БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарын (4-мақсат – сапалы білім) жүзеге асыру аясында «Химия» және «Фармация» білім беру бағдарламаларының 2-курс студенттері «АбдиИбраһимГлобалФарм» ЖШС өндіріс орнына экскурсияға барып қайтты. Мұндай экскурсиялар студенттерге сапалы білім беру барысында үлкен тәжірибелік маңызға ие, өйткені олар оқу процесін жандандырады.
Бұл компания Қазақстандағы қатты дәрілік формаларды шығаратын үздік өндіріс орны. Зауытқа экскурсия барысында студенттер алғашында өндіріс орнының тарихы, жұмыс барысы және болашақ жоспарымен танысты. Екінші кезеңде студенттер зауыттың өндіріс бөліміне кірмес бұрын, қауіпсіздік ережелерімен құлақтанды және жеке қолданыс құралдарын киіп (бетперде, бахила, қалпақ, халат), шартты таза аймаққа өтті. Магистралды коридор бойымен, шикізаттарды сақтау бөлімінен бастап, қатты дәрілік формаларды өндірудің барлық кезеңдерін (өлшеу, құрғақ түйіршіктеу, ылғалды түйіршіктеу, кептіру, соңғы араластыру, тығыздау, капсулалау, таблеткаларды қаптау, блистерлеу, біріншілік және екіншілік қаптамаға орау) бақылады. Әрбір өндірістік процестерге сәйкес құрал-жабдықтармен танысты.
Үшінші кезеңде студенттер өндіріс орнының жеке сынақ зертханасын аралап көрді. «АбдиИбраһимГлобалФарм» ЖШС өндіретін бар дәрілік формалардың шикізатын, аралық өнімдерді және соңғы дайын өнімдердің ҚР Фармакопеясы бойынша барлық сандық және сапалық өнімдерді өз сынақ зертханасында зерттейді. Сынақ зертханасы физика-химиялық, микробиологиялық және ішкі өндіріс зертханасы сияқты үш бөлімнен тұрады. Студенттер өндіріс орнында қолданылатын барлық құрал-жабдықтарды (жоғары эффективті сұйық хромотограф, газ хроматографы, ИҚ және УК спектрофотометрлер, автоматты титраторлар және т.б.) көріп-білді. Қазіргі уақытта «Химия» және «Фармация» білім беру бағдарламаларында «Аналитикалық химия» пәні оқытылуда. Студенттердің зертхана жұмысымен жан-жақты танысуы теория түрінде алған білімдерін өндіріспен ұштастыруға мүмкіндік берді.
Елдана БАҚЫТЖАН,
АКХжСЭТ кафедрасының аға оқытушысы