ҚазҰУ талапкерлерді қабылдау сапасын пысықтады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың кезекті Ғылыми кеңесінде университеттің алдағы оқу жылына талапкерлерді қабылдау сапасын жетілдіру шаралары талқыланды.
Жиында оқуға қабылдау жөніндегі офис басшысы Айдар Жұмалипов қабылдау комиссиясының жұмысын саралап, алдағы міндеттерді баяндады.
Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі оқу-әдістемелік бірлестігінің (РОӘК ОӘБ) ғылыми хатшысы Ақмарал Сырғақбаева ҚазҰУ базасындағы оқу-әдістемелік бірлестігінің жай-күйі мен даму бағыттары туралы баяндама жасады.
Биылғы жалпы мектеп бітірушілер саны – 188 900. Олар екі кезеңмен негізгі Ұлттық бірыңғай тестіні 6-10 мамыр және 11-14 мамыр аралықтарында тапсырады. Оқуға түсу емтихандарының мерзімі – 16 мамырдан 5 шілдеге дейін. Шығармашылық емтиханға өтініштерді қабылдау уақыты – 20 маусымнан 7 шілдеге дейін деп белгіленген.
Магистратураға оқуға түсемін деушілер өтініштерін 1 маусымнан 15 шілдеге дейін қабылдау комиссиясына тапсыра алады. Докторантураға – 3 шілдеден 3 тамызға дейін. Ал бакалавриаттар арасындағы конкурсқа құжаттар 13-20 шілде аралығында қабылданады. Сондай-ақ магистратураға 11-16 тамыз аралығында, ал докторантураға 21-23 тамыз ішінде конкурсқа құжаттар тапсыруға болады.
Оқуға қабылдау жөніндегі офис басшысы Айдар Жұмалипов өткізілген кәсіптік бағдар беру жұмысы туралы баяндап, оң тұстарын атап өтті. ҰБТ кезінде оқушылардың алған баллдары жөнінде де айтылды. Наурыз айында 117 мың оқушы ҰБТ бойынша алдын ала емтихан тапсырды, оның 75 пайызы шекті балл, 69 пайызы орташа балл және 127 пайызы ережені бұзған.
ҰБТ статистикасы көрсетіп отырғандай, наурыз айында оқушылардың 92 пайызы шығармашылық емтихан бойынша жақсы нәтиже көрсетті. Оқушылардың 9,6 пайызы шет тілі мен дүниежүзілік тарих бойынша тест тапсырып, шекті баллдың 85 пайызына қол жеткізді. Математика-информатика пәнінен 11,9 пайыз тапсырғандар шекті баллдан 81 пайыз алды. Спикер сондай-ақ бакалавриат, магистратура және докторантура бойынша 2024/25 оқу жылына контингентті қабылдаудың жоспарлы мәндері туралы хабардар етті. Сондай-ақ Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ға түсу үшін шекті баллдың өзгеру динамикасы көрсетіліп, Ғылыми кеңесте оларды бекітуге ұсынылды.
Республикалық оқу-әдістемелік кеңесі оқу-әдістемелік бірлестігінің хатшысы Ақмарал Сырғақбаева бірлестік кадрларды даярлау бойынша тоғыз бағытқа жетекшілік жасайтынын және әр бағыт бойынша арнайы секция құрылғанын атап өтті.
Қазіргі уақытта білім беру бағдарламаларының саны – 1471. ОӘБ бүгінде Ұлттық тестілеу орталығы, ҒЖБМ, салалық министрліктер, Жоғары білім беруді дамытудың ұлттық орталығы, «Атамекен» ҰКП, Білім беру мазмұнын сараптаудың республикалық ғылыми-практикалық орталығы, бизнес-қоғамдастық, жұмыс берушілер қауымдастығы, депутаттық корпуспен тығыз қарым-қатынаста.
Жиынды қорытындылаған ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев университетте оқығысы келетін жастарды қабылдау кезінде оларға қойылатын талаптарды күшейту керектігін айтты. Қабылдау комиссиясы түрлі олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздарымен жеке сөйлесіп, аймақтармен онлайн кездесулер өткізу арқылы білімді жастарды тартқан абзал. Магистранттар мен докторанттардың қатарын көбейту мәселесі де көтерілді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі