Тарихи саңлақтармен таныстырған тұлғаFarabi University

Тарихи саңлақтармен таныстырған тұлға

16 сәуір, 2024

Каир халықаралық кітап көрмесі аясында шығыстанушы ғалым, академик Әбсаттар Дербісәліге арналған «Тәуелсіз Қазақстанда ислам мәдениетін дамытудағы академик, шейх Әбсаттар Дербіс­әлінің қосқан үлесі» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Кон­ференцияға алыс-жақын елдерден зиялы қауым қатысып, ғалым­ның ғұмыр жолында ғылым мен білімге, дипломатияға, елдің рухани өркендеуіне қосқан еңбектері туралы игі пікірлерімен бөлісті. 

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде шы­ғыс­тану факультетінің негізін қалап, ұстаздық қызмет еткен тұлға әрі шығыстанушы ғалым ретінде танылған Әбсаттар қажының ғылымдағы орны және оған қосқан үлесі ұшан-теңіз. Діни қызметте жүрген ша­ғында қолынан қаламы түс­пеген ғалым еліміздің және әлемнің мұрағаттарындағы си­рек қолжазбалармен үз­діксіз жұмыс істеді. Нәтижесінде ортағасырлық араб-парсы-түр­кі өркениетіне өзіндік үлес қосқан 200-ден астам түбі қазақ ойшылдарының аттарын әйгілі етіп, солардың ішінде 30-ға жуық Отырардан шыққан ғалымдарды танытты. Түркия­да­ғы кітапханалар мен қолжаз­ба қорларын айтпағанда, сонау Марокко мен Испания тәрізді мағриб елдеріндегі жәдігер­лік­терді жинаған ғалым тынымсыз ізденісінің нәтижесінде соңғы жылдары қазақ халқын Хұса­муддин ас-Сығнақи, Һибатул­лаһ ат-Тарази, Қауамуддин әл-Итқани тәрізді тарихи саң­лақтармен таныстырып, кі­тап­тарын бастырып шыға­руға атсалысты.

Францияның Канн қаласын­да орналасқан Сократ атын­да­ғы халықаралық номина­ция­лық комитеті тарапынан «Ғылым­да­ғы есім» (The Name in Science) құрмет сыйлығы­мен ма­рапатталған Әбсаттар Ба­ғыс­байұлы дипломатиялық қызметте де өзін халқын шын сүйген, міндетіне адал, шә­кірттерге жанашыр әрі қам­қор­шы ретінде танытқан азамат. Бү­гінгі күні шығыстану факуль­те­тінде өзі оқытып, тәрбие­ле­ген шәкірттерінің бірқатары ел аумағынан тыс алыс-жақын елдерде дипломатиялық қызмет етуде.

Әбсаттар қажының өмір жолы мен ерен еңбегін еске алу­ға арналған Нілдің жаға­сын­да өткен конференцияға шығыстану факультеті Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушы­сы, Арабтану орталығының ди­ректоры Е.Шоқай қатысып, университет ректоры Ж.Түйме­баевтың конференцияға қа­ты­сушы зиялы қауымға құттықтау сөзін жеткізіп қайтты.

Әбсаттар Бағысбайұлының еңбегі мен артында қалған ру­хани әрі ғылыми мұрасының ға­сырлар бойы адамзатқа пайдасы тие береді деп се­неміз.

 Дариға КӨКЕЕВА,

Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының меңгерушісі,

 филос.ғ.к., доцент