, ар-ожданы алдында арылады. Ауыл ақсақалдары араларына жік түскен бауырлас ел, рулар­ды, ағайын, дос-жарандарды бір дастарханнан дәм тат­ты­рып, табыстырған, жалғыз жарым жетімдерді үйлендіріп, жеке отау еткен. Кембағал, мүгедектерді жақын туыстары­ның қарауына арнайы міндет­теп тапсырған. Жұтқа ұшырап қиналғандарға жылу жинап берген. Алтыбақан басында ән айтылып, күй тартылады. Дәс­түрлі ұлттық ойындар (көкпар, аударыспақ, күрес, қыз қуу, алтыбақан, тең көтеру, т.б.) ой­налады. Таң ата көпшілік биік төбенің басына шығып, атқан таңды қарсы алады.

Ұлыстың ұлы күнгі Қызыр тү­ні қара қазанның түбі бос бол­ма­сын деп, май тамызып, үй­дегі ыдыстарға ағарған (сүт, айран, уыз т.б.) құйып қояды. Егінші аймақта қайсыбір ыдыс­қа бидай, арпа, сұлы толтырып, бақырға бұлақ суын толты­ра­д­ы. Бұл жоралғы жыл бойы мол­шылық болсын деген тілеу­ді аңғартады.

Наурыз таңын қарсы ал­мақ­қа жиналған қыздар жағы уыз дәмді «Ұйқыашар» дайын­дай­ды. «Ұйқыашар» дайындап, өз­де­ріне құрмет көрсеткен қыз­дарға жас жігіттер сақина, сыр­ға, білезік сияқты әшекей бұйым­­дарды сыйға таратады. Жігіттердің бүкпелі ойын сез­ген сезімтал қыздар, әрине, «селк» ете қалады. Сондықтан да бұл сый «селт еткізер» деп аталады.

Халықтың Наурыз мейра­мын­дағы салт-ғұрыптардың бір алуаны табиғатпен «тіл та­бы­су», оны қасиеттеу мағы­на­сында болса, енді бір алуаны адамдар арасындағы этика­лық-моральдық қатынастарды реттеу, моральдық норма­лар­ды нығайту, жолға қою мақ­са­тына бағытталады. Жүректе, кө­ңілде өткен күннен дақ пен дық, реніш, өкпе-қалдықтың қалмауы, бұларды дер кезінде кетірмесе, аяғы араздыққа, дау-жанжалға, қатыгездік пен қастандыққа апарып соқ­ты­ратыны айрықша ескерілді. Сон­дықтан Наурыз мей­ра­мын­да кешірім сұрау, кешіру тәрізді адамгершілік акциясы өткізіл­ген. Мұның өзі жүректі таза ұс­тау, кір шалдырмаудың халық ұғымында соншалықты ма­ңыз­ды екенін көрсетеді.

Дәстүр бойынша Наурыз ай­тыс өткізіледі. Бұл жақсылық пен жамандықтың, суық пен жы­лының, жаз бен қыстың ай­тысы.

Мереке қызған кезде жастар алтыбақан жанында ұлттық ойын­дар ойнайды. «Көкпар», «Бәй­ге», «Қыз қуу», «Жамбы ату» ойындары аса бір қуаныш­пен өтетін. Көңілді өткен Нау­рыз күні әр адамның есінде көп­ке дейін сақталатын.

Наурыз күнi думан-тойды аталарымыз «наурызнама» деп атаған. Ұйытқысы, әрине, жас­тар. Содан болар, ән мен би, ойын-сауық түннiң бiр уағына де­йiн созылған. Халқымызда «Ақ боран», «Қалтырауық қа­мыр кемпiр» ойындары бар. Со­нымен қатар бұл күнi наурыз жыр, наурыз жұмбақ, наурыз айтыс, түрлi әзiл-қалжың, ма­дақтау өлеңдерi айтылады.

