Мамандар бәсекелестікке қабілетті болуы тиіс
Еліміздегі Жаңа мамандықтар мен құзыреттер атласының мамандық катологтарының өзгертілуі заманауи жоғары оқу орындарына тиісінше бәсекелестікке қабілетті болуды талап етеді. Осы орайда, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультеті бәсекеге қабілеттілігін қалай жетілдіргені абзал? Заңгер мамандығын даярлау бойынша мемлекеттік органдар мен ұйым-мекемелермен тиісінше келісімшарттар жасалып, білім алушылардың алған теориялық білімін практикада шыңдап жетілдірумен қоса, арнайы аудиториялар мен лабораторияларда дайындықтарын жетілдіруде.
Дегенмен заман ағымынан қалмау үшін және ғылыми-зерттеу университеті мәртебесіне сай даму үшін, біздіңше, гуманитарлық саладағы дипломдық жұмыс пен жоба және магистрлік диссертацияны жазу бойынша қойылатын ішкі ережелерді қайта қарау керек.
Біздіңше, қолданыстағы және ұсынылып отырған магистрлік диссертация жазу бойынша нұсқаулық қазіргі жұмыс берушілердің сұраныстарын қанағаттандыра алмайды. Магистранттардың жобасы мен диссертациясы қазіргі ғылыми талаптар, сұраныспен бірге жүруі қажет. Негізінен, қоғамда ғылыми зерттеулер мен болжаулар, ғылыми жұмыстар тәжірибеге қарағанда оқ бойы алда жүру керек. Ал бізде, керісінше, әлі күнге ескі стандарттан шыға алмай келеміз. Нәтижесінде білім алушыларымыз не ғылыми жобаларға қатыса алмайды, не ғылыми жұмыстар жаза алмай отырғаны шындық. Сондықтан біздің ұсынысымыз ескерілетін болса, онда зерттеу университетінің талабы мен жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыра алатындай ғылыми жасампаз мамандарды даярлап шығаруда өзінің көмегін тигізетініне сеніміміз мол.
Біздің ұсынысымыз бойынша, біріншіден, «Ұлттық мемлекеттік ғылыми-техникалық сараптама орталығы» АҚ автоматтандырылған ақпараттық жүйесіндегі (бұдан әрі – «ҰМҒТСО» АҚ ААЖ) интернет-ресурсында орналастырған «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс» жобаларындағы талаптарды зерттеу университеттерінің білім алушыларына енгізу. Магистрлік диссертация орнына «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық жобалар бойынша гранттық қаржыландыруға арналған конкурс» жобаларындағы талаптарды енгізу арқылы магистрлік диссертацияны жазып қорғауды енгізсек нұр үстіне нұр болар еді. Осы аталған норманы университеттің ішкі ережесіне енгізер болсақ, магистранттар мен оның ғылыми жетекшілері мемлекеттің жүргізіп отырған ғылым жөнінде саясаттан оның қандай бағытта сұранысы бар екенінен хабардар болып қана қоймай, сонымен қатар жас магистранттарды болашақ ғылыми жобаларды даярлау мен оған қатысуға көптеп тартуға да негіз болар еді. Өйткені ол гуманитарлық салада, оның ішінде заңгерлерге өте қажет-ақ. Екіншіден, практикалық, коммерцияландыру тұрғысынан қарастырсақ, аса қажеттігі жоқ 80-100 беттік бітіру жұмыстарын, диссертацияны жазғанша, қоғамға қажетті әрі болашақта осы тақырып бойынша мемлекеттің сұраныс бойынша өз пікірін ғылыми магистрлік зерттеу аясында қорғауға мүмкіндіктері бар. Осы арқылы университетіміздің қаржылық деңгейін, эндаумент қорының жұмысын да ұйымдастыруды қайта пысықтауды қажет етеді.
Higher Education журналына бір жоба жазып шығару арқылы магистрлік диссертацияны қорғау жайында да айтқым келеді. Journal of Higher Education ғылыми журналы Scopus мәліметтер базасына енгізілген. Аталған журнал негізінен педагогикалық бағытта болғанымен, оның ішінде мамандандырылған арнайы бағыттар да өте көп. Higher Education журналдары әлемде көп таралған, сондықтан магистрант кез келгенін таңдауға құқылы, сол өз таңдауы арқылы магистрлік тақырыбы аясында екі жыл ішінде бір мақала жариялап, сол ғылыми мақала негізінде өзінің диссертациялық зерттеу тақырыбын қорғауы болмақ. Бұл дамыған елдердің бәріне тән оң тәжірибе. Көп елдерде осы тәсіл докторанттарға да диссертация орнына қолданылады. Онда журналдың ғылыми процетилі ғана жоғары болды. Біздіңше, бұл біздің ғылыми-зерттеу университеті атына тамаша мүмкіндік. Ғылыми жарияланымдарды да осы арқылы көтеруге болады. Бұл магистранттардың нағыз ғылыми мақала жазуы мен ғылыми жоба даярлауда дағдылары қалыптасып, болашақта университетке ғана емес, ел ғылымының дамуына негіз болады деп ойлаймыз.
Баламалық ұстанымдар зерттеу университетінің бітіру жұмыстары бойынша ішкі ережеде тиісінше икемділік қарастырылмаған. Ал біздің ұсынып отырған өзгертулерде баламалы тәсілдер арқылы түлектердің ғылыми зерттеу алғышарты іспетті ғылыми ресми мақалаларды шығарып, сол бойынша бітіруші жұмыстарын қорғауды қарастыру керек.
Үлгерімі GIP-і 3,00-ден төмен магистранттарға /ҒПБ/ және бір жылдық профилді /ПБ/ бағыттар мен негізгі мамандығынан бөлек, басқа мамандықты бітіріп келген бакалавриат студенттері заңгерлік магистратураға түскен болса, онда оларға Higher Education журналдарында бір мақала немесе РИНЦ журналдарында екі мақала шығарып, соның негізінде диссертациясын қорғауды ұсынамыз.
Жалпы, ұсынылған «Магистрлік диссертацияны (жобаны) дайындау және қорғау бойынша әдістемелік нұсқаулар» жобасы техникалық мамандықтарға арналып жасалғаны көрініп тұр. Сондықтан да гуманитарлық саланың ерекшеліктерін ескере отырып, аталған талаптарды толық қайта қарап шығу керек.
Нұрмұхамед МЫРЗАТАЕВ,
PhD докторы, Азаматтық құқық және іс жүргізу, еңбек құқығы кафедрасы меңгерушісінің ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық байланыстар жөніндегі орынбасары