Табысқа толы 90 жыл

15 қаңтар, 2024

Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ, 
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректоры

Бүгін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 90 жылдық белесіне қадам басты. Тарихы XX ғасырдың бірінші жартысынан бастау алатын қара шаңырақ қазіргі таңда қазақстандық жоғары оқу орындары арасында көш бастап келеді. Ірі ғылыми жетістіктері, заманауи білім бағдарламалары, ұлттық кадр даярлаудағы жаңашылдығымен ерекшеленіп, әлемдегі озық университеттердің қатарына қосылды.

Өткен кезеңге көз жіберсек, Қазақ мемлекеттік университетінің жасақталуына 1933 жылдың 20 қазанындағы КСРО Халық комиссарлары кеңесінің шешімі негіз болды. 1934 жылы 15 қаңтарда алғаш 54 студент қабылданып, олар физика-математика және биология факультеттерінде білім алды.

Білім мекемесі бірте-бірте ауқымын кеңейтіп, соғыс басталғанға дейін білім бағдарламаларын 14 мамандыққа жеткізді. 1945 жылдан бастап университет қайта қанат жайып, жаңа факультеттер қатары көбейе бастайды. Білім ордасын әр жылдары Иван Лукьянец, Төлеген Тәжібаев, Асқар Закарин және Темірбай Дарқанбаевтар басқарып, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан сынды қазақтың көрнекті тұлғалары дәріс оқығанын мақтанышпен еске аламыз.

Қазіргі ҚазҰУ қалашығының бой көтеріп, қалыптасуына басшылық жасаған халқымыздың қайраткер тұлғасы Дінмұхамед Қонаев екені баршаға аян. 1966 жылы 17 маусымда ҚазМУ қалашығын құру, жаңа оқу ғимараттарын салу бойынша арнайы қаулыға қол қояды. Мұндағы мақсат республикадағы университеттік білімді жетілдіру, Қазақ мемлекеттік университетінің оқу-материалдық базасын жақсарту болатын. Осы қаулы негізінде 1966 жылдың 6 тамызында Қазақ КСР Министрлер кеңесі ҚазҰУ қалашығы құрылысына арнайы жер бөлу жөнінде шешім қабылдайды.

Ал 1971 жылдың сәуірінде мемлекеттік университеттің бас ғимаратының іргетасын қалау салтанаты өтіп, 1972 жылдың 24 шілдесінде Қазақ КСР Министрлер кеңесі ҚазМУ кешені құрылысының бірінші кезегін бастау жөнінде кезекті қаулы шығарады. ҚазҰУ қалашығын салуда профессор Асқар Закарин, академик Өмірбек Жолдасбековтің еңбегі зор.

Ал тәуелсіздік кезеңінде академик Көпжасар Нәрібаевтың басқаруымен университет дамудың жаңа сатысына көтерілді. 1991 жылдың 23 қазанында білім орнына ғұлама ғалым әл-Фараби есімі, 1993 жылдың 9 қаңтарында «мемлекеттік ұлттық жоғары оқу орны» мәртебесі берілді. 2004 жылдың 8 қыркүйегінде университеттің 70 жылдық мерейтойы аясында «Әл-Фараби» ғылыми кітапханасының іргетасы қаланды. 2007 жылы қоладан құйылған әл-Фараби ескерткіші орнатылды.

 

2007-2010 жылдары мемлекет қолдауымен жаңа оқу ғимараттары салынып, пайдалануға берілді. Бұл уақытта жаңашыл ректор ретінде Бақытжан Жұмағұлов ҚазҰУ қалашығын жаңа белеске көтеріп, көркейтуге зор үлес қосты.

Бүгінде университет ұжымы ұлы тұлғаларымыз бастаған игі істерді  жаңа бағытта жалғастырып келеді. Халықаралық QS рейтингінде 230-орында, QS Asia University Rankings бойынша Азиядағы үздік алғашқы 30 жоғары оқу орнының қатарында. 2022 жылғы 25 шілдеде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №516 қаулысымен қара шаңыраққа «зерттеу университеті» мәртебесі берілді.

Қазіргі таңда 16 факультетте 26 мыңнан астам студентке 554 білім бағдарламасы бойынша дәріс берілуде.

Ғылыми-зерттеу жұмыстарын орындаудың жоғары сапасы мен тиімділігін жүзеге асыратын  3354 оқытушы-профессор табысты еңбек етуде.  Оның ішінде  ҚР ҰҒА 11 академигі, ҚР Жоғары мектебінің 3 академигі, ҚР Жоғары мектебі Ғылым академиясының  8 академигі, 7 ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі бар. Сондай-ақ 603 доктор, 736 ғылым кандидаты, 512 PhD жұмыс істейді.

