Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты түркі халықтарының ежелгі түркі руникалық ескерткіштерін құжаттау және цифрландырумен айналысады. Сондай-ақ түркітану және алтайтану бойынша синхрония мен диахрониядағы тілдер мен мәдениеттердің өзара әрекеттесуін талдап, олардың тілі мен мәдени мұрасын зерттеумен айналысатын басты ҒЗИ.
Түркітану және алтайтану ғылыми-зерттеу институты жұмысының негізгі қызметтерінің бірі – ғылыми-тәжірибелік конференциялар, дөңгелек үстелдер, арнайы курстар, дәрістер, семинарлар, зерттелетін саланың тақырыбы бойынша тренингтер өткізу. ҒЗИ негізінде жыл сайын түркі халықтарының тілі мен мәдениетінің дәстүрлі семинарлары өтеді. Осындай семинарлар легі Түркітану және тіл теориясы кафедрасының «Лингвистика», «Түркітану», «Шетел тілі: екі шет тілі мамандығы» мамандықтарының 2-курс докторанттарының зерттеу практикасы аясында жүргізілді.
Докторанттар өздерінің диссертациялық тақырыптарымен сабақтастыра отырып, ел ғылымының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар: тарихшы, әдебиетшi Мұхаммед Хайдар Дулатидiң туғанына – 525 жыл, ағартушы-педагог, тіл білімінің негізін салушы, түрколог, профессор Құдайберген Жұбановтың туғанына – 125 жыл, Қазақ КСР Ғылым академиясының тұңғыш президенті, қоғам қайраткері, геология ғылымының докторы, профессор, КСРО Ғылым академиясының, Қазақстан Ғылым академиясының академигі Қаныш Сәтбаевтың туғанына – 125 жыл, филология ғылымының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі Рабиға Сыздықованың туғанына – 100 жыл, филология ғылымының докторы, Қазақ КСР Ғылым академиясының академигі, түрколог, Ұлы Отан соғысының ардагері Әбдуәли Қайдаровтың туғанына – 100 жыл, филология ғылымының докторы, профессор, түркітанушы ғалым Алтай Аманжоловтың туғанына – 90 жыл, жазушы, аудармашы, сыншы Герольд Бельгердің (Гарри Карлсон) туғанына – 90 жыл, Қазақ ұлттық университетінің құрылғанына 90 жыл сынды атаулы даталармен байланысты семинарларын өткізіп, мол тәжірибе жинақтады.
Семинар соңында ҒЗИ атқарушы директоры, филология ғылымының докторы, профессор Нұрсұлу Шаймерденова барлық қатысушыларға алғысын білдіріп, докторанттардың дайындық деңгейін жоғары бағалап, шығармашылық табыс тіледі.
Бақыт ҚОРДАБАЙ,
«Лингвистика» мамандығының 2-курс докторанты
Перизат МЕДЕТБЕКОВА,
Түркітану және тіл теориясы кафедрасының аға оқытушысы, ф.ғ.к.