Ғалым әулетінің ғибраты

3 сәуір, 2024

«Келіннің бетін кім ашса, сол ыстық» дегендей, 1972 жылы Ал­маты халық шаруашылығы инс­титутына (қазіргі НАРХОЗ университеті) оқуға түскен бізге өзінің бітімімен, жүріс-тұрысымен үлгі болып, ерекше есте қалғандардың бірі әрі бірегейі Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды 1961 жылы бітірген белгілі ғалым, экономика ғы­лы­мының докторы, академик Өтеғали Шеденов еді. Ол кезде Ал­маты халық шаруа­шы­лығы институтында атынан ат үркетіндей, әсіресе, қазақ ұл­тынан шыққан экономика ғы­лымының докторлары мен кан­дидаттарының қатары қа­дау-қадау болатын. Сол кез­дегі орда бұзар отыздың ішін­дегі жас толқын ғылым кан­ди­даттарының ішінде Өтеғали Қадырғалиұлы да бар-тын. Институтта еңбек етіп жүргенін сырттай жиі көретінбіз. Бізге сабақ бермесе де, Политэкономия кафедрасының доценті, экономика ғылымының кандидаты екенін сұрап-естіп білдік. 

Оқу жылының екінші семес­трін­де «Ауыл шаруа­шы­лығын­дағы бухгалтерлік есеп» ма­ман­дығында оқитын біздің топқа политэкономия пәнінен жоспарланған курстық жұмыс­тың жетекшісі болып келді. Курс­тық жұмысты жазу тәртібін бізді іштарта, қазақша акцент­пен, арасына қазақша қосып тү­сіндіріп берді. Бұл топта ма­ман­дықтың аты айтып тұр­ған­дай, орыс тіліне шорқақ ауыл­дан келген жастар оқитын. Топ­пен қоштасып шығып бара жатып, маған қалай көзі түс­ке­нін қайдам, «Сен осы топқа жауаптысың, менімен хабар­ла­сып тұрасың» деді. Сөз сап­тауы­на қарағанда, бұл кісі де біз сияқты тілге шорқақ ауылда өскен-ау, Абай хакім айтқан­дай: «...Айтпа ғылым сүйсеңіз, ондай болмақ қайда деп» де­гендей, тілге шорқақтық білім алуға, оны дамытуға кедергі емес екеніне көз жеткізгендей ой түйдік. Институтта кездесіп қалғанда қол алысып аман­да­сып, «Қалай, бала?» деп сұрап қоя­тын. Содан бұл кі­сі­нің Гурьев (қазіргі Атырау) об­лы­сы­нан екенін білдік. Міне, Өтеғали ағамызға деген қы­зы­ғушылық осылай оянған еді. Мен оқу бітіргеннен кейін екі жыл өндірісте жұмыс істеп, инс­титутқа алғашқыда кіші ғы­лыми қызметкерлікке, 1979 жылдың басынан Бухгалтерлік есеп кафедрасына ассисент­тік қызметке қабылдандым. Осы­лай Политэкономия кафе­дра­сы­ның белді доценті, док­тор­лық диссертациясын 39 жа­сын­да қорғаған ең жас ға­лым Өтеғали Қадыр­ғали­ұлымен әріптес болып қатар жұмыс істедік.

«Алтын кездік қап түбінде жат­пайды» дегендей, жаңа қы­рынан көрінген Өтеғали Ше­де­нов Қазақ ССР Ғылым акаде­мия­сының өңдіргіш күштерді зерттеу жөніндегі ғылыми ке­ңес­тің (СОПС) төрағасының бі­рін­ші орынбасары әрі әлеу­мет­тік-экономикалық бөлімнің меңгерушісі қызметін атқара жүріп, оның жетекшілігімен және тікелей араласуымен Арал, Каспий жағасы, Балқаш өңі­рін экономикалық жағынан дамытудың өзекті мәселелерін қамтыған Қазақстанның өндір­гіш күштерін орналастыру мен оны дамытудың түйінді проб­ле­маларын шешу жолдарын ойлап тауып, Қазақ ССР-ының 1986-2008 және 2010 жыл­дарға дейінгі ғылыми-тех­никалық прог­ресін дамытудың кешенді бағ­дарламасын жа­сап, эконо­мика ғылымының дамуына елеу­лі үлес қосқанын БАҚ жа­ры­са жазып жатты. Ба­ғ­­дар­ла­мада көтерілген мәселе бүгінгі күні де өзінің өзекті­лі­гі­мен да­ра­ланып тұрғанын айта кет­кіміз келеді.

