Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 2023-2025 жылдарға арналған ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар конкурсында мегагрантты жеңіп алды. Грант көлемі – 4 млрд теңге.
Бағдарлама Тұрақты даму мақсаттарын (ТДМ) негізге алады және Батыс Қазақстан өңіріндегі стратегиялық маңызды міндеттерді шешуге арналған. Жоба үш жыл ішінде жүзеге асады. Осы кезеңде ғалымдар аймақтың тұрақты экологиялық, әлеуметтік-экономикалық дамуы, қоршаған орта, су ресурстарын, жануарлар мен өсімдіктер әлемін сақтау және басқару мәселелерінде шешім жолдарын табуы керек. Сондай-ақ жобаға қатысушылар топырақтың құрамы мен сапасына талдау жүргізіп, техногендік бұзылулардан, су объектілерінің таяздануынан, атмосфералық ауаның мұнай өнімдерімен және улы химикаттармен ластануынан туындаған топырақ жамылғысының тозу деңгейін анықтауы тиіс.
Ғылыми жобаның жетекшісі, география ғылымының докторы Мәулкен Асқарованың айтуынша, бағдарлама өте ауқымды. Зерттеу жұмыстары Маңғыстау, Атырау, Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында жүргізілмекші. «Өңірдегі жүргізіліп жатқан экономикалық қызмет нәтижесінде эрозиялық процестердің, жайылымдық депрессия мен шөлейттену проблемаларының барын анықтау үшін зерттеулер жоспарлануда. Бағдарламаның мақсаты – Батыс Қазақстан өңірінің табиғи-шаруашылық және әлеуметтік-
экономикалық жүйелерінің тұрақты дамуын (УР) қамтамасыз ету бойынша кешенді зерттеулер жүргізу», – дейді М.Асқарова.
Бағдарламаны «Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті» КеАҚ, «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ, «У.М.Ахмедсафин атындағы Гидрогеология және геоэкология институты» ЖШС, «Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институты» ЖШС, «Балық шаруашылығының ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, «Ш.Есенов атындағы Каспий мемлекеттік технологиялар және инжиниринг университеті» КеАҚ, «Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті» КеАҚ, ҚР ЭБЖМ ОШЖДК «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК, ҚР ҒЖБМ ҒК «Экономика институты» ШЖҚ РМК бірлесе орындайды.
Жоба қатысушылары қордаланған мәселелерді зерделеу үшін тың шешім ұсынып, сапалы зерттеудің заманауи әдістерін қолданады.
Гүл ҚҰТТЫБЕКҚЫЗЫ