Олар химия саласының корифейлері еді

20 мамыр, 2024

ҚазҰУ-дың жаратылыстану факультеттерінің ішінде химия және химиялық технология факультеті ерекше орын алады. Факультетте Д.В.Сокольский, М.И.Усанович, М.Т.Козловский, А.Ш.Шарифканов, Б.А.Жұбанов және басқа да көптеген академиктер еңбек етті. Ең көрнекті декан Б.А.Бірімжанов болды. Ол қазіргі заманғы факуль­тет­тің негізін қалады. Батырбек Ахметұлы Бірім­жа­новтың басты артықшылығы – болашақ ғылыми көш­басшы ретінде танылып, кафедра меңгерушісі ретінде өзі­нің ғылыми мектебін құрған нағыз ғалымдарды тәрбиеледі.

Катализ саласындағы ма­ман­дар, негізінен, академик Д.Сокольскийдің шәкірттері. Көптеген тәлімгерлер мен әріп­тес-ардагерлер қазір біз­дің арамызда жоқ. Бірақ терең адамгершілік рух, мейірімділік пен адалдық, бейбіт күнде де көрінетін жанқиярлық еңбек әрқашан жадымызда. Осы орайда, х.ғ.к., химия факуль­те­ті деканының оқу-әдіс­те­ме­лік жұмысы бойынша тұрақты орынбасары, Катализ және техникалық химия кафедра­сы­ның доценті болған Ысқақ Тойбаевты ерекше ілтипатпен жиі еске аламыз. Ол фа­куль­теттің 2-курсынан әскерге кетіп, Ұлы Отан соғысының ал­дыңғы шебінде жаяу әскер командирі болды. Өзі жарақат алса да, қайта қатарға қо­сылып, жеңіспен Кенигсбергке дейін жетті. Немістің «тілін» ұс­таған ерлігі үшін ақ боз ат­пен және ақ офицер тұлы­бы­мен марапатталған. Ұрыста көрсеткен ерлігі үшін капитан шеніне жеткен, орден-ме­даль­дармен марапатталған. Студенттер үшін ғалым таза адалдық пен талапшылдықтың мысалы бола білді. Ол «Қа­білеті жоқ студент болмайды, әртүрлі жағдайға байланысты алыс ауыл балалары жеткілікті білім ала алмай қалады» деп қайталаудан жалыққан емес және бізді, жас оқыту­шы­ларды, шыдамды болуға, ма­те­риалды толық түсіндіруге және оң нәтижеге жетуге ша­қыратын еді.

Дүниежүзіне әйгілі ға­лым-каталитик, академик Д.В.Со­коль­скийдің үздік шә­кірт­терінің бірі Клара Жәр­демалиева еді. Ол орта мек­теп­ті, С.Киров атындағы ҚазМУ-дың химия факуль­те­тін, аспирантураны озат бітір­ген және тамаша білім алды. Салыстырмалы түрде қысқа мерзімде кандидаттық дис­сер­тациясын айрықша қорғап шықты және доцент дәрежесін растады, бұл 50-жылдары үлкен жетістік еді. Тәжірибелі ғалым және оқытушы ретінде Д.В.Сокольскийдің өзі Қазақ­стан Компартиясы ОК-ға лауа­зым­ды қызметке ауысқанда оған Катализ және техникалық химия кафедрасының (қазіргі Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы) мең­ге­рушісі қызметін сеніп тап­сырды. Доцент К.Жәр­дем­алие­ваның басшылығымен талай диплом, кандидаттық диссертациялар қорғалды. Сон­дай-ақ химик-каталитик ма­мандардың көптеген буын өкілдері өмірге жолдама ал­ды. Кейін олар белгілі ға­лым­дар, педагогтер, өндіріс бас­шы­лары және бизнесмен бол­ды. Ең негізгісі, олар нағыз адам деген атқа лайық ма­мандар, республиканың хи­мия ғылымы мен өндірісінің мақтанышы мен авангарды бола білді.

Азат Сартаевасыз химия факультетін, Катализ және тех­никалық химия кафедра­сын елестету мүмкін емес. Ол да әйгілі академик Д.В.Со­коль­скийдің тамаша шәкірті, кейін жақын әріптесіне ай­нал­ды. Академик Қ.Жұбановтың басшылығымен доцент лауа­зы­мында, оқу-әдістемелік және ғылыми жұмыстар бо­йын­ша меңгерушінің орын­басары ретінде көп жылдар қызмет атқарды. Оның бо­йында ерекше ақсүйектік бар еді, шығыс болмысы мен сұ­лулығы өз алдына, Азат Нұр­матқызы достаса да білетін және адамдардың құнды қа­сиеттерін бағалай біл­ген­діктен, кафедра мен фа­куль­тет қызметкерлерін өзіне тар­татынына таңғалмауға бо­лады. Ол шешендік өнерімен көз­ге түскен, айналасына өте жұ­ғымды-тын. Қызықты сұх­бат­тасушы болған, үлкен білім қорын жинақтаған, ұжымның күмәнсіз көшбасшысы еді. Студенттер мен аспиранттар оның басшылығымен жұмыс істегенде ғылыми идеялармен шабыттанатын әрі кәсіби деңгейге жету үшін бағасы жоқ тәжірибе жинақтайтын. Қазір сол шәкірттерінің көбі жоғары жетістіктерге жетіп, ғылым мен өндірістің түрлі салаларында, бизнес пен билікте жүр.

Әсілі, катализ мұнай хи­мия­сына жақын, сондықтан көп­теген химиктер мұнай хи­миясы деп санайды. Бұл ішін­ара дұрыс, өйткені мұнайды қай­та өңдеудің барлық про­цес­тері және барлық мұнай-хи­мия синтездері ката­ли­ти­калық процестер болып са­налады. Осыған бай­ла­ныс­ты мұнай-химия мен барлық мұнай-химия синтездерінің болашағы жаңа белсенді және селективті ката­ли­за­тор­лар жасаумен бай­ла­ныс­ты ғы­лыми жобалар жал­ға­сын та­буда. Сондықтан біздің өмірі­міз­дегі катализдің ма­ңыз­дылығын асыра бағалау қиын. Осы салада аталып өт­кен кафедраның негізін қа­лаған, бүгінде арамызда жоқ кафедра корифейлері, ерек­ше адамдар, оқытушы, әріп­тес және достарымыздың жар­қын бейнесі әрдайым біздің жүрегімізде.

Химия және химиялық тех­нология факультетінің Физи­ка­лық химия, катализ және мұ­най химиясы кафедра­сы­ның қазіргі жетістіктері мен қол жеткізген бастамалары біздің ардагерлердің аянбай еткен еңбектерінің нәтижесі екені анық.

Нұрбибі ЖАКИРОВА,

Физикалық химия, катализ және

мұнай химиясы кафедрасының доценті

Лариса САСЫКОВА,

Физикалық химия, катализ және мұнай химиясы кафедрасының профессоры