Құр­манғазы ауданының қа­сі­ретті сынақ алаңына ай­нал­ған Азғыр поселкесінен он бес шақырымдай жерде орна­лас­қан «Алғабас» колхозының Оша­ған ауылында балықшы Қа­дырғали мен ауыл мекте­бінің мұғалімі Рысханымның ша­ңырағында (8 наурыз 1939 ж.) дүниеге келіпті. Балық­шы­лар кооперативінде орыс ұл­ты­ның ортасында бригадир бо­лып жүріп, «баламды қазақша оқытып, адам санатына қос­сам» деп армандаған әкесі 1942 жылдың басында соғысқа аттанып, Сталинград майда­нын­да соғысқа кіріп, сүйегі Ма­май қорғанының маңайында мәңгілік тұрақ тауыпты. Ста­лин­град майданының артқы шебінен екі жүз шақырымдай жердегі Азғырдан тылдағы ел иек астындағы майдан шебіне байпақ, тон, қолғап секілді жылы киімдер, азық-түлік жет­кізіп беріп тұрған. Майданға бет алған керуенге тұтқиылдан жау ұшақтары бомба жаудыр­ған сондай күндердің бірінде жа­қыннан ұшқан бомба жа­рық­шағы шешесінің бір аяғын жұлып кетеді. Арада бір-екі ай өткенде,1943 жылы төрт жас­та­ғы Өтеғалиды тұлдыр жетім қалдырып, шешесі де бақи дү­ниеге озыпты.

37 жасында зайыбы о дүние­лік болып, үш қыз, бір ұлмен қалған абзал атасы Тоғжан жиенін бауырына басып, ба­ғып-қағып, жігіт қылып өсіріп, Шеденов деп әкесінің тегінде қалдырыпты. Он үш жасында аттан құлап, бір аяғы сынып өспей қалған, ісмер, тұрмыс құр­маған шешесінің сіңлісі Жұ­маш апасы шеше орнына шеше болады.

1956 жылы С.М.Киров атын­дағы Азғыр орта мектебін өте жақсы бітіріп, қамкөңіл жетім ба­ланың жолы болып С.М.Ки­ров атындағы Қазақ мемле­кет­тік университетінің экономика факультетіне оқуға түсті. 1961 жылы университетті үздік бі­тір­ген Өтекең сол жылы Қазақ университеті Ғылыми кеңе­сінің шешімімен Мәскеудің М.В.Пле­хананов атындағы Ха­лық ша­руа­шылығы институ­ты­ның мақ­сатты аспиран­ту­ра­сы­на жі­берілді. Жас ғалым он­дағы сы­нақтан да сүрінбей өтті. Ғы­лыми жетекшісі, про­фес­сор А.С.Иткина болашақ ға­лым­ның алғырлығы мен ізде­німпаздығына риза болып, оны қанаттандырып отырды.