Ұлыс күнi татулық тойы, ша­руа, ынтымақ, сенiм, көңiл ме­ре­кесi. Қыс қылышынан аман қалған жұрт бар ренiш-өкпесiн ұмытып, кiнәсiн кешiп, тек жақ­сы тiлектер тiлейдi. Көңiлдiң жаңаруы деген – осы. Бұл күнi наурызкөжемен қатар, ауыл адамдары өгiз сойып, қазан кө­теретiн болған. Мұның тари­хы өз алдына қызық аңыз. Ежел­гi жыл санаушылардың есе­бiнше, Үркер күздiң ба­сында шығыстан, қыстың ба­сын­да төбеден, көктем кезiнде аспан етегiнен көрiнiп, ал жазда тiптi батып кетедi екен. Бұл шақ қырық күнге созылып, оны халқымыз «қырық күн шiл­де» немесе «Үркердiң жерге түсуi» деп атаған.

Көктем кезiнде, яғни нау­рызда күн жолы Үркердiң үстi­мен өтiп, Үркердiң қос жұлдызы бұқаның мүйiздерi құсап күн жолының екi жағынан қылтиып көрiнедi. Бұған орай, халқы­мыз­дың «әлемдi көк өгiз мүйi­зiмен көтерiп тұр» деген наны­мы да бар. Дәстүр бойынша бұрын Наурыз мейрамын бүкіл ауыл-ел болып, әсіресе жастар жағы түгелдей таң шапағатын қар­сы алудан – тазаланған арық­тарға су жіберуден, ағаш отыр­ғызып, гүл егу рәсімін өт­кізуден бастайтын. Қызық­шы­лық онан әрмен халық ойын­да­рымен («Айқыш-ұйқыш», «Ақ се­рек пен көк серек», «Алқа қо­тан» т.б.), ән салып, би би­леу­мен, ақындар ай­ты­сы­мен, «Қыз­ғалдақ» мерекесімен, қа­зақ­ша күреспен|, ат жары­сы­мен жал­ға­сып кете беретін де, түнге қа­рай «Алтыбақан» ай­на­ла­сын­дағы тамашамен аяқ­та­латын.

– Кейбіреулер Наурызды діни мереке деп жүр...

– Наурыз – кей бiлгiштердiң жа­ңалық ашып, онысымен жұрт­ты адастырып жүрге­нiн­дей, дiни мереке емес. Бұл бағ­зы заманнан қалыптасқан бү­кiл­халықтық Жаңа жыл. Оны Иран, Ауғанстан, Үндiстан, Кав­каз және Орта Азия ха­лық­тары төл мерекесi ретiнде той­лай­ды. Алайда «Әр елдiң салты басқа, итi қара қасқа» демекшi, дәстүр өзгешелiгi де орын ал­ған.

Халқымыз жаңа жылға ер­те­ден дайындалатын. Қысқы со­ғы­мның әбден сүрленген қа­дiрлi мүшелерiн осы күнi қа­занға саламын деп сақтаған.

Жас келiндер, бойжеткендер болса кесте, орамал тiгiп, боз­балалар жағы ағаштан тұр­мыс­тық бұйымдарын жасап, те­мiр­ден сәндiк бұйымдар соқ­қан. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кiрсе, ол үй ауру-сыр­қау­дан, пә­ле-жаладан аман бо­ла­ды» де­ген сенiм бо­йын­ша, үй-iшiн де қағып-сiлкiп, отпен алас­тай­ды.

Ертеректе ауыл адамдарын ұйқысынан тұрғызу үшiн қол­данылған мынадай қызық дәс­түр болған. Жастар асау та­йын­шаны құрықтап, оған ерт­телген ашамайға зор қуыр­шақты таңып байлап, ауыл iшiне бос жiбередi. Мөңкiп ту­лаған асау ауылды азан-қазан ет­се де, ешкiм бұған өкпе­ле­меген. Күлiмдеп көрiнген күнге сәлем берiп, шаруаға кiрiседi. Наурыз күнi көзi ашылған бұлақтың суы сарқылмайды, ал егiлген талдың саясы мен же­мiсi мол болады деп сенген. Жаңа сап түзеген шыбықтарға ақ шашу да жақсы ырым.

– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан

Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