СОТ ЖҮЙЕСІНІҢ РЕФОРМАТОРЫ

9 мамыр, 2024

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ

Басқарма Төрағасы - Ректор Жансейіт Түймебаевтың

"Qazaq universiteti" газетінде жарық көрген  мақаласы

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­тетін­де білім алып, мемлекет өркендеуіне абыройлы қызмет атқарған көрнекті түлек­терінің бірі – заң ғылымының докторы, профессор, Қазақстан Республикасы Парла­мен­ті Сенатының, Қазақстан Республи­касы Жоғарғы сотының, Қазақстан Республи­касы Конституциялық Кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республика­сы­ның бас прокуроры қызметтерін атқарған Қайрат Әбдіразақұлы Мәми.

Қайрат Әбдіразақұлы – тәуел­сіз Қазақстанның сот, құ­қық қорғау саласында өзіндік орны бар тұлғалы азамат, мем­лекет және қоғам қайраткері. 1981 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік универ­си­те­тінің заң факультетін тәмам­да­ғаннан бүгінгі күнге дейін осы саланың дамуына үздіксіз үлес қосты. Іскерлік шеберлігі мен ұйымдастырушылық қабі­ле­тінің арқасында еліміздегі сот жүйесі жаңа бағытта ре­фор­маланды. Қазақстандық сот саласының өзін-өзі мате­риал­дық тұрғыда қамтамасыз етіп, сот жүйесі қызмет­кер­ле­рінің еркін жұмыс істеуіне, кәсіби тұрғыда мол тәжірибе жинақтауына жол ашты.

Қайрат Әбдіразақұлы Аты­рау облыстық соты мен Алматы қалалық сотының төрағасы қыз­меттерін үлкен абыроймен атқарды. 1995 жылы ҚР Жо­ғар­ғы сотының қылмыстық істер алқасын басқарса, 1999-2000 жылдары ҚР әділет министрінің орынбасары болды. 2000 жыл­дан бастап ҚР Жоғарғы соты­ның төрағасы, 2009 жылдан ҚР бас прокуроры сынды жоғары лауазымды қызметтердің тізгі­нін ұстады.

2011 жылы ҚР Парламенті Се­натының төрағасы болып сайланды. Қоғам игілігіне ба­ғыт­талған жобаларды қолдап, құқықтық реформалардың нә­ти­желі іске асуына атсалысты.

Одан кейін 2013 жылы ҚР Жоғарғы сотының төраға­лы­ғы­на келіп, еліміздің сот, құқық жүйе­сінің үздіксіз дамуына маң­дай терін төкті. Өз сала­сы­ның білікті маманы, мемле­кет­шіл тұлға, әділет жақтаушысы болып, көрнекті мемлекет қай­рат­кері атанды.

Қайрат Әбдіразақұлының же­т­екшілігімен «Қазақстан Рес­публикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Респуб­ли­касының конституциялық за­ңы, «Қазақстан Республи­ка­сы­ның Жоғары Сот Кеңесі ту­ралы», «Атқарушылық iс жүр­гiзу және сот орын­даушы­ла­ры­ның мәртебесi туралы», «Ара­лық соттар туралы», «Про­ку­ра­тура туралы», «Құқық қорғау қызметі туралы» заң­да­ры әзірленді. Соттардың құқық қолдану тәжірибесіндегі өзекті мәселелер жөніндегі Жоғарғы соттың нормативтік қаулылары дайындалды. Сондай-ақ ҚР Жо­ғарғы сотының 2009-2011 жыл­дарға арналған страте­гия­лық жоспары, Сотты қалып­тас­тыру стратегиясы әзірленгенін бі­леміз. Бұл қайраткер тұл­ға­ның сот, құқық саласын жетіл­ді­ріп, реформа жасаудағы өл­шеу­сіз еңбегінің бір парасы ғана.

Мемлекеттік қызметпен қа­тар, заң ғылымының докторы, про­фессор ретінде ізбасар шә­кірттер тәрбиелеп, заң-құ­қық саласында мазмұнды ең­бек­тер жазды. Қара шаңырақ ҚазҰУ-дың дамуына үлес қо­сып, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Директорлар кеңесін және университет түлектерінің қа­уымдастығын басқарып ке­леді. Білім ордасындағы бар­лық игі іс-шаралар мен ауқым­ды жобалар мен жаңаша бас­тамалардың барлығында да оның айқын қолтаңбасы бар. Көптеген ғылым канди­дат­тары мен РhD докторларға жетекшілік жасады. Бүгінде шәкірттері заң-құқық саласы бойынша Қазақстанмен қатар, шет мемлекеттерде де жемісті еңбек етуде. Қайрат Әбдіра­зақ­ұлының іскерлік тәжірибесі, іргелі зерттеулері, тың әдісте­ме­лері қазіргі соттардың тәжі­ри­бесіне енгізілген.

