Қазақ мәдениеті ғылыми зерттеуімнен тыс қалмайды
Білім-ғылымда шекара болмайтындықтан ұлттар мен ұлыстар тәжірибе алмасып, тың зерттеулерін ортаға салып, ғылымның дамуына сүбелі үлес қосып жатады. Қарыштап дамыған ғылым адамзат үшін соны жаңалықтар әкеліп, ел мен елдің білім ордаларына алтын көпір орнатуда. Жаһандану дәуірінің басты алғышарты да осы – білім интеграциясы болса керек. Шығыстану факультеті Қиыр Шығыс кафедрасының доценті, PhD Мионг Сун Ок Корея Республикасы мен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы байланыстың дәнекері болып отыр.
Мионг Сун Ок білім жолын алғаш рет Корей әскери мейірбике ісі академиясының «Мейірбике ісі» бакалавры бойынша бастаған. Қазақстанға келместен бұрын, 1983 жылдан бастап он жеті жыл бойы Кореяда әскери медицина саласында офицер болып жұмыс істеді. 1988 жылы Америка Құрама Штаттарындағы әскери госпитальде және 1986 жылы Сеулдегі АҚШ әскери базасының госпиталінде кәсіби дайындықтан өткен. 1995 жылы Мароккодағы (Африка) 75 елден жиналған БҰҰ әскерлерінің UN MINURSO бағдарламасына қатысып, әскери госпитальде бас медбике болып жұмыс атқарды. Кейін Йонсэ университетінің мемлекеттік басқару факультетін бітіріп, «саяси дипломатия» магистрі атанады. Екінші магистратураны Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың заң факультетінде оқып, «мемлекеттік құқық» магистрі дәрежесін алды. Ал PhD докторантураны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және саясаттану факультетінде оқып, «Философия (мәдени антропология)» PhD докторлығын қорғады. Докторлық диссертация тақырыбы: «Қазақстандағы корей диаспорасындағы бірегейлік саясаты (мәдени-антропологиялық зерттеулер)».
– Қазақстандағы Корей түбегінен мыңдаған шақырым жерде тұрып жатқан қандастарымыз жергілікті корей диаспорасымен таныссын деген оймен зерттеу бағытындағы алғашқы еңбегімді осы корей диаспорасынан бастадым. Қырғи-қабақ соғыс жылдары Оңтүстік Корея мен Кеңес Одағы арасында қарқынды халықаралық алмасу болмағандықтан, оңтүстіккореялықтардың Ресейден Орталық Азияға қоныс аударған корей диаспорасы туралы көп хабарлары жоқ. Жергілікті корей диаспорасымен түр-әлпетіміз ұқсас болғанымен, олардың қазіргі жастары ана тілдерін білмейді, басым бөлігі орыс тілінде сөйлейді. Жақынырақ танысқан кезде біздің мәдениетімізде де көптеген айырмашылықтар барын түсіндім. Біз Қазақстанға көшіп келген уақытта Корея Республикасының көптеген ірі компаниялары осы елде өзінің кәсіптерін бастап, екі ел арасындағы серіктестіктің орнауына жергілікті корей диаспорасының да үлкен әсері болды. Менің Қазақстандағы ғылыми бағытым Орталық Азиядағы корей диаспорасын зерттеуден басталып, посткеңестік корей диаспорасының ерекшеліктерін зерттеуге ұласты. Көпұлтты және көпмәдениетті Қазақстанда антропологиялық тұрғыдан көптеген зерттеулер жүргізуге болады. Сондықтан да алдағы уақытта қазақ мәдениеті де менің ғылыми ізденістерімнен тыс қалмайды, – дейді доцент.
Мионг Сун Ок 2013 жылы докторлық дәреже алғаннан бері халықаралық журналдарда (Web of Knowledge, SCOPUS) сегіз мақала, ҚКСОН-да жиырма бір мақала, екі кітап, екі аударма кітабы және сегіз халықаралық журналда мақалалары жарияланды. 2012-22 жылдар аралығында ҚазҰУ-да Жапониядағы Еуразия қорының қолдауымен жүзеге асқан «Еуразия» халықаралық ғылыми жобасының координаторы болып келді. Бұл қордың негізгі бағыты – бейбітшілікке, бірлікке және адамзаттың жан-жақты дамуына ұмтылу. Университетте жүргізген осы жоба арқылы ҚазҰУ студенттері 150-ден астам шетелдік және қазақстандық профессорлардың арнайы дәрістерін тыңдады. Мионг Сун Октың осы жобасы арқылы студенттер қордың философиясы және көзқарасымен танысып, бүкіл әлемдегі адамзатты бір қауымдастық ретінде тануға ықпал етті.