Оқу орны 2022 жылы «зерттеу университеті» мәртебесін алғаннан кейін академиялық саясатына тиісті өзгертулер енгізді. Ғылыми қызмет нәтижелерін оқу үдерісіне интеграциялау, білім беру сапасын арттыру, инклюзивті білім беруді жетілдіру және жасанды интеллектіні пайдалануға ден қойылды.

Бүгінде 25 126 білім алушының 20 499-ы бакалавриатта (12 776-сы грант); 3404-і магистратурада – (2913-і грант); 1223-і докторантурада  – (грант –1048) оқиды. 

Білім беру бағдарламаларын халықаралық деңгейге көтеру бірлескен және қосдипломды білім беру бағдарламаларын іске асырумен байланысты. Қосдипломды білім беру бағдарламаларының саны – 67, оның 60-ы магистратура деңгейінде.

2023-2024  оқу жылына 10 719 талапкер қабылданды.  Бұл университет тарихындағы үлкен көрсеткіш. Білім алушылар саны өткен жылмен салыстырғанда 3000 студентке артты.

Оқу орнының халықаралық қызметі де университет дамуында стратегиялық маңызға ие. ҚазҰУ Батыс және Шығыс Еуропа, Солтүстік Америка, Азия және Тынық мұхиты аймағындағы 650-ден астам жоғары оқу орындарымен және ұйымдарымен тығыз қарым-қатынаста. Оның 80-нен астамы өткен жылдың үлесінде. Қазірдің өзінде университеттің халықаралық ынтымақтастық географиясы 55 мемлекетті қамтиды.

2021 жылдан бастап Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жыл сайын «Болашақ» бағдарламасы аясында 500 қазақ­стандық ғалым әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында тағылымдамадан өтеді. Олардың қатарында ҚазҰУ-дың оқытушы-профессорлары да бар.

2023 жылы 405 оқытушы-профессор мен қызметкерлер университетаралық келісімдер мен халықаралық білім беру бағдарламалары аясында ТМД, Еуразия, Таяу Шығыс елдерінде біліктілігін арттырып, тағылымдамадан өтті.

Білім ордасында 120 мамандық бойынша Еуропа, АҚШ, Оңтүстік-Шығыс Азия, Ресей университеттерімен қос диплом бағдарламасы жүзеге асырылады. 2023 жылы 451 бакалавр мен магистрант шетел университеттерінде оқып, біліктілік арттырды. 325 PhD докторант Еуропада, Солтүстік Америкада, Азия және Түркия мемлекеттерінде шетелдік жетекшілермен ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізіп, әлемнің озық университеттерінде тәжірибе алмасты.

Өткен жылы ҚазҰУ-дың 200-ден астам студенті халықаралық қорлардың, ұйымдардың және мемлекеттік бағдарламалардың гранттары мен шәкіртақыларына ие болды. Соңғы жылдары университетке академиялық ұтқырлық және тағылымдама бағдарламалары бойынша АҚШ, Жапония, Германия, Ресей, Франция, Ұлыбритания, Қытай, Түркия, Нидерланды, Бельгия, Қырғызстан, Словакия елдерінен 250-ге жуық шетелдік студенттер келді. Америкалық халықаралық білім беру кеңес­терімен (АҚШ) келісім аясында филология және халықаралық қатынастар факультеттерінде орыс тілін оқып жатқан 125 АҚШ азаматы қабылданды. Бүгінде ҚазҰУ-да әлемнің 54 елінен 3928 шетелдік студент білім алуда.

Халықаралық ынтымақтастықтың қазіргі бағыттарының бірі – оқу орны базасында беделді шетелдік университеттердің филиалдарын құру. Бұл жұмыстарды іске асыруда да ҚазҰУ нақты нәтижелерге қол жеткізді.

2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркия мен Қырғызстанға ресми сапары аясында Ыстамбұл, Бішкек қалаларында ҚазҰУ филиалдары ашылды. Осы жылы университет базасында Ресейдің МИФИ Ұлттық ядролық зерттеу университетінің филиалы жұмыс істеуге кірісті.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы мамыр айында Қытайға мемлекеттік сапары барысында ҚазҰУ базасында Қытай Халық Республикасының Солтүстік-батыс политехникалық университетінің  филиалын ашу туралы келісімге қол қойылды. 12 қазанда салтанатты ашылу рәсімі өтті.

ҚазҰУ БҰҰ-ның тұрақтылық жөніндегі «Академиялық ықпал» бағдарламасының жаһандық хабы ретінде тұрақтылық саласындағы жұмыстың жол картасын құрып, БҰҰ-ның «Академиялық ықпал» (UNAI) бағдарла­масына посткеңестік кеңістікте алғашқы мүше болған университет.

Соңғы үш жылда ҚазҰУ тұрақты даму мақсаттарын жүзеге асыру аясында халықаралық ұйымдардың барлық құрылымдық бөлімшелерімен өзара қарым-қатынасты жалғастыруда. ҚазҰУ университеттердің жаһандық әлеуметтік жауапкершілік желісінің (USRN) қызметімен, сондай-ақ Жібек жолы университеттерінің альянсымен (UASR), сондай-ақ Жібек жолындағы университтер Альянсымен (SUN) бірлесе жұмыс атқаруда.

Оқытушы-ғалымдармен және сарапшыларымен нәтижелі байланыс орнату мақсатында өткен жылы ҚазҰУ-да Қытайдың Цзяотун Сиань университетімен бірлесіп ұйымдастырылған «Төртінші өнеркәсіптік революция: индустрия мен білім берудің интеграциясы» тақырыбында Қытай-Орталық Азия жоғары білім саласындағы ынтымақтастық жөніндегі форум өтті. Аталған ірі шара «Бір белдеу – бір жол» бастамасының 10 жылдығына арналды.

Сонымен қатар Түркі академиясымен және Түрік лингвистикалық қоғамымен бірлесіп ұйымдастырылған «Жалпы түркі әліпбиінің интегративті рөлі: ғылыми және әлеуметтік аспектілері» ғылыми-тәжірибелік конференциясы, Қазақстан – Франция жоғары оқу орындарының VIII форумы да ҚазҰУ базасында ұйымдастырылды.

ҚХР Стипендиялық кеңесі және Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Қытай университеттерінің көрмесін» ұсынып, онда Қытайдың 45-ке жуық ең үздік университеті академиялық қызметі туралы ақпарат беріп, ғылыми жетістіктерімен бөлісті. Ал ҚХР білім вице-министрі Сунь Яоның Қазақстанға сапары аясында ҚазҰУ ұжымы Қытай жоғары оқу орындарының делегациясымен кездесті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ зерттеу университеті мәртебесіне сәйкес,  ғылымды дамытуға да айрықша басымдық беріп отыр. Соңғы үш жылда университет ғылымынан түскен табыс екі есеге жуық өсіп, 8,5 миллиард теңгені құрады. Қазіргі сәтте 290 гранттық қаржыландыру жобасы, ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру аясында 11 жоба, «Ғылым қоры» АҚ арқылы 1 коммерцияландыру жобасы және 47 бірлескен жобаны жүзеге асыруда. Соңғы жылдары ғалымдарымыз 300-ден астам халықаралық ғылыми-техникалық бағдарламалар мен іргелі жобаларды орындады. Олардың ішінде ISTC, INTAS, TEMPUS, МАГАТЭ, НАТО бағдарламалары бар.

Биыл географ-ғалымдарымыз ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитетінен 3,8 млрд теңгенің мегагрантын ұтып алды. Үш жылға жоспарланған жоба «Жасыл өсім» тұжырымдамасы аясында Батыс Қазақстан өңірінің тіршілік ортасы мен экологиялық факторларына зерттеулер жүргізуге бағытталған. География және табиғатты пайдалану факультетінің профессоры, география ғылымының докторы Мәулкен Асқарованың жетекшілігімен жобаның бірінші кезеңі орындалып, ақпараттық мәліметтер базасы жасалды. ҚазҰУ профессоры, Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасының меңгерушісі Әлмира Құстыбаеваның ұсынысымен оқу орнында құрылған Ми институты да көкейкестілігімен, жаңашылдығымен ерекшеленеді. Университеттің қауымдастырылған про-
фессоры, биология ғылымының докторы Меруерт Құрманбаева бастаған бір топ ғалым елімізде тұңғыш рет көпжылдық бидайды шығару әдісін ойлап тапты. Көпжылдық бидайды бір рет қана егіп, 5-6 жыл қатарынан өнім алуға болады.

Оқу орнының 90 жылдық мерейтойына тарту ретінде ҚазҰУ-да Орталық Азиядағы алғашқы Индустрия 4.0 модельдік фабрикасын құру жоспарлануда. Бұл білім ордасы ұтып алған «Өндірістік сектор консорциумдары: құзыреттілік орталықтары» гранттық бағдарламасы аясында мүмкін болмақ. 

