Заманауи педагогикалық технологиялар бойынша ЖОО аралық ғылыми семинар өтті

9 сәуір, 2024

2024 ж. 8 сәуірінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасының профессоры Ф. Н. Дәулет  кафедраның «Аударма ісі» мамандығы бойынша оқитын магистрантта және докторанттармен бірге Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ-де ЖОО аралық ғылыми семинар ұйымдастырды. Ғылыми семинарда білім беру процесіне тиімді инновациялық әдістемелерді қолдану және енгізу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, профессор Ф. Н. Дәулет Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ шығыстану факультетінің мұғалімдері мен студенттеріне оқыту процесінде тиімді әдістердің бірі ретінде өзі қолданып жүрген коллаборативті әдісті қолдану және енгізу барысындағы тәжірибесімен бөлісті. Фатимабибі Ноғайқызының пікірінше, коллаборативті әдісті қолдану бакалаврлардың, магистранттардың және докторанттардың үлгерімін арттыруға оң әсер етіп қана қоймай, сонымен бірге олардың метакогнитивтік дағдылардын қалыптастыруға, Soft skills және hard skills дағдыларын дамытудың тиімді тәсілі бола алады. Ф.Н. Дәулет сонымен бірге, аталмыш әдіс білім беру процесіне қатысушы барлық жақтар арасындағы адамгершілік, ынтымақтастық және серіктестік қатынастарға негізделген "оқытушы – білім алушы", кейде "оқытушы – білім алушы – жұмыс беруші" моделі бойынша тең құқылы топта білім беру және тәрбие міндеттерін шешу білім алушылар үшін ғана емес, сонымен қатар оқытушының кәсіби дамуына да ықпал ете алады деп тұжырымдады. Қытайтану кафедрасының магистранттары мен докторанттары Жүнісбекова Л., Су Цзяинь, Саденова А., Нұрдәулет Ж., Ваң Ютиң, Ваң Лиңлиң, Басар Іңкәр, Дәңкей Бақнар оқу процесінде аталмыш әдісті қолдануға қатысты өз тәжірибелерімен бөлісті. Олар өз сабақтастарының, мұғалімдердің және жұмыс берушілердің қатысуымен ғылыми жобалармен бірлесіп айналысу, зерттеу жобалары мен семинарлардың нәтижелерін топтық талқылау, семинар нәтижелерін өздік бағалау, мұғалімдермен және өз сабақтастарымен бірге бакалаврларға бірлескен қамқорлық жасау және оларды республикалық және халықаралық ауқымдағы түрлі конкурстарға дайындау, мұғаліммен, сабақтастармен бірлескен кәсіптік бағдар беру жұмысына қатысу - осының барлығы – оқу барысында жаңа ғылыми ақпараттарды қабылдауды жеңілдетіп қана қоймай, сонымен бірге, түрлі ортада топтық жұмыс жасау және  ұйымдастыру дағдыларын дамытатын ұтымды әдіс деп атап көрсетті. Аталмыш ғылыми семинарда Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ шығыстану факультетінің мұғалімдері семинарда талқыланған жайттар бойынша өз пікірлерін ортаға салды,  әл-Фараби атындағы ҚазҰУ шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасының профессоры Ф. Н. Дәулет, магистранттар, докторанттардың аталмыш әдіс аясында жүргізген жұмыстардың нәтижелерін жоғары бағалады. Атап айтсақ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ шығыстану факультетінің шығыс филологиясы кафедрасының меңгерушісі  ф.ғ. к., профессор Г. Ж. Бүркітбай бұндай ЖОО аралық іс-шаралар біздің қоғамның түрлі салалары үшін жоғары білікті шығыстанушы мамандарды бірлесіп тәрбиелеуде, сондай-ақ оқытушылар арасында тәжірибе алмасу үшін тиімді құрал бола алатынын атап өтті.