Қайрат Әбдіразақұлының аза­маттық болмыс-бітімі мен ада­ми кескін-келбетіне ерек­ше тоқталғым келеді. Өйткені Қайрекең – айналасына қам­қор, бізге адал дос, жанашыр аға-бауыр бола білген ерекше тұлға. Өмірдің сан тарау қа­лып­тасу жолынан өтті. Десек те, студент кезімізден аралас­тық, әлі күнге сыйластығымыз бен достығымыз, қарым-қаты­на­сымыз бен жанашырлық ние­тіміз өзгерген жоқ. Сол баз-баяғы жиырма жасы­мыз­дағы қалпымыздай әңгімеміз түзу. Жас кезімізде қалай та­ныс­тық – сол ақ-адал тілек­тес­тігіміз өзгерген жоқ.

Қайрекең студент кезінде отбасын құрды. Ол кезеңде әрі білім алу, әрі отбасын асырау оңай болмайтын. Өйткені отау құрған студенттер, қазақ жас­та­рының бәрі пәтерде тұрды. Шаңырақ көтерген доста­ры­мыздың көпшілігі Алматының шет жағын жағалап жүрді. Со­ған қарамастан, ол сабақты үздік оқыды, әркез қатарының алды болды. Жоғары оқу ор­нын бітіріп, жолдамамен Аты­рау­ға барып, еңбек жолын қа­рапайым қызметкер болып бастады. Қысқа уақыттың ішін­де Атырау облыстық сотының төрағасы лауазымына дейін көтерілді. Өзінің еңбекқорлығы, кәсіби біліктілігі арқасында елі­міздегі ең жас облыстық сот төрағасы ретінде ерекшеленді. Бұл қазір айтуға ғана оңай әң­гіме. Ал шын мәнінде айрықша қажыр-қайратты талап ететін лауазым еді. Атырауда досы­мыз үлкен бедел жинады. Ха­лық ерекше сыйлады. Кейін ол жақ­тан оралғанда Атырау хал­қы айрықша құрметпен қимай шы­ғарып салды. Өйткені өмір­лік жолы адал еңбектің арқа­сын­да қалыптасты. Елге үлгі-өне­ге болды. Әділет жақ­таушысы бо­лып, мемлекет мүддесін, елдің мәртебесін қорғауда үлкен еңбек сіңірді.

Жоғары лауазымды қыз­мет­те жүріп, адамгершілікті, адалдықты ту етті. Биік ман­сап­пен бірге ағайын-тумаға қам­қорлық танытып, досқа, әріптеске ниеттес болды. Бұл оның жылы жүрек иесі екенін көр­сетеді. Өйткені үлкен ор­тада жүріп, айналасына қа­ра­су, қамқорлық таныту оңай емес. Көпшілігі қызметке баса мән беріп, жан-жағына көңіл бөлуді азайта бастайды. Ал Қайрекең қандай мансапқа ие болса да, достықтан айныған жоқ, ағайын-туысқа, бауырға, тіпті көрші-көлемге қамқор бо­ла білді. Оны жанында жүрген біз көрдік, куәміз. Ағайын-туыс­қа жолбасшы болды. Өз ата­тегіне үлкен құрметпен қа­рады. Тек ағайынға ғана емес, өзі туып-өскен ауылына да көп қам­қорлық жасады. Музей аш­ты. Көзге көрінбейтін жақ­сы­лықтар жасады. Бар болып тұр­са да, материалдық жағы­нан қол ұшын беру, желеп-же­беп жіберу екінің бірінің қо­лы­нан келе бермейтін қасиет. Кеңестік кезеңде жай қызметке тұрудың өзі қиын еді, сондай кезде талай адамға жақсылық жасағанын көз көрді. Бүкіл елге қарасты. Қайрекең туған то­пы­раққа барғанда көпшілік ая­ғы­н­ан тік тұрып қарсы алады. Ерек­ше құрмет көрсетеді.

Анасы ауылда тұрды. Әке­сінен ерте айырылған Қайре­кең анасына сүйеу болды. Әкесі – Ұлы Отан соғысында Брест қамалын жаудан азат ету­ге қатысқан санаулы қазақ­тың бірі. Оқ пен оттың арасынан елге аман-есен оралып, бала-шаға өсіріп, тәрбиелеп қатарға қосты. Туған жер төсінде бар өмі­рін шәкірт тәрбиелеуге жұм­сады. Мектеп директоры қызметіне дейін көтеріліп, елге үлкен еңбек сіңірген тау тұл­ға­лы азамат. Анасы да өмір бойы мектепте мұғалім болды. Қара­пайым адам болса да, көзі ашық, көкірегі ояу еді. Күн­де­лікті газет-журналдарды қалт жібермей оқып отыратын. Сол кездері шығатын «Лениншіл жас», «Қазақ әдебиеті», тағы бас­қа толып жатқан басылым­дар­ды оқып отыратын. Ол кісі үне­мі ұлына «пәленшенің жағ­дайы болмай жатыр», «түген­шенің көңіл күйі жоқ» дегенді құлаққағыс етіп жүретін еді. Ал Қайрекең сол адамдарға үнемі қол ұшын созады. Анасының сөзін екі етпейді. Осындай әке мен шешенің мықты тәрбиесін алған Қайрекең достыққа, аға­йындыққа, елдікке өте мықты аза­мат, осы қасиетіне бар­лығымыз қызығамыз. Оның қан арқылы біткен болмыс-бітімі, таным-түсінігі, орасан зор ішкі қуаты кәсіби маман болып қа­лып­тасуына, кейінгі лауазымды қыз­меттеріне жетістікке жетуі­не ерекше ықпал етті. Ол дос­та­рына, әріптестеріне, курс­тас­тарына да талай жақсылық жасады.

