ҚазҰУ «Флагман» бағдарламасының 10 жылдығын атап өтті
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Қазақстанның мультилингвалды және мультимәдениет ортасында болашақ кәсіби мамандардың тілдік даярлау моделін оңтайландыру» атты халықаралық конференция өтті.
Іс-шара ҚазҰУ-дың 90 жылдығына және «Флагман» бағдарламасының 10 жылдығына арналған. Конференция жұмысына АҚШ және Қазақстан дипломаттары, Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің (ACCELS) басшылары, «Флагман» бағдарламасының оқытушылары, Қазақстан, ҚХР, АҚШ, Қырғызстан университеттерінің шет тілі ретінде қазақ және орыс тілдерін оқытатын мамандар, сондай-ақ «Флагман» бағдарламасының студенттері мен ҚазҰУ докторанттары қатысты.
ҚазҰУ-дың Басқарма мүшесі – операциялық қызмет жөніндегі проректоры Еркін Дүйсенов құттықтау сөз сөйлеп, конференцияның маңыздылығына тоқталды. Проректор халықаралық конференция Қазақстанның мультилингвалды және мультимәдениет ортасы жағдайында тілдік даярлықтың заманауи трансформациялық моделін танымал етуге бағытталғанын атап өтті. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ мен Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестер (ACCELS, АҚШ) арасындағы ынтымақтастық туралы екіжақты келісімге 2014 жылы қол қойылған болатын. Шарт Қазақстан мен АҚШ арасындағы білім мен ғылымдағы екіжақты гуманитарлық қатынастарды одан әрі дамыту қажеттілігін тең құқылы әріптестік ынтымақтастыққа және тануға негізделген.
10 жыл ішінде «Флагман» бағдарламасы бойынша (Russian Overseas Flagship) университетте АҚШ-тың түрлі жоғары оқу орындарынан 200-ден астам студент білім алды. «Олар орыс тілін меңгеру дағдыларын жетілдіріп, тиісті мемлекеттік сертификаттау деңгейіне (С1) сәтті қол жеткізді, бұл АҚШ-тағы тестілеу қорытындыларымен расталады. Аталмыш жетістік ҚазҰУ-дың филология факультеті оқытушыларының тәжірибелі ұжымының сөзсіз еңбегі», – деп атап өтті проректор Е.Дүйсенов.
2023 жылдың шілдесінде ҚазҰУ алғаш рет әр штаттан келген 15 америкалық орыс тілінің маманына – мектеп мұғалімдері мен университет профессорларына біліктілікті арттыру курстарын өткізді. Олар ҚазҰУ оқытушыларының теориялық және әдістемелік жетістіктерімен танысуға бірегей мүмкіндік алып, Қазақстанның мәдениеті мен тарихына шынайы қызығушылық танытты, өз Отанындағы кәсіби қызметте пайдалану үшін Қазақстан туралы оқу материалын жинады. 2023 жылы АКСЕЛС және ҚазҰУ профессорлары қатысатын бірлескен халықаралық жоба басталды. Қазақ тілі шет тілі ретінде және орыс тілі шет тілі ретінде екі оқу кешенін құру бойынша жұмыс қолға алынды.
Конференция барысында Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшілігінің бас консулы Еркін Мишель, Алматы қаласындағы ҚР СІМ өкілдігі басшысының орынбасары Исламбек Райымов, Стратегиялық тілдер, мәдениеттер және өңірлер (АҚШ) бойынша білім беру бағдарламалары департаменті директорының орынбасары Кэтрин Кэшнер және «Флагман» бағдарламасының студенті Хлоя Эджингтон құттықтау сөз сөйледі.
ҚазҰУ профессоры Элеонора Сүлейменова «Флагман» бағдарламасының тәжірибесі: Қазақстанның мультимәдениетті және мультилингвалды ортасында тілдерді оқыту» туралы баяндама жасады.
Халықаралық конференцияға қатысушылар құзыреттілік, мәдениеттану және мотивациялық тәсілдер негізінде студенттерді қазақ және орыс тілдерін шет тілі ретінде кешенді оқыту тәжірибесімен бөлісті. Конференция барысында «Қазіргі орыс тілінің морфологиясы» оқулығының тұсаукесері өтті (авторлары: Э.Сүлейменова, О.Алтынбекова, Л.Екшембеева, З.Сәбитова).
Пленарлық отырыс кезінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың құрметті докторы, профессор Дэн Дэвидсон (АҚШ) «Соңғы 10 жылдағы тестілік деректер нәтижелері бойынша «Флагман» бағдарламасының трансформативті оқытуы» жайлы баяндамасын жасады.
Конференция барысында оқытушы Мартин С.Синтия (АҚШ) «Флагман» бағдарламасында болашақ кәсіби шетелдік мамандардың үшінші шекті деңгейінің құзыреттілік біліктілігін бағалау» атты шеберлік сағатын өткізді. Шара соңында қатысушылар жеке пікірлерін жеткізіп, ойларымен бөлісті.
Конференцияны Халықаралық білім беру жөніндегі америкалық кеңестердің (ACCELS) «Флагман» бағдарламасы, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Түркология және алтаистика ғылыми-зерттеу институты, Шетел филологиясы және аударма кафедрасы бірлесіп ұйымдастырды.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі