Шетелдік студенттер қазақ театрында
ҚазҰУ-да Тұрақты даму мақсаттарының «Жақсы денсаулық және әл-ауқат» жобасы аясында Жоғары оқу орнына дейінгі дайындық кафедрасының ұйымдастыруымен ғылыми-танымдық, тәрбиелік маңызы бар іс-шаралар үнемі өтіп тұрады.
«Рухани жаңғыру» апталығының «Біртұтас тәрбие» сағаты барысында топ куратор-эдвайзерлері және тыңдаушылар Ғ.Мүсірепов атындағы балалар және жөсөспірімдер театрына «Енелер мен келіндер» қойылымын тамашалауға барды.
Қойылымның тыңдаушыларға берер тәрбиесі мол. «Дәстүрдің озығы бар, тозығы бар» демей ме, дана халқымыз. Адам санасын заман ағымы өзгертсе де, дәстүр мен салттың тозбасы анық. Әкеден ұл озып туса, енеден келін озық болып бұйырса, тектілік тамырына керекті құнар да сол емес пе? Біздің бір түйгеніміз, қойылым арқылы шығармашылық топ отбасы құндылығы, жанұя мүшелерінің бір-біріне деген қарым-қатынасын, ықпалын көрсеткен. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген ұғымды жеткізген сияқты. Екі отбасынан шыққан екі келіннің алған тәрбиесі және сол тәрбиесімен қайын жұртының алдында қандай қарым-қатынаста болды, соны шынайы көрсеткені біздің тыңдаушыларға ұнады. Келіндер арқылы жалпы адамның ізгі қасиеттерін, көркем мінезінің айналасына қалай әсер ететінін, үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетудің артықшылығын жеткізген. Сол қасиеттер келін ғана емес, жалпы, барлық адамның бойынан табылса өзгені де, өзін де бақытты ете алады. Өйткені біртұтас тәрбие дегеніміз отбасылық құндылықтан басталады.
Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының шығармашылығымен танысу ұлттық бейнеміздің кәусар бұлағы. Театр арқылы біз өткен тарихымызды, мәдениетімізді танитынымызды шетелдік студенттерге дәріптеудің өзі бір ғанибет. Бұл, біріншіден, шетелдік студенттердің тарихи-мәдени білімін көтерудің өзгеше формасы; екіншіден, олардың ой-танымын қалыптастырудың негізі болар бірден-бір игі іс екені анық.
Гүлнәзира МУЖИГОВА,
Сандуғаш НҰРТІЛЕУОВА,
ЖОО-ға дейінгі
білім беру факультетінің
аға оқытушылары