Құдай адамға сынап, бақ бер­генде көп адам оны көтере алмай қалады. Ал Қайрекең қай қызметте жүрсе де, аза­маттық келбетіне дақ түсірген жоқ. Бір курстасы кемтар бо­лып қалғанда жанын салып көмек берді, оның балаларына қам­қор болды. Тағдыр тәл­ке­гімен кейбір курстастарының жа­ры жесір қалғанда да со­лардың отбасына қарайласып, көмек қолын созып жүрді. Бұл да екінің бірінің қолынан келе бермейтін ерекше қасиет.

Тағы бір атап өтерлігі, Қай­ре­кең өзі ақынжанды, аздап өлең шығаратын қабілеті бар. Әңгіме айтқанда да әдеби тіл­мен жатық, шебер сөйлейді. Ақын-жазушыларды жатқа ай­тып отырады. Мақал-мәтелге, қанатты сөзге бейім. Жай ғана заң қызметкері емес, салауат­ты, салиқалы, зиялы ел ағасы. Оның тағы бір жағымды қасиеті – ол магнит сияқты, жанына жақ­сыларды тартады. Мен Түр­кия елінде көп жылдар қыз­мет еттім, біз осы елдің қа­лып­тасқан атау үрдісімен бір-біріміздің атымызды атамай, «Sayın başkanım» деп бауырдай сыйластық. Әлі де солаймыз. Біздің аралас-құралас­тығы­мыз­ға қырық жылдай уақыт, тіпті қатар жүргенімізге елу жыл­ға жақындап қалды. Осы жыл­дар ішінде бір-бірімізге дау­ыс көтеріп көрген жан емес­піз. Былайша айтқанда, шәй десу болған жоқ. Мен мұ­ны ерекше байлық деп баға­лай­мын. Бір-біріміздің қас-қа­ба­ғымызға қараймыз, іші­міз­дегіні айтпай-ақ сезіп тұрамыз. Бұл бір-бірімізге таза ниетпен рух беретін, дем бе­ретін қарым-қатынас. Жақын достардың біреуінің басына әлдеқандай ауыртпашылық түс­се «осылай жасап жіберейік, көмек берейік» деп бәріне те­лефон соғып, үлгеріп жатуы да үлкен адамгершіліктің белгісі. Жасыратыны жоқ, көп адам жеке бастың тіршілігінен ас­пай­ды. Жұмысбасты бола жү­ріп, айналасындағыларды көз­ге ілмеген кейбіреулер қыз­меттен кеткенде жапан далада жалғыз қалғандай өмір кешіп жатқанын көз көріп отыр. Ал Қайрекең қай уақытта да төңірегіндегілерді түгендеп жүрді. Сол қасиетіне біз дән ри­замыз. Бұл – өте сирек кез­десетін қасиет. Бұл – оның ада­ми қасиеті, сөзсіз қара­пайым­дылығы, көрегендігі.

Бүгінде Қайрекең отбасын, ағайын-туыс, дос-бауыр­ла­ры­на көбірек көңіл бөлуде. Бос уақытында тау шаңғысын теуіп, гольф ойнап, атқа мінгенді ұна­тады. Ол аяқастынан ерекше отырыс ұйымдастырудың хас шебері. Біз, достары, мұндайда мәре-сәре болып қаламыз. Қай­ре­кеңнің салиқалы әңгі­ме­сінен рухани күш аламыз. Со­дан болар, ертесіне тың жү­ре­міз, жұмысқа шаршамай ке­леміз. Қандай жағдайда да, қуанышта да, жұбанышта да артымда арқамды сүйейтін, сенетін досым бар деп айта алуыңның өзі бір ғанибет емес пе?! Осындай көркем ой, ал­ғау­сыз сыйластық, ерекше құрмет бойымызға күш береді. Алға жетелейді. Қайрекеңнің қанмен сіңген мәдениеттілігі, айналасымен әдепті түрде қа­рым-қатынас жасауы үйренуге, үлгі алуға тұрарлық қасиет. Ұқып­тылығы, тиянақтылығы, кір­пияздығы өзіне жарасып тұ­рады. Осындай тамаша қа­сиет­терден азаматтың ерекше тұлғасы пайда болады. Мұндай болмыс-бітім азаматтың жеке тұлғасын биікке көтереді.

Қайрат Әбдіразақұлы – төк­кен маңдай тер, жиған ілім-бі­лімі мен адал еңбегінің ар­қа­сында жұлдызы жанған азамат.

Жетпіс жылдық белеске үлкен жетістіктермен, абырой­лы табыстармен, айрықша сый-құрметпен жетті.

Абыройлы тұлғаның мерей­лі жасы құтты болсын!