ҚазҰУ Tech Garden «Инновациялық технологиялар паркі» дербес кластерлік қорымен бірлесіп өнеркәсіптік робототехника және роботтандыру саласындағы жаңа стартаптарға қолдау көрсетеді. Орталық өз қызметін 2024 жылдың екінші тоқсанында бастайтын болады.

Бұдан бөлек, ҚазҰУ-да ҚХР үкіметімен келісілген Silicon Valley моделі бойынша IT-технопарк құру жөніндегі бірлескен жоба қолға алынуда. Секундына 110 триллион операцияны (110 Тфл) жүзеге асыратын суперкомпьютерге қаражат ҚХР үкіметі есебінен бөлініп, ҚазҰУ-да орнатылады.

Ал химия және химиялық технология факультеті жанынан гальваникалық қаптамалардың Chemical Coatings Innovations (СhemCoIn) ғылыми-өндірістік орталығы іске қосылды. ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорының қаржылық қолдауымен ұйымдас­-
тырылған орталықта машина жасау және құрал жасау қажеттіліктері үшін металл бұйымдары өңделеді.

Ғылым саласындағы тағы бір маңызды жаңалығымыз – 2023 жылы ҚазҰУ-дың үш ғылыми журналы, атап айтқанда: «Химия», «Физика», «Математика, механика және информатика» басылымдары Web of Science дерекқорында индекстелген университет басылымдарының тізімін толықтырды. Сонымен қатар ҚазҰУ-дың International Journal of Mathematics and Physics және Eurasion Chemico-Technological Journal, Physical Sciences and Technology басылымдары әлемдегі ғылыми басылымдардың ең үлкен мәліметтер базасы саналатын Scopus дерекқорына енгізілді.

Қазіргі таңда ҚазҰУ қалашығында Samsung, Hewlett-Packard, Cisco, Коnіса Minolta, Fujitsu, Alcatel, Microsoft, «Касперский зертханасы», Huawei және т.б. жоғары технологиялық компаниялардың сертификаттау орталықтары мен институттары табысты жұмыс істейді.

Біз еліміздің дамуына ғылымның қосатын үлесін арттырумен қатар, университет қалашығын қайта жаңғыртуға да кірістік. Мемлекет басшысы Қасым-
Жомарт Тоқаевтың қолдауымен 2024-2027 жылдар аралығында ҚазҰУ құрылысының ІІ кезеңін салу жоспарланып отыр. Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ҚазҰУ қалашығында әрқайсысы 1060 орындық, жалпы 3180 орынға арналған заманауи үш жатақхана құрылысының іргетасын қалау рәсімі өтті.

Жалпы, ҚазҰУ қалашығының ІІ даму жоспары бойынша оқу корпустары, спорттық-сауықтыру орталығы, қызметкерлерге арналған тұрғын үй, инновациялық орталық, ғылыми-зерттеу орталығы, технопарк бой көтермек.  Қарқынды құрылыс ҚазҰУ-дың 90 жылдық мерейтойына сүбелі тарту болмақ. 

Бұдан бөлек, QS рейтингі өкілдерінің, әлемдік сарапшы-ғалымдардың, ғылыми ұйымдар мен ЖОО ректорларының қатысуымен ауқымды халықаралық конференциялар, симпозиумдар,  жастар форумдары және ҚазҰУ-дың ғылыми-инновациялық жетістіктерінің көрмесін өткізу көзделуде.

Университеттің 90 жылдығымен бірге қара шаңырақ қызметін ақпараттық қолдап отырған «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығы тұспа-тұс келіп отыр. Бұл – ғасырға жуық уақыт білім мекемесімен бірге жасап келе жатқан ведомстволық басылым. 1948 жылдан жарық көреді. «Qazaq universiteti» газетінің 75 жылдығына арналған «Жетекші университет жылнамасы» тарихи жинағы жарыққа шықты. Кітапта 75 жыл ішінде газетте жарияланған университет тарихына қатысты ақпараттар, айтулы оқиғалар, танымал тұлғалардың мақалалары мен мұрағат суреттері қамтылды. Сонымен қатар университет ардагерлерінің естеліктері жинақталды.

Айтулы жыл аясында университеттің барлық құрылымдары табысты еңбек етіп, зор жетістікке жетеріне және өскелең ұрпаққа өнегелі тарту жасайтынына сенемін.