Мионг Сун Ок әлемнің көптеген білім ошақтарында дәріс оқып, білім интеграциялауда маңызды рөл атқарды. Мәселен, халықаралық «Еуразия» жобасы аясында Мадридтің Комплютенс университетінің гуманитарлық факультеті (Испания, 2017-24), Universidad Autonom Madrid (2018), Шығыс Финляндия университеті (2018-19), Бургос университеті (Испания, 2021-22); Донггук университеті (Сеул, 2022-24), Хило университеті (Гавайи, АҚШ (2023), Сеулдегі Ихва әйелдер университеті (2023-24), Сеул ұлттық ғылым және технология университеті (2023-24), Сувон университеті (2024), Пучон университеті, Ташкент (2023-24) және Қазақстанның алты жоғары оқу орнында (АМУ, Нархоз, Тұран, Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері, Абай атындағы ҚазҰПУ) Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ атынан дәрістер оқыды.
– Шығыстану факультетінің Қиыр Шығыс кафедрасы корейтану бөлімінің магистранттарына дәріс оқып жүріп, гуманитарлық ғылым саласының ғылыми-зерттеу тәсілдерін жетілдіру керектігін сезіндім. Мәдени антрополог ретінде магистранттарды тақырып ретінде шынайы мәселелерді зерттеуге шақырамын. Осылайша олардың ғылыми жұмыстары қазақ қоғамына нақты үлес қоса алады. Мысалы, Кореяға Қазақстаннан барған жұмысшылардың көбеюі, заңсыз иммигрант мәселесі, көпмәдениетті отбасын құрып, корей жігіттеріне тұрмысқа шыққан қазақ әйелдерінің жағдайы т.б. зерттеу нысаны болатындай тақырыптар ауаны жеткілікті. Бүгінгі магистранттар осы іспеттес мәселелерді дипломдық жұмыс тақырыбы ретінде қарастырып жатыр. Жан-жақты зерттеу деректерін жинап жатқандары мені қуантады. Бұл зерттеу нәтижелері кейін Қазақстанның саясатын дамытуға, Корея мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың дамуына ықпал етеді деп ойлаймын. Осында қызмет етіп жүрген күйеуім, профессор Чан Бён Сун және қазақстандық профессорлармен бірге Корея университеттерімен меморандум жасасып, ҚазҰУ-мен байланыс орнатуына өз үлесімізді қостық. Қазіргі таңда халықаралық тығыз серіктестіктің арқасында ҚазҰУ-дың көптеген студенттері академиялық ұтқырлық бағдарламасы бойынша Корея университеттеріне баратын мүмкіндікке ие болды. Ханянг және Доңгук университетінің студенттерін ҚазҰУ-ға жазғы тіл үйрену курстарына шақырып, Қазақстанмен танысуына мұрындық болғанбыз. Корейтану бөлімі түлектерінің Кореяның алдыңғы қатарлы университеттерінде магистратура және докторантурада оқып, білімдерін жалғастыруға да барынша қолғабыс жасадық. Қазір сол Корея университеттерінде қорғап келген көптеген біздің түлектеріміздің Қазақстанға оралып, ҚазҰУ-да қызмет жасап жүргендерін көріп, еңбегіміз бекер болмағанына қуанып қаламыз. Корейтану бөлімінің магистранттары мен докторанттары зерттеу тақырыбын жан-жақты қарастыру үшін Сеул қаласының Ханьян мен Донггук университеттерінде жиі ұйымдастырылатын ғылыми семинар мен конференцияларға қатысуына әрекет жасаймыз. Болашақ көшбасшы ретінде қазақстандық жастардың Корея және басқа да шетелдермен, жаңартылған академиялық білім жүйелерімен танысуға мүмкіндігі болуы керек, – деп сөзін тамамдады Қиыр Шығыс кафедрасының ұстазы.
Нұрбек НҰРЖАНҰЛЫ