Ата-анаға құрмет –перзенттік парыз

5 ақпан, 2024

Еленбей басқалардың

құлатқаны,

Ата-анамен жадырар

шуақ таңы.

Асқар тау мен

аяулы аналардың,

 Әрбір басқан қадамы –

жұмақ бағы.

О-о, күллі адамзат?!

Бақытты алыстан іздеп

жүрген кім?

 

Ата-анасы бар жаннан асқан қандай бақытты адам бар мынау жарық ға­лам­да? Тармақталған тағ­дыры мен өрнектелген өмі­рінде дүрбелең дүниеге әке­ліп, ақтық демі таусыл­ған­ша баласы үшін қам жейді. Өмір өксіткенде жы­ла­май, тағдыр шайқағанда құламай, жылусыз қалған күндері жұтылмай, кездес­кен кедергілерге сынбақ тү­гіл, ешбір таптаурынға тап­талмай, балаларына бар ғұмырын сарп ететін нет­кен мейірім десеңші...

Перзент жүгін арқалаған әр адам ата-ана алдын­да­ғы қарызын өтей алмай­ты­ны хақ. Алайда ес білген­нен бастап мейірім мен ша­пағатқа бөлеп, тәрбие­ле­ріне сын, аттарына кір келтірмей өту перзенттік парыз емес пе?!

Әрбір жас баланы өсім­дік деп алсақ, топырақтың тәр­бие екені сөзсіз. Топы­рақ қаншалықты құнарлы болса, өсімдіктің берер же­місі де мәуелі болмақ. Ата-ана өз баласына құ­нар­лы топырақ сынды үз­дік тәлім-тәрбие беруге ба­рын салады. Оның бір­ден-бір айғағы – біздің қа­зақи тәрбие. Біртұтас ұлт­тың бірлігін бекем еткен, алпауыт елдердің тұяғынан аман қалуға септігін тигіз­ген, дүниежүзі дүр сілкінсе де, елдігін сақтап қалуға ықпал еткен қазақтың ұлы тұлғаларының артында ата-анасы тұрғандығы тай­ға таңба басқандай-ақ.

«Тәрбие – тал бесіктен» демекші, қазақ отбасында баланы біреудің ала жібін аттамауға, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсетуге, жақсы мен жаманның аражігін білуге, ұят пен арды биік қоюға баулиды. Бірақ сол тәрбиені бала бо­йына сіңіруде өмірлік ұс­таз бола білген ата-ана­ны қадірлеуіміз керек. Ата-ана – отбасының негізгі ті­ре­гі, қос бәйтерегі, бала­ла­рының баптаушысы мен қамқоршысы. Барлық ор­та­да қорғап, қолдап, сана-сезімнің шыңына жете­лей­ді. Ата-ананы әмбебап де­сек те, еш артық емес. Ке­рек кезде мұғалім, су­рет­ші, ақын, тігінші... Бала­ла­ры үшін кез келген істі жасау былай тұрсын, тау қо­паруға да дайын тұл­ғалар.

Ата-анаға құрмет – от­ба­сы тұтастығының кепілі. Ата-ананың ақ үмітін ақтау, сыйлау, оларды қадір тұту, биік қою, қамқорлық таны­ту – әр баланың перзенттік бо­рышы. Қазіргі таңда қарт­тар үйіндегі қария­ла­ры­мыздың көбейіп бара жат­қаны көңіл қынжыл­та­ды. Дүние есігін ашуға себепкер болған ата-анаға үйінің бір бұрышынан да орын табылмағаны ма? «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген. Сон­дық­тан да әр адам ғұмыр бойы «Ана алдында – құрмет, ата алдында – қызмет» ұс­та­нымын ұстануы тиіс деп санаймын. Ата-анаға құр­мет – перзенттік пары­зы­мыз екенін жадымыздан шығармайық!

 

Қалайша дүниені

нұрлы етпейік,

Ешқашан көңілдерін

мұңды етпейік.

Ата-ана – қос бәйтерек,

айбынымыз,

Аппақ қардай үміттерін

кірлетпейік.

 

Өтейік парыз бенен

міндеттерді,

Таба алмаймыз сіздердей

тіректерді.

Көк аспанмен өлшейік

өздеріңе,

Биік әрі шынайы

құрметтерді.

 

Айымжан ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,

филология факультетінің

1-курс студенті