«Көсемсөз» деген терминді қазаққа ағартушы ғалым, Алаш ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы алып келді. Яғни қайраткер тұлға әлемде, журналистикада танымал публицистика терминін осылай қазақыландырды. Мәселен, жанр туралы анықтамалықта да «Көсемсөз – публицистика (лат. publіcus – қоғамдық) – әдебиет пен журналистиканың қоғамдағы көкейкесті, өткір мәселелерді қозғайтын саласы» деп көрсетілген.
Газет-журналдардың алғашқы, көрнекі беттерінен орын алатын бас мақалалар да публицистика. Яғни қоғамның басты мәселелерін қозғайтын ерекше жанр. Осы жанрды толық меңгерген журналистерді публицист, қазақша көсемсөзші дейді. «Публицистика» сөзі бізге латынның publich деген сөзінен енген. Бұл – латынның «қоғамдық» деген сөзінен шыққан, яғни өмірдің әлеуметтік, өндірістік, ғылыми, мәдени және басқа құбылыстарын, өмір деректерін негіз ететін әдеби жанр. Публицистика белгілі бір күннің, сол дәуірдің бет-бейнесін, саясатын, философиялық көзқарасын жан-жақты ашып береді.
Біздің елде бұл жанрдың өмірге келуіне, жарқырай көрінуіне Алаш арыстары себеп болды. Тура сол кезеңде қазақтың алғашқы басылымдары жарық көре бастады. Сол газет-журналдардың бәрінің алғашқы беті ұлт жанашырларының бас мақаласымен ашылатын. Мәселен, 1918 жылы Семейден шығып тұрған «Абай» журналында жарық көрген Жүсіпбек Аймауытовтың «Ұлтты сүю» атты бас мақаласын нағыз публицистика деп білемін. Мысалы, «Ақтығында айтпағым: оқығандар өзін-өзі тәрбие қылу керек. Қара халықтан жиренбей, жақын жүріп, сырласып, мұң-мұқтажымен таныс болып, өзі ұлтын сүюге, халыққа өзін сүйгізуге жиһат қылуы керек. Естеріңізде болсын: қара халықтың мәдениетті болуынан мәдениетті кісінің қазақ болуы қиын, баласына осы бастан ұлт рухын сіңіріп, қазақ өміріне жақындатып тәрбиелеу керек. Орыс тәрбиесін алған бала ұлт қызметкері бола алмайды», – дейді. Міне, осы ойдың өзі-ақ қоғамның әлі өзгермегенін, атамыз көтерген мәселенің әлі өзекті екенін көрсетіп отыр. Алаш ардагерінің осы туындысы өз қатарларын ғана емес, өзінен кейінгі талай буынды тәрбиелейтін, оларға жол сілтейтін нұсқаулық болды. Нағыз көсемсөз деп айта аламын.
Мақаладан тағы бір үзінді келтірейін: «Орыс шкөлінің тәрбиесі де оқығандарды ұлтшылдық, кішіпейілділік, таза жүректі қызметкерлікке артық әсер бермейді. Орыс балалары ұлт дегенді көп ескермейді, көбі өзімшіл, мақтаншақ, тәкаппар келеді», – дейді. Мұнда да үлкен ой жатыр. «Көршіңді пір тұта берме, өз жолыңды ізде, ұлттық құндылығыңды жоғалтып алма» деген жанашырлығы анық аңғарылады. Әттең, бұл да әлі күнге өзекті мәселенің бірі. Билігіміз де, көпшілік те орысша сөйлейді. Тіпті орысша ойлайды. Тәуелсіздіктің отыз жылында да осы жағдайдың өзгермегені өкінішті.
Бір сөзбен айтқанда, осының өзі бір көсемсөзге емес, бірнеше көсемсөзге жүк болатындай мәселе. Рас, бұл күнде де публицистика жақсы жазылып жатыр. Бұл жанр қоғаммен бірге жасасып, жаңарып отыратын жанр. Бірақ мен оның бәрін термелемей, Алаш арыстарымен тоқтағанды жөн санадым.
Нұрсана ҚАНАҒАТҚЫЗЫ,
журналистика факультетінің 2-курс студенті