Сөзжасам саласының негізін қалаушы
Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, филология ғылымының докторы, профессор Нұржамал Оралбаеваның есімі мен еңбегін әркез айрықша атап айтқан жөн. Орыс биологі И.И.Мечников: «Ғылымға тән атап айтарлық сипат – оның табандылықпен қызмет етуді талап ететіні», – деген сөзін ғылымға тән белгі дейміз бе, заңдылық дейміз бе, осында айтылған табандылықпен қызмет етудің нағыз үлгісін ғалым Нұржамал Оралбайқызының тіл теориясы мен әдістемесіне қосқан өлшеусіз еңбегі дәлелдей түседі.
Өзінің тыңғылықты тұжырымдарымен ғалым қазақ тіл теориясы мен әдістеме ілімінің, кеңестік түркологияның келелі мәселелеріне ерекше көңіл бөліп, шешімді ойларын ортаға салып отырған. Оның айқын дәлелі – әр жылдарда жарық көрген, көпшілікке кеңінен таныс оқулықтары мен монографиялық еңбектері және түрлі бағыттағы әдістемелік құралдары, оқу бағдарламалары, ғылыми мақалалары т.б.
Нұржамал Оралбаева 1928 жылы 15 мамырда Павлодар облысының Баянауыл ауданында дүниеге келген. Оқуға ынтық Нұржамал апай 1949 жылы Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтының қазақ тілі мен әдебиеті мамандығын үздік бітіріп, ғылымға ден қояды. Ол 1956 жылы «Октябрьден кейінгі қазақ жазуының тарихы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация, ал 1971 жылы «Қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық формалары» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын қорғап, 1973 жылы профессор атағын алды.
Н.Оралбаева – тіл білімінің ірі маманы, оның ғылыми ізденістерінің аясы кең, мәні терең, тіл білімінің ең өзекті мәселелерін қамтыды. Ол – 8 монография, 11 оқулық, 15 оқу құралы, 11 оқу бағдарламасы, 200-ден астам ғылыми мақаланың авторы. Ол еңбектерде графика, орфография, қазақ жазуының тарихы, грамматика, сөзжасам, қазақ тілін оқыту әдістемесінің өзекті мәселелері зерттелді.
Профессор Н.Оралбаева – сөздердің аналитикалық формасы туралы теорияны қазақ тіл біліміне тұңғыш енгізуші, осы саланың іргетасын қалаушы ғалым. Оның «Қазіргі қазақ тіліндегі етістіктің аналитикалық форманттары» (1975), «Қазіргі қазақ тіліндегі аналитикалық форманттардың құрылысы мен мағынасы» (1979) еңбектері тіл теориясына қосылған елеулі үлес болды.
Ғалым Н.Оралбаева қазақ тіл білімінде сөзжасам саласының жеке сала ретінде қалыптасуы мен дамуына ерекше үлес қосты, алғаш негізін қалаушы болды. 1989 жылы «Қазіргі қазақ тілінің сөзжасамы» атты монографияда сөзжасамның жалпы теориялық мәселелерін жазып, монографияның жауапты редакторы ретінде жаңа теориялық бағыттың негізін салды. Бүгінгі күні «Қазақ тілінің сөзжасамы» (2014) атты оқулығын еліміздің жоғары оқу орындарының филология факультеті студенттері пайдалануда.
Н.Оралбаева тілді оқыту әдістемесінің ірі маманы, қазақ тілін орыстілді мектепте оқыту әдістемесі ілімінің түрлі мәселелерін жан-жақты зерттеп, 1996 жылы «Орыс тіліндегі мектепте қазақ тілін оқыту әдістемесі» атты тұңғыш оқулықты баспадан шығарды.
Нұржамал апай ұзақ жылдар «Қазіргі қазақ тілінің морфологиясы», «Қазақ тілінің сөзжасамы» пәндерінен дәріс оқыды. «Бұл ғылыми курс болғандықтан, әр тақырыпты өткенде сол тақырып туралы ғана мәліметтің болуы аздық етеді. Әр мәселеге қатысты ғалымдар пікірін, еңбектерін біліп, оған талдау жасау қажет, ол мәселенің ғылымда қалай танылып жүргенін білу керек» дегенді жиі ескертетін. Өзі де ғалымдар пікірлерінен дәйектер келтіріп отыратын. Әсіресе есімде қалғаны – апайымыз морфологиядан қай тақырыпты қозғамасын, оған қатысты Ахмеди Ысқақовтың атын аузынан тастамайтын. Өзінің ұстазы, ірі ғалым Сәрсен Аманжолов туралы үнемі айтып отыратын. Ол кісінің тағдырына қатысты әңгімелер айтқанда көзіне жас алғанының талай куәсі де болдым. Ұстазына деген адалдығы, құрметі ерекше сезіліп тұратын.
Нұржамал Оралбайқызы Абай атындағы ҚазҰПУ-да Қазіргі қазақ тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі болып тұрған кезінде Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының ғалымдары мен Шығыстану институтының ғалымдарын – Рәбиға Сыздық, Шора Сарыбаев, Бабаш Әбілқасымов, Арсен Ибатов, Телқожа Жанұзақов, Қайырболат Есенов т.б. шақырып, студенттер үлкен ғалымдардан білім алсын деп, жарты жүктемемен жұмысқа тіркеп қоятын. Соның арқасында сырттай аттарын естіп, есімдерін кітаптан оқып жүрген ғалымдардың алдындағы шәкірттері болып шыға келдік.
Нұржамал апай Абай атындағы ҚазҰПУ-дың филология сала мамандарын даярлауда зор еңбек сіңірді. Екі докторлық диссертациялық кеңес ашып, оған төрағалық етті. Өзі төраға болып тұрғанда кеңес жұмысына республикамыздың ең белді ғалымдарын жұмылдыра білді. Сол кеңеске Рәбиға Сыздық, Аққал Қалыбаева, Шора Сарыбаев, Бабаш Әбілқасымов, Арсен Ибатов, Телқожа Жанұзақов, Оқас Нақысбеков, Қайырболат Есенов, Ғабдолла Қалиев, Тұғлықжан Талипов, Валентина Исенгалиева, Бақытжан Хасанов, Зәуреш Ахметжанова, Элеонора Сүлейменова, Надежда Гайнуллина, Ләззат Жаналина, Манат Мұсатаева т.б. ғалымдар мүше болды. Апай осылай диссертациялық кеңестің абыройын көтерді, жақсы мамандардың шығуын қадағалады. Жас ғалымдарды даярлау ісінде үлкен табыстарға жетті. Ғалымның ғылыми жетекшілігімен 70-тен астам ғылым докторлары мен кандидаттары даярланды.
Нұржамал Оралбаева – әйел, ана, жар, ұстаз, ғалым. Ғылымда үлкен жетістікке жетіп, басқарушылық қызметтерде жүрсе де (проректор, кафедра меңгерушісі), отбасындағы, ошақ қасындағы міндетін де бір сәт ұмытпай, ұштастыра білді. Нұржамал апай тамақты өте дәмді жасайтын, өзінің, отбасының киімдерін өзі тігетін. Жұмысқа киетін небір әдемі көйлек, костюм, пальтоларын өзі тіккенін естігенде, көргенде қайран қалатынбыз.
Құралай МҰХАМАДИ,
филология ғылымының кандидаты