Қазақ білімі мен ғылымының қара шаңырағы – Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ еліміздің дамуы мен өркендеуіне елеулі еңбек сіңіріп, университеттік ғылымның қалыптасуына үлес қосқан тұлғаларын мақтан тұтады.
Осы бағытта білім ордасы мемлекет және қоғам қайраткерлерінің, зиялы азаматтар мен ірі ғалымдардың өмірі мен қызметіне арналған «Ғибратты ғұмыр» сериясы бойынша арнайы кітаптар шығарып келеді.
Мазмұнды серияның кезекті шығарылымы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, саяси ғылымдар докторы, профессор Бұрханов Камал Низамұлының 70 жылдығына арналып отыр. ҚР Білім беру ісінің үздігі, ҚР білім саласының құрметті қызметкері, Әлеуметтану академиясының академигі Камал Низамұлы еліміздің саяси тарихын зерттеуде нәтижелі жұмыстар атқарды. Қазіргі заманғы Қазақстан тарихы және саясаттану ғылымы бойынша республикадағы жетекші мамандардың бірі болды.
Камал Бұрханов 1954 жылы 31 наурызда Өзбекстан Республикасы Ташкент облысының Шұралысай ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Ташкент университетін, 2003 жылы Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетін бітірген.
Бұрхановтар әулеті – Қазақстандағы қуғын-сүргін құрбаны болған үлкен әулет. 1936 жылы бір діни мереке кезінде жас Камалдың атасы Бұрхан ақсақал «Қазіргі басшымыз Сталиннің өмірі 18 жылға жетпейді, ал түптің түбінде болашағы бұлыңғыр бұл мемлекет жоқ болады» деп, көпшілікке ойын ашық айтқан. Осы бір ауыз сөзі үшін ұсталып, дүние-мүлкі тәркіленіп, өзі айдалып кеткен. Сол кезде апасы Күлияжар балаларымен Ташкентке өтіп, сол жерге тұрақтап, тағдырдың зор тауқыметін тартқан. Әртүрлі ұлт өкілдерінен құралған ГЭС-4 елді мекенінде жалғыз қазақ отбасы болып, алты баланы тек өз ана тілінде тәрбиелегені – айтуға тұрарлық өнеге. Бұл Қызылорданың Жаңақорғанынан жыраққа, өзге елге кетуге амалсыз мәжбүр болған әулеттің өз тілі мен діліне деген шексіз сүйіспеншілігі екені сөзсіз.
Қайраткер ғалым табанды ізденістерінің арқасында ғылым баспалдақтарынан сатылай көтеріліп, ел игілігі жолында талмай жұмыс істеді. 1977-78 жылдары Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде ғылыми қызметкер, 1978-79 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих, археология және этнология институтында аға лаборант болды.
1979-2002 жылдары Қазақ мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰУ) аға лаборант, ассистент, аға оқытушы, доцент, профессор, декан орынбасары қызметін атқарды. Тарих факультеті Саяси тарих кафедрасының меңгерушісі, тарих факультетінің деканы, философия және саясаттану факультетінің деканы, Саясаттану кафедрасының меңгерушісі болып, жауапты міндеттерді іске асырды. Реті келіп тұрғанда айта кету керек, біз Камал Низамұлы тарих факультетінде, мен филология факультетінде қызмет істеп жүрген жас кезімізде танысып, оның азаматтық тұлғасын, ғалымдық бейнесін көргеннен кейін жақсы дос болып кеттік. Сол сыйластық, үзеңгі жолдастық оның өмірінің соңына дейін жалғасты. Камал Низамұлының ұйымдастырушылық қабілеті мен іскерлік қасиеті ерекше болатын. Сондықтан да болар, тарих факультетінің ғана емес, философия және саясаттану факультетінің тізгінін де ұстап, жауапты міндеттер атқарды. Адамдармен тез тіл табысып, жұмысқа жұмылдыра білетін ерекше дарынымен әрдайым дараланып тұратын.
Ол қандай қызметте жүрсе де, әрқашан байланыс жасап, хабарласып отырдық. Жас кезінің өзінде-ақ оның ҚазҰУ-да ұстаздық қызметімен қатар, ғылымда белсенді ізденіс жасауы, түрлі ғылыми конференцияларда сөз сөйлеуі, әсіресе сөз саптауда публицистикалық өнерді жақсы меңгеруі оның университет деңгейіндегі беделін айрықша жоғары көтерді. Сондай-ақ оның ерекшелігі – қазақша, орысша бірдей көсіліп сөйлейтін. Аудиторияны өте жақсы меңгеріп, баурап алатын. Бүкіл әріптестері онымен араласуға, сыйласуға ұмтылатын. Оның жарқын жүзі, әрқашан күліп жүретін бейнесі адамдарды өзіне тартып тұратын. Ол уақытта университеттің талантты жас ғалымдары үлкен бір топ болатын. Филология, тарих, заң, биология, география факультеттеріндегі жастар қоғамдық шараларда иық тіресіп, қатар жүрдік. Қай уақытта болсын бірге болып, университеттің жыл бойындағы дәстүрлі конференцияларына бірге қатысатынбыз.
