Шәкірттеріне шабыт сыйлайтын ғалым
Өмірі мен қызметі білім мен өрлеудің жаңа көкжиегіне жол ашқан көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Серік Оспановтың туғанына биыл 85 жыл толып отыр.
Серік Сәрсенғалиұлы білім мен ғылымға құрметпен қарайтын отбасында дүниеге келген. Оның ғылымға деген құштарлығы ерте жастан, математика мен физиканы ерекше ынтамен оқи бастаған кезде басталды. 1956 жылы орта мектепті үздік бітірген соң, ҚазМУ-дың физика-математикалық факультетінің математика бөліміне оқуға түсті. 1961 жылы университетті тамамдап, Есептік математика кафедрасының Есептік машиналар лабораториясында жұмысқа қалды. Одан кейінгі ғылыми-педагогикалық қызметі ҚазҰУ-мен байланысты болды. 1963-65 жж. КСРО Ғылым академиясының Сібірлік бөлімінде тәжірибе жинақтаудан өтті (Новосибирск қ.). Мұнда экономикалық тапсырмаларды математикалық модельдеуге маманданды.
Оспанов әрқашан жаңалыққа, терең білімге ұмтылды. Оның математика және экономика саласындағы жұмысы шығармашылық пен ғылыми әдістеменің революциялық концепцияларының үлгісі болды. Ғалымның жұмысы дифференциалдық теңдеулер теориясынан бастап, математикадағы экономиканың іргелі принциптеріне дейінгі көптеген тақырыптарды қамтиды.
1972 ж. кандидаттық диссертациясын физика-математика ғылымдары бойынша экономика-математикалық модельдерді қалыптастыру және талдау мәселесі бойынша қорғады. Дискретті құрылымдарды талдау үшін диссертацияға енгізілген иерархиялық жүйе бүгінде байланыс желілері инфрақұрылымының бағалау мәселелерін зерттеуге қолданылуда.
1996 ж. физика-математикалық ғылымдар докторы ғылыми атағын алу үшін «Применение вычислительных средств математического моделирования и математических методов в экономических системах» тақырыбы бойынша докторлық диссертациясын корғады.
1992-96 жж. С.Оспанов ҚР Экономика министрлігінің Экономика және нарықтық қатынастар ҒЗИ директорының ғылым бойынша орынбасары қызметін атқара жүріп, ҚазМУ-дың доценті қызметін де біріктіре білді.
1996-2011 жылдары Макро-микроэкономика кафедрасының профессоры болып жұмыс істеді. С.Оспановтың ғылыми-педагогикалық қызметінің бейіні кафедрада математикалық әдістер мен компьютерлік технологияларды пайдалана отырып, экономикалық есептерді талдай алатын мамандарды даярлауға бағытталған жаңа «Экономикалық кибернетика» мамандығының ашылуына ықпал етті. 2011/12 оқу жылынан бастап Экономика кафедрасының жетекші профессоры.
Экологиялық және экономикалық процестерді модельдеу мәселесі – С.Оспановтың ғылыми зерттеуінің негізгі тақырыбы.
Халық ағарту саласында С.Оспанов қазақ мектептерінің оқу бағдарламасына информатика негіздерін енгізуге ықпал етудегі жаңашыл бастамаларымен танымал. Мәселен, 1986/87 оқу жылында жалпы білім беретін мектептерге арналған информатика және есептеуіш техника оқулықтарының жетіспеуіне байланысты ол «Информатикадан он сабақ» атты телелекция топтамасын республикалық теледидардан қазақ тілінде оқыды. Орта мектептерге арналған информатикадан бірнеше оқулықты аударушылардың бірі.
1998 жылы «Информатика және информатика негіздері» оқулығы мектептерді ақпараттандырудың жаңа мемлекеттік стратегиясы аясында «Рауан» баспасынан үлкен тиражбен жарық көрді.
Серік Сәрсенғалиұлы ғылыми қызметімен қатар, жас ғалымдарды тәрбиелеу мен тәлімгерлік етуге әрқашан үлкен мән береді. Шәкірттері оның білім беруге құмарлығын және ғылымдағы жаңа жолды ашуға шабыттандыра білу қабілетін атап өтеді.
Ол көптеген ғылыми еңбектердің авторы ғана емес, сонымен қатар саналы ғұмырын білім беруге, болашақ ғылыми ұрпақты қалыптастыруға арнады.
Оспановтың ғылыми жетекшілігімен үш кандидаттық диссертация және бес PhD докторлығы қорғалған. Ол «ҚазКСР халықтық білім беру үздігі» төсбелгісімен, ғылымда математикалық модельдеу саласындағы жетістіктері үшін Халықаралық Кэмбридж биографиялық орталығының күміс медалімен марапатталған. 2009 жылы «Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға сіңірген еңбегі үшін» күміс медалін омырауына тақты, университеттің Ақсақалдар кеңесінің мүшесі.
Профессор Серік Сәрсенғалиұлын 85 жасқа толған мерейтойымен құттықтап, ғылымға, білімге қосқан зор үлесі және ғалымдардың жаңа буынына шабыт бергені үшін алғыс айтамыз.
Ғалия ДӘУЛИЕВА,
Экономика кафедрасының меңгерушісі, э.ғ.к.
Салтанат ҚОНДЫБАЕВА,
Экономика кафедрасының аға оқытушысы, РһD