1956 жылы 1 қыркүйекте оқу­ға түскен бірінші курс сту­дент­терін Еңбекшіқазақ ауда­нына қарасты Қыр Балтабайға ауыл шаруашылығы жұмысына апарған жетекшілердің бірі, еліміздің білімі мен ғылымының дамуына орасан зор үлес қос­қан экономика ғылымының док­торы, академик Яқия Әу­бәкірұлы Өтеғали Қадыр­ға­лиұлының білім мен ғылымы­ның өсу жолын, кемелденгенін көзімен көріп, куә болған. Шә­кіртінің ұстаздық, ғалымдық қалыптасу қырына сүйсініп, ризашылықпен: «Өтеғали Ше­де­новтің ғылыми ой-өрісінің шарықтап, кемелдене түсуі әсіресе докторлық диссерта­ция­сын әзірлеу барысында қалыптасты. Оның қамтыған та­қырыбы сол кезеңнің көкей­кес­ті мәселесі – халыққа қыз­мет көрсету аясының алыбы – өндіріс саласы болатын. Осы көкейкесті мәселе төңірегінде оның бірнеше монографиялық еңбектері мен кітаптары жарық көріп, ғылыми мақалалар жаз­ды», – деген болатын.

«Бұлақ көрсең, көзін аш» де­гендей, алғаш сабақ бе­ріп, ғы­лымға баулып, көзін ашқан, есімін аузынан тас­тамай, құр­мет­пен айтып ке­ле жатқан бел­гілі оқытушы ғалым-про­фес­сор­лар И.М.Бро­вер, С.А.Нейш­тадт, И.КЛукьянец, А.Г.Гро­ховодский, М.М.Разманов, М.Е.Бутин, Т.Ш.Шау­кенбаев, Г.И.Кастенко, фа­культет деканы, қазақша ма­қалдап сөйлейтін Ф.А.Же­ребьятев сынды оқымыстылар Өтекеңнің білімге құштарлығы мен ғылыми көзқарасының қалыптасуына игі әсерін ти­гізді. Студент кезінің өзінде-ақ ұлтымыздың мақтаныштары, айтулы дарабоздары, ака­де­миктер М.Әуезов, Т.Дархан­баев, С.Мұқанов, С.Бәйішев, батырлар М.Ғабдуллин, Б.Мо­мыш­ұлы сынды ғылым мен әде­биет, өнер және басқа са­ла­лардың алыптары қатысқан ал­қалы кездесулерден қалмай, сту­денттердің ғылыми үйірме­ле­рі мен әр тақырыпта өткен ғылыми конференцияларына, диспуттарға қатысуы оның ғы­лыми дүниетанымының кеңейе түсіп, елімізге белгілі ұстаз-ға­лым болып қалыптасуына мұрындық болды.

Профессор Ө.Шеденов – өзіндік ғылыми мектебі қалып­тас­қан ғалым. 85 жастың ас­қарына шыққанға дейін 40-тан астам аспирант пен іздену­ші­лер, PhD бағдарламасы тү­лектері кандидаттық және док­торлық диссертация қорғады. Оның ішінде алты экономика ғылымының докторы мен про­фессорларын да дайындап шығарды.

Ғылым мен ұстаздық қыз­ме­тінің жалпы еңбек өтілі – 62 жыл. Макро және микроэко­но­микалық теория, экономикалық және әлеуметтік қауіпсіздік са­ласын басқару, адам ресурс­та­рын басқару, қызмет көрсету және қоғамның инфрақұры­лы­мы, аймақтық экономика, мар­ке­тинг және логистика мәсе­ле­лерімен айналысып, 500-ден ас­там ғылыми-танымдық, әдіс­темелік жұмыстары жарық көр­ген. Сонымен қатар 70-тен аса монография, кітап, оқулық­тар, оқу құралдарының авторы (өз бетінше және авторлық бір­лестікте).

Өтекеңнің өзіндік тағы бір қыры – ол Қазақстан (КСРО-ның да) журналистер одағының мүшесі, Ш.Уәлиханов атындағы сыйлықтың иегері, Қазақстан журналистер одағы сыйлығы­ның лауреаты, Атырау облысы Құрманғазы ауданының құр­мет­ті азаматы, Қазақстан Рес­пуб­ликасының білім беру ісінің құрметті қызметкері, Ғылым мен мамандандырылған стра­те­гиялар мемлекеттік стипен­дия­сының иегері, «Құрмет» ор­денімен, басқа да мем­ле­кеттік және көптеген қоғамдық медальдармен, алғыс хаттар­мен марапатталған.

Ө.Шеденовтің ғылыми ұйым­дастыру жұмысының қо­ры­тын­дысы барша ғалымның ал­дын­да лайықты бағасын алып, әр жылдары Халықаралық ақпа­рат­тандыру академиясының толық мүшесі (акедемигі), ҚР Әлеуметтік ғылымдар және ха­лықаралық экономикалық Еур­азия, Ресей жаратылыстану аке­демияларының акедемигі болып сайланды және ҚР Ұлт­тық ғылым академиясының про­фессоры.

Сонымен қатар Ө.Шеденов Қ.А.Ясауи атындағы Халық­аралық қазақ-түрік универ­си­тетінің, Х.Досмұхамедов атын­дағы Атырау университетінің, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің, Қорқыт ата атындағы Қызыл­орда мемлекеттік универси­те­тінің және Т.Рысқұлов атындағы (қазіргі НАРХОЗ) универ­си­те­тінің құрметті профессоры.

Қазіргі таңда Алматы қала­сы Бостандық ауданының Ар­да­герлер ұйымының прези­диум мүшесі, сондай-ақ ҚазҰУ ардагерлер ұйымы кеңесінің жетекшісі әрі абыз ақсақалы.

Өтеғали Қадырғалиұлының осындай жетістіктерге жетіп, оза шауып биіктен көрінуіне нағыз кемелденген 70 жасында өмірден озған, ғалымдық ең­бектері жоғары бағаланып, ядро­лық реакцияны зерттеу әдіс­тері жөнінде бір топ ға­лыммен бірлесе жүргізген зерт­теу жұмыстары үшін 1972 жы­лы КСРО Мемлекеттік сый­лығына ие болған, қазақ қыз­да­рының ішіндегі тұңғыш ғалым, ұлтымыздың мақтаны­шы, Құдай қосқан қосағы, екі ба­ласының анасы Ахметова Бэла Ғабдолғалиқызының қол­дау-қамқорлығынсыз, жур­на­лист Гүлзат Нұрмолдақызы жаз­ғандай: «...бәлкім, мұндай дәреже бұйырар ма еді, бұйыр­мас па еді». Алдымен Өтекеңді алға оздырып, аялап, баптап, ҚазҰУ-дың физика факульте­тін­де оқытушылық қызметін ассисенттіктен бастап, про­фес­сор, академик дәре­жесіне дейін көтерілген Бэла Ғабдо­л­ғалиқызы қазақтың, ұлт анала­рының болмысы.

Өтеғали Қадырғалиұлының отбасын ғалымдар жанұясы деуге болады. Өйткені ұлы Ілияс та әке жолын қуған ға­лым, экономика ғылымының кандидаты, менеджер. Қызы Назым да социолог-эко­но­мист, Қазақстан жастар ода­ғы сый­лығының лауреаты, со­цио­ло­гия ғылымының док­то­ры, про­фес­сор. Неме­ре­ле­рінің (Ша­дияр, Мәлика, Дә­мелі) ана­сы, келіні Сәуле де халықтың әдет-ғұрып са­ла­сын зерттеуге үлес қосып жүрген көрнекті ғалым, тарих ғылы­мы­ның кандидаты, до­цент.

Жасында бейнетті бір кісі­дей көріп өскен, бір шаңы­рақ­тан бірнеше ғалым түлеп ұш­қан, енді сол бейнеттің зей­нетін көріп отырған, эконо­ми­ка ғылымының докторы, академик, ұлағатты ұстаз Өте­кеңнің ғұмыры кімге де болса үлгі-өнеге. Бұл Өтеғали Қа­дыр­ғалиұлының ғұмырна­ма­лық білім, ғылым саласындағы сіңірген еңбегінің, атқарған қыз­метінің қыр-сырының бір парасы ғана.

Мәди БАЙДӘУЛЕТОВ,

Қаржы және есеп кафедрасының аға оқытушысы, экономика ғылымының кандидаты