Міне, осы кезеңдегі Камалдың ұстаздық жолы өз алдына бөлек әңгіме. Дәл осы кезде өзіндік ғылыми мектеп қалыптастырып, ізбасар шәкірттер тәрбиеледі. Көптеген жас ғалымдарға ғылыми жетекшілік жасап, іргелі жобаларды үйлестірді. Білікті ұстаздың шапағатын көрген олар бүгінде қоғамның түрлі саласында қызмет атқарып, мемлекетіміздің дамуына үлес қосуда. Ол жастарды ғылымның түбіне терең бойлауға насихаттады. Ұстаздық жолында 10-нан аса ғылым докторы және кандидаттарын даярлады, ғылыми кеңестердің төрағасы болды. Білім және ғылым министрі жанындағы саясаттану, философия ғылымдары жөніндегі сараптама комиссиясының төрағасы болды. Көптеген жаңа жобаға сарап-тамашы болып, жас ғалымдардың ізденісіне жол ашты. Сол себепті Камал Низамұлын еліміздегі алғашқы саяси ғылым мектебінің негізін қалаушылардың бірі ретінде атап өткеніміз жөн.
Өзінің біліміне, қарым-қабілетіне сенген адам тыңнан түрен салып, жаңа жұмыстарды бастауға бет бұрады. Ол 1998 жылы Алматыда Мәскеу мемлекеттік әлеуметтік университетінің сырттай оқытатын филиалын ашты. Елімізге экономика және әлеуметтік салада кәсіби мамандар даярлау аса қажеттігін сезінді. Жаңа білім ордасына білікті кадрларды жасақтап, оқытушы-профессорлардың ізденуіне, жаңаша жұмыс істеуіне жол ашып, жағдай жасай білді. Мәселен, сол кезде еліміздің өзге университеттерінде әлі оқытылмайтын «Әлеуметтік жұмыс» мамандығы бойынша жас кадрларды даярлау қолға алынды.
ҚазҰУ-дан басталған ұстаздық жолы 2002-2004 жылдары Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде (қазіргі ҚазҰПУ) жалғасты. Бұл университетте заң факультетінің деканы қызметін атқарды. 2004-2006 жылдары ҚР Президенті Әкімшілігінде бас эксперт міндетін атқарып, 2006-2007 жылдары Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институтын басқарды.
2007-2011 жылдары IV сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің мүшесі болды. 2012 жылғы қаңтарда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттығына сайланды. Ол өзінің талантын депутат болған кезінде тіпті жоғары деңгейде жетілдірді деуге болады. Оның Парламенттегі еліміздің түрлі салаларға байланысты айтқан тұшымды ойлары, ұсыныстары, ғылым бойынша, рухани байлық бойынша проблемаларды көтеруі жеке мақалалар түрінде де шығып жатты. Бұл оның депутаттар арасында да беделін көтерді. Сол кездері де кездесіп, еліміздегі маңызды оқиғалар, проблемаларды талқылағанда оның әрқашан жанашырлығын, іштей қатты тебіренетінін көруші едім. Ол Парламент мінберінен елдік мәселелерді көтеріп, қоғам игілігіне бағытталған реформаларды іске асыруға атсалысты. Нағыз ұлтжанды, мемлекетшіл тұлға еді.
Өз өмірін халқына қалтқысыз қызмет етуге арнады. Депутат ретінде Парламент Мәжілісі мінберінен халықтың мүддесін қорғап, өз ой-пікірлерін ашық білдіріп отырды. Парламентте сегіз жыл депутат болған кезінде ел Үкіметіне бірнеше мәрте депутаттық сауал жолдады. Мемлекеттің дамуына байланысты өзекті мәселелерге қатысты жаңа заңдар қабылдануына ұйытқы болды. Ол депутат ретінде, әсіресе, әлеуметтік мәселелерге баса назар аударды. Мектептерде, оқу орындарында патриоттық тәрбие беру жұмыстарын ұйымдастыруға, әсіресе, ушығып тұрған халықты тұрғын үймен қамтамасыз ету мәселелеріне жіті көңіл бөлді. Елдің қауіпсіздігі, шекараны нығайту жұмыстарына аса қатты мән берді. Осы мәселелердің айтылған жерде қалмай, түпкілікті дұрыс шешілуіне жағдай жасады. Оның тікелей қатысуымен ондаған заң жобасы жасалып, қабылданды. Мұның бәрі елдің игілігі үшін осы күнге дейін қызмет етуде. Парламент Мәжілісінің депутаты ретінде еліміздің құқықтық мемлекет болып қалыптасуына сүбелі үлес қосты.
