Сарапшылар Қазақстанның сыртқы саясатын саралады
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да «Халықаралық турбуленттілік жағдайындағы ҚР сыртқы саясаты: сын-тегеуріндер мен перспективалар» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті.
ҚазҰУ-дың 90-жылдығына арналған іс-шараға ҚР СІМ Алматы қаласындағы өкілдігі басқармасының басшысы Алмаша Аренова, БҰҰ-ның Алматы қаласындағы жаһандық коммуникациялар департаментінің өкілі Властимил Самек, ҚР Президентінің жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының Алматы қаласындағы өкілдігінің басшысы Әсел Назарбетова, ҚазҰУ қауіпсіздік және ынтымақтастық Институтының директоры Құралай Байзақова, шетелдік ғалымдар мен сарапшылар, ЖОО оқытушылары қатысты.
ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар факультетінің деканы Лейла Деловарова құттықтау сөз сөйлеп, Қазақстан тәуелсіздік жылдарында халықаралық аренадағы позициясын нығайтқанын, бейбіт және ашық мемлекет, жаһандық және өңірлік істерде сенімді әріптес ретінде орныққанын атап өтті. «Халықаралық қатынастар факультеті дипломатиялық кадрлардың ұстаханасы ғана емес, сонымен қатар сыртқы саясатты қалыптастыру және жүзеге асыру процесіне тартылған барлық мамандарды біріктіретін платформа», – деп атап өтті факультет деканы.
Дөңгелек үстел басына Қазақстанның сыртқы саясатының маңызды мәселелері бойынша пікір алмасу үшін Армения, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан және Қазақстанның белгілі ғалымдары, зерттеушілері мен білікті мамандары бас қосты.
Ғалымдар халықаралық турбуленттілік кезеңінде елдің сыртқы саясаты бейбіт және тұрақты достық қарым-қатынастарды қамтамасыз етуге, басқа елдермен экономикалық байланыстарды нығайтуға, халықаралық қауіпсіздікті қолдауға және өңірлік және халықаралық ұйымдардағы ынтымақтастыққа бағытталғанын, «Қазақстандық» дипломатияның бірегей стилі қалыптасқанын атап өтті.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың халықаралық қатынастар және әлемдік экономика кафедрасының профессоры Құралай Байзақова өз баяндамасында ҚР сыртқы саясатының негізгі қағидаттарына назар аударып, «Қазақстан өңірлік тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету жөніндегі барлық процестерге белсенді қатысады. Бұл өз кезегінде жаһандық, өңірлік проблемаларды шешуге елдің ұлттық қауіпсіздігін, ұлттық мүдделерін қамтамасыз ету үшін қажетті шарт болып табылады», - деді.
Сарапшылар Қазақстанның жанжалдарды бейбіт жолмен шешуге деген ұмтылысын атап өтті. Еліміз мемлекеттік шекараларға қол сұқпау және басқа елдердің ішкі істеріне араласпау қағидаттарын қолдайды. Бұдан басқа, Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы, ШЫҰ, ҰҚШҰ, ЭЫДҰ сынды басқа да халықаралық ұйымдарға белсенді қатысады және онда жаһандық проблемаларды шешу саласында өз мүдделерін ілгерілетуге және өзге елдермен ынтымақтасуға ұмтылады. Бұл Қазақстанның сыртқы саясаты өңірде де, әлемде де бейбіт байланысты, тұрақтылық пен дамуды нығайтуға бағытталғанын көрсетеді.
Онлайн-дөңгелек үстелге: Ереван мемлекеттік университетінің (Армения) халықаралық қатынастар факультетінің халықаралық қатынастар және дипломатия кафедрасының меңгерушісі Жак Манукян, Әлемдік экономика және дипломатия университетінің халықаралық қатынастар кафедрасының меңгерушісі Улугбек Хасанов (Өзбекстан),тәуелсіз сарапшы Шерали Ризоен (Тәжікстан) және Қазақстан Республикасының Әлемдік саясат және экономика институтының жетекші сарапшысы Лидия Пархомчик қатысты.
Дөңгелек үстелдің қорытынды отырысында сонымен қатар:
Әбен Дәурен Әбенұлы,Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының халықаралық қауіпсіздік бөлімінің басшысы
Әлімжан Ахметов – Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталығының директоры,
Гүлнар Байкүшікова - әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «халықаралық қатынастар және әлемдік экономика» кафедрасының меңгерушісі және халықаралық құқық кафедрасының профессоры Кәрімжан Шәкіров қатысты.
Модератор – профессор Фатима Кукеева.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі