Биыл қасиетті білім ордасы – Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне 90 жыл толып отыр. Мен және жұбайым Теңдік Жауырұлы да осы университеттің 1957-58 жылдардағы түлегіміз. Көзі тірі болса, ол кісі де биыл 90-ға келер еді. Тауман Амандосов, Зейнолла Қабдолов сынды ғалымдардың шәкірті болған ол 30 жылдан астам аудандық және облыстық басылымдарға редакторлық етті.
1953 жылы мектеп бітіргеннен кейін менде үлкен мақсат пайда болды. Оған Мұхтар Әуезов атамыздың «Абай жолы» эпопеясы ықпал етті. Эпопеяны оқығанымда даңқты жазушыны, ұлы Мұхтардың өзін көру мен үшін арманға ұласты. Сөйтіп, ҚазМУ-ға оқуға түсуге бел будым. Конкурс өте үлкен: 150 үміткер құжат тапсырып отырмыз, ал оқуға алатыны – 25. Мен алғашқылардың бірі болып тізімге іліктім. Бір кереметі – Атырау елінің асыл азаматы Зейнолла Қабдолов ағай емтихан қабылдады, оған қоса, 10-сыныпта шығарма жазған тақырып келіп отыр. Мен «бес» алдым. Сонда Зейнолла ағайдың: «Шығарманы осылай жазу керек, ақ қағаздың бетіне әріпті маржандай түсіріп, көркем тілмен, қай жағынан алғанда да, кемшіліксіз жазып шығу керек», – дегені әлі есімде.
Бізге университет қабырғасында мамандығымызға сай, қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің білгірлері сабақ берді. «Қазақ тілі түркі тілдерінің ішіндегі ең сұлуы» деп баға беріп, білім-ілім үйреткен профессор, атақты Мәулен Балақаев, профессор, біздің кураторымыз болған Бейсенбай Кенжебаев, профессор Есмағамбет Ысмайловтардың есімін құрметпен еске аламын. Бұл ұстаздар жөнінде ерекше ілтипат, үлкен мақтанышпен айтуға болады. Өйткені олардың ғылымға сіңірген еңбегі өлшеусіз, зобалаң жылдардың құрбаны, жазықсыз репрессияға ұшыраған Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин т.б. ақтаңдақтарды қорғау үшін, солардың шығармаларын ақтау үшін шығармашылығына тер төгіп, зерттеу жүргізген бұл ғалымдар Кеңес өкіметінің құрсауынан аман қалып, бізге, 1958 жылға дейін дәріс беріп еді. Шіркін, ғұлама ғалымдардың дәрістері қандай еді!? Мен бір көруді армандаған ұлы Мұқаң – Мұхтар Әуезов екі жыл бойы бізге дәріс оқыды. Ол бізге бауырмалдықпен, әкелік қамқорлықпен қарады. Білім, тәрбие, моральдық қолдау берді. Мен мектепте, педагогикалық училищеде және университетте оқып жүрген кезімде оның суретіне қарап, ұлы Мұхтар Әуезовтің берген білімі мені өмір бойы жетелейтініне әрдайым сенетінмін. Осындай ұлы адамнан оқығанымды, білім алғанымды мақтан тұтамын.
Ал өзім болашақ жарым Теңдік Жауыровпен 1954 жылы жаңажылдық кеште таныстым. Ол университеттің екінші курсында, мен бірінші курсында оқитынбыз. Біз 1957 жылы 1 мамырда, студент кезімізде үйленіп, бас қостық. Елге барып, еңбек етіп, мен ардагер-педагог атансам, Теңдік Жауырұлы «Құрмет белгісі» ордені, «Еңбекте үздік шыққаны үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Еңбек ардагері» медальдарымен марапатталды. Ол – Қазақстан журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Махамбет ауданының құрметті азаматы.
Мен ҚазМУ-да өткен студенттік күндерімді, жарқын жастық шағымды осы күні ерекше сезіммен еске аламын. Жүрегіме өте ыстық. Қара шаңырақ оқу ордасында оқу озаты, белсенді болдық. Білім ордасының «Qazaq universiteti» газеті сол кезде шығып тұрды, қызығып оқитынбыз. Мақала жазып тұратынбыз. Осы басылым арқылы университет ұжымын, білім алушыларды ҚазҰУ-дың мерейлі 90 жылдығымен құттықтап, шығармашылық табыс, бақ-береке тілегім келеді.
Рахима ӘБІШҚЫЗЫ,
ардагер-педагог,
«ҚР Халық ағарту ісінің үздігі» белгісінің иегері