Ол Парламент Мәжілісінің депутаты кезінде шет мемлекеттерге жиі шығып, баяндамалар жасайтын. Америка, Қытай, Үндістан, Ресейде өткен ғылыми-практикалық конференциялар мен симпозиумдарда жасаған баяндамасында тәуелсіз мемлекетіміздің сындарлы саясатын, ғылымы мен білімін, мәдениеті мен әлеуетін әлемге паш етті. Бірнеше рет Вашингтонда, Венада болған халықаралық сарапшылармен пікірталаста өз көзқарасын дәлелдеп шықты. Бұдан оның тек елімізде ғана емес, халықаралық аренада да өзіндік орны бар үлкен саясаткер екенін аңғаруға болады. Осы ретте Гоада өткен үлкен жиындағы жағдай еске түсіп отыр. Жиын барысында бір саясаткер «Қазақстан – сұлу келіншек секілді. Ол бірден 89 мемлекетке ұнағысы келеді» деген пікірін айтып қалады. Мұндай жағдайда Камал Низамұлы қалай үндемей қалсын, қолын көтеріп, сөз сұрайды. «Біріккен Ұлттар Ұйымында 192 мемлекет бар. Сіз 89 мемлекет дегенді қайдан шығардыңыз? Қазақстан – Күн астындағы алып орыс аюы мен қытай айдаһарының арасында өзінің сенімді орнын тапқан жас әрі мықты барыс. Сіз менің еліме тіл тигізбеңіз!» дегенде, әлгі саясаткер өз сөзінің орынсыз екенін түсініп, Камал Бұрхановтан кешірім сұрапты. Осы бір оқиғадан-ақ оның елінің қаншалықты патриоты екенін аңғаруға болады.
Камал Низамұлы саясаттанушы, тарихшы ғалым ретінде Қазақстан қоғамының даму мәселелерін терең түсініп, саяси-әлеуметтік ахуалды тамыршыдай тап басып отырды. Ол әрқашан ел мүддесін бірінші кезекке қойды. Көпұлтты еліміздегі бірлік пен татулықты нығайтуға барынша атсалысты. Қажет кезде шындыққа тура қарап, орынды сөзін айта білді.
Камал Бұрханов қандай қызметте болса да, өзінің жанына жақын тарих тақырыбынан, ғылыми-зерттеу жұмыстарынан қол үзген жоқ. Қайраткер ғалым қазіргі заманғы Қазақстан тарихы және саясаттану ғылымы бойынша 40-тан астам ғылыми жұмыстардың, кітаптар мен оқу құралдарының, 100-ден астам ғылыми мақаланың авторы.
«Орталық Азиядағы экстремизм», «Қытай өткені мен бүгіні арасында», «Қазақстанның қазіргі саяси тарихы (1986-2006 жылдар)» ұжымдық кітаптарын жазуға қатысты. «Қазақстан жолы диллемада: Шығыс немесе Батыс», «Қазақстан Республикасындағы діни және зайырлы білім», «Уақыт призмасы арқылы» сияқты саяси зерттеулер кітаптары жарық көрді.
Бекзат болмысты, ұлтжанды, мемлекетшіл тұлғаның ерен еңбегі мен терең ізденістері халықаралық ғылыми қауымдастықта мойындалып, жоғары бағасын алды. Мемлекет қайраткер тұлғаның еңбегін лайықты бағалап, «Құрмет» орденімен марапаттап, «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» атағын берді.
Терең білім, талмас ізденіс, сыни көзқарас, тың идея – кез келген ғалымның өзіндік ұлағатты өмір жолын қалыптастырады. Камал Бұрханов өз естеліктерінде: «Менің барлық өмір жолым – ең алдымен Қазақ ұлттық университетімен, оның ішінде тарих факультетімен тікелей байланысты. Ондағы барлық әріптестерім маған туған бауырымдай көрінеді», – деп отыратын.
Камал Низамұлының тарих, этнографиядан бастап, еліміздегі бүгінгі әлеуметтік-саяси ахуал туралы әрбір әңгімесі елді баурап алатын. Көпшіл мінезі мен ашық-жарқын қалпымен айналасына жақсы достар, тілеулес жанашыр жандарды жинай білді. Достарынан, жақындарынан қолынан келгенін аямады. Қауырт жұмыс, елдің қамы деп шапқылап жүріп, өз денсаулығына дұрыс көңіл бөле алмады ма екен, өмірден ерте кетті. Дегенмен өмірлік тәжірибедегі білгені мен түйгені, жазғаны мен сызғаны ғылыми айналымға түсіп, елдің игілігіне айналады деп ойлаймын. Бұл жинақтағы замандастары мен шәкірттерінің естеліктері Камал Бұрхановтай абыройлы азаматтың жарқын тұлғасын одан сайын биіктете түсетіні сөзсіз.