Есбол Жамалбеков 1934 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының (қазіргі Түркістан) Түлкібас ауданы Кершетас ауылында өмірге келген. 1951 жылы С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті биология-топырақтану факультетінің студенті атанды.
1956 жылы университетті өте жақсы бітіріп, аспирантураға түсті. 1965 жылдың басында Е.Жамалбеков Қазақ ҒА топырақтану, ботаника және микробиология институттарының біріктірілген Ғылыми кеңесінде «Мақтаарал кеңшарының топырақ-мелиоративтік жағдайлары және оны жақсарту жолдары» тақырыбында ауыл шаруашылығы ғылымының кандидаты дәрежесіне диссертация қорғады. 1992 жылы Ашхабад қаласында Бүкілодақтық шөл институтының Диссертациялық кеңесінде «Маңғыстау түбегінің жер ресурстарын экологиялық-мелиоративтік бағалау, тиімді пайдалану және қорғау» тақырыбында «Табиғатты қорғау және оның ресурстарын тиімді пайдалану» (қазір 25.00.36 – Геоэкология) мамандығы бойынша докторлық диссертациясын жемісті қорғады. Есбол Үсімбекұлы география факультетінде 1991 жылдан бастап ғылыми жұмысты ұстаздық қызметпен жалғастырып, факультетте қазақ бөлімінің ашылуына байланысты арнайы шақыртумен сабақ бере бастады. Алғашқы жылдары доцент, 1995 жылдан профессор қызметін атқарды. Кезінде өзі бітірген оқу ордасына ұстаздық ете бастаған кезден Есбол Үсімбекұлы студенттер мен магистранттарға екі тілде сабақ беріп, қазақ тілінің мемлекеттік тілге айналуына үлес қосты. 1995 жылы Е.Жамалбековке ҚазМУ Ғылыми кеңесінің ұсынысымен Қазақстан жоғары аттестациялық комиссия шешімімен профессор ғылыми атағы берілді.
Е.Жамалбеков ҚазҰУ мен Қазақ ғылым академиясының География институты жанындағы біріккен «ОД 14А.01.37 – География» ғылымының докторлық дәрежесін қорғау Диссертациялық кеңесінің «25.00.36 – Геоэкология» мамандығы бойынша мүшесі болды. 2009 жылы университетіміздің әлеуметтік тұрғыдан белсенді, сапалы мамандар даярлау ісіне қосқан үлесі үшін «Үздік оқытушы» атағы берілді. Білім және ғылым саласына қосқан айрықша үлесі үшін сол жылы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің арнайы медалімен марапатталды. Е.Жамалбеков академия президентінің Құрмет грамотасымен екі рет, ҚазКСР Білім қоғамының, Қазақ табиғат қорғау орталық қоғамының Құрмет грамоталарымен, 1970 жылы «Айбынды еңбегі үшін», 1984 жылы КСРО-ның Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінің қола, 1986 жылы «Еңбек ардагері», 2004 жылы «Тыңға – 50 жыл», «М.Ломоносовқа – 300 жыл» медальдарымен және «ОҚО Түлкібас ауданының құрметті азаматы» белгісімен, «Үздік оқытушы» атағымен (2009) марапатталды.
Әр адам өзінің туған жерін сүю – парыз. Көрнекті ғалым туған ауылынан ешқашан қол үзген жоқ. Шамасы жеткенше ауылдағы мектепке көмектесіп тұрды. Аудандағы барлық қоғамдық-саяси шараларға қатысты. Есбол Үсімбекұлының аты «Оңтүстік Қазақстан энциклопедиясына» (2015 ж.) еніп, «Ардақты ардагерлер мен билер» (2016 ж.) деп аталатын кітапқа есімі жазылған. «Облысқа сіңірген еңбегі үшін» медалін кеудесіне тақты.
Өз еңбек жолында Е.Жамалбеков талай белеске шығып, ұжымның, шәкірттері мен достарының құрметіне бөленді. Таңдаған ұстаздық жолын абыроймен атқарды.
2021 жылы өмірден өткен, университеттің құрдасы, ұстазымыз тірі болса, биыл 90 жасқа келуші еді. Есбол Үсімбекұлының жазып кеткен оқулықтарымен әлі де талай шәкірттер білім мен ғылым жолында сусындайтыны анық. Оның еңбегі мен жеке басының қасиеттері тек өз отбасы үшін емес, шәкірттері, әріптестері, дос-жаран үшін де зор мақтаныш.
Әтіргүл АҚАШОВА,
Әлім МЫЛҚАЙДАРОВ,
География, жерге орналастыру және кадастр кафедрасының доценттері