Еңбек нарығының заманауи талабы зор
Лейла КУДРЕЕВА,
химия ғылымының кандидаты, доцент, химия және химиялық технология факультетінің
оқу-әдістемелік және тәрбие ісі жөніндегі декан орынбасары:
1. Сіздіңше, ЖОО-ның «Үздік оқытушысы» қандай болуы керек? Қандай талаптарға (педагогикалық, психологиялық және т.б) жауап беруге тиіс?
2. Дәріс оқитын пәніңіз бойынша оқу бағдарламасы көңіліңізден шыға ма? Сіздің ойыңызша, оны жетілдіру үшін не істеуге болады?
3. Білікті маман даярлауда қандай кемшін тұстарымыз бар, атай аласыз ба?
4. Қазіргі жастардың білім деңгейі қандай?
5. «Қоғам сауатсызданып барады» деген көзқараспен келісесіз бе?
1. Үздік ұстаз ұқыпты, ақыл-парасатты, әділ, аса қанағатшыл, жоғары мәдениетті, сыпайы да әдепті, қажырлы, нәпсісін тыйып ұстайтын адал, үнемі өзін дамытумен шұғылданатын, өнегелі тәрбиеші болуы тиіс. Сонымен қатар үздік оқытушы бар ой мен қимыл-әрекетіне ақыл-парасатпен қарап, тынымсыз еңбек ететін кәсіби маман болғаны абзал. Озат оқытушы білім алушылардың қажеттіліктеріне мұқият болып, олардың пәнге деген қызығушылығын оятып, сыни тұрғыдан ойлауын жетілдіріп, өзін-өзі дамытуға ынталандыруы керек.
Қазіргі жағдайда еліміздің үздік оқытушылар қатарында болу үшін ғылыми жұмыстармен белсенді айналысу жеткілікті сияқты. Себебі бір оқу құралын шығармаған, автор ретінде бір оқу-әдістемелік нұсқаулық жазбаған, сабақ беруде педагогикалық шеберлігін көрсетіп, видеожазба түсірмеген ұстаздар ЖОО-ның «Үздік оқытушысы» сайысынан орын алуда, сондықтан сайыста осы талаптарды ерекше назарға алу керек деп есептеймін. Ал тек ғылыми жұмыстармен белсенділігі басым ұстаздарға «Үздік ғылыми қызметкер» сайысына қатысқан дұрыс болар деп ойлаймын.
2. Мен өзім оқитын пәндерім бойынша оқу бағдарламасына жалпы қанағаттанамын. Дегенмен еңбек нарығының заманауи талаптарына сай оны жаңартып отыру керек. Қазақстанның барлық жоғары оқу орындары бір білім беру бағдарламасында міндетті оқылатын пәндер атауы мен кредиттері сәйкес келуі керек деп ойлаймын. Өйткені бір ЖОО-дан басқа ЖОО-ға ауысқанда (немесе академиялық ұтқырлықпен келгенде) пәндер арасында үлкен кредит айырмашылығы болады да, ауысуға мүмкін болмайтын жағдайлар жиі кездеседі. Сонымен қатар міндетті оқылатын пәндер атауы мен кредиттері дамыған елдердің білім беру бағдарламасымен сәйкес келіп жатса, үздік шетелдік ЖОО-мен академиялық ұтқырлықты және қосдипломдық бағдарламаларды жүзеге асыруға болар еді.
3. Білікті мамандар даярлауда кемшіліктер жоқ емес, бар: мысалы, оқу-білім беру қызметіне арналған заманауи оқу базаларының материалдарын жетілдірген жөн; сол сияқты зертханалық сабақтарды қажетті құрылғылармен қамтамасыз ету керек; оқытушы-профессорлар құрамының біліктілігін үздіксіз арттыру, тіпті болмаса қашықтан оқыту нысандарын енгізу арқылы жүзеге асыру қажет; оқытушы-профессорлар құрамының үздіксіз дамуына мотивация беру үшін сараланған айлық болғаны дұрыс деп ойлаймын.
4. Үздік оқытушыны бағалағанда іске қатысы жоқ әңгімесіне емес, оқытып, болашаққа даярлаған студенттерінің білім деңгейіне қарай бағалауға бет бұрғанымыз абзал. Сондықтан оқытып-тәрбиелеген жастарымыздың білім деңгейі көңілімізден шықпаса, онда оларға дұрыс білім бермеген біз, ұстаздар, өзімізді кінәлауға тиіспіз. Себебі біз ең алдымен жастардың білім деңгейіне жауапкершілікпен қарайтын өнегелі ұстаз, тәрбиеші болуымыз керек.
5. «Қоғам сауатсызданып барады» деген пікір болса, оған келіспеймін. «Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын» деп Абай атамыз айтқандай, ақпаратқа оңай қол жеткізуге болатын қазіргі заманда көпшілік ақпаратты сыни тұрғыдан ойлау, талдау және таңдап қабылдау дағдыларын дамыту үстінде деген ойдамын. Тек жүрегімді ауыртатын бір мәселе – өте сауатты, білімді жастарымыздың шетелге жұмысқа кетуі. Демек, біз, ұстаздар, олардың бойына патриоттық сезімді ұялатып, отансүйгіштікке тәрбиелеуге тиіспіз. Осы мәселе бұл күндері өте маңызды болып отыр.
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