Цифрландыруды жетілдіру жайы қозғалды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде тұрақты даму мақсаттары шеңберінде «Жаһандану дәуірінде мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жетілдіру» тақырыбында халықаралық ғылыми семинар өтті. Семинарды университеттің 90 жылдығына орай, заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасы Янки Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетімен, Қазақстандық криминологиялық қауымдастық пен қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының Қылмысқа қарсы іс-қимыл мәселелері ғылыми-зерттеу орталығымен бірлесіп ұйымдастырды.
Семинарда Янки Купала атындағы Гродно мемлекеттік университетінің ғылыми қызметкері Е.Гуцко, М.Есболатов атындағы ҚР ІІМ Алматы академиясының ҒЗО аға ғылыми қызметкері, з.ғ.к., доцент Л.Күлтемірова, сонымен қатар Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессорлық-оқытушылық құрамы, Қылмыстық құқық, қылмыстық процесс және криминалистика кафедрасының меңгерушісі, з.ғ.д., профессор Р.Жансараева, з.ғ.д., доцент Н.Калишева, з.ғ.д., профессор А.Ибраева, PhD, қауымдастырылған профессор Қ.Аратұлы және т.б. қатысты.
Семинар барысында заң ғылымында цифрлық технологияларды енгізу негізінде 2023-2029 жылдарға арналған цифрлық трансформация, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласын және кибер қауіпсіздікті дамыту тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қызметтерді цифрландыруды жетілдірудің ықтимал жолдары қарастырылды. Заң саласында қолданылатын цифрлық технологиялардың мысалдарын визуализациялауды, олардың заң мамандарының жұмысында орындалуын, құқықтық қызметте ақпараттық жүйелерді пайдалануды, денсаулық сақтау саласына цифрлық технологияларды енгізуді, заңнамалық реттеу мәселелері; денсаулық сақтауды ақпараттандыру, телемедицина, жасанды интеллект, медициналық және жеке деректерді қауіпсіз сақтау проблемасы, БҰҰ стандарттарына негізделген адам құқықтарын қорғау саласындағы халықаралық құқықты енгізу мәселелерін шешуді талап ету мәселелері қарастырылды.
Сондай-ақ мемлекеттік қызметтерді көрсету саласындағы цифрландыру Қазақстан Республикасының ең маңызды ақпараттық-технологиялық жобасына айналғаны айтылды. Жоба «электрондық үкіметті» қалыптастыру мен дамытудың мемлекеттік бағдарламалары мен «Ақпараттық Қазақстан-2020» бағдарламасы бойынша іске қосылды. Қазіргі уақытта мемлекеттік қызметтерді жеделдетілген цифрландыру жүріп жатыр. Бұл ретте eGov мобильді қосымшасын әзірлеуге баса назар аударылады. Қызметтер экстерриториалдық, белсенділік және композиттік қағидаттары бойынша көрсетіледі.
Мемлекеттік қызмет көрсетудің әкімшілік сипатын сервистік қызметке трансформациялау жүріп жатыр. Бұл мемлекеттік басқарудың сервистік «адамдық бағдар» моделін құру міндеттерінің бірі болып табылады.
Соңында семинарға қатысушылар баяндамаларды талқылап, пікір алмасты.
Қарлығаш УСЕИНОВА,
Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік
құқық кафедрасының меңгерушісі,
заң ғылымының кандидаты
Динара ТҰРСЫНҚҰЛОВА,
заң ғылымының кандидаты